ҚОЙМАДАН ТАБЫЛҒАН ҚҰНДЫ ПОРТРЕТ
Ұлт-азаттық көтерілісін ұйымдастырушылардың бірі, әйгілі батыр Амангелді Имановтың 70 жыл бұрын салынған, еш жерде жарияланбаған портреті табылды.
«Хабар 24» арнасының хабарлауынша, құнды портрет Қостанайдағы облыстық өлкетану мұражайынан табылған. Бұл сурет ұлт-азаттық көтерілісінің 40 жылдығына орай 1956 жылы салыныпты. Авторы — Крутильников деген суретші. Мұражай директоры Батырхан Жұмабай көне жәдігердің Астана қаласында Амангелді Имановтың 150 жылдығына орай өтетін көрмеге материалдар іздестіру кезінде қоймадан шыққанын айтып берген.
Бір данасы 1 сом 25 тиынға бағаланған батырдың портрет-плакаты өткен ғасырдың ортасында қазақ мемлекеттік баспасынан 15 мың данамен басылып шыққан көрінеді. Қоймадан табылған баға жетпес жәдігерлердің арасында батырдың балаларының, жүзбасы, мыңбасыларының да суреттері бар. Белгілі қылқалам шебері Әбілхан Қастеев сызған картинада батыр жүзін жұртқа ашық көрсетіп тұрған кескінде бейнеленсе, бұл картинада қырынан қарап тұрған бейнесі қағазға түскен. Қайткенде де, қоймадан шыққан баға жетпес қазынаның қазақ руханиятының қоржынын толтырғаны сөзсіз.