МӘСКЕУДЕН ТАБЫЛҒАН МОЛ ОЛЖА
Алаштану бағытында ізденіп, зерттеу жұмыстарын жүргізетін Qyr balasy қоғамдық қоры мен оның Әлихан Бөкейхан Алаш ғылыми зерттеу институты тамыздың 4-21 аралығында «Алаш жолымен: Ресей бағыты» деп аталатын халықаралық, ғылыми-танымдық экспедиция ұйымдастырды. Бұл бірегей жобаға алаштанушы, жазушы Елдос Тоқтарбай жетекшілік етті.

Құрылғанына бес жылдай уақыт болған қор мен институт ел тарихында алғаш рет көп құрамды, әсіресе жастардан құралған, Алаш тақырыбында ізденетін 15 зерттеушіні ұзақ мерзімге жіберіп отыр. Мұндай ауқымды экспедиция ұйымдастыру бұрын-соңды болмағаны белгілі. Түркия, Өзбекстан, Ресейге жасалған халықаралық бірнеше экспедицияны түгел қамтығанда осымен жетінші мәрте өткізіліп отыр.
Үш топқа бөлінген экспедиция қатысушылары Алаш мұрасына қатысты барлығы 510 кітаптың шифры мен қосымша ақпараты көрсетілген библиографиялық көрсеткішті жинақтады. Осының ішінде 50-ге тарта кітапты түпнұсқадан қарап, pdf вариантын әзірледік. Алғашқы зерделеу, сараптау барысында бұрын-соңды жарық көрмеген, ескі қаріптен бүгінгі жазуға түспеген 40 шақты кітап бар екені анықталды.
Қазақстанда жоқ, сақталмаған ұлттық газет-журналдардан «Бірлік туы», «Сарыарқа», «Бостандық туы», «Ауыл тілі», «Кедей сөзі» сияқты басылымдардың әр кездегі сандарын тауып, қажетті тұстарын көшіріп алдық. Алдағы уақытта институт ұжымы мұны ғылыми айналымға енгізеді.
Сатылған Сабатайұлы, Тел Жаманмұрынұлы, Нұқ Рамазанұлы, Аққағаз Досжанқызы, Нығмет Нұрмақұлы, Ғабдулкәкім Бөкейхан, Ғазымбек Бірімжан сынды қазақ оқығандарының іс материалдары табылып, оқуы, қызметі, фотосуреттері қамтылған тың деректерді қолға түсірдік. Экспедиция қатысушылары Қазан, Үпө, Петербор, Мәскеу, Псков, Переделкино, Химкидағы сирек қор, кітапханаларда, сонымен бірге ГАРФ, РГАСПИ, СПбГИА, МГЦА, ГАМО, РГАНИ, РГАЛИ, РАТ, НАБ архивтерінің қорында қыруар жұмыс атқарды. Жас зерттеушілер үлкен тәжірибе жинап, ғылыми шыңдалу мектебінен өтті. Жоғарыда аталған қалалардағы Алаш қайраткерлерінің өміріне қатысты тарихи орындар анықталып, Ресейдегі Қазақстан елшілігі мен қор, институтымыз бірлесіп, ескерткіш белгі, тақта орнату мәселесін талқылап, келісімдер жасалды.
Біз жетекшілік еткен топ Шығыстану бөліміндегі сирек кітаптар мен қолжазбалар қорында бір аптадай уақыт каталогпен жұмыс істеп, Алаш тарихындағы ескерусіз, елеусіз жатқан кітаптарды, табылмай жүрген еңбектерді мұқият қарап, сүзіп шықты. Жалпақ жұртқа сүйінші деп сұрайтындай мол олжаға, зор табысқа кенелдік десек те болады. Алғашқы күндері-ақ қолымызға түскен еңбектің біреуі – зерттеп жүрген тұлғамыз, Алаш мұғалімі, ақын, журналист, аудармашы Сейітбаттал Мұстафаұлының «Зуфнун» атты романы.
Сейітбаттал Мұстафаұлы 1892-1937 жылдар аралығында өмір сүрген. Алғашында ауылда мұсылманша хат таныған соң әйгілі Барлыбай баласы Әлти болыстың қаржылай қолдауымен Ыстамбұл қаласындағы мұғалімдер даярлайтын семинарияда оқыған (1908-1913). Еңбек жолын 1913 жылы Семей қаласында бастаған. Педагогикалық курсқа Қ.Сәтбаевпен, М.Тұрғанбайұлымен бірге мұғалім болып тағайындалып, қазақ тілі, қазақ тарихы және физика пәндерінен дәріс оқыды. Ж.Аймауытұлымен, М.Әуезовпен бірге «Абай» журналын шығарысып, оның белсенді авторы болды. Түріктің «Көксанжақ», «Зуфнун» романдарын қазақ тіліне аударған. Семейдегі «Жанар» жастар ұйымына мүше болып, «Алаш» партиясының жұмысына белсене араласқан. 1925-1933 жылдары Қызылжар қаласындағы Педагогикалық техникумда, Еңбекшілдер ауданындағы Казгородок ауылының мектебінде, Қотыркөл ауылында механизатор даярлайтын техникумда, Степняктағы Абай атындағы орта мектепте ұстаздық етті. Репрессияға ұшырап, Қызылжар қаласында Алаштың алты тұлғасымен бірге атылған.
Өлең-жырлары мен шағын мақалаларынан өзге С.Мұстафаұлының үш ірі шығармасының бары анықталған. Оның бірі – 1925 жылы Мәскеуде басылып шыққан «Шернияз ақын» драмасы еді, оның алғысөзін «Қыр баласы» деген псевдониммен Әлихан Бөкейхан жазды. Бұл әртүрлі жинақтарға еніп, жарық көрді. Тұлғаның тұңғыш шығармалар жинағы 2021 жылы «Қыр баласы» баспасынан жазушы Әлібек Байбол екеуміздің құрастыруымызбен басылып шыққан болатын. Сейітбаттал әкеміздің «Зуфнун» романы шығыстану бөліміндегі қазақ кітаптары қорының «С» және «Х» каталогтарынан екі жерде кездесті. «С» каталогы бойынша «Сейітбаттал Мұстафаұлы» деп шықса, «Х» каталогында «Хикаят «Зуфнун» деп берілген. «Зуфнун» романының авторы Шамсутдин Хусаинов деп көрсетілген. Ол татар зиялыларының арасынан шыққан І Дума депутаты, молда Ш.Құсайынов болуы мүмкін. Себебі Шамсутдин Татарстанда туғанымен, Семейде медресе бітірген деген дерек бар. Ыстамбұлда білімін жалғастырып, туған өлкесіне оралып, қоғамдық, саяси жұмыстармен айналысып, депутат болып сайланған. Одан кейінгі тағдыры мен қайтыс болған күні белгісіз.
Біздің қолымызға Шамсутдин Құсайыновтың 1893 жылы жариялаған басылымымен бірге Сейітбаттал Мұстафаұлының тәржімалап, 1912 жылы Қазан қаласында жарық көрген қазақы нұсқасы да түсіп отыр. Көлемі 80 беттік роман. Сол заманда кітаптардың көлемі 30-70 бет болса, бұл шығарма мазмұнымен ғана емес, көлемімен де ерекшеленеді.
Қазақ тарихында Зуфнун есімді тұлғалар жетерлік. Ақиқатшыл ақын Сұлтанмахмұттың анасының аты Зуфнун болған екен, анасынан небәрі екі жасында ерте айырылған ол әжесінің тәрбиесін көрген. Қарқаралы өңіріне есімі белгілі бай, Алаш меценаты Ыбырай Ақбаев та қызына Зуфнун есімін беріпті. Атақты заңгер Жақып Ақбаевтың қарындасы боп келетін осы Зуфнун кейінірек Ә.Бөкейханның адал шәкірті, көрнекті мемлекет қайраткері Нығмет Нұрмақұлының етегінен ұстап, адал жар болып ғұмыр кешкен. Өлкетанушы Қ.Мұқанов «Зуфнунды» Сейітбаттал Мұстафаұлының төл шығармасы, оны Сұлтанмахмұттың анасы Зуфнунға арнап жазған деп көрсетеді. «Ташкентте автордың «Зуфнун» атты романы жарық көрді. Роман қазақтың белгілі ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыровтың анасы Зуфнун туралы жазылған», – дейді Қайролла ақсақал.
Біздіңше, мұнда сәл жаңсақтық бар сияқты. Себебі шығарма алғаш рет баспа бетінде 1893 жылы жарық көріп отыр. Және оның авторы Ш.Хусаинов деп берілген. Екіншіден, жанры бойынша аударма еңбек екенін ескеруіміз керек. Үшіншіден, Ташкентте 1925 жылы жарық көрген делінсе, онда Алаш инерциялық қозғалысы кезінде (1921-1928) жарық көрген кітаптардың қатарында тағы бір мәрте басылған болып тұр ғой. Демек, бұдан біз «Зуфнун» романының заман сұранысына сай қайта жарияланғанын аңғарамыз.
Алаш ағартушылығы – ұлттық ағартушылықтың жарқын кезеңі. Мұнда шетелдің озық университеттерінде жоғары білім алған қазақ жастары шоғырланып, ұлтқа қызмет қылудың теңдессіз үлгісін көрсетті. Ұлттық жазудың реформасын жүзеге асырып, тарихты қайта жазып, әдебиетті қалыптастырды. Ұлт-азаттық қозғалыс тұсында халық санасын оятып, рухын көтеруде қыруар жұмыстар атқарылды. Сан алуан жанрда әр қилы көлемде шығармалар жазды. Олар сталиндік ойранға ұшырамағанда қазақ әдебиетін әлемдік деңгейге көтеретіні сөзсіз ақиқат еді! Осы қатардағы Сейітбаттал Мұстафаұлы – суреткерлік қабілетімен танылған қаламгер. Ол Сұлтанмахмұт Торайғырұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Мұхтар Әуезов сынды әдебиет алыптарымен бірге ұлттық әдебиеттің көкжиегін кеңейтіп, көсегесін көгертер еді.
Ақын, жазушы әрі аудармашы Сейітбаттал Мұстафаұлының «Зуфнун» романы – ұлт руханияты мен алаштану ғылымына қосылған сүбелі еңбек, мол олжа. Алдағы уақытта Әлихан Бөкейхан Алаш ғылыми зерттеу институты ғалымдарының романды қазіргі қазақ тіліне аударып жариялау, зерттеу мен зерделеу міндеті тұр. Мұндай қайталанбас экспедиция жұмысын ұйымдастырғаны үшін жетекші Е.Тоқтарбай мен аты-жөнін атауды қаламайтын, бірақ ұлтқа қызмет жолында аянып қалмаған демеуші кәсіпкер аға-апайларға зор ризашылық сезімімізді білдіргіміз келеді.
Алаш жолы – адалдық жол, адамдық жолы. Бұл жолда біз жолаушы ғана емес, жоқшымыз. Ұлт тарихы мен әдебиетінің кем-кетігін толтырып, барымен марқайып, қызмет етуді қастерлі парызымыз деп есептейміз.
Заңғар КӘРІМХАН,
алаштанушы