Оңай жерде олжа жоқ
26.07.2024
128
0

Қаржы пирамидаларының құрығына ілінушілер қатары көп. Жыл сайын бірталай көлеңкелі кәсіп түріне заң жүзінде тоқтау салынса да, жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай тағы бір жаңа қаржылық пирамида қылтиып шығып тұратын болған.
Бұрын-соңды халық шетелдік қаржы пирамидаларына алданса, қазіргі кезде желілік маркетингтік ұйымдардың дәурені жүріп тұр. «Тегін ірімшік қақпанда ғана болатынын» елдің басым бөлігі ұғынған, соған қарамастан жалған табыс көзіне иланып қалатындар баршылық. Мамандардың сөзінше, бұрын қараңғы қаржы топтары жарты ғасырға жуық лаң салып, табыстарын миллиардтап тапса, бүгінгі маркетингтік жүйелер қоржынын біршама миллионға толтырған соң «кәсіптерін» жаңартып отыруды әдетке айналдырған екен.
Қарапайым халықтың қалтасын қағып алып, соңғы тиынына дейін жымқырып кететін алдамшы пирамидалардың тізімі QUASAR Chia Tai Tiahging, Chia Tai Tianqinq Pharmaceutical Group, Q-net, Incruises, QazHome, «Life is good» LTD, ПК «Best way» холдингіне кіретін «Hermes management LTD», LV Force, Unique Finance, B2B Jewerly, Caspian Cocus, World Business Consulting, Finiko, тағы басқа ұйымдармен жалғасады.
Мұндай алаяқтықты ұйымдастырушылар қара жаяу емес, әлеуметтік анализ жасай алатын, өз құрықтарын қай жерге салуға болатынын терең бажайлай алатын адамдар екенін ескертіп, халықтың алданып қалмауы үшін күш салып жатқан мамандар түрлі әдісті қолдануда. Десе де қалың бұқараның көңіл ауанын зерделеп, тәтті сөзбен қақпанына қағып алуды терең меңгеріп алған әккілер де айлаларын асырып бағуда. Әр адам экономикалық тұрғыдан сауатын арттырып, оңай жерде олжа жоқ екенін біліп жүрген абзал.

М.Райымбекова

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір