Тайында жоғалып, тарланында табылған…
Мағаз өзінің қаламгер тұстастарымен бірге Шыңжаңдағы қазақ жазба әдебиеті отауының шаңырағын көтерісіп, оның бүгінгідей ырысты ордаға айналуы үшін жарты ғасырға жуық тынбай тер төгіп, өзінің саналы өмірін қазақ көркемсөз өнерінің өсуіне арнаған ақын болатын. Үстіміздегі жылы ақын Мағаз Разданұлының туғанына 100 жыл толды. Бүкіл саналы ғұмырын қазақ әдебиетінің өсіп-өркендеуіне арнаған ақынның мүшелтойын атаусыз қалдыру көзі тірі қаламдамдастары үшін үлкен сын болар еді. Шыңжаң қазақ әдебиеті – жалпы қазақ сөз өнерінің үлкен бір арнасы, құрамдас бөлігі екені ақиқат. Бүгінгі күні Шыңжаңдағы геосаяси жағдай мен аз санды халықтарға қаратқан ұлттық көзқарастың қалай беттеп бара жатқаны баршамызға белгілі. Сондықтан айтулы ақынды азат Отанымызда еске алып, еңбегін ел есіне салып, мерейлі жасын атап өту елдігіміз үшін де, әдеби кеңістігіміз үшін де борышымыз деп білеміз.
Мағаз Разданұлы 1924 жылы, 22 сәуірде, Шыңжаңның Алтай аймағы, Буыршын ауданының Дулайты деген ауылында дүниеге келген. Мағаздың туып-өскен елі Алтайдың асау өзені Буыршынның Ертіске құяр сағасын мекен еткен. Бұл енді мөп-мөлдір тау өзенінің екі жағасын сыңсыған терек, тал, ақ қайың көмкерген аса бір көрікті де, көгілдір өлке болатын.
Әкесі Раздан Қамшыбайұлы – оқыған, бір рулы елдің ғұламасы, имамы болған белгілі адам. Раздан сопылық жолдағы діндар ғана емес, жаңа өнер-білімнен де хабары мол, ашық ойлы адам болған екен. Сондықтан әкесі Мағазды дін жолына, сопылық сүрлеуге салып жібермей, сол тұста жаңадан ашылған бастауыш мектепке оқуға береді. Бастауыш мектепті бітіргеннен кейін, 1938 жылы демократ, ағартушы Шәріпхан төренің бастамасымен ашылған, Сарсүнбе қаласындағы қысқа мерзімді мұғалімдер даярлайтын курсқа түсіп, екі жыл оқиды. Осы оқу-үйренудің өзі Мағаздың талантының қанаттануына, дүниетанымының кеңеюіне, өнер өрісінің ашылуына үлкен жол ашып береді. 1940 жылы курсты тамамдаған Мағаз өз ауылына қайта оралып, ауыл мектебіне мұғалім болған. Болашақ ақын осы ағартушылық жұмыстармен 1946 жылға дейін шұғылданады. Ақын 1946 жылдан 1957 жылға дейінгі аралықта «Шыңжаң халық демократия қоғамында» қызметте болады да, қалған жылдары «Алтай» газетінің редакциясында жұмыс істейді. 1957 жылы ақпанда Мағаз Қытай Жазушылар одағының Шыңжаң бөлімшесіне жұмысқа шақырылып, онда 1958 жылдың қыркүйегіне дейін қызмет істейді. Жалпы, қытай елінде осы жылдардан бастап, етек алған саяси қуғын-сүргіннің қара бораны, Мағазды да қалыс қалдырмаған еді. 1958 жылы қыркүйекте ақынды өз ауылы Алтай аймағына, еңбекпен тәрбиелеуге жібереді де, 1960 жылы «Жергілікті ұлтшыл» деген саяси жаламен тұтқынға алып, ақынның өз сөзімен айтқанда: «Он жыл еңбекпен тәрбиелеу» деген қазыққа арқандайды. Былайша айтқанда, Алтай аймағының Ақдала деген жеріндегі еңбекпен өзгертетін жаза лагеріне апарып тоғытқан болатын. Ал 1970 жылы маусымда, осы лагерьдің өзінде ақынды 20 жылға қайтадан соттап, Үрімжі қаласындағы №1 абақтыға апарып қамайды. Міне, осыдан бастап, бүкіл Қытай елінің аспаны «мәдениет ревоюциясының» қара тұманынан айыққаннан кейін ғана, 1979 жылы сәуірде, тұтқыннан босап, өзінің туған ауылы Буыршынға оралған болатын. «Тайында жоғалып, тарланында табылған» ақын осыдан кейін ғана шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік алады.
«Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай жүгірер» дейді халық даналығы. Мағаз ақын өмірінің бел-белестерін, ішкі сезімін, жан жалынын, арман-тілегін, қалқаламай, қалтқысыз ашып айтып өткен ақын болатын. Сондықтан оның поэзиясында өмірдің қат-қабат сырлары жатыр. Өмір өзеннің асау арнасындағы адамдардың тағдыры жатыр. Ақын жырларындағы адамдардың тағдыры арқылы уақыт бедерін, дәуірдің бел-белестерін көруімізге болады. Ақын өзінің шығармашылық жолына тоқталғанда: «Қысқаша айтқанда, менің творчестволық өсу жолым – азаттықтан бергі ел халқы басып өткен бұрыс-бұраң және дұрыс жолдарды бойлап өрістеді. Мен сол толқындарда адаспадым және ой-пікірімді тұйыққа тіремедім. Міне, бұл – менің шығармашылық өсу жолымның шығар түйіні болды» деп жазған болатын. Көріп отырсыздар, ақынның тағдыр соқпақтары қытай елінің әлеуметтік, саяси күрес сапарымен сабақтаса өріліп отырған. Ал оның шығармашылық болмыс-бітімі өмір мен өнердің сәулесі ретінде көрініс береді.
Мағаздың әдебиетке әуестенуі 1930 жылдардағы шәкірттік шағынан басталады. Оның туған елі мен өскен жерінде кәдімгідей қалыптасқан әдеби орта бар болатын-ды. Кешегі Әріпжан ақын, Арғынбек Апашбайұлы, Ақыт қажы сияқты ақын-жыраулар мен Бықыш сияқты шешендердің өлең, шешендік өнерлерінен үлгі-өнеге алуына мүмкіндігі болды. Бұлар Мағазды туған топырақтың ақын бойына сіңірген нәрі десек, оны әдебиетке, сөз өнеріне біржолата жетелеп әкелген жыр тәңірі – Абай поэзиясы болғаны анық. Тегінде, Абай аты, Абай үні қазақ даласын шарлап, кең даланы ұлы жыр тербеткен күннен бастап, туған халқы үшін, оның көркемсөз өнері үшін, қолына қалам алған ақын-жазушылардың Абайдан үлгі алмаған, Абайдың дана дәстүрін ұстанбағаны болған емес. Барлығы да осы үлгіні, осы дәстүрді бетке ұстап келді. «Мені әдебиетке әуестендірген бірден-бір күш – осы Абай өлеңдері болды», – дейді Мағаз өзінің әдебиетке келу жолы туралы сөз қозғағанда. 1930 жылдардың аяқ шенінде, әкесі Раздан Мағазға Абайдың «Қазан» баспасында басылған тұңғыш өлеңдер жинағын тауып әкеліп берген екен. Ұлы ақынның өлеңдері жас Мағаздың көз алдына жаңа бір дүниені – қазақ өмірінің, оның мінез-машығы мен болмыс-бітімінің өнер өлкесіндегі өзгеше сыр-сипатын ашып көрсетіп береді. Бұл жинақты Мағаз қолдан тастамай оқумен қатар, басқаларға да нұсқа етіп, көшіріп жазып беріп, таратып отырған екен. Сөйте жүріп, Абайдың бұл жинағындағы өлеңдерін толығымен жаттап алады. Мағаздың ақындық болмысына, міне, осыдан бастап, Абай сарыны басты ұстаным болып қалыптасады.
Осындай үлгі-өнегемен, толық дайындықпен келген Мағаз 1946 жылы өзінің тұңғыш өлеңін жариялайды. Амал не, бұл алғашқы өлеңдерінің көбі қазір қолда жоқ. 1958 жылы осыған дейінгі өлеңдерін «Қыран» деген атпен баспаға берген екен. Бұл өлеңдері жарық көрмей, аласапыран жылдары жоғалып кеткен. Бұның газет-журналдарда жарияланған, жекелеген нұсқаларын ғана тауып алып, кейінгі жылдарда «Асулар толғауы» атты өлеңдер жинағына кіргізгені белгілі. Сондықтан, ақын шығармашылығының бұл кезеңдегі өлеңдерінің бізге жеткені көп емес. 1958 жылға дейінгі он екі жылда 35 өлең ғана сақталған. Бірақ осы өлеңдерінің өзі-ақ ақынның алғашқы кезеңдегі аяқ алысын аңғартатын құнарлы дүниелер болатын.
Мағаз шығармашылығының алғашқы кезеңіне тән өлеңдерінің көбі 1948 жыл мен 1957 жылдардың аралығында, ақынның «Алтай газеті» редакциясында қызмет істеп жүрген жылдарында жазылған. Бұл тұста ақын өлеңдерінің әлеуметтік-саяси, үгітшілік қырлары өткірленіп, тақырыптық аясы кеңейіп, мазмұны толыға түскенін көреміз. Осындай әлеуметтік өріске өрлеген өлеңдерінің бірі – 1949 жылы жазылған «Ерлердің өлімін естігенде» деп аталады. 1944 жылы Шыңжаңда Шығыс Түркістан Республикасы құрылғаны белгілі. Бұл – Қытай басқыншыларына қарсы жүргізілген Шыңжаңдағы ұлт азаттық күресінің нәтижесінде құрылған жас мемлекет болатын. Қытай өкіметі осы жас мемлекетті әлем картасынан өшіруге мүдделі болды. Оны құрту үшін, алдымен, оның Ахметжан, Дәлелхан сынды көсемдерінің көзін жоғалту керек еді. Қытай мен Кеңес Одағы бірлесіп, 1949 жылы бұл мақсаттарына жеткен болатын. Аталған өлең осы мемлекетті құрған Шыңжаңдағы Түрік текті бүкіл ұлттардың қабырғасын қайыстырған қайғылы қазасына арналған болатын.
Кеше ғана жас жанының жалауы желбіреп, балғын жырларын арнаған, арайлы таң, ашық аспаным осы деп таныған ақынға отаршылдардың мейірімсіз қоғамы опа берген жоқ. Жас ақынның тірлігіне тұтқиыл төнген қара бұлттың ызғары күздің көкала желіндей болып тиді. Сондықтан опасыз қоғамға қарсы азаматтық үнін де, үзілмес үмітті ерлік жырларын да тұңғыш рет арнаған ақын Мағаз Разданұлы болды.
Қамығып көңілім налыма,
Ақиқат үшін күрес қыл.
Бастырма таңба арыңа,
Жатсаң-дағы қанша жыл.
Көрген жоқ тарих түңіліп,
Заманның түгер азабы.
Ғылымға бір күн жүгініп,
Наданның түгер мазағы.
Алып кеткен күнгі ой.
«Мәдени төңкеріс» деп аталған, мәдениетсіз апаттың бүкіл елге әкелген ауыр азабы, қиянаты туралы әрине, талай тартымды шығармалар жазылғаны белгілі. Алайда бұл туындылар кейінгі жылдарда, сол төңкерісті терістей бастаған, жылымық кезеңнің көзқарасымен жазылғаны шындық. Ал аталған төңкерістің кері кеткен кенеусіз жылдарында түрмеде отырып, топыраққа жазу екінің бірінің қолынан келе бермейтін ерлік болатын. Адырда жортқан ақбөкендей жүйіткіп келе жатқан ақынның тосыннан өкінішті өгей күй кешуі, тар есік, тас босағаның торына түсуі Мағаздың рухани күйін де, өлең өрнегін де айрықша сипатқа, өзгеше өріске өзгертіп әкеткен болатын. Бұрынғы жайдары, жарқылдақ, сыршыл да шуақты шумақтар енді зұлымдыққа, жауыздыққа, жалақорға, опасыздыққа, сатқындыққа қарсы көзделіп атылған уытты жебедей өткірленіп, ащы, әжуашыл мінезге айналады. «Түрме өмірі» деп жазды Мағаз «Өлең туралы ойлар» атты мақаласында: «Алды-артқа абайлап қарайтын ұқыптылықты, талғампаздықты, жауыздыққа долдана от шашатын «кек» дегеннің не екенін, алыс арманның келешек жақсы күнін сағына аңсаған, тәтті үміттен туатын «махаббат» дегеннің не екенін, қарапайым тілмен айтқанда, ащы мен тұщының айырмашылығын үйретті» деп жазған болатын. Ақынның бұл тұстағы өлеңдері осы айтылған махаббат пен кектің ақын Мағаздың жан дүниесінде толассыз тулаған толқындарынан туындаған. Жауыздық атаулыға жан-тәнімен қарсы тұру, жазықсыз жаза, ауыр бейнеттің алдында еңсені түсіріп егілмеу, барша қиянатқа қайтпас қайратпен қарсы келу Мағаз өлеңдерінің ерлік-өрлік рухын өлмес өмірлік сыр-сипатын қалыптастырып кетті. Бұған ақынның аталған кезеңдегі өлеңдерінің кез келгені куә бола алады. Жаза лагерінде табаны күректей он жыл «еңбекпен өзгерту» мерзімін өтеп шыққаннан кейін, 1970 жылдың шілде айында Мағазды сол лагерьдің өзінде 20 жылға қайта соттайды. Байқап отырған боларсыз, бұл енді бүкіл өмірді түрме түбінде өткізу деген сөз ғой. Ал ақынның бұған берген жауабын естісеңіз, өрлік пен өжеттікке еріксіз тәнті боласыз. Оқып көрелік:
Ер жасып, мұңая ма ажырғыға,
Немене ауыр бейнет сабырлыға.
Жеті мың үш жүз түннің баста ұйқысын,
Жайлап сал төсегіңді, абыржыма –
деген ғой сабазың жанында жатқан жолдасының құлағына ақырын ғана сыбырлап (20 жылдың 7300 түні болады екен). Ержүрек дала перезенті азап арқалаған жеңіліс күндерінде де, өзінің адамдық қасиетін жоғалтпай, екіленбес ерлікпен ар-намысын ту етіп тігіп, оны құлатпай биік ұстап тұрып қалған.
Қытай елінде 1950 жылдардан басталған бүкіл елдің жетесіне жеткен, ауыр солшыл саяси күрестер елдің қалыпты тыныс-тіршілігі мен мәдени тұрмысының шаңырағын шағып, ошағын ойрандап кетті.
Бар зұлымдық бойынан табылатын, талай бейуаз жанды жаламен орға жыққан, жалақорға арналған өлім үкімі осылай болса керек-ті! Мағаз осындай адамгершілікке жат, ар-ұяттан безген, мінез-машықтарды айқын танып, аяусыз ашып тастап отыратын өлеңдерінен ұлы Абайдың сыншылдық, әжуа, сықақтық уытты дәстүрін ұстағанын, оны өзі жасаған дәуірдің шындығымен ұштастыра отырып, жаңа өріске өрлеткенін көреміз.
Біреудің босағасында отырған, уысында ұйпаланған бодан халықтың қолында қалғаны – «азайған ақыл-қайрат, сынық қамшы» болмай не болушы еді?! «Кенеусіз заман толассыз көрге таман итереді», «Келер күннің не дайындап келе жатқаны ойға салмақ салады», сол үшін де «Үмітті – азық, сабырды – тізгін етіп» өмір үшін жанталасқа түскеннен басқа не шара? «Атым адам болған соң», «Бұлдырықты көріп», «Айна алдында», «Мешкей заманға», «Қош, Алтай», «Қайтар мені еліме» қатарлы бірсыпыра өлеңдері ақынның жаралы жан дүниесінің сырлары, атар таңды, бостандықты зарыға, сарыла күткен арман мен үмітке толы мұңлы, сазды жырлар еді.
Өмір өткелдерінің тар жол, тайғақ кешулерін көп көре келе, жас жағынан кекселеп, ой өрісі жағынан кенендеп, кемелдене бастаған Мағаздың бұл тұстағы өлеңдеріндегі өзгеше бір сипат – ойшылдық, таза тұнық парасаттылық, пәлсапалық тереңдікке бет алып еді. Тар есік, тас босағаның тақсіретін көп тартқан ақын, өмір жайлы, тарих көші, заман құлқы хақында көп жайды ойлап, терең толғанып, даналық ойлар түйіндеп отырғанын көреміз. Ол тіршілікте тап болатын бақ пен сор туралы, достық пен жауыздық туралы ойлайды. Осындай іргелі де күрделі түйіндерді алыс тарихтан тартып, екшеп, саралай келіп, қаскөй қиянатты көп көрген аға буын есебінде, өмір сабағын оқымаған жас ұрпаққа келелі кеңес етіп, сыр шертеді:
Жер үлкен орны бек, тар қалам қайран,
Қорқамын көңілі кедей сөзге байдан.
Ақыл көп, ақымақ неге түгемейді?
Сопы көп, туып жатыр күнә қайдан?
Аспады дүние шіркін еркі бардан,
Бүгін шын деп, сенгенің ертең жалған.
Үміттің ыдысы деп, бетін ашсаң,
Ішінде бір кейістің уы қалған.
Тынымсыз талас теңдеп ғасырларға,
Толассыз езуледік оңға, солға,
Мазасыз мейман болдық дау кеміртіп,
Қаусаған қызыл иек тарих шалға.
Бұл – таза, тұнық пәлсапалық туынды. Терең ойға құрылған өлең. Ақын адам баласының өмір кешулері мен тірліктің даму заңдылығын парасат көзімен саралай келіп, реалистік тұрғыдан дәуір дидарын, уақыт мінезін бағамдап, терең мазмұнды түйін түйеді. Ұзақ тарихқа ие байырғы елдің тіршілігінде бір толастамай келе жатқан осындай көргенсіз әулекілік «қаусаған қарт ғасырға толассыз дау кеміртіп» келе жатыр. Тарих тағылымы мен дәуір дидарын тоғыстыра отырып, ой түйіндеу осылай болса керек. Осы өлеңдегі ой мен өрнектің өзгеше үйлесімі көңілге көп нәрсені ұялатады. Бұл тағдыршылық тұрғысынан емес, пәлсапалық тұрғыдан сол дәуір жөніндегі ақынның барлауы мен бағасы, уақыт талабына жауап беретін өлмес өлеңі десек, артық кете қоймаймыз.
Бұл кезең – Мағаздың үлкен жүректі, таза пейілді адамдық болмыс-бітімін де, дарынды, дауылпаз ақындық табиғатын да танытқан маңызды кезең болды деп түйіндеуге болады. Бұл дәуір, ақынның өзі айтқандай, «Ұқыптылық пен талғымпаздықты» дағдыға айналдырып, өмірдегі «кек пен махаббаттың», «ащы мен тұщының» парқын үйреткен кезең болды. Өмірге осылайша, ойлы көбен қырағы қарау, ақынның бұдан былайғы сөз өнеріне тұрақты мінез болып қалыптасады. Былайша айтқанда, Мағаз өлеңдері таза парасаттылыққа, пәлсапалық ойға үйіріле бастайды. Әсіресе, Мағаздың адамның мінез-машықтарын, ниет-пиғылдарын танығыштығы, оқырманын психологиялық тереңдікке қарай бойлатуы осы кезеңнен бастау алды деуге болады. Соңында тағы бір қайталап айтарымыз: Мағаз, жалпы, тұтқындық өмірінде азапты күннің ақырласып, әділет таңының ататына кәміл сенді. Сол үшін де өмірден түңіліп, жылаңқы жыр жазып, егіліп-төгілмеген. Өршіл, отты жырлар жазып өзін де, өз тағдырластарын да табандылыққа бастап, өмірге деген ынтасын оятып отырған.
Бармақтай-ақ қарасы,
Бұлбұл құстай құс қайда?!
Азат болса қапастан,
Асу асып ұшпай ма?!
Өзінің туған орманын,
Аңсап барып құшпай ма?!
Сағынышы қанбай ма?!
Бұтағына қонбай ма?!
Шымырлатып, шыңғыртып,
Сайрамай ма сондайда?!
Мағаз өзінің өмірі мен шығармашылығына арнаған толғауының кезекті кезеңін осылай толғаған болатын. Осы шумақтардың өзінен-ақ ақынның көтеріңкі көңіл күйі мен алдыңғы өнер өрісіндегі өмірден туар жалынды жырларының жолдары сайрап жатқандай болады. Зорлықтың, қиянат пен қастандықтың қара туы жығылып, халық бейбіт еңбек пен берекелі тірлігін қайта бастаған, «қабағат разы болған қарт ғасырдың алақаны жаңа өмірдің кекілін баппен ғана сипаған» кез болатын бұл.
1979 жылғы сәуір айында Мағаз 21 жылдық тұтқындық өмірін ақырластырып, туған ауылына қайта оралды.
Осыдан бастап, өмірінің соңына дейін «Асулар толғауы», «Уақытқа жауап», «Ертең» қатарлы өлеңдер жинағын, «Сары бел» (өлеңмен жазылған роман), «Алтайдың ақиықтары» деп аталатын романын, «Ата заман тіл қатады» атты әңгімелер мен повестер жинағын жазып, жариялаған болатын.
Мағаздың жалпы шығармашылық сапарында кең тыныстап, өндіріп, өршітіп жазған өнімді тұсы осы кезең болды. Туындыларының тақырыптық аясының кеңеюімен бірге, көркемдік сапасы жоғары болған көптеген жоталы шығармалары да осы тұста дүниеге келді.
Мағаздың сонау 1950 жылдардағы «Қыран»-нан басталған, нәзік суретшілік өнері бұл тұста өз бояуын тіпті де қанықтап, өрнегін айшықтай түсті. Өйткені Мағаз табиғат өлеңдеріне өз жанының әралуан сырлары мен күйлерін сіңіре отырып жазғанда, оның көзге сыйғанмен сөзге сыймайтын, сұлу суретінің де көркем бояуын солғындатпайды. Бұған ақынның табиғат өлеңдерінің кез келгені дәлел болады. Мәселен:
Сексен көл, сері бұлақ, секі жартас,
Барқыт бел, балаусалы бауыры Балқаш.
Қапталы қарағаймен көмкерілген,
Айғыр жал кезеңдері орқаш-орқаш. «Салқын шоқыға» шығып алып, Күнгейтінің көз тоймас әсем суретін тамашалап тұрғандай боласыз. Табиғат кестесі, өрнек-нақышы жаныңызға сұлулықтың ләззатын сыйлап, қайырлы бір күй кешесіз. Ақын-жаныңызды осылайша тербете келіп, оны осы табиғатқа тартып туған ұлтымыздың болмыс-бітімімен ұштастыра қоятыны болады:
Қараймын алдыма да, кейініме,
Не жетсін туған жердің сейіліне?!
Есіктен алып кірген ақсарбас қой,
Ұқсайды қазағымның пейіліне, –
деп сағым жуған кең даланың көсілген кең құшағындай, халқымыздың да дарқан пейіліне дән риза болады. Ұлы табиғаттың бойындағы кеңдік пен пәктік қасиеттер арқылы адам рухындағы киелі сырларды салыстыра суреттеу дегеніміз осылай болса керек-ті. Мағаздың бұл тақырыпқа жазған өлеңдері табиғаттың барлық құбылыстарын, бояуларын нышанға айналдырып, оларды жанды психологиялық образдарға сайдырады. Оған адамның мінез-машығын, қасиет-қадірін тели суреттейді. Кейде табиғат құбылыстарын, кейбір нақты заттарды нышанға айналдырып, сол арқылы ақын өз жанының сырын, көңілінің күйін жеткізеді:
Жасыл арша, жасыл арша,
Жанға жайлы жақын барса,
Туған Отан –дәл өзіңдей,
Бәрі өзіңдей жасылданса, –
деп мәңгі солмас жасыл аршадай болып, өмір өңі оңбаса екен деген ақ тілегін сынық салғандай сыпайы жеткізеді.
Мағаз туған жер табиғатын салқын, селсоқ күйде жазбайды, оны ыстық құштарлықпен, өзінің жан дүниесіндегі барлық сұлулық сипаттарына сәйкестіре отырып жырлайды. Сол үшін де жан дүниеден туындаған ішкі сұлулық көркем көрініспен тоғысқанда тотыдай түрленіп көз тұндырады.
Ақынның «Уақытқа жауап» атты соңғы жинағына кірген көптеген қысқа өлеңдері мен дара шумақтарынан (төрттағандарынан) Мағаз шығармашылығының тағы бір тынысын, айрықша сипатын танимыз. Бұл – ақынның қырағылығы, өмірді жіті байқағыштығы, күнделікті өмірде қадам сайын кез болатын қарапайым құбылыстардан тіршіліктің терең пәлсәпалық сырларын түйіндеп, алуан дос адам мінездерін айнытпай танып, айшықтай көрсете білетіні дер едік. Бұл сөзімізге ақынның кез келген бір шумақ өлеңін дәлел етіп көрсетіуімізге болады:
Кездесіп бала үйрекке кердең басқан,
– Тым ерте – деді шөже ұнатпастан.
Әйтеуір талтаңдайтын болғаннан соң,
Жөн шығар талтаңдауым осы бастан…
Бір қараған адамға осы қарапайым ғана бір шумақ өлеңде жатқан үлкен құпия жоқ сияқты. Бірақ өлеңнің сан қатпары мен терең астарына үңіле байыптап қарайтын болсақ, бұнда адамдар ара, тіптен ұлттар арақатынасы туралы кемел ой, кемеңгер пікірдің меңзеліп жатқанын пайымдауымызға болар еді. Осы жат мінез-пиғылдардың ата мирас ретінде әлгі ардақтылардың соңғы буын ұрпақтарына да «тұмар» болып тағылатынын көзіміз көрді. Тіпті оны өзінің «озықтығы», «қанындағы қасиеті» санайтын кешегі отаршыл аға ұлттарды кездестіру – біз үшін таңғаларлық жағдай емес. Міне, осындай келелі қоғамдық түс алған мінез-пиғылдарды екі жас балапанның кеңесі арқылы көрсеткен ақын шеберлігіне дән риза боласыз. Мағаз өлеңдері өмірде күнделікті кездесетін ең қарапайым құбылыстардан қырағы ақындық болжағаштық пен терең сырлар түйеді деуімізге, міне, осындай ерекшеліктері куәға келіп жатады.
Әдебиет – адам туралы ғылым. Әдебиеттің жанры мен түрі де, бейнелеудегі тәсілі мен талабы да сан алуан. Бірақ осының бәрі сарқа келіп, адам атты арнаға құйылады. Адамның сыры мен сипаты, оның қоғамдық өмірдегі қилы-қилы қатынастары мен арман-аңсарлары әдебиеттің арқау етер нысаны десек, Мағаз – өзінің жалпы шығармашылығында «адам» атты осы бір мәңгілік образды бейнелеуге, оның құпиясын ашуға талпынған ақын. Ол адам бойындағы ізгілік сипаттар мен зұлымдық пиғылдарға терең барлау жасап, осынау арасы кереғар жатқан екі ұдай мінез-машықтардан туындайтын, өмірдегі алуан құбылыстар туралы толғамы терең сыр шертеді. Әлеуметтік өмірде толассыз туындап жататын қайғы мен қуаныштың да, бақ пен сордың да, арғы тегін осы әралуан адам мінездерінен іздейді әрі оны пәлсапалық тереңдікте алып көрсетеді.
Ақынның, жалпы, шығармашылық барысында ерекше жан дүниесі мен ақындық дара бейнесін айқын танимыз. Жалпы, ақындық болмысынан алғанда, Мағаз – нәзік лириканың емес, кенеулі ойдың, өткір жырдың ақыны. Ол – өзіне терең әсер еткен, әлеуметтік құбылыстар мен адамдардың мінез-пиғылдары жөнінде үлкен ақындық шабытпен ойлы, отты жырлар жазған ақын. Оның әрбір өлеңдері терең ойға, айқын идеяға, өмір пәлсапасына терең тамыр тартады. Онда ешқандай көмескіліктің, бұлдырлықтың көлеңкесі көрінген емес. Мағаз өлеңдерін оқып отырып, одан тіршілік сырлары мен өмір құбылыстары туралы сан тарау тұрлаулы сабақ алып жатқандай боласыз. Ақын тірлікте туындап жататын қайғы мен қуаныштың да, бақ пен сордың да егіз екі қатарын жаза отырып, сізді өмірден түңілдіріп, көңіліңізге мұң мұнарын ұялатпайды. Қайта, сізге үміт пен сенім бағыштайды. Жігеріңізді сілкіндіріп, алға аттатып, арманға қол создырады. Өйткені бұл өлеңдер өзіңізбен сан құбылыстар жөнінде сырласып, мұңдасып, кеңесіп кете алады.
Мағаз – өз поэзиясына халықтық көркем тілдің қаймағын бұзбай, тұнық таза қолданған ақын. Ол өз шығармаларында нәрсіз, жылтырақ сөздерден моншақ тағып, «әсем» етіп безендірген емес. Ол өз өлеңдерінде қарапайым, жаттық халықтық тілді еш зорлықсыз, тықпалаусыз, табиғи түрде қолданады да, сол табиғилықтан көрініс тапқан сөз кестесі құбылып келіп, құлпырып шығып отырады. Мағаз поэзиясының тілі – арнаулы зерттеп-зерделеуді қажет ететін соқталы тақырыптардың бірі.
Классик ақынның өміршең отты жырлары ұрпақтарының жүрегінде мәңгі жатталып, қазақ елінің рухани кеңістігінде мәңгі жасай беруді нәсіп етсін !
Армиябек САҒЫНДЫҚҰЛЫ,
Халықаралық «Алаш» әдеби
сыйлығының лауреаты