Марат МӘЖИТОВ. ЖАМБЫЛДЫҢ МҰХТАРҒА АЙТҚАН БЕЛГІСІЗ ТОЛҒАУЫ
27.04.2026
50
0

 

Көрнекті аудармашы, ақын, өлеңмен жазылған «Сібір Омар» романының авторы Қасым Тоғызақовпен жақын таныстығым болды. Жетпісінші жылдардың орта шені: редакцияға келіп, Жамбыл Жабаевқа хатшылық кезіндегі әсерлі әрі қызықты әңгімелерді тартымды етіп айтады. Бір бөлмеде жазушы Берқайыр Аманшин екеуміз отыратынбыз. «Мәдениет және тұрмыс» журналында қызмет істейміз. Көбіне-көп жалғыз отырамын. Берағаң іссапарда, тағы басқа шаруалармен жүреді. Қасым аға анда-санда аударма, аз-кем өз өлеңдерін әкеледі олары ретіне қарай, журнал бетінде жарық көреді, тәп-тәуір қаламақысын ертерек жаздыртып беруге жұмыстанамын. Бірде Жамбыл ақынның 1938 жылдың 17-жеддісі күні Мұхтар Әуезовтің үйіне барып, бірақ кідірістемей, амандық-саулықты өлеңмен толғағанын айтып берді. Қағазға жазуыма қарсы болған соң, жадыма жазып алып едім, оныма Қасым аға мейлінше риза боп, жауырынымнан сипады. Енді міне, сол өлең:
«Уа, Мұхтаржан, аман ба,
Аманбысың, шырағым!
Ұлан-асыр шабыста,
Алқынбайтын пырағым!
Мекен еткен тау-тасты,
Құлжаға түсер қыраным!
Тереңдеп сені толғауға,
Жетпей жатыр бір әнім!
Айтам ба деп келіп ем,
Заманның мына ылаңын,
Айтам ба деп келіп ем,
Шағатын шұбар жыланын.
Айтам ба деп келіп ем,
Тапталған баба ұранын.
Айтам ба деп келіп ем,
Атылған бекзат ұланын.
Айтам ба деп келіп ем,
Жазықсыз өлген жандарды.
Айтам ба деп келіп ем,
Шулаған қатын, балдарды.
Айтам ба деп келіп ем,
Өзен боп аққан қандарды.
Айтам ба деп келіп ем,
Зарлаған кемпір-шалдарды.
Айтам ба деп келіп ем,
Атпай қалған таңдарды.
Айтам ба деп келіп ем,
Қақ бөлінген заңғарды.
Ей, Мұхтаржан, Мұхтаржан,
Алдыңда тұрған қара шал,
Буына заман алданды,
Айтатын менің нем қалды!
деп көзіне жас алып өксіпті.
«Өлеңді аузынан шыққан бойда стенографиямен қағазға түртіп алып, есікке қарай бұрыла бергенімде, Мұхаң: «Ей, Қасым, қағазыңды маған бер, кейін аларсың»,– дегесін саусағына қыстырдым да, Жәкеңді қолтықтап шығып кеттім. Мұхаң үйде қалды.
Айтпақшы, бір әйел Жәкеңнің оң жақ қолына қомақты дорба ұстатып: «Ата, шай ішпедіңіз ғой», – деп сыбырлай сөйледі, үні естілер-естілместей ғана. Машинаға отырып, зырлай жөнелдік, дорба ішіндегі нәрсе маған жұмбақ күйінде қалды.
Содан екінті мен кіші бесіннің ортасында үйге Әбділда кіріп келіп, аман жоқ, сау жоқ, маған төніп: «Мұхтарға барыпсыңдар ғой, иә, не айттыңдар, не іштіңдер, баянда», – деп желкемді қысып-қысып қойды. Мен үйге кірмегенімді, Жәкең жалғыз кіріп, кідірмей қайта шыққанын, ешқандай шай, ешқандай әңгімені естіп, білмегенімді қиыстыра соғып едім, өтірігім өрге басып, пайдаға асып кеткеніне қуанғаным-ай! Ол басын шайқап, сүт пісірімдей уақыт тұрды да ернін жыбырлатып шығып кетті. Жәкеңнен ештеңе сұрамады, батылы бармады-ау деймін! Содан жылдар жылжып, Жамбыл ақынның қолтығында жүріп, талай-талай қызықтардың куәсі болдым ғой, бұл қағазға жазылмайтын, тіпті ауызша айтуға да болыңқырамайтын, бірақ ауыздың суын құртатын әңгімелер…
1957 жылы Мұхтар Әуезов алпыс жасқа толып, ұлан-асыр той болды. Мұхаңның өзі телефон соғып, мені тойына шақырып, бардым. Бұл мен үшін үлкен құрмет еді, жасқаншақтап, именіп тойдың үлкен залының есігін ашсам, Мұхаңның өзі қарсылап, мені төрдегілерге таяу орынға отырғызды, той ортасына таман арнайы сөз бергізді, сыйлық бергізді. Бұл күн менің өмірімдегі бақытты күндерімнің ең іргелісі болды деп айта аламын. Той аяқталған соң кетуге мойын бұра бергенімде Мұхаң: «Қасым, мынау сенен қарызға алған қағаз, Жәкемнің көзі ғой, өзіңе сол күйінде қайтарамын, бас-аяғы бүтін», – деп жымиды да қағазды саусағыма қыстырды»,– деп Қасым аға сөзін аяқтады да, көзі жасаурап үн-түнсіз отырып қалды…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір