ТОРҚАЛЫ ТОЙ ЖАЛҒАСЫН ТАПТЫ
24.12.2024
88
0

18 желтоқсанда Қызылорда қаласындағы «Өнер орталығында» облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Әбдіжәміл Нұрпейісовтің туғанына 100 жыл толу мерейтойына арналған «Әлем таныған Әбдіжәміл» атты еске алу кеші өтті.

Арысы Астана мен Алматы қалаларынан арнайы келген ақын-жазушылар, көптеген зиялы қауым өкілдері мен жазушының ет жақын туыстары бас қосқан шара, ең алдымен, қаламгердің шығармашылық үйінде бастау алды. Ұлт классиктерінің жолын лайықты жалғастырған қаламгердің өмірі мен шығармашылығы жайында кеңінен танысу мақсатында қонақтар Ә.Нұрпейісов атындағы Әдебиет үйіне саяхат жасады. Мұнда Әбе болмысын аша түсетін рухани құнды қазыналар жинақталған. Түрлі тарихи суреттер мен қолжазбалар, Әбенің өзі тұтынған заттары мен сан алуан экспонаттар жиынтығы және классик жазушының өз қолымен қайта өңдеген кітабы қонақтарға ең құнды жәдігер ретінде таныстырылды. Зиялы қауым өкілдері шығармашылықтың қара шаңырағында өз естеліктерін айтып, арнайы қолжазба кітапқа қолтаңба ретінде естелік қалдырды.
Мерейтой шараларының бел ортасында жүрген қонақтар қаладағы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында жаңадан салынып жатқан мектеп ғимаратын аралап көріп, ата кәсіптен ажырамаған балықшы қауымның өмірі мен тұрмысынан сыр шертетін Балықшылар мұражайында болды.
Бір күн бұрын Арал аудандық мәдениет үйінде «Ғасырлық ғұмыр ғибраты» атты ғылыми-танымдық конференция өтті. Конференцияда ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің және Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың құттықтау лебіздері оқылды.
Заңғар жазушының ғұмырнамасына арналған шарада ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ­станның мемлекеттік сыйлығының иегері ТҮРКСОЙ жазушылар одағының төрағасы Ұ.Есдәулет, жазушы-журналист, философия ғылымының кандидаты, доцент, халықаралық Қазақ ПЕН-клубының президенті Б.Ғабдуллин, ақын, филология ғылымының докторы, профессор, ҚР Ұлттық Академиясының академигі, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Б.Жақып, ақын, жазушының жиені М.Кенжебай, жазушы, журналист, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
Қ.Жиенбаев, эколог-жазушы. Парасат ордені мен Халық­аралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері С.Жұбатырұлы, қоғам қайраткері Н.Мұсабаевтар сөз сөйлеп, Әбенің өмірі, еңбегі, қасиеттері жайлы естеліктерін айтты.

Айдар Сайлауов

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір