«Алау» әскери-спорттық ойыны

Абай облысында жастардың шынығып, шымыр болуына, оларды отансүйгіштікке тәрбиелеуде атқарылып жатқан шаралар аз емес. Сондай игілікті шараның бірі – Шүлбі кентінде өткен «Алау» әскери-спорттық ойынының облыстық іріктеу финалы.
Әскери-спорттық ойынның финалына 70-тен астам мектеп оқушысы жиналып, өз аудандық мектептерінің намысын қорғады. Семей, Аягөз қалалары, Абай, Ақсуат, Бородулиха, Жарма, Көкпекті және Мақаншы аудандарынан келген үздік командалар бақ сынасты.
«Алау» ойынының талаптары бойынша оқушылар саптық байқау, белтемірге тартылу (ұлдар үшін), арқамен жатып денені көтеру (қыздар үшін), автоматты жартылай бөлшектеу және жинау, шығармашылық конкурс және өз елді мекенінің тарихи тұлғасы туралы жобаны қорғаудан сынақтар өткізілді.
Екі күнге созылған «Алау» әскери-спорттық ойынының облыстық финалы кезеңінде жекелей және командалық есепте үздік нәтиже көрсеткен оқушылар мадақтама қағаздары және кубоктармен марапатталды.
Еске салайық, «Алау» әскери-спорттық ойынының республикалық кезеңі 2025 жылдың маусым айында Қарағанды облысында өтетін болады.
Е. ҚАДЫРБАЙ