СЕН КІМНІҢ ГӨЙ-ГӨЙІ ЕДІҢ, КҮМІСАЙ?
06.09.2024
645
0

Тұрымбет­тің шығармалары жарияланған алғашқы жинақтарда «Күмісай» жайындағы мәлімет­тер көзі тым көмес. Мысалы, былай: «Күмісай» әні сері жігіт­тің байдың сұлу қызына деген ғашықтық, ынтызарлық көңіл күйін сиқырлы үнмен жеткізуін көзге елестетіп, көңілге ыстық әсер қалдырады. Бала жыраудың бұл әнін дарынды термеші Алмас Алматов кезінде Париждің сахнасында асқақтата шырқап, шетел көрермендерін таңдай қақтырды» [Т. Салқынбаев. Шығармалары // И. Бекмаханұлы. Бала жырау Тұрымбет… 15-б.]. Осы жинақтың соңында «Қош аман бол, Күмісайжан» – жыраудың өз баласы Бекмахан Салқынбаевтан жазып алынған. Қызылорда облыстық «Сыр бойы» газетінде жарияланған» [Шығармалары… 403-б] деген мәлімет келтіріліпті. Бірақ, тағы да сол, кім, қашан жариялады, басылымның жылы, саны, айы, күні деген ғылымилық тәсілге қатысты сауалдар жауапсыз қалдырылған. Әрине, мұндай ғашықтық гөй-гөйдің әкесіне тиесілі болғанын қай бала теріс көруші еді? Бәлкім, Базар жыраудың ұрпақтары да дәл осылай жасауы мүмкін бе еді, кім білсін? Шүкір, әзірге олар әліптің артын бағумен келеді.

Күмісай мұңлықтың күйеуі, Перовскінің әкімі, Кіші жүздің биі Өткелбай Исаұлы

«Бекмаханнан жазып алынған» 14 жол мәтіннің 11–12 тармақтары алғашқы 1–2 тармақты жолма жол қайталайды. Ескеретіні, бұл мәтін бунақ жағынан «Оспан – Алмас» нұсқасынан бөлек. Мысалы, «Бекмахан жеткізген» «Қош аман бол, Күмісайжан, жолыққанша» деген нұсқада бунақ (4+4+4) гөй-гөйдің әуендік буынымен сәйкеспейді [Қараңыз, салыстырыңыз: Жыр керуені, 1987]. Керісінше, жыршы А. Алматов «Оспаннан қаныққан» мәтін мен әуеннің буын-бунақтары егіз қосарланады. Сондай-ақ, «Жалғасбай – Бекмахан» нұсқасындағы алғашқы екі жолда ешқандай айырым ерекшелік байқалмайды. Қалай десек те, «Жалғасбай – Бекмахан» нұсқасының негізінде «Оспан – Алмас» мәтіні гөй-гөйді әуенді ырғаққа келтіру мақсатында өзгертіліп, бунақтардың орыны ауыстырылғаны байқалады. Мұндағы ден қоятын нәрсе, мәтіннің соңына жазылған мерзімін [Шығармалары… 31-б] айғақтайтын жылтаңба соғылған.
Кейін, кәсіби ұғымдар мен олардың атаулары шатастырылса керек, «Ән 1896 жылы Тауелібай жерінде дүниеге келген» дейтін деректегі әуелгі жылтаңба тайғанақтап, «Тұрымбет жыраудың бұл әні 1898 жылы жазылған» деп екі жылға ілгері жылжыпты [И. Бекмаханұлы. Күмісай әнінің тарихы немесе белгілі жырау Алмас Алматов шерткен сыр // Қармақшы таңы. – 2020. – 3 маусым]. Майлы қасықтай лыпып, қолда тұрмайтын деректердің нақты бірін тұтып қалу мүмкін емес. Жалпы, көшіріп, қайта жариялаған сайын әуелгі мәлімет­ті өзгертіп отырудың түпкі сыры неде? Мына жинақта А. Алматов күйтабақта айтқан «Күмісай, жан біздер көштік Сырға таман» деп басталатын екінші шумақ атымен жоқ. Шамасы, мұндай шумақтың бары әуелде қаперге алынбаса керек. Олқылықтың орны кейінгі, ноталы басылымдардың бірінде әйтеуір, ретке келтіріліпті. Сөйтіп, қолдан су жаңа нұсқа жасалып, мәтін 18 жолға ұлғайтылған [Жүйрігі едім халықтың… 32-б.].
Қаратпа сөз қатарындағы кісі есімінен кейін үтір қоюды ұмытып кеткендер, арадағы ерік-сезімді білдіретін «жан» сөзін есіммен біріктіріп жазып, мәтінге «Күмісайжан» деген су жаңа атау беріпті. Сөйтіп, қаперге алынбаған «елеусіз» қателік үдеп, түрлене түскен. Жақсы, олай болса, Күмісай туралы ақыры келіспеген «аңызға» кезек беріп көрелік. «Шіркін, Тұрекеңнің «Күмісай» әні бір керемет дүние ғой! – дегенді бірде, Қармақшыда өткен әдемі кеште, Алмас жырау тебірене сөйлеп, – дейді, Ибрагим. – Бұл әннің шығу тарихының өзі қызық. Жас кезінде, Тұрекең, менің жарықтық, нағашым өзбек елінің Тауелібай жерінде серілік құрып жүріп… бір байдың қызына ғашық болған ғой. Соны біреу «Тұрымбет байдың қызымен әуейі болып жүр» деп Сырдағы туыстарына жеткізеді. Бұл жақтағы жақын ағайындары мен ауылдың жасы үлкен ақсақалдары Тұрымбет­тің елге оралғанын жөн санайды. Сонда, түйеге мініп, Сырға қарай көш басын бұрған бет­тегі Тұрекеңнің ғашық жарымен қимай қоштасқандағы айтқаны осы «Күмісай» әні екен». Поу, шіркін-ай, не депті-ау!
Қай қазақ «әдемі кеште», әсерлі жағдайда отырып айтқан желбуаз сөзге әр беріп, бейне жасаудағы перцептив тәсіл арқылы лебізін «тірілтіп» жібергенді қаламайды дейсің? Мына қаратамырланған «аңызға» кәдімгідей иланғың-ақ келеді. Несі бар, «тебірене сөйлеп» отырғанда ат­тың басын қоя беріп, қос тізгінді бос тастап, алқалаған ағайынды бір желіктіріп алуға болатын құқынан әзірге жыршы атаулыны ешкім шектей қойған жоқ. Десек те, «Күмісай – Тұрымбет» арасындағы бұл «әуейілік» жайындағы шындықтың үлес салмағы қанша? Міне, барлық мәселе, біреулер үшін ақиқатқа айналып кете жаздаған түйінді түйткіл басқа емес, тап осы жерде сияқты. Олай дейтінім, Тұрымбет пен Күмісайдың арасындағы ойдан шығарылған барлық шұбалаң құйрық хикаялар бастау бұлағын әуелде осы «желіден» алғанға ұқсайды. Жалпы, А. Алматовтың етікші Оспаннан «Күмісайды» қалай қолқалап алғанына қатысты «қызық» жайт­тарды әркімнің өзі үшін оқып алуына кеңес береміз [Жүйрігі едім халықтың… 184–187-бб.]. Онсыз, «аңыздан» мән, сөзден дәм кетіп бара жатыр.
Сонымен, бұл жерде ескеретін үш нәрсе бар. Біріншіден, гөй-гөй мәтіні әуелде белгілі бір мұрағат­тан емес, Тұрымбет­тің ақтығы Бекмахан қариядан жазып алыныпты. Екіншіден, «ғашықтық аңыздың» жаңа түрі етікші «Оспан айт­ты-мыс» нұсқаның негізінде жасалыпты. Үшіншіден, И. Бекмаханұлы осы деректерге сүйене отырып, атасының өмірбаянын өлеңмен өрнектеп шыққан. Қызыл тілде буын жоқ, «Күмісай қыз немесе ай астындағы алтыбақан» хикаясында [Жүйрігі едім халықтың… 229–257-бб] уақиға ұршығынан теріс айналып, мың құбылады. Әрине, бұл жолы ақын өзінің қалауынша, шабыт пен қиялға ерік бере отырып, «…Күмісайдың жәннатына тап келген Сырдан келген жас мейманды» талай жерге апарып тастайды. Ойынша, «Күмісай қыз Сыр бойында емес, Тауелібай жерінде, Тамдының көкорай белінде өскен. Иран бақта құлпырған сәмбі талдай, оймақ ауыз, ақша бет, қыр мұрынды байдың қызы. Он бес жасында Тұрымбет­тен ғашықтық сөз есітіпті-міс. Ал Тұрымбет жиырманың шамасында. Қыз әкесінің құлқынын құртып жүрген қалыңмал». Жақында құда түсіп бір шонжар келіп кеткенге ұқсайды. «Күмісай осы жайды естіп, біліп, / Қайғырып жылай берді, жайып шашын» дейді. Е, мұнысы, баяғы сол «Қаракөз» трагедиясының аужайына келіңкірейді. Тұрекең болса, «сүйіктісіне хат жазып, сырт­та хабар күтіп жүріпті-міс». Сондағы Күмісайдың айтқан сөзі: «Сүйіктім, кешір мені, – депті хат­та, / Қайтейін, қалыңмал ғой мені құртқан!».
Осы жерге келгенде, көңіл шіркін борықтай езілуге дайын еді. Алайда, ойыма ілгеріде, тақырыпқа қатысты топан мақаланың бірінде айтылатын, «Ән 1896, 1898 жылы жазылған» деп екі түрлі құбылатын бірдеңелердің сап ете түскені. Олай болса, Тұрекең «ән жазатын жылы» 30-да екен ғой. Қап-ай, межеден асыңқырап кеткенін көрмейсің бе? Сонда, ақборан жырды көшіріп, ақ бөкендей жосылып, шабыт­тың ығымен есіліп келе жатқан ақын ағамыздың, «Тұрымбет жиырманың шамасында» [Жүйрігі едім халықтың… 232-б] дегені қайда? Енді исіне бастағанда, мұнысы қалай болғаны? Айтсын ғой, қиял мен сөзге тосқауыл жоқ. Бірақ, мына мәлімет­тердің бірі айға, екіншісі сайға қарап, басқаны айтпағанда, алдымен өзара келісе алмай тұр ғой. Олай болса, оған біз қалай келісеміз?
Жалпы, сілтейсалды сөздің ешкімге, ешқашан абырой әкелмейтіні рас. Соған қарағанда, Базар жырау тақырыбын індете зерт­теген Серікбай Қосанның «…сол мақаладан он жыл өткенде Алматыда жазылып, жеке күйтабақта басылған жыршы А. Алматовтың «Жыр керуені» ат­ты термелер жинағында «Күмісай» әні Тұрымбет жыраудың атына телініп кеткен» деген табан тіреп айтқан ғылыми тұжырымы, қалай десек те, бекер болмай тұр-ау [Жәмиғы қазақ бір туған… 23-б.]. Тап осы жерден бастап, мен мына қанша көскенде көсік шықпайтын хикаялардың бетін жылы жауып, басқа нәрселерді парақтай бастадым.

Тағдыры гөй-гөй пірәдар әже

Қызға төр шежіреден кәделі орын қайда, әрі кетсе естілері жадына тұтып, тұтас руды асыл аналардың есімімен атап, тармақтап тамыр тартып отыратыны болмаса. «…Таба алмайсың. Мұны білетін ешкім қалмады. Білетіндер қара жердің астына түсіп кеткен!» деді көзі тірі жалғыз куәгер Өмекең, менің төңіректі түртпектеп жүргенімді аңғарып қалып. Содан соң шегір көздерін алысқа қадап, өзі білетін мәлімет­тердің шырайын шығарып, су төгілмес жорғадай тайпалып ала жөнелді.
Күмісайдың әкесі Сәдір Алтыбайбаласы (1816–1870) қарасөзден дес бермеген би, шешен, шайыр, сейіс, сыншы болыпты. Қазалы уезінде кете, шөмекей руларын басқарушының көмекшісі болып жүргенінде қоқандарға қарсы әбжіл қимыл-әрекет­терін бағалаған генерал-губернатор 1853 жылы биге шұға шекпен сыйлапты [Т. Дайрабай. Тұғырлы тұлғалар // Сарыбай Сәдір би. Астана: Фолиант, 2009. – 131–133-бб.]. Ал 29 жыл (кей мәлімет­те 18 жыл. – авт.) болыс болған, «Қалдан батырдың «Ат­тым!» деген бір ауыз сөзінен науқасқа шалдығып өлген» би Бекіш [Т. Дайрабай. Сыр перзент­тері. Алматы: Арыс, 2010. – 362-б.] 1845 жылы туыпты.
Кезінде ғашықтық хикаяларды біраз жырлаған Ешнияз сал (1834–1902), сауыққой Әзілкеш (1830–1895) ұстаздарына ілесіп бәдік жыр айтып, қыз-қырқынмен айтысқа түсіп, серілік құрған Базекең төрт-бес некелі болғанға ұқсайды. Екінші алғаны өліп, сарыбайдың Бесбөрісінің бір қызына сөз салып, қыз қалағанымен, ағалары қарсы болып, әуелі Бақа мен Күртебайға, кейін «Өзгеден қарындасын өзгеше деп, / Жұмыстың Бекең міндетке артын алды» деп Бекіш билерге өлеңмен хат жолдаған соң, шатқаяқтаған шаруасы оң шешілгенін ауызша деректерге қоса, мұрағат мәлімет­тері де растай түседі [1921 жылғы Сырдария экспедициясы, ОҒК, ҚҚ: Ш. 1167, 8-дәп., 1-б.]. Тап осы кезде «қосым ауды» деп торығатын Базекең (1840–1911), көз алдында бәйшешектей құлпырып, өсіп келе жатқан Күмісай қызда ойы болып, араға сөз жүгіртсе де өзі білсін. Өйткені, «Ғашық жарға» деген өлеңнің осы жағдаятқа негізделгені терістелмейді.
Қыз әкесі Сәдір Жаңадарияның өрінде отырып, елді егіншілікке баулып, отырықшы мәдениетке үндегені жайында да мәлімет жеткілікті. Патшалық Ресей қазақ жерін отарлаудың шешуші кезеңіне көшіп, ұлт­ты жуасытып, асау мінезден арылтып, көшпелі тіршіліктен қолүзді етіп, мал сүмесімен күн көрген елдің жерін қусырып, егіншілікпен айналысатын отырықшы­лыққа бейімдеген «Жаңа низам» Ережесінен кейін қазақ уезд, болыстыққа ыдырап, болыс, старшындар сайланып, қоғамдық-әлеумет­тік ахуал жағынан жіктелген жұрт­тың арасында ру бәсекелестігі белең алып тұрған кезде бидің басынан өткен мына уақиғада шындық бар. Шөмекей мен кетенің билеушісі Елкей сұлтан Қасымұлы (1819–1883) «қарындасымен кәкірін сезіп қойғандықтан, сарай қызметінен шет­тетіліп», бес-алты жыл Бұхара жағын паналап келген Сәдірге, «Иә, бүйрекбас биім, келдің бе?» деп мысқылмен сөйлегенде қаймықпай, «Елкей хан, ел билеген, еліңмен бол, / Болмаса, ұлтарақтай жеріңмен бол», екеуін бірдей билетпеспін» деген уыт­ты сөзбен орап, жер билігін өз қолына алыпты.
Жергілікті этникалық тарихқа қатысты деректерді таспалаған бастауыш сынып мұғалімі Гүлбану Жолдыбайқызы жүйелеген «Өміртайдың қолжазбасында» Сәдір «Бұқара жақтағы ел-жұрт­тың кәсібін көріп, тәжірибелерін пайдаланып, сарыбай-сарықасқаны отырықшылыққа үйретіп, Жаңадарияның бойына қоныстандырғаны» [Г. Ғаниева. Ә. Оңалбаев атындағы № 117 мектеп. Өміртай атаның әңгімелері, 2021–2022 оқу жылы] айтылады. Жазда Қырға көшіп, күзден ерте көктемге дейін Жаңадарияның бойында, «Құмжарған» шүңейтінде, қалың сексеуілдің арасында қыстап жүретін би ауыл-аймағына бас болып, арық қаздырып, дарияның қызбелбеу арнасын екі жерден қышпен буып, үстіртке су шығарып, егін салдырғанын көнекөздер күні кешеге дейін айтып отыратын. Жаңадарияның өріндегі «Қышбөгет» атауы содан қалыпты. Бұл маңайдағы «Сәдірдің қос шоқысы», «Сәдір қазған» деп аталатын ескі арналар да сол тарихтың куәсі. Кейін, Кеңес одағы тұсында әлгі жерден гидротехникалық бөгесін құрылысы салыныпты.
Толғау алыбының Күмісайға жыр арнайтыны осы кез болса керек. Көшпенділер ұғымында «Қызды кім айтпайды, қымызды кім ішпейді?». Басы бос сұлу қызға сөз салу, ғашық болу – далалықтар үшін оғаш нәрсе емес. Сондықтан, «қазақты сүт­тей ұйытқан» қайран Базекең, өзімен бастас, жасы шақтас Бекіштің бауыры – Күмісайға көңіл сөзін білдіруі әбден мүмкін. Мұндайды есті қазақ ешқашан ерсі көрмеген. Бастысы: бұл жерде қолдан жасалған «Күмісай – Тұрымбет» уақиғасындағыдай, қазақ үшін әбес әрекет болып табылатын «әуейілік» әуен жоқ. Қыздың басы «ноқталы», оны Базекең де біледі. Осы уақиғалар барысынан хабары болмаса, «патшаға қарсы өлең жазып», жазаланған жырауды «түзеу үйден» құтқаратын Өткелбайдың немересі Жәкен Өскенбаев (кейін Перовскіде ВЧК-ның төрағасы қызметін атқарған Жөкен – Жолмағамбет Иманғалиұлы Өткелбаев. – авт.) бейнесінің шынайы тарихқа негізделген көркем шығармадан көрініс табуы бекер ме? [Жыр күмбезі… 73, 77, 87, 143, 157, 177, 183-бб.].
Сөйтсек, ақиқат белгілі қоғам қайраткері Б. Жөкенов жазып қалдырған естеліктің қойын-қонышында екен. Ол былай дейді: «Атамыз Өткелбай ХIХ ғасырдың орта шенінде Орынбор губерниясының бірінші генерал-губернаторы И. И. Неплюевтың Перовск уезіндегі жәрдемшісі болыпты. Ғалым М. Байділдаевтың мәлімет­теріне қарағанда, шені полковник» [Б. Жөкенов. Ақыл-ойдың кеңге жайдым құлашын. Қызылорда, 2021. – 108-б.]. Иә, жаппастың қабырғалы байы, мырза Өткелбай қазақ арасында оқу-ағарту, мәдениет, мектеп, мешіт салу жұмыстарын өрістеткені үшін Ресей патшасынан мадақ естіп, марапат алған, дәуірінде шексіз билікке ие болған санаулы қазақтың бірі. Қарамағына өткен аймақтағы байдың балаларын өзіне қызмет жасату мақсатында Омбы, Петербург қалаларына жіберіп, оқытып алып отырған патша ағзам әскери академияда білім алып жүрген, орысша сауат­ты Өткелбайды да «…1852 жылы шақыртып алып, губернатордың «Перовск уезіндегі жәрдемшісі, Кіші жүздің биі» деген атақ беріп, уезге әкім етіп» тағайындапты [Ақыл-ойдың… 91-б.].
Тап осы жерде негізгі уақиғаның да құлағы қылтия бастады: «…Бекіштің ұзақ жылдар бойы болыс болуының себебі: Сәдірдің губернатордың тілмашы Өткелбайды епті пайдаланғандығы екен» [Өміртай атаның әңгімелері…]. Иә, әйтпесе былайғы жұрт «Бекіш пен Өткелбайдың арасында қандай байланыс бар?» деп ойлауы мүмкін ғой. Әңгіме сонда, «Өткелбай – Бекіштің Күмісай деген бауырын алған күйеу!» [Өміртай атаның әңгімелері…]. «Өткелбайдың асы» деген мақалада Б. Жөкенұлы жаппастың игі-жақсылары жайында ойында қалған уақиғалар желісін ұрпағына ұғындыра отырып, «…жинағыларың келсе, әрі қарай бөлшектеп, қажет­теріңше жазып кете бересіңдер» дей келе, «сонан қалған әңгімелердің бірі ретінде осындағы бір жағдайларды жазуды қажет деп таптым» демеуші ме еді?
Көрейікші, ол қандай жағдайлар екен? Өткелбай өзі дүние салардан бес-алты жыл бұрын сарыбай сарықасқаның атақты биі Сәдірдің баласы Бекіштің қызына үйленіпті [Өткелбайдың асы… 112-б.]. Өмекеңнің жетіктіруінде, Күмісай мен Бекіш ағайынды. Әрине, Өткелбайдан оншақты жас кішілігі бар Бекіштің бауыры болмай, қызы болса, жас аралығының алшақтығы да тым шарықтап кетуі мүмкін. Оған қоса, Фатима бәйбішенің Өткелбайға қаратып айтқан, «Өзіңіздің қол астыңыздағы Бекіш болыстың…» деген сөйлемнің райынан осы уақиғаның ақиқатына – уезд әкімінің қол астында қызмет жасап жүрген Бекіштің бауыры Күмісайды Сәдір белгілі бір есеппен, Өткелбайға әйел үстіне бергеніне көз жеткізе түсеміз. Мұның жайын Өмекең де көп айтады.
Негізі, әңгіменің ақиқаты мынау екен. «Менің жасым ұлғайып қалды, сіз атадан жалғызсыз, сізге ұрпақ керек, шаңырағыңыз көбею керек…» деп Өткелбайдың қол астындағы қызметкерін нұсқап, «Күмісай деген сұлу қызы бар дейді, мен ренжімеймін, басы бос көрінеді, ешкімге атастырылмапты, балаларға ана көптік қылмайды, соған үйленіңіз» [Өткелбайдың асы… 112-б.] деп өзі кеңес берген бәйбішенің уәлі лебізін оқып отырып тәнті боласың. Ерін сыйлаған, келген жерінің көсегесін көгертуді мұрат тұтып, ұрпақ жаюды ойлаған, ақыл-парасат шыңындағы мұндай әйел-ана үлгісін шаммен іздесең табарсың ба? Фатиманың сөз ләмінен Күмісайды сырт­тай ұзақ бағып, ау-жайына әбден қанып, сырын алып, әйел үстіне келтіруге жайғасатын жан екеніне көз жеткізгені байқалады. Бастысы: «Ешкімге атастырылмаған, басы бос!». Ізіне сөз ергізбей, оң жақта отырып желең астында жетіліп, маңдайына тағдыр не жазатынын күтіп тұрған сәті ғой бұл.
Сөйтіп, Күмісайдың болашағы ақылды Фатиманың бір ауыз сөзімен шешіліпті. Бірақ, Өткелбаймен бірге «бес-алты жыл өмір сүргенімен, араларында бала болмапты» [Өткелбайдың асы… 113-б.]. Пұшпағы қанамаған мұңлық, ақыры бәйбішенің үш ұлын – Иманғали, Ахметқали, Сұлтанғалиды бауырына салып, бағыпты. Сөйтіп жүргенде, «1876 жылы (бір мәлімет­те 1877 жылы. – авт.) 41 жасында, уездің орталығы Ақмешіт қаласында Сыр бойының әкімі жүрек талмасынан қайтыс болып, ел ішінде «Өткелбай орнынан түсетін болған соң у ішіп өліпті» деген өсек тарапты [Екі от­тың ортасындағы әкім… 37-б.].
Некеге қатысты патриархалды-рулық қауым заңдарын тұтынған жұртқа тән әмеңгерлік-левират дәстүр бойынша «әйел әмеңгеріне тұрмысқа шығуға міндет­ті» [А. Сейдімбек. Қазақтың ауызша тарихы. Астана: Фолиант, 2008. – 186-б.]. «Қазақ халқына, әсіресе жаппас балаларына аты түгел мәлім болған Өткелбайдың асына үш жүздің белгілі адамдары» келген. Жиын тарқаған соң, ағайын Күмісайды «қайын, қайнағаңның бірін таңда, Өткелбайдан бала қалмады, әрі жассың» деп үгіт­тепті. Күмісай болса, Өткелбайдың төсегіне ешкімді лайық көріп отырмағанын айтып, «Құр қол емеспіз, бәйбішенің үш баласы менің де балам, зорламасаңдар отыра беремін» дегенге ұқсайды. Ой, дүние-ай, бұл қазақтың даласында күйеуі өлген мұңлықты отырғыза беретін заң қайдан болсын? Оның үстіне, «Өткелбайдан бала қалған жоқ, әрі жассың», болашағың алда, бұйырса ұл сүйіп рақатын көресің, қызды болып мейірің қанар деп үміт­тендіріп тұрғанда да, ерінің ақ төсегіне ешкімді лайық көргісі жоқ бұл не деген пәктік?!
Күмісайдың мына сөзін тебіренбей оқу мүмкін емес: «Жоқ, қалай да бірін таңда десеңіздер, өзімен беделі теңдес, мырзалығымен аты шыққан, Арқадан келген мырза қайныма балаларым өскесін барайын!». Бұл тектілік деген шіркініңде өлшем болмайды екен. Өлген күйеуінің беделі мен бәйбішеден туған үш ұлдың қамын ойлаумен жаны қыдырған, ағайынның қолқасы өтіп бара жатқан соң, амалы құрығандықтан ғана келіскен мұңлықтың сондағы айтқан ақырғы сөзі мынау: «Бірақ, қоятын шартым бар. Өзім тумаған соң бәйбішенің балаларын өз балаларымдай етіп бауырыма басып едім. Олар ер жетіп, ат арқасына қонған соң, «Қостанайда анамыз бар еді» деп іздеп барса, балаларыма қайтарасың. Егер осы шартым орындалса, мырза қайныма еріп кетуге даярмын» [Өткелбайдың асы… 112-б.].
Әңгіме ауанынан үш ұлдың да әкеден тым жас қалғаны байқалады. Мұңлықтың «Балаларым өскесін барайын» деп шырылдайтыны содан сияқты. Өйткені, Күмісай бұл әулетке келін болып түскен жылы (шамамен 1870 жыл. – авт.) бидің 1869 жылы туған бірдегі кенжесі Сұлтанғалидың [Билер сөзі киелі. Сыр елінің билері хақында / Құраст.: Т. Дайрабай, М. Ахметов. Алматы, 2018. – 116–117-бб.] жас шамасынан осы жайт­тарды аңғарамыз. Ал шарты орындалса – бәйбішеден туған үш бала іздеп келгенде қайтарса, шапанының шалғайынан ұстап, еріп кетуге уәде еткен мырза қайнысы кім? Бұл – Сыр бойына темір жол жүргізу кезінде «Ресей патшасының аямай төккен ақшасына қызығып, Сырдария өзенінің сол жақ жағалауын жайлап қалған» [Жарасбайдың Мырқысы… 77–79-бб.] түйелі бай, қоң етіне мейірімі жоқ мырзаның бірі, көктемгі қара суықта, Бетпақтың даласына шыға беріс қоңырлықта, жылқыны жолай құлындатып бара жатқан ерлерге қара қасқа айғырға тола мініп, бір топ жігітпен келіп, қырдың суы сіңген баялыш пен тобылғыны «мынаумен тұтандырыңдар» деп бір буда ақшаны – «Николайдың қара қасқасын» лақтырып кеткен, кейін бес-алты жігіт бөліскенде, өзіне тиген үлеске сары Досжан «әйел алып, үстіне үй тігіп, алдына мал салуына толық жеткен», түбі қостанайлық Мырқы Жарасбайұлы еді.
Сөйткен қайнысы, «Несі бар, аға өлсе жеңге мирас» деген. Қазір ертіп кетуге де, шартын орындауға да даярмын» депті. Содан, екеуінің сөзіне риза болған халық «Өткелбайдың мал-мүлкінен аямай енші беріп, көш-қолаң, мал-мүлкімен Күмісайды Арқаға ат­тандырыпты» [Өткелбайдың асы… 112-б.]. Әлқисса, сөзінің мөрін өзгертпей ұсынып отырған Бабаш дерегінің ара-арасындағы жықпыл-жықпылда, баяғы қаратамыр Тұрымбет­тің жайына да бір соғып өтейік. Шерімбет жобамен Күмісай 1870-тің мұғдарында ұзатылғанда «бес-алты жыл» түтінін түтеткен отағасы Өткелбай отыз бесте, Базар отыздағы орда бұзар, Бекіш жиырма бесте, 1868 жылы туған «бала жырау» Тұрымбет екі жасар, ал марқұм Сәдір бидің беті осы жылы жабылыпты. Өз басым, мына сәйкестіктен кейін ендігі сөз қашыруда мән бар деп ойламаймын.
Қош, сонымен Самарқандағы Иманғали, Ташкент­те оқып жүрген Ахметқали оқуларын бітіріп келіп, ошағында қалған кенжелері Сұлтанғалимен бас қосып отырғанда анасы Фатима «Екінші аналарың сарыбайдың қызы қайнысы Мырқыға еріп кетерінде «Артымнан балаларым іздеп барса, Құдай қосқан қосағымның ошағына ораламын» деп шарт қойып кетіп еді. Не дейсіңдер? Азамат болдыңдар, ат арқасына қондыңдар…» деп балаларына сөз тастапты. Содан, Өткелбайдың ұлдары бір ауыздан, «Барамыз, келсе ертіп әкелеміз, келмесе ырзашылығын алып келеміз!» [Өткелбайдың асы… 114-б.] деп Арқаға бағыт түзепті. Бұйырса, әуелі ұрпақ сүйіп, көсегесі көгеруден үміт­ті болып кеткен мұңлық мырза қайнысына «барғанымен де бала көтермепті». Е, бұл пенде шіркіннің арманы мен Алланың жазғаны тайқы маңдайдағы тағдырда қатар қауыша бермейді екен ғой.
Күмісай қайнысына қарап, «Мырзам, балаларым іздеп келді. Ел-жұрт­тың алдында қойған шартым бар еді. Ендігі жерде бай керек етпеймін, өзіңді пір тұтып, қолыңды аламын. Қолыңды және ырзашылығыңды бер!» деп орнынан ұшып тұрыпты. Осы уақиғаларды көзімен көргендердің жетіктіруімен бала кезінен нәрлі сөлін жұтып өскен Бабаш қарияның жазбаларын алдымен тебіренбей оқу, оқығаныңды еміренбей санаға тоқу мүмкін емес. Сонда, «аналарына риза болған балалары да орындарынан ұшып тұрып, «Ырзашылығыңды бер, әке!» деп қолын алған екен» [Өткелбайдың асы… 114-б.]. Е, бұл қасқа қазақтың бай-бағландары бойына сіңіріп, өзегіне татып өскен тәлім-тәрбие, әдеп-әрканды енді ешқашан қалпына келтіре алмайды екенбіз. Қазақтың басындағы дарқан дәуірі солармен бірге өтіп кетіпті. Менің соған көзім жете түсті. Қанша жерден бір атаның баласы болсын, мұндай жағдайда бір-біріне «әке!» демек енді қайда бізге?! Мырза Мырқы да еңіреген ер екен, жігітбасы шабармандарын шақырып алып, қолын қақпай, алдына түйе мен жылқы түлігінен мал салып, «Жасауымен ұзатқан қыздай етіп, көшін өздерің бастап барып, апарып тастап қайтыңдар деп тапсырма беріпті» [Өткелбайдың асы… 114-б.]. Уақиғаның тап осы тұсына келгенде жанымның жарты қобызы өкси өкіріп, Күмісайдың гөй-гөйіне ілесіп, күңіреніп кет­ті.
Кіндік қаны тамған күрең топырағына қайта оралып, жаны жай тапқан баяғы шиден тысқары мұңлық, Жаңадарияның өрінен ұзатылып, Сабалаққа келін болып түскенде бауырына басқан бір жасар Сұлтанғалиы мен Базаркүл келінінің қолында кәрілік дәуірін өткізіп, бақидағы дегдар Өткелбайының қасына осы қара шаңырақтан жөнелтіліпті. Ерін пір тұтқандықтан, күллі әулеті оны «пірәдар әже» атандырғанын айтып, «Мұны жазудағы мақсатым, кейінгі ұрпаққа тарих болып қалсын дегенім еді» деп сөзін күрмеген Бабаш қария баяғы, Бекіш бидің немересі – Есханның Ахметімен ақырғы күндеріне дейін араласып тұрыпты, иманды. Мейлі, осы айтылған уақиғалардың мерзімі тіпті бірнеше жыл әрі, иә бері бола берсін, Күмісай туралы ақиқат – осы! Талай жүректің қылын шерткен махаббат гөй-гөйіне айналған асылдың сүйегі Иіркөлде – «Өткелбай қорымында». Елге табаным тисе, мәңгі жай тапқан жаныңды әлдилеген топырақты тәу етіп, рухыңа дұға жасауға ниет қылдым, кейуана!

Берік ЖҮСІПОВ,
фольклортанушы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір