«ҚАРАҒАЙ» – ҚАЗАҚТЫҢ СӨЗІ, АЛ «КАТОН» – КІМНІҢ СӨЗІ?
06.08.2023
785
0

Шығыс Қазақстан облысында «Катон Қарағай» деген аудан да, ауыл да бар. Қазақ әдебійетінің қара нарлары марқұм Қалыйхан Ысқақов ағамыз бен замандасымыз Оралхан Бөкейдің, Дидахмет Әшімханның, жазушы, қоғам қайраткері Әлібек Асқардың атамекені. Қалыйхан ағамыз: «Дұрысы Қатын Қарағай болыу керек», – депті. Алтайдың арғы бетінде «Қатын» атты өзеннің бар екені ырас. Оны орыстар «Катунь» деп атап жүр. Ол, шын мәнінде, Алтайдың атақты өзені. Өр жағы қыста қатып қалып, сол арада ешқандай сұуықта да қатпайтын екі көл пайда болып, жазда қайтадан өзенге айналып ағады. Оған құйатын бірнеше қолы бар, ең үлкені Шұу өзені. Алтайдың арғы бетінде «Катунь» аталған сол өзеннің қазақ жеріне келгенде аты «Катонь» бола кетіуі мүмкін бе? Меніңше, мүмкін емес. Ендеше «Катонның» түп атасы «Қатын» сөзі емес. Оның үстіне, дәл іргесінде Бұқтырма өзені бұрқылдап ағып жатқанда, айдаладағы Қатынның атын өз ауылына қандай қазақ қандай себеппен қойа қойсын-ау? Қыйсынға келмейді.

Саха елін жақында аралап келген Әлібек Асқар ініміз «қатын» дегенді олардың «кадынь» дейтінін айтып келді. Алтай мен Қызылжарда қайың мен қарағайдың аралас өскен жері толып жатыр, бірақ өз басым бірде-бір Қайың – Қарағай деп қосарлап ат қойған жерді кездестірмедім, бәрі «Топ қайың», «Қос қарағай», «Бійші қайың», «Қыз қарағай» деген анықтауышы бар сөзбен аталады. Және, оның үстіне, «Кадынь қарағайдың» «Катон Қарағай» болып өзгере қойыуы да қыйын секілді.
Қалай десек те, «катон» сөзі қазақтікі де, орыстікі де емес, ол – бұрмаланған сөз. Сондықтан бізге оның қай сөзден бұрмаланғанын анықтау қәжет. Патша заманында әуелі «Алтайская станица», одан соң «Алексеевская» деп аталыпты. Көріп отырғанымыздай, ол екеуінің де «Катонға» үш қайнаса сорпасы қосылмайды, олардан бұрмаланбаған.
Ең көне дерек, сірә, Р.М. Закржевскийдің 1894 жылы шыққан «Записки Западно – Сибирского отдела императорского русского географического общества» деген еңбегі болса керек (17 – том, С – Петербург, 1894). Оның 1-бетіндегі бірінші сөйлем-ақ бәрін байандап тұр, онда: «Краткое топографическое описание пути между Котон – Карагаем и Кош – Агачем через Алтайские горы», – делініпті. Мұндағы «котон» сөзі «катонға» біршама жақындағанмен, әлі толық «катон» емес. Оның мәні, меніңше, мынада. Бұл сөзді, әрійне, Закржевский жергілікті қазақтардан естійді, олар оған «Котан» деген болыу керек, ал ол оны «котон» деп жазып алған шығар. Себебі орыстар кей сөзде «о» деп жазып, оны «а» деп оқый береді емес пе? Сол әдетпен «-он» деген бұуынды жұрт «ан» деп оқылады деген болар. Ал бұл араға кейін келіп қоныстанған орыстар ол сөздің соңғы бұуынындағы «о» ны емес, алдыңғы бұуындағы «о»-ны «а» деп оқып, «котанды» «катонға» өзгертіп жіберген болыу керек. Басқаша жорамалдаудың тіпті іреті де жоқ. «Заметки об этническом составе тюркских племен и народностей и сведения об их численности» деген кітәбінде Н.А.Аристов «Қатұнды» «Хатын» деп жазады да, оны «женщина из племени ара» дейді (сонда, 62 – бет, С. – Петербұрг, 1897).
Қазақ шежіресінде «ара» деген тайпа жоқ, «ар» деген бар, ол – Арыс бабамыздың немересі, «Құн» деген немересі екеуі бірігіп, арғын тайпасын құрған. Ар мен Қайы мекендеген жер Арқайым аталса (Қостанай мен Башқұртстанның ортасында), Торы мен Қайы мекендеген жер Торғай аталған.
«Қотан» – қазақтың ежелден келе жатқан көне сөзі. Оған шежіреміз де, «алқа қотан», «қойдың қотаны» деген сөздеріміз де дәлел.
«Қойдың қотаны» деген сөздің мәні «қойдың тұрағы, қорасы» дегенге сайады. Ал қарағайдың қой қотанына ұқсап топтанып, шоғырланып өсіуі мүмкін де шығар, бірақ бұл ауданда ондай оқшау қораланып өскен қарағайлар дәл қәзір жоқ. Үш жүз жыл жасайтын қарағай, бұл арада үш жүз жыл бұрын да қораланып өспеген болар. Бұл – басы ашық шындық. Мен бұл өңірде төрт-бес ірет болдым, араладым. Ешкім маған: «Мына қотанға ұқсап өсіп тұрған қарағайлар – мынау», –деп көрсеткен емес. Ондай қарағайлар бар болса, сөз жоқ, маған да, басқаларға да ең бірінші соны көрсеткен болар еді.
Қазақта «алқа қотан отырыу» деген сөз тіркесі бар. Алқа – қыздар мен келіншектердің омырауына тағатын әшекей. Ұшында алтыннан ійә күмістен дөңгелек, оған қондырған асыл тастары және алқаны мойынға ілетін шығыршық бауы болады. Сонда «алқа қотан отырыу» дегеніміз бетпе-бет жүз көрісіп айнала отырыу болып шығады. Бірақ өйтіп кез келген жерде-ақ отыра беріуге болмай ма? Меніңше, бұл сөздің мәні де «алқада» емес, – «қотанда», йағный қотанды айнала отырыуда. Ал қотанның мәні не? Ол – бәрі ортаға алып отыратын ең сыйлы, ең құрметті не адам, не қәсійетті әлдене.
Ата шежіремізге жүгінсек, бүгінде қазақ аталып отырған барша халық – Арыс атанып кеткен Анарыс бабамыздың ұрпағымыз. «Тарыйх атасы» саналатын гірек оқымыстысы Геродот ол бабамыздың атын «Анахарсійс» деп жазады. Сол бабамыздың шамамен біздің дәуірімізге дейінгі ІІІ – ғасырда өмір сүрген ұрпағы Қотан аталады. Бұл – Ескендір Зұлқарнайын өмір сүрген заман. Матай бійден қалған Ата шежіре Қотан бабамызды Қаратау өңірін жайлаған депті. Бірақ оның баласы Үйсін қәзіргі Шығыс Түркістаннан Іле бойына ауып келген ғой. Сонда қалай, әкесі Қаратауда, баласы басқа жақта болғаны ма? Сақ, құн аталатын бабаларымыздың, оның ішінде Түрік қағанатын құрған аталарымыздың түп төркіні Алтай екенін көне тарыйх та, жаңа тарыйх та жоққа шығармайды. Өйткені шындық солай. Ал шындық солай болса, ұлы бабамыздың ұлы қонысы ұлы Алтайдың бір саласында болмағанда, қайда болыуы мүмкін?
Осы арада бергі тарыйхтан бір мысал келтіре кетейін. «Ақтабан шұбырынды» заманында Арқаның түстігінде керей Қостан деген батыр өмір сүрген. Күштілігі сондай, құдыққа құлап кептеліп қалған түйені қос қолдап тартып шығарып алған. Сол батыр Еділ бойындағы торғауыттарға қарсы соғыста қатты жараланып, найза зембілмен әкеле жатқанда, Тобыл өзенінің өткелінен өткен кезде жан тапсырады. Серіктері сол араға жерлеп, найзасының ұшын айға ұқсата ійіп, бейітінің басына шаншып қойады. Тобылдың өткелін іздеген жұртқа «Қостан айының қасында» деп жауап беріп жүріп, сол ара Қостанай аталып кетеді. Кейін ол араға қала салынғанда, орыстар оны Михайловское деп өзгертеді. Алайда жергілікті халық ол жерді Қостанай деп атауын қоймаған соң, патша өкіметі амалсыз қаланың атын қайтадан Қостанайға өзгертеді. Қостан батырдың аты осылайша тарыйхый атқа ійе болып қалады.
Қотанның да тарыйхы осыған ұқсас. «Бұқтырманың өткелі Қотан қарағайының қасында» немесе «Бұқтырма Қотан қарағайының қасынан өтеді» деп жүріп, Қотан бабамыздың аты да тарыйхый орынға ійе болып қалған болыу керек. Солай екеніне мына бір жағдай да сендіре түседі.
Патша заманында Жетісұу гұберныйасында Н.А.Аристов деген орыс оқымыстысы қызмет атқарған, оның С.-Петербұргтан 1897 жылы шыққан жоғарыда аталған кітәбін Шәкәрім қажы да оқыған, өз шежіресінде оған сілтеме де жасаған. Сол кітәбінде Аристов бүкіл қазақтың Алтай өңірінен тарағанын жер-сұу аттарымен байланыстыра отырып жазады. Сол кітәптің 97-бетінде Мұса Шормановтың мынадай сөзін мысалға келтіреді: «…что у предков всего киргиз-казачьего народа Котана были три сына: Акджоль, Алчинь и Юсунь от которых пошли три орды».
Қазақ болған соң, бұны біреу дұрыс, біреу бұрыс дей берер. Бірақ мәселе ода емес, мәселе Қотан атты бабамыздың болғандығында. Ондай бабамыз бар болған соң, оның атамекені де бар болмай ма? Және ол атамекен қазақтың қайнар көзі болған Алтайда болмағанда, қай арада болмақ? Ана қалаға, мына қалаға атақтылардың атын беріп жатамыз ғой, өзі тұуып-өскен жерінен Қотан бабамызға да бір ат берсек, одан кең дүнійе тарылып кете қоймас. Сондықтан «котон» деп те, «катон» деп те кері азыуламай, қәсійетті бабамыздың атын қайта тірілтіп, Алтайдың айасындағы ауылымыз бен ауданымыздың атын Қотан Қарағай деп атасақ, ата-бабамыздың арыуағы ырыйза болар еді деп ойлаймын.
Бұл өңірде Өрел – Өргі ел, Берен – Бергі ел деген атаулар ежелден бар. Ондай атаулар белгілі бір орталығы бар болған жерлерде ғана кездеседі. Сол орталықтан бірі өрде, бірі беріде болады.
Кезінде қазақ жеріне келіп қоныстанған орыстар қазақ сөзінің кейбірін бұзып айтып, соңғы бұуынды алдыңғы бұуынға ауыстырып айтыуы орын алды ғой. Мысалы, «Қорғасты» «Харгос», «шопанды» «чабан» дегендей. Сондықтан қазақтың бұрмаланған сөзін бұрынғы қалпына келтіріу – бүгінгі ұрпақтың борышы.

(Мақалада автордың емлесі сақталды)

Бексұлтан НҰРЖЕКЕ-ҰЛЫ,
жазушы, ҚР Мемлекеттік
сыйлығының лауреаты.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір