АЙБАРЫМ ЕДІҢ, АРЫСЫМ
18.10.2024
40
0

Уақыт неткен жүйрік десеңізші! Күн артынан күн өтіп, ай артынан ай өтіп жылға да жетіппіз. Күні кеше ғана ортамызда, отбасымызды, ағайын-туыстардың бәріне мәре-сәре қуаныш сыйлап, мағыналы әңгімесімен, ұлағат­ты сөздерімен, жеңіл әзілдерімен ортамызды толтырып отыратын Орекем! Міне, бүгін жым-жырт.

Қазақта «әдемі қартаю» деген жақсы сөз бар ғой. Сен сол әдемі қартайғандардың қатарында еңсеңді тік ұстап, аңқылдаған әдемі қалпыңнан айнымай өт­тің өмірден. Ақкент­тегі көрші-көлемге, ағайын-туыс бауырға жұғымды, сыйлы, құрмет­ті ақсақал болдың. Көршілер «біздің ауланың үлкен ақсақалы, қаламгер қариямыз» деп, алдыңнан қия өтпей сәлем беріп, хал-жағдайыңды сұрап тұрушы еді. Өзің жақсы көретін, аса жоғары бағалайтын, талант­ты ақын Бауыржан Жақып, ақын С.Сейітқамзаұлы, журналист Ә.Әшімұлы інілерің кешкісін біз тұратын 16 қабат­ты №45 үйдің алдындағы орындықта отырғаныңды көріп: «Орағаңның төбесін көріп қалып, сәлем берейік деп келдік», – деп өзіңмен түннің бір уағына де­йін арқа-жарқа болып, әңгіме-дүкен құрудан жалықпайтын едіңдер. Сол күні сен марқайып, үйге көңілді қайтушы едің. Қазір орның жетімсіреп, сен отыратын орындық бос тұр.
Бір жолы аулада журналист Әлімжан кез­десіп қалып, «Баян апа, хал-жағдайыңыз қалай? Орысбай ағам қайт­қалы бері сыңарынан айырылған аққудай жалғызсырап, құлазып жүрген жоқсыз ба? Анда-санда кешкісін бұрынғыдай «Орысбай ағаның штабына жиналып тұрмаймыз ба, аруағы разы болсын», – деген соң, шынында да, Орысбайдың аруағы осы орындықты айналсоқтап жүрген шығар деген оймен, бір күні орындыққа келіп отырдым.
Жаздың шіліңгір ыстығынан шөлдегенде, КСК-ның жұмысшыларын шақырып алып, олармен өзі бірге жүріп суаратын, қыста қардың салмағын көтере алмай иілген шыршалардың қарын қағып күтім көрсететін сенің жанашырлығыңды жоқтап, мұңға батып тұрғандай. Жан-жағыма қарап, түрлі ойдың жетегінде отырғанда ұстаз Мұнира қарындасың келді, одан ке­йін іле-шала Әлімжан да келіп, жанымызға жайғасты.
Сол күні үшеуміз өзің туралы өткен-кеткенді еске алып, сенің әңгімелеріңді айтып көп отырдық. Мұнира қарындасың сенің өлеңіңе жазылған, әнші Ұлжан Айнақұлованың тамылжытып орындаған «Майтөбе» әнін телефонынан тыңдат­ты. Әлімжан әлеумет­тік желідегі парақшасын ашып: «Бүгін түске таман есігім қағылды. Бұл кім болды екен деп есікті ашып қалсам, бір қабат­та тұратын көршім Бақытжанның әкесі Райымбек аға екен.
– Армысыз, аға! Үйге кіріңіз, – дедім.
– Үйге кіре алмаймын. Сырт­та Орысбай ағаң сені күтіп тұр, сенде кітабым бар дей ме, – деді.
– Иә, ол кісінің «Жамбыл» деген журналы бар еді. Қайтарып беруім керек болатын, таяудан бері Орағама кез­десе алмай жүр едім, – деп, журналды Райымбек ағама ұстатып едім, ол кісі:
– Сен шықпайсың ба? – деді.
– Сіз бара беріңіз, киімімді ауыстырып алып артыңыздан барамын, – дедім.
Сәлден соң есіктің алдына шықсам, Орысбай аға мен Райымбек аға әңгімелесіп отыр екен. Аман-сәлемнен ке­йін Орысбай аға:
– Саған келген бұйымтайым, сенің қытай тілінен тәржімалаған бір мақалаң «Алматы ақшамы» газетінің өткен аптадағы бір нөміріне шығыпты. Сол газет­ті беріп сені қуантып, журналымды алып қайтайын деп келгем. Сенің қай қабат­та, қай пәтерде тұрғаныңды білмей тұрғанда, Құдай тілеуіңді бергір, мына Райымбек ағаң кез­десіп қалғанын көрмейсің бе, – деп күлді.
– Аға, мен «Алматы ақшамына» мақала берген емеспін, қытай тілінен мақала аудармағаныма 20 жылдан асып кет­ті. Сіз мені басқа біреумен шатастырып жүрген шығарсыз, – деп бәйек болдым.
– Онда қара, сенің аты-жөнің «Әлімжан Әшімұлы» ғой.
– Иә, солай.
– Ендеше, мына мақаланың астында «қытай тілінен тәржімалаған Әлімжан Әшімұлы» деп жазулы тұр, – деп газет­тің бетін ашып көрсеткенде зорға сендім.
Сөйтсем, газет осыдан 25 жыл бұрын баспасөзде жарияланған «Ұрпағым ұлағат­ты болсын десеңіз» деген тақырыппен берілген бір америкалық ғалымның баласына айт­қан жүз өсиетінен таңдалып аударылған 20 өсиеті екен. Бұл мақала, кезінде осы «Ақшамда» басылған болуы керек. Ол жағы қазір есімде жоқ. Оның үстіне мақала қайдан алынғаны, кім дайындап бергені жазылмапты. Қалай дегенде де бұл материалды дайындаған және оны басқан газет ұжымына көп рақмет! Рухани байлық қашан да елеусіз қалмайтынына тағы да бір мәрте сеніп отырмын.
Орысбай аға зейнеткер журналист, газет-журналдың біразына жазылған. Бір шағынауданда тұрған соң, аулада жиі кез­десіп әңгімелесіп тұрамыз. Биыл көктемде 80 жасқа толып, мерейтойын дүркіретіп өткізгенін білемін. Түр-келбетіне қарап сексенге келген адам деп ешкім ойламайды. Сөзі нық, жүрісі ширақ. Қолының қаруы бар, жас кезінде спортпен айналысқан екен. Қыс түскелі бері қариялар аулаға шығуды қойды, содан болар Орысбай ағамның мені іздеп таппай жүргені…» (24 желтоқсан 2019 ж.) деген жазбасын бізге дауыстап оқып берді.
Ореке, өзің дүниеден өткеннен ке­йін, адамдардың айт­қан небір жүрек тебірентер естеліктері, асыл қасиет­терің туралы айтылған сөздері, жазылған мақалалары, бір әулет­тің ғана емес, елдің арқа сүйер ақылшы азаматы болғаныңды айтып тауыса алмай жатыр. Сенің бойыңдағы асыл қасиет­тер елге, жұртқа деген адал да аңғал сезімдерің ерекше екен. Бойыңдағы бар күш-қуатыңды барынша тек ізгіліктің жолына жұмсап, айналаңды қуанышқа, шат­тыққа, мейірімге бөлесем, әр адамның мерейі үстем болса екен деген ниетпен өмір сүріпсің-ау!
«Орысбаймен «Лениншіл жас» газетінде ұзақ жылдар қанат­таса еңбек ет­тік. Жиі өтетін жиын-тойлардан соң, үбірлі-шүбірлі Баян екеуінің жалдамалы пәтеріне барып, таң атқанша думандатамыз, дастарқаны жаюлы, пейілдері кең» деп еске алады жазушы Мағира Қожахметова «Орны бөлек Орысбай» («Атамекен» газеті, №40, 30 қыркүйек, 2023 ж.) деген мақаласында. Ол: «шетімізден құйынбыз, дауылмыз, жын-періміз (өзі солай айтатын) екпінімізден жел есіп, әсіресе мен түріме қарамай еркін ұстаймын өзімді. «Мына қызды ешқайсыңа айырбастамаймын» деген бас редактор Сейдахмет ағамыздың сөзіне малданып, тым артық кетіп жүрдім, тіпті о кісіні қат­ты ренжітіп, бірнеше күн жұмысқа келмейтінмін. Енді шығарып жібереді-ау дегенімше, Орекең іздеп тауып: «Тез жет редакцияға, саған қайтсын деп жатыр», – дейді. Бізге қарағанда сабырлы, өзін мейлінше қарапайым ұстайтын. Ішінде ән, күй, жыр, айтыс, ақындық, шешендік боп ағыл-тегіл ағылған асау ағысты қалай игерді екен деймін қазір. Өн бойынан әділдік пен мейірім есіп, кім-кімге де жақсылық жасауға, қолдап жіберуге асығатын. Ешкімнің алдына түспеді. Жеке жағдайы үшін ешкімнен ештеңе сұрамады, бастықтарға иіліп бүгілмеді, атақ қумады, үлкенге құрмет, кішіге қамқорлық таныт­ты» деген жүрекжарды жылы сөзін айтыпты.
Белгілі журналист Бауыржан Жұмаханұлы Омаров өзінің әлеумет­тік парақшасына: «Жас Алаштың» тарихында сал-серілігімен, атап айт­қанда, әншілігімен, балуандығымен, сөзшеңдігімен қалған ардақты ағаларымыздың бірі – Орысбай Әбділдаұлы» деген үлкен бағасын беріп жазыпты. Ол кісі анда-санда редакцияға бір бас сұққанда, бұл жерде баяғыда қызмет істеп кеткен оған жұрт­тың бәрі қоғадай жапырылып амандасып, ортаға алып алқалап жатқанын көретінбіз. Соған қарап абырой-беделіне қанық болатынбыз. Екі иығына екі кісі мінгендей тұрпат-тұрғына да таңдана қараймыз. Сәлден соң ағамыз босағада тұрған ақ домбыраны қолға алып, әуелетіп ән салар еді. Әні соншама әуезді болар ма?! Елтисің де қаласың. Қазақша да, қырғызша да бірдей шырқайды. Балуанға оң-солы бірдей деген осы. Айтпақшы, ағамыз қаламгерлігіне қоса, кәсіби спортшы көрінеді. Алысқанын алып та, шалып та жығады дейді. Бізді бұл қасиеті де қызықтырды. Домбырасын іргеге сүйей салып, әңгіме айт­қаны да керемет. Сөйлеген сөзі мірдің оғындай. «Сымбат», «Палуан», «Сөз бен саз», «Сал-серілер сабағы» деген кітаптарының атауының өзі оның болымыс-бітімінен хабар бергендей… Сондай бір әдемі әсерге бөленіп отырғанда ойлы кейіптегі Орысбай ағамды Шүкір Шақай қарауылға іліктіріпті… Амандық тілейміз ағамызға» («Сөз бен саз» /сурет сөз немесе сурет саз\ 12 қараша, 2022 ж.) деп жазып, сенің домбырамен ән шырқап отырған ақ-қара суретіңді салып қойыпты. Филология ғылымының докторы, ҚР Ұлт­тық ғылым академиясының корреспондент иүшесі, ҚР Президентінің кеңесшісі, белгілі журналист Б.Омаровтың сен қайтыс болардан бір жарым ай бұрын жазған жылы сөзі екен. Мұны
Ә.Әшімұлы телефонынан көрсетіп, мәтінін оқып бергенде, билікте де Орекеңді жақсы білетін, құрмет­тейтін, жоғары бағалап еске алатын адамдар бар екен ғой деп қуандым.
Зейнеткерлік жасқа толып демалысқа шыққаннан ке­йін үйге сыймай тыпыршып жүрген кез­дерің көп болды. Сол кез­де қара домбыра өзіңе серік болғанын білемін. Өзіңді-өзің қамшылап мұңды әнмен, домбыраның қоңыр үнімен ұзақ толғап отырған сәт­теріңде жанымды қайда қоярымды білмеуші едім. Бүгінде сол әуен, сол домбыраның бебеулеген үні жым-жырт. Біреулер байлықтың, мәнсаптың соңынан түсіп қуса, сен өз әлеміңмен өмір сүріп едің. Сенің әлемің адамгершілік, кісілік, кішілік еді. Сен өмірді өзгеше түсіндің, өзгеше сүйдің. Еліңді, жеріңді бар жан-тәніңмен жақсы көрдің. Бойыңдағы күш-қуатыңды жұмсадың.
Балалық шағыңнан бастап жалаңаяқ жар кешіп, ес білгеннен бастап қой қа-­­ ­й­ырып, қозы бағып тау-таста табиғат­ты тамашалап өсіп, ке­йін ержетіп, есейген шағыңда трактор жүргізіп, машинаның руліне отырып, елдің ортасында хал-қадіріңше еңбектің көрігін қыздырдың. Бұл сенің елдің бір пұшпағын илесем, еліме, жеріме аз да болса пайдам тисе деген адами адал қасиетіңнің айғағы еді.
Сол тұста әскер қатарына шақырылып, үшжылдық міндет­ті мерзімді де ойдағыдай аяқтап елге аман-есен келгендегі тебіреніс өзгеше. Алдыңнан ақ жаулықты анаңның қарсы алғаны, сені алабөтен қуанышқа бөлеген сәтін айтып жеткізе алмайтынсың.
Ауылға келіп бостан-бос жүру сен үшін оңайға соқпады. Ендігі кезекте Қарғалы шұға комбинатына барып, жұмыс істей жүріп, кешкі мектепті 10 жылдықты оқып ойдағыдай ат­тестат алу мақсатына қол арт­тың. Өйткені алда жоғары оқу орнына түссем деген үлкен арман-мақсат тұр еді. Отбасы жағдайында оқуға барып әуре-сарсаңға түскенше, атакәсіпті жалғастырып, озат шопан атанып, жанымда, көз алдымда жүре берсе деген әке арманы және аманаты еді. Бұл мәселеде әке мен бала арасындағы келіспеушіліктің аражігі ашыла түскендей еді. Ішкі түйсік жеңіп, қой бағуды қоя тұрып, ой бағудың қам-қарекетіне толықтай ден қойған Орекең бұл жолғы мақсатына да оңайшылықпен қол жеткізді десек артықтау болар.
Әңгіме әуені әр тараптан бас көтеретін. Жасы болса әжептеуірге келіп қалған. Жоғары оқу орнына құжат тапсырып, бар ынтасымен оқуға түсуді армандаған Орекеңнің өмірінің өзгеруіне, мақсатына қол жетуіне көмек қолын созған, бір кез­дері мектепте, ке­йін жоғары оқу орнында қазақ әдебиетінен сабақ берген ұстазы Сұлтанғали Садырбаевтың үлкен демеушілігі еді. Аяулы ұстазын Орекең ешқашан естен шығарған емес.
«Факультет­тің қабырға газетіне ілулі тұрған менің спортық лыпамен түскен суретім ұстазым С. Садырбаевқа ұнамаған болуы керек: «Орысбай, сенің мынауың не? Не спортшы бол, не журналист бол, сен екеуінің бірін таңда!» – деп айт­қаннан ке­йін мен спорт­тан алыстап, журналистиканың соңына түстім ғой», – деп күлуші едің. Сен өмір бойы ұстазың Садырбаевты әспет­теп, құрмет­тедің. «Бойымдағы әдебие­тке құштарлық осы ұстазымнан жұғысты болды», – деп үнемі айтып отырушы едің.
«Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» деген сөз бекер емес. Ұстаздық парызына адал болған С.Садырбаев қаншама шәкірт тәрбиеледі десеңізші! Жаны жаннат­тың төрінде болсын! Қаншама шәкірт­тің көңілінде бағдаршам болды. Орекеңнің әңгімесінен ұққаным, «сол жылы оқуға түсе алмасам міндет­ті түрде қойшы болып, бір отар қойдың иесі болып кете барар едім» дейтін еді. Әңгімеден, әңгімеге ауысып отырып оқуға түсерде, атасы (ол әкесін ата дейтін) онша қуана қоймапты. Анасы Рәзия мен әпкесі Марусяның қуанышында шек болмапты.
Өмір мектебі сені шыңдады, адамдыққа, адалдыққа баулыды. Босбелбеулік табиғатыңа жат еді, қай жұмысты болса да тиянақты істеуге үйрендің. Сол жұмысты істей жүріп, көңіл түйткілдерін өзіңше түсіне жүріп, өмірді өзіңше көріп, өзіңше сезініп қағаз бетіне сурет­тейтін едің. Жақсылыққа жаны құштар азамат болып қалыптастың. Өскен ортаң бөлекше еді.
Сонда да хал-қадіріңше спортпен айналысуға да уақыт тауып, одан да нәтиже шығарып жүрдің. Бұл туралы Қазақстанның Құрмет­ті журналисі, өзіңнің ардақты інің Нүсіпбай Әбдірахым: «Талант­ты адам барлық істе талант­ты» деген тұжырым бар емес пе? Сол айт­қандай, Орағам күреспен шындап айналысса, бүкіл елге аты әйгілі палуан болар ма еді, кім білсін? Шындап айналыспағаны сол, классикалық күрестен КСРО спорт шеберлігіне кандидат атанып, боз кілемнің талай рет шаңын шығарыпты. Мұндай атақтың ол кез­де екінің біріне беріле бермейтінін айтып жатудың қажеті бар ма? Күреспен мектеп қабырғасында жүрген кезінен айналысқан палуан жігіт студент­тік кез­дерінде талай-талай дүбірлі жарыстардың жеңімпазы атанған. Ол аз десеңіз, «зілтемірші, шаңғышы, белтемірге тартылудан алдына жан салмайтын сайыпқыран» деп кете береді. «Жаяу жүру дәстүрінің белсенді бастаушысы» деген бейресми атағы және бар» («Майтөбенің саңлағы, жанат өлке ардағы». «Жетісу» газеті, 30 қыркүйек, 2023 ж.) деп жазыпты.
Н. Әбдірахым айтса айт­қандай, оқудағы қиын сәт­терді де еңсере жүріп, біржағы спорт­ты да жанына серік еткен. Өзімен қатарлас студент­терден біршама жас ерекшелігі болса да, спорт­тың шымырлық пен табандылықты ғана емес, айла мен шеберлікті талап ететін, жан алысып, жан берісетін классикалық түрімен айналысып, жақсы көрсеткішке ие болдың. Ауылдастар арасында Жамбыл Жабаев ауылындағы бір мектептің түлектері Жарас Төлегенов, Ізбасар Оразбақовтар спорт­тың көрігін қыздырған азамат­тар еді. Бұл жігіт­тердің спортқа дер кезінде келіп атағы мен абыройын қатар алып жүрген кезі болатын.
Орысбай Әбділдаұлының аты журналист, жазушы, ақын ретінде танылды. Орекең әр саладан хабары бар, өте мәдениет­ті, ішкі жан дүниесі бай, айналасындағы құбылысты байыппен бағдарлайтын жаны жайсаң жан еді. Маңайындағы адамдарды жалықтырмайтын. Әңгіменің көрігін қыздырып, арасында әнімен әдіптеп отыратын. Баяғының абыздарындай толғайтын. Қисса-дастандарды еш мүдірместен, құлақтан кіріп бойды алатын әуезді мақамымен жырлап көңілге құятын. Өз өлеңдерінен емес, Иса Байзақовтан, Төлеген Айбергеновтен, Мұқағали Мақатаевтан, Тұманбай Молдағалиевтен, Қажытай Ілиясовтан және басқа кез келген классик ақындардың өлеңдерін өзінің ерекше қоңыр даусымен мәнерлеп айтатын еді. Абай, Шәкәрімдердің шығармаларын өз мақамымен келістіре орындайтын еді. Өзіңді көрсетуге ұмтылмайтын едің, өзгені дәріптеп, көкке көтеру ұлы мақсатың еді. Қызғаныш, көреалмаушылық қасиет­терді пендешілік ұсақ-түйекке балап, оған жан-тәніңмен қарсы болдың.
Творчествоңдағы ерекшеліктің өзі де бөлекше. Мейлі ол әңгіме, очерк, өлең толғауларың болсын, барлығы шынайы шындықтан туындайтын. Өйткені сен бейнелеп, сурет­теп отыратын тақырыптың арқауы, негізгі өзегі бірге жүрген жақсы адамдардың қадір-қасиетін танып, тап басып сурет­теу арқылы әлеуметке ой салу. Сол адамдарды қалайда жақсы қырынан көрсетіп, ке­йінгі ұрпақ үлгі алса деген ізгі мақсатыңнан айнымаған едің.
Бүгінгі өзің өмір сүріп отырған қоғамдағы қиын-қыстау аласапыран өзгерістерге, асыра сілтеу сияқты кемшіліктерге бар жан-тәніңмен қарсы бола тұра, болашақта бір жақсылықтың болатынына кәміл сенетінсің. Өзгелерге де жақсылық тілеп, ке­йінгі келер ұрпақтың жүздері жарқын, жолдары ашық болуына үлес қосып отыратын едің-ау. Сенің бүгінгі өмірдегі қым-қиғаш желдей ескен жел сөздерге бейтарап қарап өзіңше қорытынды шығарып, даурықпай, дауласпай, байыппен пайымдайтын сабырлы қалпың баяғының абыздарын елестететін.
Өмірдегі жоқ-жітікті түгендемей келешектің кемелденеуін күтетінсің. Әт­тең, оныңды біреу түсінді, біреулер түсіне алмады. Қоғамда сендей адамдардың болғанына таңырқап, таңданып қарайтындар да болмай қалған жоқ.. Маңайың толған жақсы адам. Олар үлкен бе, кіші ме барлығына құрметпен қараушы едің. Қолыңдағы байлығың, ол – рухани байлық дегенді ардақтап өт­тің. Өз әлеміңде сен, шын мәнінде, өте бай адам болдың! Қойны-қонышыңнан ұлағат­ты өсиет сөздер, ата-бабадан бері келе жатқан тәрбиелік мәні бар өлең-жырларды айт­қанда, сол дәуірдің абыздарындай. Ал бүгінгі күннің сәулелі шақты жырлаған әндерін айт­қанда, өзгеше түрге енуші едің.
«Жоқ» деген сөзді өзгеше жек көрдің. «Жоқтың түбі жоғалады», «бардың түбі оңалады» дегенді жиі айтып, ылғи алдыға тартып отыратынсың. Қанша қиын жағдайды басыңнан өткізсең де ешқашан «мен қиналдым» деген емессің. Өйткені ауру-сырқау сені ертерек айналдырды, оған да, ешкімге тіс жарып ештеңе деген емессің. Сен бос кеткен жоқсың, артыңа рухани байлық тастап кет­тің. Сенің «Сымбат», «Қолтаңба», «Өмірсерік», «Палуан», «Туған жер демі», «Уыз шақ», «Сөз бен саз», «Сал-серілер сабағы» т.б.кітаптарың жарық көріп, оқырманға жол тарт­ты. Журналист, баспагер Жақау Дәуренбек досың атап өткендей: «Әр қыры – қаламгерлігі (жиырма кітаптың авторы), журналистігі (газет бет­терінде қаламының ізі сайрап жатыр), ақындығы (екі бірдей дастандар жинағы куә), күйшілігі (домбырамен қоса жаралғандай бірге жүреді), әншілігі (салған әндерін тебіренбей тыңдау мүмкін емес), батагөйлігі (баспамыздан бір томдық баталары жарық көрді), спортшылығы (әлі күнге айтылып келе жатқан ақиқат), жыршылығы (халық термелерінің насихатшысы), салауат­тылығы (жаяу жүру дәстүрінің белсенді бастаушысы), адамшылығы (оның тәнті етер ең асыл қасиеті) – айрықша мінез иесі атанған» едің.
Әупіріммен бәрін елеместен дүниесі түгел адамша әр күні шуағын шашқан ақ таңды сәт­тілік тілеп қарсы алушы едің. Таңертеңгілік ерте тұрып күніне бірнеше шақырым жаяу жүруді бұлжымас ережеге айналдырып, өмір бойы бұзбай өт­тің. Ол үшін де ерекше ерік-жігер, қарым-қабілет керек. Әр күн сен үшін мереке еді. Бір кесе шай ішсең де жалғыз өзіңе шай ішу өте қиын секілді болатын. Есіктің қоңырауы соғылса баладай қуанушы едің. Ниетіңе қарай есік ашып келген бала-шаға, туған-туыстардың бәріне құрақ ұшып қарсы алушы едің. Көршілер таңғалатын «не деген көп туысқан, күнде топырлаған қонақ» деп. Өйткені сенің маңайыңда жақсы адамдардың, ниеті түзу бала-шағаның барына тәуба!
Өзің өте жақсы көретін ағайын-туыс сол жақсы адамдардың балалары. Бұл күндері үлкен азамат болып атқа мінді. Мақтаныш сезіммен «әкпем Маруся 12 бала тәрбиелеп өсірді, ағам Белтайдың сегіз баласы бар» деп марқайып отыратынсың. Аллаға шүкір, өз бала-шағаң да үпірлеп-шүпірлеп ақырындап аяқтанып келеді. Көңіліңде қылдай алабөтен қиянат жоқ, бәріне бірдей өз жүрегіңнің түкпірінен орын берген едің. Бір адам қуанса сол адамның қуанышын өз қуанышыңдай сезінетінсің.
Ауыл-аймақтың өзіңнен кішірек бала-шағасын жастау кезіңде ертіп жүріп білген жақсы әңгімелеріңді, әндеріңді айтып, домбыра үйренемін дегендерге ерінбестен домбыра үйретіп, соған қат­ты қуанып отырушы едің. Өз балаларыңды қасиет­ті қара домбыраны меңгеруге икемдеп, қалайда өз әлдерінше әнге қосып әуенін, сөзін жат­татып отырушы едің. Оларға әнші бол, әртіс бол деген емессің. Қазақтың қара домбырасын қадірлеу, салт-дәстүр мен қазақы тәрбиені қанына сіңіру еді мақсатың. Ол мақсатың орындалды. Қай-қайсысы да хал-қадірінше құлақ күйін келтіре алады.
Үмітжан деген немерені ерекше тәрбие­ледің. Сабақтан соң үйге келгенде, өзіне арнайы жасатқан домбыраға қосылып бірер ән салғанын қалайтынсың. Ол өз нәтижесін берді. Оны да еңбегім еш кетпеді ақталды дегендей тәубе деп отыршы едің.
Ореке, өмір сен ойлағандай мамыражай, жайма-шуақ емес. Өмір арнасы басқаша. Қым-қиғаш, алашапқын уақыт келді, қазір күні-түні жұмыспен әркім өзінше қам-қарекет жасауда. Біреулер ойға, біреулер қырға шапқылауда. Тіршіліктің әуені өзгерген. Сенің бұл алашапқын өмір ағысын қабылдай алмайтыныңды да түсінуге болады. Біз әңгіменің ауанын өмірдің өзгергеніне бұра бастағанда «бұдан да жаман күндері тойға барғанбыз» деп сабырға шақырушы едің.
Сенің болмыс-бітіміңе қарап, сыртқы көз өмірде мұңсыз-қайғысыз адамдардың қатарынан деп ой түйетін. Әрине, сендегі жүрек сыздатар өкініш, орны толмас әт­теген-айлар жетіп-артылар еді. Мен сені білгелі 56 жылдағы ішкі түйсігімдегі мұң-қайғы ол орнын ештеңемен толтыра алмайтын қайғың, анаңның өмірден өте ерте кеткені екен. Содан да болар анаңның рухына арнап «Қайран, анам» деген толғау жазғаның.
«Бұлбұлы бақшасында сайрамаған,
Көрмеген қызығымды қайран анам!
Кешіксем кірпік ілмей күте-тұғын,
Өмірде өзіңдей жан қайда маған?!

Жібектей даусың қалды құлағымда,
Жайлаудың бейнең қалды бұлағында.
Еске алсам егіл-тегіл көздің жасы,
Кейде бір өксіп-өксіп жыладым да.

Сипаған қолдың табы маңдайымда,
Ақ сүт­тің уыз дәмі таңдайымда.
Күндігін күн шалатын ақ әжені,
Құдайым қияды екен қандай ұлға?!

Сағындым шүйке иірген ұршығыңды,
Дүние-ай, бір көрсең ғой бүршігіңді.
Езілтіп ет-жүрегін ерке ұлдың,
Ертерек кеткен ғұмыр жыршы қылды.

Әніңді келтіре алмай әуреленем,
Қазақта адам болмас «әу» демеген.
Түсіме кіріп жүрсің ғазиз ана,
Оянып кет­тің бе екен әлденеден?!

Есіңе түсті ме екен ұлың бүгін,
Жел қағып жүрген кенже тұлымдығын.
Анашым, айырылғаным, рас болды-ау,
Жанымның жапырағы жұлым-жұлым…

…Құйқылжып ғажап қазақ, қырғыз әні,
Жайлауда жұрт айтысып, жыр қызады.
Апыр-ау, даусың неге естілмейді?..
Бұл сұрақ шырт ұйқымнан тұрғызады…»
(О. Әбділдаұлы. «Шапағат. Жол-жоралғы жырлары» жинағы, 95–96-б.). Ореке, өзің барда көңілім алаңсыз еді, енді оның қайсы бірін айтамын. Көзімде жас, көңілімде, көкірегімде сағыныш, іште әт­теген-ай деген өкініш… Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с): «Дүние­нің маған қандай қатысы бар, менің дүниеге қандай қатысым бар? Мен жай ғана жолаушымын. Бір ағаштың көлеңкесінде аз ғана уақыт отырып, демалып, шынығып, ары қарай жүріп келе­йін» деп айт­қан екен. Расында да адам баласы жай ғана жолаушы, мына жалған дүниеде күндердің күні келгенде үш күндік, ары кетсе бескүндік қонақ екенбіз.
Енді, міне, бізбен қоштасқалы бір жылдың жүзі болып қалды. Қазақи салт- дәстүр бойынша өз тарапымыздан, қолымыздан келгенше өз міндет­терімізді бала-шағаң барлығымыз өтеп жатқан жайымыз бар. Артық-кемі болса, Алла кешірер. Пейіште нұрың шалқып, артыңда қалған ұрпақтарыңа өмір берсін. Дұғамыз періштенің құлағына шалынсын. Өмір бары, өлім бары хақ. Алайда өлгеннің артынан өлмек жоқ. Орекеңнің тәні жер қойнауына тапсырылғанымен, рухы бізбен бірге. Мәңгілік ұйқың тыныш болсын!
Сені еске алып өлең, мақала, естеліктер жазған қаламгерлерге алғысым шексіз! Аман-есен болып, отбасының, бала-шағасының қызығын көрсін!

Баян АНАРБЕКОВА,
ақынның жары

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір