АРМАНЫМ, ОЙ ЖЕТПЕСТЕЙ БИІК ПЕ ЕДІҢ?
21.06.2024
396
1

Түркістан облысы, Келес ауданында құрылған Тоқаш ­Бердияр­ов­ атындағы әдебиет және өнер бірлестігінің құрамында бүгіндері жиырмадан астам мүше бар. Ақын, сазгер, әнші, термеші, суретшілердің басын біріктіретін ұйым мүшелері әдебиет пен өнерге қатысты жаңа туындыларды талқылап, ой-пікірлерімен бөлісуді әдетке айналдырған. Құрылғанына 5 жыл толған ұйым қатарына жаңа мүшелер тарта отырып, аудан мәдениеті мен өнерін дамытуға өзіндік үлестерін қосуда. Жақында бірлестіктің екінші кітабы баспаға өткізілсе, кейбір қаламгерлер өздерінің жеке жинақтарын шығаруды бастады. Осыған орай келестік бір топ ақындардың өлеңдерін «Қазақ әдебиеті» газеті оқырмандарының назарына ұсынып отырмыз.

Қыздаркүл ОМАРОВА

АРМАНЫМ,
ОЙ ЖЕТПЕСТЕЙ
БИІК ПЕ ЕДІҢ?

Арманым, ой жетпестей биік пе едің?
Қол созсам сен әріге биіктедің.
Сен қанша шырқау көкке тіксең де отау
Мен саған жетем деген үміт­темін.

Нақыштап әсем ою-өрнекпенен,
Соңымда қалса деймін көрнекті өлең.
Жанымның алау-отын жалау етіп,
Арманның биігіне өрлеп келем.

Өлеңді өмірімше сүйіп өтем,
Бір жырдан екіншісін биік етем.
Сүймесе менше оны оқырманым,
Өкініш алауында күйіп өтем.

Тілімді жүрегіммен сүйіп өтем,
Тіліммен құдірет­ті елім бекем.
Тілімде дүниенің бар байлығы,
Тіліммен айтылатын ойым көркем.
* * *

Нәрікбай НАҚЫПБЕКОВ

УАҚЫТПЕН СЫРЛАСУ
Ей, уақыт, алып-ұшып барасың,
Тағдырыммен таппай тәт­ті жарасым.
Кеше ғана мен бақыт­ты бала едім,
Айырмаған ақ пен қара арасын.

Тартып алып балалықтың аспанын,
Неге мені қырыққа әкеліп тастадың?
Бірақ, саған, өкпе-назым жоқ менің
Сен өйткені уақытсың қас-қағым.

Жүрегімде саған деген нала жоқ,
Жүрген талай дала көңіл бала боп.
Не істесем бәрі-бәрі өзімнен,
Өзім білем қалмасымды шала боп.

Ей, уақыт! Зымыраған құйын-жел,
Енді маған жақсылықтың сыйын бер,
Енді мені мазаламай, қинамай,
Кең даламның толастамас күйін бер.
* * *

Жүсіп ӘШІМОВ

ҚҰШТАРЛЫҚ
Дүние деген таусылмас ырыс-әнім,
Сән-сәулетін әсемдеп құрысамын.
Ұлы өмірдің өзі бір поэзия,
Тереңірек бойлауға тырысамын.

Мен ұлыңмын!
Сыр тартқан ғасырлардан,
Өнеге алып көне көз, асылдардан.
Уа, дүние! Құштармын түсінуге,
Мендік мақсат осындай,
Асыл арман.

Жыр жазбаймын,
Тасып бір асқандықтан.
Менің жайым – менен күй қашқандықтан.
Сыбызғыдай күй шерткен сан құбылып,
Жандар бар ма сендегі астарды ұққан?

Білемін деп сырыңды ой кешемін,
Толқынымен толғатып жыр кешенін.
Жыр тілінде ойымды ақтарам да,

Үндесемін, өлеңмен тілдесемін,
Білген сайын сырыңды күнде өсемін.
Тамшысы боп жылт еткен өмір-теңіз,
Керуен көшке үн қосып ілесемін.
* * *

Зағира ЖҮСІПҚЫЗЫ

САҒЫНЫШЫМ КЕҢ ДАЛАМ…
Туған жер, сағындырған сары белім,
Көрмедім жер жәннатын сендей керім.
Бір сәтке құшағыма сияр ма екен,
Бекбота, Қалғансыр мен Ащыкөлім.

Жеткенде қауас жақтан көктем лебі,
Көрінбес көкжиектен көзге шегі.
Гүлдесе құртқашаш пен шытыр, қурай,
Жұлқұштай құлпырады жердің жүзі.

Көктегі қанат­тының басып мысы,
Жортады бұқпантайлап аң мен құсы.
Қақ жарып «Бандыүңгірсай» қамал қонса
«Қылыштың қыры» болар биік тұсы.

Дария ағар тоғаймен жағаласып,
Қайраңдар қойған сынды таңба басып.
Күн туса хайуанатқа пана болған,
Қоянжын балықкөзі араласып.

Найманкөл Ащыкөлден құлаш ары,
Алқакөл Көздікөлмен ұласады.
Жағасы сұлу Сырдың тарих тұнған,
Бойласаң бағзы көлдер сыр ашады.

Туған жер кіндік қаным тамғаны анық,
Ел жұртым пейілі кең, дархан халық.
Өргізіп төрт түлігін жайлауына,
Салыммен қайтар ұлы көкпар шауып.

Сенде өстім жүрегімде жат­талып ән,
Туған жер – Ащыкөлім, құт дарыған.
Түсіме кірер кейде сағыныш боп,
Жаздағы керімсамал жел бет қарыған.

Ән салып жарысқанда құстар шулап,
Жағаға асыққанда балық тулап.
Қыр дала жамылғанда гүл көрпесін,
Қайтармын шалғыныңа аунап-қунап.
* * *

Бердалы РЫСБЕКОВ

ӨМІРГЕ МЫНАУ
КЕЛГЕН СОҢ…
Өмірге мынау келген соң
Адам боп өту бір бақыт.
Ұмтылып биік арманға
Жете алсақ оған мың бақыт.
Армансыз пенде бола ма?
Армансыз адам оңа ма?
Не керек егер бір пайдаң,
Тимесе мына қоғамға.

Ұлы істі мұрат етпесең,
Ащы бір терді төкпесең,
Құның не туған жеріңе
Бір шыбық қадап екпесең?!

Ата-анаға деген парыз бар,
Балаңа деген қарыз бар.
Көтере алмас қара нар.
Еліңнің жүгі тағы бар.

Ел сенген бізге бұл жүкті,
Арқалай алсақ арман не?
Ақтап бір солай үміт­ті
Марқая алсақ арман не?!

АЛТЫН КҮН,
САҒАН МЫҢ АЛҒЫС
Алтын күн алау нұрларың үшін,
Жаныма жалау сырларың үшін,
Өзіңмен болған қыс-жазым үшін,
Көңілдің қошы жырларым үшін,
Өзіңе менен мың алғыс.

Алаулап атқан ақ таңым үшін,
Жарқырап өткен жас шағым үшін,
Тәндерге – қуат, жандарға – шабыт
Арайлы ашық аспаның үшін,
Алтын күн, саған мың алғыс.

Зубәржат нұрың төккенің үшін,
Далама шуақ сепкенің үшін,
Ақ тілеулі анамыздай боп
Баршаны сүйіп, өпкенің үшін,
Алтын күн саған мың алғыс.

Ақ бұлт­ты түре қуғаның үшін,
Ақ нөсер болып құйғаның үшін,
Әлемді мына әнмен оятып,
Жер бетін «жаспен» жуғаның үшін,
Алтын күн, саған мың алғыс.

Жайнаған мына гүлдерің үшін,
Сайраған бұлбұл үндерің үшін,
Солқылдата ұрып жердің тамырын
Қайнаған мына тіршілігің үшін,
Алтын күн, саған мың алғыс.

Не түрлі ғажап дәміңмен бөлеп,
Өмірді мынау әніңмен бөлеп,
Ізгілік дәнін еккенің үшін,
Жер үстін жәннат еткенің үшін,
Алтын күн, саған мың алғыс.
* * *

Айтқұл КӨБЕН

СЕН ЖАҚҚАН ОТ ТҰР ЖАЛЫН БОП
(Анар Аспанқызын еске алу)

Түнеріп аспан, ай маған,
Жүргендей іздеп жер-көктен.
Шашына ақ бантик байлаған,
Мен сені көргем мектептен.
Басқаша еді-ау ол кезең,
Арман мен қиял үндесіп.
Ерекше едің өзгеден,
Аспанмен жүрдің тілдесіп.
Кең еді-ау неткен жүрегің,
Бәріне бірдей сүйікті ең.
Тілеулес болып жүр едім,
Келетін көргім биіктен.
Мен саған ғана шертер-ем,
Айтпайтын сырды басқаға.
Ал, сен болсаң күліп, не дер ең:
«Мен үшін сізсіз, жақсы аға».
Дейміз-ау, дүние бұл жалған,
Өкініш өртер… кімде арман?
Мен сені іздеп жүремін,
Сол күндер, сол бір жылдардан.
Сол жылдар бәрі сағым боп,
Сол күндер қайтып келмейді.
Сен жаққан от тұр жалын боп,
Мәңгіге енді сөнбейді.
* * *

Әбдуәлі ҚОЛДАСОВ

ЖАПЫРАҚ ЖҮРЕК ДӘПТЕРІ
…Келбетіне көрік сыйлап мерекенің,
Жайма шуақ мамыр келді берекелі.
Көктем айын еркелетіп жырламаудың
Өзіме аян қаншалықты күнә екені…

Қыз-келіннің нұр таралып бет­терінен,
Көріктеніп кеткендей ме шет­терінен.
Тірлікке мән, тіршілікке сән әкелген
Айналайын табиғат­тың көктемінен.

Қырдың анау күншуақты бөктеріне,
Бәйшешектер биыл ерте көктеді ме…
Осындайда өлең сыймай кетеді екен
Бір жапырақ жүректің жыр дәптеріне.
* * *

Ұлбала НҰРМАҒАМБЕТҚЫЗЫ

КЕШЕ ГӨР, БАБА!
Ғасырға мәлім тарихты бүгіп,
Уақыт керуені барады жылжып.
Дарияның желі дамыл таппастан,
Алқакөл жайлы сыр айтар сыңсып.

Мөлтілдек жырдан моншақ тамады,
Тарих тізбегі тырнап жараны,
Ұмытып болмас бездіріп елден,
Мүрделер қалған иен даланы.

Күңіреніп бейбақ бір көш келеді
Пана етер жаудан жоқ еш сенері.
Ақтабан болып шұбырды елім
Құм болып ердің есіл жігері.

Зарлы үн кетпей ессіз санадан,
Ызалы көз жас тамды жанардан.
Аманат ет­ті елді тап қайта
Артыңда ұрпақ қалса дін аман.

Болмайды бізге ұмыту мұны,
Ғасырға мәлім Алқакөл мұңы.
«Елім-айлаған» есіл қазағым
Өзіңе арнап жазамын жырды.

Бабаның ізін көремін құмнан,
Періште жатыр көбелек қуған.
Асыл сүйегі шашылған елдің,
Жолығар жүрсем әр қадамымнан.

Алқакөл орны тасада бұл күн,
Іздеп келеді шерлене жұртың.
Жылаған жұрт­тың табылса орны
Кесене соғам басыңа бір күн!

Тарихтан мақрұм емеспін ада,
Қайғыңа куә күрең бел дала.
Қасіретіңді ұғынбай келген
Ұрпақтарыңды кешірші, баба!

Көмусіз кеткен боздағың үшін,
Ескеріп бір тас қоймағаны үшін,
Ақындарың да сенің қайғыңды,
Сия біткенше жырламағаны үшін,
Ұрпақтарыңды кеше гөр, баба!
Кеше гөр, баба!

ПІКІРЛЕР1
Аноним 11.08.2024 | 15:52

Киелі Келес ауданындағы Әшірәлі Кенжеев мәдениет үйінің орталықтандырылған кітапханасымен бірлесе жұмыс істеген Тоқаш Бердияров атындағы әдебиет және өнер бірлестігінің халыққа берері көп.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір