КҮЛКІҢ – КӨКТЕМ, ЖАНЫҢ ЖАЙСАҢ ДОС ЕДІҢ
14.05.2023
509
0

(Серік Әбдірайымұлы ортамызда жүрсе, сексен жасын тойлар едік)(Серік Әбдірайымұлы ортамызда жүрсе, сексен жасын тойлар едік) 

Содан бері, сені көзден таса етіп алғанымызға, жаз шуақты, бар болмысыңмен ақтарыла күлер күлкіңді естімегелі айлар айналып, жылдар жылжыпты. Көзден таса болғанмен, көңілден жырақ кеткен емессің. Бүгін түнде тағы да түсімде көрдім. Әйтеуір, үнемі көңілді күйіңде көремін. Ақантай, Ақселеуді айтамын, екеуің әлденені айтып, мәз болып отырсыңдар. Сенің тағы да теледидардан сөйлеген бір сөзіңді талқылап отыр екенбіз деймін.

«Көп алдында кідірмей, мүдірмей, тіліміздің бай қазынасын молынан пайдаланып сөйлейтін болдың, Секентай, – дейді Ақселеу. – Тек қай мәселеде сөйлесең де ұлт мүддесін естен шығармағаның жөн».

* * *
«Екеуіңнің де көгілдір экраннан жиі көрінбесеңдер бастарың ауыратын бол­уы керек, – дейді Қуанышбай. – Онан да шешендік мектебін ашсаңдаршы көп телеарналардың бірінен».

* * *

Сонау, өткен ғасырдың 67-68 жылдары болатын. Жастар газеті редакциясының ұжымына балдай батып, судай сіңіп дегендей өз адамы болып кеткенбіз. Бес-алты тұрғыластарын ысқырып өргізіп, үшкіріп жусатып жүретін, былайша айтқанда, түсте қай асханаға, кешкі «айтшылауға» қай үйге баруымызды жекедара өзі шешіп жүретін Қуағаң, Құрманғалидің Серікбайынан туатын Қуанышбай бір кабинетті аузы-мұрнынан шығарып отырған жігіттерге соны хабар жеткізді:
– Бойы сырықтай, мойны құрықтай, шашы жалбыраған, астыңғы ерні салбыраған бір жігіт жаңа ғана редакторға кірді. Ғазизаның сыбыры шын болса, жұмысқа қабылдайды білем.
Әрине, айналасы 15-20 қызметкері бар мекемеге жұмысқа кісі қабылдау күнде бола беретін оқиға емес, мына жаңалыққа бәріміз де елеңдесіп-ақ қалдық.
– Жас па екен, жасамыс па?
– Сырықтай болғанда қалай сонда, Ақантайдың (Ақселеуді айтады) тұрқынан аса қоймас, жетеқабыл болар?
– Шашы жалбыраса ақын шығар…
Қағаз, қаламдарын үстелдің үстіне қоя салып, көрмеген азаматтың сыртынан тон пішуге қызу кіріскен сәтте Ғазизаның да нұр дидары есіктен көрінген.
– Сендерді редактор шақырады.
Өзіміздің де күтіп отырғанымыз осы сөз, дүрк көтеріліп, бастықтың кабинетіне кірдік. Ыздиып отырған жігіт ҚазМУ-дың журфагінде бізден бірер курс төмен оқитын түстаныс болып шықты.
– Әбдірайымов Серік, – деді редакторымыз Шерхан Мұртазаев жігітті нұсқап. – Университеттің жоғары курсында оқиды екен. Біздің өтінішке қарай университет ұстаздары ұсынып отыр. Жазғандарын өзіміздің жігіттерге оқытып едік, олар да оң пікір айтады.
Әрине, редактордың кабинетінен шыққан бетте Қуағаң айтқан «бойы сырықтай, мойыны құрықтай» жігітпен де пәлен жылдан бері бірге жүргендей тез тіл табысып кеттік. Ол кезде қазіргідей екі демалыс күн жоқ. Зарықтырып жетер жалғыз жексенбіні мүмкіндігінше бір-бірімізді шақыруға арнаймыз. Жалғыз Қуағаңнан басқамыз түгелдей жалдамалы пәтерде тұрсақ та, асығымыз түгел, әзіл-қалжыңмен масайрап жүріп жатамыз. Сексеуіл баздың жанындағы бір үйде пәтерде тұратын Секеңнің үйіне алғашқы мүмкіндіктің тұсында-ақ барып қайтқанбыз. Оның бізден бір артықшылығы – өздерімен бірге Дәрия есімді анасы тұрады екен, сол кісі өзі құралпас бір кейуананың үйін жалға тапқан екен. Біз барған тұста қос кейуана аяқ-табақтары еркін араласқан абысын-ажындай туысқан болып кеткен екен, соның арқасында Секең де, оның келіншегі Шәрбан да өз үйлерінде жүргендей тым еркін. Тіпті, басқасын айтпағанда, біздің шуылдатып, дуылдатып ән айтуымызга да шек қойылған жоқ. Айта кетер тағы бір жай, біз сол қонақшылығымыздың кесірінен өз баспанамызға ие болғанша, әрі кетсе екі-үш айдан кейін, пәтерден пәтерге қуылып, көшіп-қонумен жүреміз. Пәтерлерінен қуа берген соң Сейдімбектің Ақселеуі газеттің Қарағандыдағы меншікті тілшісі болуға сұранып кетті. Ал Серігіміз сол пәтерінен басыбайлы үйіне бір-ақ көшті. Бәріміз де «Әже» деп атайтын Дәрия шешеміздің арқасында туыспаса да Серіктің отбасымен өмірде табысқан сол пәтер иесі болған шешейдің балалары әлі күнге ағайындай аралас-құралас.
Айлар өтіп жатты, жылдар жылжыды. «Лениншіл жастың» көгенкөздері орнын тауып кете берер бойжеткендер сияқты, әр жерге жылжып, жұмыс ауыстырып, орнымызды кейінгі толқынға босатып беріп жаттық. Бір қызығы, біз де бір азамат ғұмырындай уақыттың сынынан өтіп, ағайыннан кем түспес достықтың үлгісін жасадық деп ойлаймын. Иткөйлекті бұрын тоздырған Кәрібай Ахметбекұлын отызға толмай-ақ «шал» атандырып, төрден орын сайлағанбыз. Тіпті, әкесін неміс өлтіргенін және «Лениншіл жасқа» хат тасушы болса да бәрімізден бұрын келгенін бұлдап, төрге ұмтыла беретін Қуағаңның өзі «шалдың» алдында тік тұрар еді.
«Жеті жетім» атанған достардың сүткенжелері Оралхан мен Серікті еркелетіп, «Ораш», «Секөнтай» атандырып едік. Орашымыз ортамыздан мәңгі мекенге қарай ерте қозғалып кетсе де, жиын сайын оның орындығын қатарымызға, тәрелкесін үстел үстіне қоймаған кезіміз болмаған шығар. Жалғыз кенжеміз Секөнтай да егер қатарымызда жүрсе, бүгінде сексеннің сеңгірінен көрінер еді. «Кісіні қырықтағы шал деуші едік. Дариға-ай, соның бәрі келді басқа» деп бір ақын айтты деуші еді, қырықтың қырқасының өзі біздер үшін біраз жылдардың қатпарында қалып қойыпты…
Секең жұмысқа орналаса салысымен газеттің әр беті гүлдестедей болып тұруы үшін күресетін макетшілер тобына қосылған. Аз күнде-ақ ұстаздарының текке мақтамағанын дәлелдейін дегендей, ол редакцияның мерекелік нөмірлері сеніп тапсырылар маңдай алды макетшіге, бір-екі жылдан соң ұжымның үшінші басшысы – жауапты хатшысына айналған. Ол кезде жастар газетінде қызмет істейтін журналист нөмірдің жоба-сызбасын жасай білетін макетші болуға міндетті. Ал журналистің ең алдымен жаза білетін, қаламы қарымды, ойы оралымды кісі болуы басты талап екені түсінікті. Секең де журналист мамандығын кездейсоқ қаламағанын көрсетіп, етектей-етектей очерк, суреттемелер, келелі мәселелер қозғаған мақалаларды қарша борататын. Әр аптаның «Чемпион-мақаласының» авторы болу үшін барымызды салар едік, сонда көзге түсу үшін ғана емес, жүлдеге берілер жиырма сомы үшін де аянбай кірісер едік. Сонда қос сүткенжеміздің жүлдені көбірек қағып кететіні еске түседі. Серіктің қаламы, әсіресе спорт тақырыбына келгенде желдей есетін, Сәкең ағамыздың (Сейдахмет Бердіқұлов марқұмды айтамын) «жалы қарағайдай», «айдарынан жел ескен» деген сияқты таза қазақы теңеу, эпитеттерді спортшыларға тели сөйлейтін жарастықты бастамасын Серік те іліп әкетіп, біраз жерге жеткізді.
Жоғарыда айтқанымдай, әрқайсымыз кезі келгенде әртүрлі газет-журналдың, баспаның шаруасын күйттеп кеткенмен, Серік екеуіміздің қызметтегі жолымыз тағы түйіскен. Түйілісуге де себепкер өзі. Ол «Қазақ университеті» атты баспа ұйымдастырып, мені бас редакторлыққа шақырған. Жастықтың шайқы-бұрқы шағында «еш-шәй» десіп көрмеген екенбіз, мынау өзіміз мойындай бермегенмен, сарыкідір тартқан тұсымыздағы түсіністік енді байсалдырақ, саналырақ арнаға түскендей.
Іні-дос Секөнтай туралы сырды оның шығармашылық, журналистік, тіпті баспагерлік бейнесін тиіп-қашып ғана айта отырып, өркен жайған ұл-қыздары, адал қосағы, тіпті отбасы туралы, болашақ журналист шәкірттерге ұстаздық жұмысы туралы айтпай, оның бір ғана қыры – достыққа адал, кісілікті келбетін ғана елестетуге ден қойдым. Шіркін, сенгендеріңнің түгелдігіне не жетсін!

* * *

Біз бүтін едік, біз түгел едік. Тірлігіміз тең еді, өрісіміз кең еді. Бүтін жарылады деп, толы ортаяды деп, тірлігіміз теңселіп, өрісіміз тарылады деп кім ойлаған?! Алланың ісіне адам дәрменсіз. Әйтпесе, Ақселеу Сейдімбектей сыйлас қана емес, қимас достың қырқын берген күні Серік Әбдірайымдай арысымыздың, азаматымыздың қазасы туралы суық хабар келіп жетер ме еді?!
Сонау алпысыншы жылдары тағдыр табыстырған соғыстың зұлматты жылдары өмірге келген өңшең өрімдер едік. Пәтерден пәтерге көшіп, әр босағаны сағалап жүрсек те, қамығып та, торығып та көрмеппіз. Өйткені, біздер арманы асқақ, мақсат-мүддесі ортақ, әр күнді әзіл-қалжыңмен шығарып салар жандары жақын, уайымсыз достар едік. Жастықтың жарасымды жылдары екен ғой, шіркін, сол кезең. Уақыт қайта оралмайды…
Жұбымыз жазылмай жылдарды өткіздік. Өйткені біздер жай дос қана емес, бірге туған іні-ағадай болып кеткен жандар едік. Жоғалтқанымызды сағынышпен еске алсақ, қалғанымызды қастерлеп, қадір тұтумен, жұбымызды жазбай келе жатқанымызға жарты ғасырдай уақыт болыпты. Қатарымыз сиреп, селдіреп қалдық.
Серік Әбдірайымұлымен кейін қызметтес болған кезде ренжитін жерде де ренжи алмайтын, қабақ түю деген мінез қолынан келмейтін нағыз сабаздың бірегейі еді-ау. Бойы да, сойы да, ойы да ойсылқараның нарына ұқсайтын. Тірліктің тәлейін талай дүркін көрсе де мыңқ демей алға тарта беретін. Қаламы жүйрік журналист, жазушы, аудармашы, шебер көсемсөзші, ұлағатты ұстаз, білікті баспагер ретінде оның өмірбаяны қалыптасты.
Сексенінші жылдардың соңы халқымыздың біртуар перзенті Димаш аға, Дінмұхамед Қонаев пен Серік екеуінің тонның ішкі бауындай араласып кеткен кезі болатын.
– Ағаның ғибратын тыңдап, батасын ал, – деп ол кісінің үйіне бір-екі дүркін ертіп барғаны бар. Сонда Димаш ағаның: «Басыңда Күнің, қолыңда билігің тұрғанда қасыңнан екі елі қалмайтын, ал басыңды бұлт шалғанда жаныңды қойып, көлеңкеңе де жақын бармайтын кісілерді де көз көрді. Оған ренжуге де болмас. Ал осындай тұста қасыңнан табылатындар ғана – шын жанашырың» деген сөзі есте қалыпты. Сонда ол кісі осы Серікті, Серік сияқты інілерін меңзеген болар деп ойладым. Серік ол ағасының «Өтті дәурен осылай» атты кітабын өзі өңдеп, жөндеп дегендей көлемді көркем кітап етіп бастырды. Бұл туындыны жұртшылық іздеп жүріп оқитын болды. «Елу жыл ел ағасы» атты ол кісі жөніндегі естеліктер жинағын да өзі басқаратын «Санат» баспасынан басып шығарған болатын. Димаш аға сияқты халқымыздың біртуар ұлы тұлғаның дастарқанынан дәм татып, оның ғибраты мол ұшан-теңіз әңгімесін тыңдауыма себепші болған Секеңе: «Өтеуі жоқ өлшеусіз жақсылық жасадың-ау» деп едім. Енді бүгін өзіңді ортамыздан оралмас сапарыңа аттандырғаннан кейін кім-кімге де жақсылық жасаудан жалықпайтын жаратылысыңа, жүзіңнен нұрың төгіліп тұрар бар болмысыңа бас иемін, досым…
Сенің рухың, бәлкім, бәріміз «әже» атап кеткен анаң Дәрияның, соғыс құрбаны болған әкең Әбекеңнің, өзің қастер тұтқан ағаларыңның, еш-шай десіп көрмеген Кәрібай, Оралхан, Ақселеу, Қуанышбай сынды достарыңның рухымен табысқан да боларсың.
Секөнтайым, біз сенің шуаққа толы жүзіңді, қолқа-жүрегіңді түгел жайып салғандай ақжарын күлкіңді, бүкіл болмыс-бітіміңді ешқашан ұмытпаймыз.

* * *

Өткен күндер қайтадан оралмас. Әттең, орала қалса, осы күнгі бәрі де бар дейтін, тіршіліктің ұсақ-түйек жайларын күйттегеннен басқа егделіктің жылдарын еңсеріп қалған тұстағы қамы да, мұңы да аз кезеңнің бір айын, сол бір жастық шақтың қызық-шыжығы мол, бір күніне ойланбай-ақ айырбастар едім…
Әрқайсымыз пәтерде, үйін жалға берушілердің босағасында жүрсек те қазынамыз қоймада, малымыз өріске толып жатқандай кеудеміз шалқақ еді. Түн жамылып бір-біріміздің үйлерімізге апта құрғатпай қыдыратын кездер, таусылып болмас әзіл-қалжыңдар, жейде сатып алсақ та атап өтпей қалдырмас күндер… Осының бәрі де сырт көзге әншейін бір санасыздықпен жалғасып жатқан әрекеттерге ұқсар еді. Шынтуайтында, сол әр бір күнгі қам-қарекетіміздің бәрі де ажырамайтын, бұл жарық дүниеден көшкенше көнермейтін ұлы достық іргесін бекемдеп, қабырғасын нықтай беру екен ғой.
Серік достың журналистік еңбегі – кейінгі жас қаламгерлерге, жас жорналшыларға өзгеше бір мектеп дер едім. Оның ізі өткен ғасырдың 60-70 жылдарындағы «Лениншіл жас» газетінің беттерінде сайрап жатыр. Көркем очерктерден бермен тартып, газет жанрларының қай-қайсысына да өзіндік қолтаңбасымен үлес қосыпты. Одан кейін сонау 1979 жылдан бастап, «Өнер» баспасына бас редактор болған күннен бермен қарай оның ең басты шығармашылық жолы баспагерлік қызметі басталып, өмірінің соңғы күндеріне дейін жалғасып жатыр. «Өнерде» жүргенде қазақтың қолөнерінен бастап, қолданбалы өнер, музыкалық шығармалар туралы кітаптардың, оқулықтардың тууына себепші болды. Тіпті ұлттық өнеріміздің біртуарларының есімдерін жаңғыртып, естеліктер жинақтары, қазіргі композиторлар мен суретшілер, қолөнершілердің туындыларын топтап, фотоальбом, жеке жинақ түрінде ұсыныла бастауы да – Секеңнің тынымсыз еңбегінің нәтижесі. «Тамаша адамдар» сериясымен Әбілхан Қастеев, Күләш Бәйсейітова, Құрманбек Жандарбеков, Жүсіпбек Елебеков, т.б. туралы кітаптарды ұйымдастырып, басып шығарды.
Ол кейіннен «Қазақ университеті» баспасын ұйымдастырып, «Санат» баспасын құрған тұстарында оның қызметтесі ретінде жанында болдым. Халқымыздың тарихының айтылғанынан, айтылмаған, қасақана қалтарыста қалдырылған ақтаңдақтарының ашыла қоймаған тұсы. Тарихи әділдік орнап, тәуелсіздіктің туын көтерген бетте қырық-елу жыл бойы кеңестік саясат көзден тасалап келген «Қазақстан тарихы: әдеби хроника», «Қазақстан тарихы: зерттеулер, құжаттар», «Қазақстан – біздің ортақ ордамыз» сынды құнды жинақтармен қоса, Телжан Шонаұлы, Мұхамеджан Тынышбаев, Санжар Асфендияров, Ермахан Бекмахановтардың қолға түспес құнды еңбектері «Санат» баспасынан бірінен соң бірі жарыққа шыға бастады. Сондай-ақ Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарих-и-Рашиди», Қадырғали би Қосымұлының «Шежірелерін», қазақ тарихы туралы құнды деректер қалдырған орыс тарихшысы А.Левшиннің «Қырғыз-қазақ немесе қырғыз-қайсақ ордалары мен далалары: көрік-көріністер» атты көлемді еңбектерін қазақшаға аудартып, бастырып шығарды. Сәрсен Аманжоловтың тіл туралы монографиясы мен қазақ сөзінің сыңғыры мен сырларын зерттеуге бүкіл саналы ғұмырын сарп еткен тіл маманы, академик апамыз Рәбиға Сыздықтың бірнеше зерттеу еңбектері «Санаттан» жарияланып жатты.
Айта берсек, Серік достың ел игілігіне жаратқан, баспагер ретіндегі еңбегі ұшан-теңіз. Ол баспа билігі қолымда екен деп өз қаламынан туған дүниелерді сәндеп, жылтыратып кітап қып шығара берсе, өз қамын ғана күйттеген болар еді, ал жоғарыда айтқандай құнды еңбектердің жарыққа шығуы үшін, оларды іздеп табуға, жаздыруға, аудартуға бар күш-қуатын, бар уақытын арнауы халқы үшін төгілген тер екен-ау деген ой келеді.
Серік Әбдірайымұлы көркем прозадан да әлем әдебиетінің көрнекті тұлғаларының біраз томдарын аударғаны белгілі. Ол бір сөзінде «Өзім де бірдеңелерді түртіп жүрмін. Әбден пісуі жетті-ау дегенде көрсетермін» дегені бар еді. Оның соңында да жұртқа ұсынылмаған біраз мұрасы болуға тиіс. Оларды кәдеге жарату болашақтың ісі.
Досымыз Ақселеу Сейдімбек кенеттен о дүниеге аттанғанын естіген бетте өзі хал үстінде ауыр науқаспен арпалысып жатқан Секөнтай бәріміздің атымыздан «Егемен Қазақстан» газетіне егіліп отырып, қоштасу сөзін жазып еді. Оның қырқын берген күні өзі де бақилық болды.
Уақыт – қатыгез. Бірақ уақыт – емші. Жан жарасы қандай ауыр болса да уақыт шіркін оны да жалап жазады екен. Бір отбасының баласындай болып жүрген Оралхан, Кәрібайдан кейін Ақселеу мен Серіктің шұғыл аттаныстарынан кейін нағыз жетімдікті енді сезгендей болдық. Пендеауи тіршілік ол жақта жалғаспаса да рухтар табысады дегенге бар ынтамен сенгің келеді.

Кәдірбек СЕГІЗБАЙҰЛЫ,
ҚР Мемлекеттік
сыйлығының лауреаты

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір