ҚАЗАҚ пен ҚЫРҒЫЗДЫҢ ЖҮРЕГІН ЕМДЕГЕН ЖАН
21.06.2024
80
0

Әулиеата – Тараз өңірінде қандай белгілі дәрігерлер бар дегенде ойға бірінші болып академик, кардиохирург Сейітхан Жошыбаев түседі. Секең –біріншіден, өз мамандығын өте сүйетін тәжірибелі, білімді де білікті ғалым-кардиохирург. Екіншіден, оның мемлекетшілдігі, өз Отанына деген сүйіспеншілігі, ұлтжандылығы, ізденімпаздығы кімді болса да сүйсіндіреді, тіпті тәнті етеді десек артық айтқанымыз емес. Иә, барлығын басынан баяндайық…

2007 жылдың желтоқсан айының соңына қарай Тараз өңірінің медицина саласында есте қаларлықтай тарихи жаңалық болды. Облыс орталығында аймақтық кардиохирургия орталығы ашылды. Оны ұйымдастырған – жерлесіміз, ТМД елдеріне есімі етене таныс белгілі кардиохирург-профессор Сейітхан Жошыбаев. Шынын айтсақ, елге әуелі таудан асып, желдей есіп Сейітхан Жошыбаевтың атақ-даңқы жет­ті. Жошыбаев деген кім? Ол – кардиохирург, яғни жүрекке операция жасайтын маман. Бұл – өзі өте нәзік, жұдырықтай тынымсыз лүпілдеген мүшеге қандауырдың көмегімен ем-дом жасайтын өте жауапты кәсіп. Өйткені жүрек сияқты ең жанды жерді қандауырмен емдеу дегеніңіз қолы епті, ең тәжірибелі, ең білікті деген хирургтердің ғана қолынан келеді. Паскаль: «Ақымақ адамға адамдардың бәрі бірдей болып көрінеді, ал ақылды адамға әр адамның ерекшелігі (сауат­тылығы не надандығы) көзге ұрғандай көрініп тұрады», – дейді. Сейітхан ағаның қарапайымдылығы, білімділігі, біліктілігі, еңбекқорлығы, ізденімпаздығы, іске жауап­кершілігі, отаншылдығы мен бауырмалдығы кімді болса да тәнті етеді. Оны ол кісімен дидарласқанда, ой бөліскенде толық сезінесіз. Заманымыздың шебер суреткері Шерхан Мұртаза ағамыздың «Жүрекке әжім түспейді» деп аталатын жан сырын сүйсіне оқып отырғанда, жүрек деген ғазизге жыл он екі айдың 365 күнінің пәленбай сағаты мен түгенбай минөтінде батпандаған салмақ түсетінін ұмытып кете береді екенбіз (Расында, адам дүние есігін ашқаннан бақилыққа ат­танардағы соңғы демін алғанға де­йін тынымсыз жұмыс істейтін бұл ағзаның құдірет­інде шек жоқ!).
Ойланып көрсек, кеудеміздегі көлемі жағынан бар болғаны 250-300 грамдық жұдырықтай нәзік жүрегіміз жай кезде минутына орташа есеппен 70 рет соғады екен. Ендеше, ол сағатына – 4200, тәулігіне – 100800, айына – 3 миллион 24 мың, жылына 36 миллион 288 мың рет соғады емес пе? Сонда елу, жетпіс, сексен жасқа келген кісінің жүрегі туғанынан бері қанша рет соғады?! Өзі арқылы қанша қан айдайды? Керемет таңғажайып, таңғаларлық дүние. Демек, адамзат қиялында жүрекке «әжім» түспейтіндей көрінгенімен, өзіміздің де «жүрек қартаймайды» (көңіл деп те түсініңіз) дегенге құмбыл екенімізді жан дүниемізбен сезінгенімізбен, тонналап жүк түсетінін мойындау керек. Міне, сол қуанса да, қорықса да дүрсілдеп, лүпіл қағып ала жөнелетін «маңдайының» соры бес елі жүрекке түскен зілмауыр салмақтың емін іздегендер басқа жақты қайдам, біздің жақта әуелі «жайлауында малы, жастығында басы қосылған» жанымыздағы көрші қырғыз елінің астанасы – Бішкекке тартатын. Бішкекте олардың кімі бар деп ойлайсыз? Онда қай нағашысы немесе бауыры күтіп отыр? Бірақ қырғыз еліне барып, бас амандығына сауға, жүрегіне ем-дом алып келген ағайындардың сөзіне құлақ салсаң: «Жоқ, ол жақта өзіміздің қандасымыз Сейітхан бар ғой», – деген сөзі арқасында тіреу болып бір айбарлы Алатаудай немесе киелі Қаратаудай сенімді жанның тұрғанын байқайсың.
Сейітхан аға Т.Рысқұлов ауданының, Ақыртөбе маңындағы Бірлес ауылының тумасы. Кеңес өкіметі заманында қырғыз еліндегі медициналық оқу орнының емдеу факультетін бітірген. Білімге құштар жігіт үш-төрт жыл көрші Талас облысындағы ауруханада оташы болып еңбек еткеннен соң Бішкекке қайта оралып, белгілі хирург- академик И.Ахунбаев жетекшілік ететін Хирургиялық орталыққа аспирантураға түсіп, білім алды, көп ұзамай ғылым кандидаты атанды. Жұмыс десе Сейітхан уақытпен санаспай, клиникада мол тәжірибе жинады, білімін тереңдетіп, хирургиялық мамандығын жетілдірді. Дәрігерлік білім, хирургиялық шеберлік тек оқумен, еңбекпен келетінін түсінген ол шаршамай-шалдықпай, ешбір қиындыққа қарамай сонау Мәскеу, Киев, Каунас қалаларындағы кардиохирургиялық орталықтарда болып, атақтарынан ат үркетіндей, мүйізі қарағайдай академиктер В.Бураковский, Г.Цукерман, Ю.Петросян сияқты әлемдік деңгейдегі белгілі кардиохирургтерден көп нәрсені үйреніп, жұдырықтай жүрекке операция жасаудың қыр-сырын табандылықпен меңгерді. Білімі мен ісі, оташылық қол шеберлігі сәйкес келген маманды қырғыз ағайындар құрмет­теп, сый-абыройға кенелт­ті. Ол мамандықты меңгере жүріп, ғылыми ізденіспен де айналысты. Орталық Азия мемлекет­терінің дәрігерлері арасында алғашқылардың бірі болып кардиохирургиядан докторлық диссертация қорғап, профессор, Қырғыз Республикасына еңбегі сіңген дәрігер атанды. Бірақ алынған мерей мен қонған «таққа» тоқмейілсіп, атақ-даңққа дандайсып, кеуде көтеріп жүре беретін жан Сейітхан емес еді. Қайда жүрсе де қазақ елінің көгергенін, ел-жұртының амандығын ұмытпаған ол «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деп өткен жүзжылдықтың 90-жылдары Бішкекті Алматыға алмастырып, елге келген. Алматыдағы А.Сызғанов атындағы Ұлт­тық Хирургия орталығында еңбек ет­ті. Білімді кардиохирургтің даңқы жылдап емес айлап өсе берді, ел аузынан Секеңнің нағыз білікті, қолы жеңіл кардиохирург екені жиі естіле бастады. Бірақ өкінішке қарай, жасаған жақсылығы бір басынан аспайтын кейбір іші тар, бақталас жандар оның аяғына тұсау болып, көзалартушылар пайда болды. Қызмет­тің тым қиындап бара жатқанын сезген Сейітхан аға Алматыда 8 жыл еңбек етіп, Бішкекке қайта оралған. Қырғыздар да кең халық: «Оу, байке, қызымызды бергенде, қызметімізді бермейміз бе», – деп Сейітханға тағы да төрін ұсынады. Көп уақыт өтпей Кардиохирургия және трансплантология ғылыми-зерт­теу институты ашылып, оның алғашқы директоры болып профессор С.Жошыбаев тағайындалды. Мұнда да ол сый-абыройдан кенде болмады, жүрегінде ақауы бар сандаған сырқат жан білгір маман, шипалы саусақты Сейтханды алыс-жақыннан «ат терлетіп» іздеп келіп, оған сенім артатын. Сейітхан болса олардың сенімін ақтауға ешқашан білімін, күш-қуатын, уақытын, денсаулығын аяған емес. Сенбі, жексенбі күндерді де жұмысында өткізетін. Оның бұл «кәсіптік әдетіне» жұбайы, дәрігер-инфекционист Салқын Сансызқызы мен балалары да әбден үйреніп, көнген. Жүрекке сызат түсірмей емдейтін осы алтын қолды оташы-дәрігер ке­йіннен туған еліне қайта оралды. Әлбет­те, қайын жұрты – қырғыздар сыйдырмағандықтан емес, елге деген сағыныш пен махаббат­тан тұратын сезімнің алпыс екі тамырында шамадан тыс бүлк-бүлк соғуынан…
2008 жылдың басында Таразға клиниканың ашылу салтанатына арнайы келген Алматыдағы Қазақ ұлт­тық С.Асфендияров атындағы медицина университетінің балалар хирургиясы кафедрасының меңгерушісі, академик Камал Ормантаев: «Ең қиын операция ми мен жүрекке жасалады. Бір жолы Сейітханның жүрекке жасаған операциясына қатысып, оны мидан да күрделі ме деп қалдым. Сөйтіп, Секеңнің шеберлігіне тәнті болдым. Мен талай елдерді аралап, медицинасы дамыған орталықтарда еңбек етіп жүрген шебер мамандардың ота жасау шеберлігін көрдім. Біздің еліміз де сол алдыңғы қатарлы мемлекет­тер қатарынан көрінуге талпынып жатыр. Тараз қаласы да сондай белді кардиохирургиялық орталыққа айналарына сенімім мол. Оған Сейітхан Жошыбаевтың білімі де, қабілеті де жетеді. Тек оның «аяғынан шалатындар» кедергі жасамаса болғаны…», – дегені есімізде. «Жақсы сөз – жарым ырыс». Алатаудың баурайындағы Бішкекте Cекеңмен көп жылдар қоян-қолтық қызмет­тес, сырлас болған айыр қалпақты дәрігер- профессорлар да қырғыз еліндегі жүрекке жасалған күрделі операциялардың 50-ден аса пайызы Сейітханның қолынан өткенін масат­тана жеткізген. Әзіл-қалжыңға жақын жүретін қырғыз ағайындар ретін келтіріп: «Секең Бішкекке Қазақстаннан қайта келгенде қырғыздар құшағын жая қарсы алып, қала ортасынан төрт бөлмелі пәтерін ұсынып, кардиохирургиялық институт ашып берді, еңбегін ескеріп, «Даңқ» орденімен марапат­тады, Қырғыз Ұлт­тық академиясына мүше ет­ті, елінің еңбек сіңірген дәрігері атағын берді, ал енді, құрмет­ті қазақ бауырлар, сендер осы атпал азаматқа қандай сый-сияпат жасасаңыздар да қолдарыңнан қақпаймыз. Енді жездемізді өздеріңізге тапсырдық, туғандар», – деп жергілікті билікке наз айтқан еді. Туған елі – Әулиеата өңірі Сейіт­хан ағаны құшақ жая қарсы алды. Оның ойының, алға қойған мақсат­тарының орындалуына барлық жағдай жасады. Сөйтіп, аз уақыт­та маман-дәрігерлер топтастырылып, республикада теңдесі жоқ заманауи орталық ашылып, кардиологиялық ем-шаралар, күрделі кардиохирургиялық оталар жүргізіле бастады. Бүгіндері бұл клиниканың атағы дүйім жұртқа белгілі болып отыр. Тіпті, шетелдік мамандар бұл клиниканың мүмкіншілігін жоғары бағалайды, болашағынан үлкен үміт күтеді. 2022 жылы Түркістан қаласында да өз филиалын ашып, Оңтүстік өңірдің науқастарына қажет­ті кардиохирургиялық көмек беру шеңберін кеңейте түсті.
Клиникалық орталық тек еліміздің кардиохирургиялық орталықтарымен шектелмей, басқа шетелдік белгілі клиникалармен байланыс орнатып, дәрігерлерін сол клиникаларға тәжірибе алмасуға жіберіп, жаңа технологиялық оталардың соңғы тәсілдерін енгізуге жағдай жасап отырғаны қуантады. Сейітхан Жошыбайұлының аты мен беделі әлем мойындаған кардиохирургтердің арасында бұл күндері жиі аталады. Елімізде алғашқылардың бірі болып жүрекке күрделі оталар жасауға ол басқарған клиника қол жеткізді. Мұнда еліміздің Оңтүстік өңірінің пациент­тері ғана емес, көрші Өзбекстан, Қырғызстан, тіпті Ресейден арнайы келіп, ота жасатып жатқанын көру – таңғаларлық іс емес.
Ол әркез халықаралық конференцияларға қатысып, тағылымды баяндама жасап, тәжірибе алмасудан жалыққан емес. Арнайы дәрігерлер тобын құрып, бірнеше рет облыстың шалғай ауылдарына, аудандарына барып, жергілікті тұрғындарды медициналық тексеруден өткізіп, денсаулығы сыр берген пациент­терді клиникаға алып келіп емдік шаралар жүргізгенін көпшілік біледі. Сондай іс-шараны көрші Түркістан облысында да 2023-24 жылдары өткізіп, көпшіліктің ризашылығына бөленді. Иә, айта берсек бұл клиника ұжымының ауыз толтырып айтар ізгілікті іс-шаралары мол. Заман талабына сай халық денсаулығын жақсартуға қосып жатқан үлестері жетерлік.
– Балалық шағым қарапайым отбасында, қарапайым ауылда өт­ті. Кербез, ақбасты Алатау бөктеріндегі қазақи ауыл тіршілігін жастайымыздан көріп, еңбекті сезіп, құрмет­теп жетілдік. Әдет­тегідей, біздің кезге тән, қара жұмысқа ерте жегілдік: қозы қайырып, қой кезегін бақтық, шөп шауып, егін жинастық, көң ойып, кірпіш құйдық… Олардың барлығы бізді еңбекке шыңдады, шират­ты, тіршілікке үйрет­ті. Ол кезде жастардың білімге деген ынтасы, талпынысы, құмарлығы ерекше еді. Орта мектепті бітірісімен еш ойланбастан ауылымызға таяу қырғыз ағайындардың астанасы – Фрунзе (қазіргі Бішкек) шаһарына барып, медицина институтына құжатымды тапсырдым. Құдай қолдап, емтихандарды жақсы тапсырдым. Сөйтіп, сәті түсіп студент атандым. Студент­тік жылдар адам өміріндегі ең қызықты, қимас, қайталанбас, бақыт­ты күндер ғой. Сабақтардың ауырлығына қарамай, білімімізді көтеріп, рухани жетілуге, мәдениетіміздің деңге­йін көтеруге (концерт­тер, кинотеатрлар мен театрларға барып, мәдени шараларға араласып және т.б.) көп көңіл бөлдік. Қазір сол алыста қалған көктемнің көгілдір, нұрлы, шуақты күндеріндей болған жас шағымызды, бірге жүрген замандастарымызды, достарымызды сағынамыз. Өмір-өзен өз дегеніне көндіріп жылдар жылжып, айлар өтіп жатыр. Өмірге өкпеміз жоқ. Оның қиындығын да, қызығын да, жақсылығы мен жамандығын да бастан
кешірдік. Алдымызға қойған басты арман-мақсатымызға қол жеткіздік. Дәрігер болып, халық денсаулығын жақсартуға өз үлесімізді қостық, қосып та келеміз. Барлық жетістік, абырой, атақ, жақсылық, сыйластық еңбекпен келетінін ұқтық. Мына дүрбелеңге толы өмірде өзің жақсы болсаң, арың мен жаның таза болса, уақытпен санаспай таңдаған мамандығыңды оңды, терең меңгерсең, білімді және білікті болсаң, еңбекті және тіршілік етіп жүрген ортаңды қадірлей білсең кез келген қиындықты жеңіп, қамалды бұзып, мақсатыңа жететініңе дау жоқ. Тәубе, мен – мына өмірдегі бақыт­ты жанның бірімін, – деп өмір жолына шолу жасай отырып Сейітхан аға ойда жүрген толғаныстарын да жайып салды.
Профессор С.Жошыбаевтың денсаулық сақтау саласындағы қажырлы еңбегі еленіп, бірнеше орден («Парасат», «Барыс») медальдармен марапат­талған, Жамбыл облысының, Қарағанды қаласының, Тұрар Рысқұлов ауданының Құрмет­ті азаматы, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» деген атақтар берілген. Ұлт­тық Ғылым Академиясының академигі болып сайланған. Секең үшін бәрінен қымбаты – халық сүйіспеншілігі, ел-жұрт­тың шексіз ризашылығы, көптің берген батасы. Өйткені ол – өзін көп насихат­тамайтын, кеудесін соғып мақтанудан алыс жүретін, орынсыз, орынды мақтауды тым жаратпайтын мәртебесі биік қарапайым жан. Нағыз еңбек адамы.

Сағындық ОРДАБЕКОВ,
медицина ғылымдарының докторы,
профессор, дәрігер-хирург
Тараз қаласы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір