РЕНЖІСКЕН КІТАП ПЕН АДАМДЫ СМАРТФОН ҚАЛАЙ ТАТУЛАСТЫРДЫ?
01.10.2022
856
0

Ерте, ерте, ертеде кітаптар әлемі болыпты. Ол жақта адамзат та өмір сүріпті. Үлкендер де, балалар да кітаптан ақыл сұрап, сырласады екен. Кітаптар әлемінің тұрғындары тәртіпті, әдепті, білімді болған екен. Күндердің бір күнінде кітапты көп оқыған адамдар радио ойлап тауыпты. Кейін теледидар мен компьютер дүниеге келді. Бірақ бұл құрылғылар адам мен кітаптың достығына сызат түсіре алмады.
Бірақ бұл қуаныш ұзаққа созылмады. Осылайша кітаптар әлемінің тыныштығы бұзылды.
– «Құрмет­ті, кітаптар, бауырларым менің!», – деп сөз бастады Үлкен кітап. Біз енді адамдармен дос емеспіз!
– Қалайша?
– Мәссаған!
– Не боп қалды?
– Бізсіз қалай күн көреді?
Әр жерден кітаптар сөйлеп жатыр еді, мұны жиынға сау етіп кіріп келген Адам бұзды.
– Күн көреміз. Кітаптарсыз да күн көреміз!
– Әй, адам! Олай артық кетпе! Дос болғаныңды ұмытып кет­тің бе?
– Ұмытпадым, – деді Адам танауын көтеріп. Тек сенімен дос болуға уақытымыз жоқ, кітап мырза!
– Адамдар, біз сендерге ақыл бердік, білім бердік. Оны қалай ұмыт­тыңдар? Сырлас болдық. Қажетіңді де бізден табатын едіңдер. Кітапты адам жазса да, адамға ең адал дос біз емес пе?
– Біз, адамзат, кез келген уақыт­та кітап жазып ала аламыз. Ендеше, біз кітап­қа мұқтаж емеспіз! Қаласақ, өртейміз!
– Не айтып тұрсың?
– Масқара!
– Ұялмайсың ба?
Кітаптар шулап кет­ті.
– Адам! – Үлкен кітап тағынан түсіп, оның жанына келді. – Тәубеңді ұмытайын деген екенсің, әй, адам?! Қалаған уақытыңда кітап жазу үшін кітап оқу керек екенін ұмытып қалдың ба?
– Міне! – деді адам қалтасынан смартфонды алып көрсетіп. – Бәрі де осында. Енді сендердің қажет­терің шамалы.
Дәл осы кезде аспаннан құйрықты жұлдыздай ағып смартфон, гаджет­тер ұшып келіп жат­ты. Әртүрлі пішінде. Экрандары жарқ-жұрқ етеді. Адам баласының қолындағы смартфон соларды көріп, қуанып кет­ті. Ал адам қуанып, қарсы алып жүр. Кітаптардың еңсесі түсіп кеткен. Тек Үлкен кітап қана өр, маңғаз қалпында айналаға көз тастап қойды.
– Кітаптар! Тыңдаңдар мені. Бізді адам оқымайды екен деп мұңаймаңдар! Естеріңде болсын, адам кітаптан алшақтаған сайын жамандыққа жақын болады. Ал әлемде түптің түбінде жақсылық жеңеді. Ол үшін адам баласы тек бізден ғана кітап алады, бізден ғана қуат алады. Өйткені жақсылық пен ізгілік, махаббат бізде ғана бар. Оны біз ғана бере аламыз. Түбінде адамзат бізді іздеп келеді. Осыдан кейін кітаптар жігерленіп, қуанып қалды.
– Рас айтасыз! Адам кітап оқымайды екен, смартфонға үңіліп, бізді елемеді екен деп несіне қайғыруымыз керек?! Осылай деп басқа кітаптар да Үлкен кітаптың сөзін қостап қойды.
– Дұрыс айтасыздар! – деді бейтаныс үн. Кітаптар бұл кім, дауыс қайдан шықты деп елеңдеп, жан-жаққа қарап еді, адамның қасындағы смартфонның дауысы екен.
– Сіздердікі жөн, құрмет­ті кітап мырзалар мен ханымдар, – деді ол.
– Смартфон, не деп кет­тің? Мен сені досым деп жүрмін ғой, мені бұлай жерге қаратпа! – деп адам ренжи сөйледі. – Мұның не?
– Кешір, адам! Смартфон пайда болды екен деп ескі досыңды сатып кеткенің, ұмытып кеткенің дұрыс болмады. Құрмет­ті, Үлкен кітап! Адам үшін сізден кешірім сұраймын.
– Не үшін балам? – деді Үлкен кітап. Смартфонға Үлкен кітаптың «балам» дегені ұнады.
– Себебі адам мен кітап – әуелден дос, бір-біріне жақсы серік. Түптеп келгенде, менің бойымдағы ақпарат­тың бәрі кітапта, мына сіздерде тұр. Ал адамдар керек мәлімет­ті менен тапқан соң мені мақтайды, қолынан тастамайды. Соңында біз айыпты болып шығамыз. Өтірік деші, адам?!
Адам көзін жерден алмады.
– Адам баласы, біз сені ортаға алып тергеп, сөгуден аулақпыз. Шынын айт­қанда, мына мені де, алдымда тұрған смартфон баламды да сен ойлап таптың. Сосын мені оқып адам болдың. Сені адам еткен білім, білімді берген біз едік, – деп Үлкен кітап сабырлы дауысымен адамды ортаға алды.
– Иә, кітап пен смартфонды жау көреді. «Смартфон кітап оқуға уақыт қалдырмайды» деп бізді жазғыратын да тағы адам. Негізінде кітап та, смартфон да, адам баласы да біріне-бірі дос, бауыр іспет­ті. Солай емес пе, қадірлі кітаптар? Смартфонның дауысында қуаныштың лебі бар.
– Рас!
– Турасын айт­тың!
– Иә, біз доспыз! Кітаптар да, смартфон мен гаджет­тер де шулап қоя берді.
Смартфон адамға қарады.
– Мен кітабы жоқ, кітап қоятын сөресі жоқ үйден қорқамын. Оның соңы жақсылыққа апармайды. Егер сен кітапты оқымасаң, бізді де ойлап таппас ең. Бізден кейін де әлі талай адамзат­ты таңғалдырар технологияларды әкелерсің. Оған күмәніміз жоқ. Бірақ кітапқа деген құрметіміз ешқашан азаймау керек.
– Енді кітап оқып жүремін. Ал смартфоннан пайдалы мәлімет­ті ғана аламын. Келістік! – деді адам жүзі жадырап.
– Ақылыңнан айналдым! Үлкен кітап смартфонды мейірлене құшақтады.
– Адам, сен де кел, – деп оны бауырына басты.
Арада талай ғасыр өт­ті. Адам баласы содан бері бұрын-соңды болмаған технологияларды ойлап тауып, қарыштап дамыды. Себебі үнемі кітап оқуды үзбеген екен.

Азамат ӘБІЛҚАЙЫР

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір