«АДАМДЫ СҮЙЕ АЛМАҒАН ҰСТАЗ БОЛА АЛМАЙДЫ»
23.08.2022
745
0

Ғылым-білім, оқу-ағарту ісі – қай заманда да, қай қоғамда да ең өзекті мәселелердің бірі. Бұл жолда төккен тер – болашақтың дәнегіне тамған бір-бір тамшы. Осы ретте қазіргі білім үдерісі, ұстаз мәртебесі, болып жатқан өзгерістер мен реформалар жайындағы сұрақтардың құлағы қылтиып көрініп, көкірегімізде сайрап тұратыны да рас. Біз сол турасындағы сауалдарымызды Педагогика ғылымдарының кандидаты, Алматы облысы Талғар қалалық И.Ф. Халипов атындағы №1 жалпы білім беретін орта мектептің директоры Мүшрапилова Зәмзәгүл Төлебекқызына жолдаған едік, қырық жылға таяу ұстаздық етіп келе жатқан кейіпкеріміз шиеленген сырдың шетін шығарды.

Ұстаз мәртебесі әр жылы еңбек ақысына 25% қосумен көтерілмейді

– Құрметті Зәмзәгүл Төлебекқызы! Сіз отыз жылдан астам уақыт бойы ұстаздық етіп, жиырма жылдай директорлық қызмет атқарып келесіз. Айтыңызшы, сіз үшін ұстаз болу дегеніміз не?
– Елдің, не шекараның шеңберіне сыймайтын, адамзаттың қазынасына айналған қаншама ойшыл, дана тұлғалар сіз айтып отырған «ұстаздық» турасында нешеме сөз қалдырды. Тіпті мұны мектеп оқушыларынан сұрасаңыз да еститін жауабыңызды іштей бағамдап, біліп отырасыз. Өйткені бәріміздің көрген-білгеніміз немесе «Ұстаздан» көргіміз келетін қасиет – бір қазыққа байланған жалғыз дүние. Біз де үшбу тақырыпта сөз қозғай қалсақ, сол қазықтың айналасын шиырлай береміз. Осы ретте «мұғалім» мен «ұстаздың» арасын ашып алғанымыз жөн шығар. Мұғалім, қысқаша айтсақ, өз пәнін жақсы меңгерген және оны үйрете алатын маман. Әрине, оңай жұмыс емес. Дегенмен бұл ұстаздыққа жетудің бір сатысы ғана. Сол сатыда мәңгі қаламын десеңіз де оқасы жоқ.
Ал «Ұстаз» болу… Ол үшін, алдымен, терең таным қажет. Содан соң өмірдің мәнін, жаратылыстың түпкі мағынасын түсіну керек. Ұстаз үшін мұның жауабы жалғыз-ақ: алдындағы оқушыны Адам етіп тәрбиелеп шығару. Осы қағида – ұстаз болған адамға ұлы мақсат, биік мұрат. Ахмет Байтұрсынұлы: «Биік мақсат, зор үміт, ұлы пікірі жоқ өмір хайуан тірлігіне ұқсас», – деген екен. Демек, балаға білім ғана емес, өмірдің мәнін, Абай атамыз айтқандай, адамды сүюді үйрету де ұстаздың ісі. Сондай-ақ адамды сүйе алмаған, адаммен тіл табыса алмаған, өзгені даттаған, күнделікті ұсақ-түйек оқиғалардан өзін жоғары қоя білмеген адам ұстаз бола алмайды. Ұстаз – оқиғаның астарына үңіліп, әрбір жағдайды терең сараптай білетін, заман ағысын жақсы бағамдайтын жан. Сондықтан кез келген оқушының көңіл кілтін таба білуі керек. Қанаты қарапайымдылық болып, кемелдікке құштар, адамды рухани биік дәрежеге жеткізуді көздейтін тұлғаға ғана «Ұстаз» деген мәртебелі «мандат» мінәсіп.
– Ұстаз мәртебесін көтеру керек дейміз. Оның алғышарттары қандай?
– Ұстаз мәртебесі квалтестпен, әр жылы еңбек ақысына 25% қосумен көтерілмейді. Қазіргі заманда бұл өте аз. Ал басқасы сол бұрынғы деңгейде.
Ұстазды қоғам сыйлау керек. Телеарна мен БАҚ-тың кері жұмысты, тек «негатив» айтуы, көрсетуі, ұстазға мектепке деген көзқарасты төмендетті. Білім саласында жақсы істер атқарылып жатыр ғой. Неге соны насихаттамаймыз?! Мемлекеттегі адамдар, ол қандай қызмет атқарса да, оқып-жазуды әуелі ұстаздан үйренді ғой.
Ұстаз мәртебесін көтеру үшін:
1. Мектепке келген жас маманның еңбек ақысы лайықты болуы керек; штат­тық белгілі бір тариф болуы қажет. Ол тариф, әрине, жоғары болуға тиіс.
2. Ұстазға шығармашылық еркіндік берілуі керек.
3. Ұстаздың уақытын «үптейтін» қосымша жұмыстарды жүктемей, тек оқушыға білім берумен айналысатын жағдай жасау керек.
4. Ұстазды жетістіктеріне сай ынталандырып, марапаттап отыру қажет.
5. Күнделікті ұсақ-түйек шаруалар басымдық танытатын негізгі ісіне ынта-жігерін шоғырландыруға кедергі келтіріп жатса, ұстаз білім саласында жәй келіп-кетіп, қу тіршілік үшін ғана жұмыс істейді. Сондықтан ұстазға мемлекет барлық жағдайды жасауы керек (Парламент депутаттарына жасалған жағдай сияқты). Сонда ғана мемлекет мемлекет болады.

Кітаптарда грамматикалық қателер өріп жүр

– Оқу бағдарламаларының жаңарып отыр­уы оқушылармен қатар ата-аналарға да, ұстаздарға да әсер етпей қоймайды. Бұл тұрғы­да қандай келеңсіздіктерге тап келесіздер?
– Білім саласында жылда реформа жасау «модаға» айналған сияқты. Әрине, ұстаздарға да, ата-аналарға да, оқушыларға да кері әсерін тигізетін жақтары бар. Мен енді мектеп қабырғасында 35 жыл еңбек етіп келемін, сондықтан әр жылы жасалып жатқан өзгерістер туралы айтсам, әңгімеміз тым ұзаққа созылады. Кейбіреулеріне ғана тоқталып өтейін. Оқушылардың білімін баллдық жүйемен бағалау шала болып қалды. Неге дейсіз ғой? Баллды қойып келеміз де, тоқсандық бағаны, аттестаттағы баға бәрібір бес баллдық бағамен бағалап «3», «4», «5» деп жазамыз. Жалпақ тілмен айтқанда, бір жағына шығуымыз қажет.
Екіншіден, оқулықтардың сапасы сын көтермейтіндей жағдайға түсіп бара жатыр. Мәселен, кітаптарда грамматикалық қателер өріп жүр десек те болады. Бұған қазақ тіліндегі ережелердің алынып тасталғанын қосыңыз. Бір тақырыптың бірнеше сағат оқытылып, оқушылардың пәнге деген құштарлығын төмендеуі де – оқулық сапасының, оқу бағдарламасының олқылығы. Содан соң оқушылардың біліміне баға қоймай, пікір (комментарий) жазу, балаға тест тапсыртып, үндемеске айналдыру да көп «әттеген-айдың» бірі.
– Бұрын түлектер көбіне экономист, заңгер, есепші, мұнайшы секілді мамандықтарды таңдайтын. Сіз басшылық ететін мектептен кейінгі бес жылда түлеп ұшқан оқушылар қандай пәндер мен мамандықтарға көптеп қызығушылық танытты? Мұның сыры неде деп ойлайсыз?
– Иә, бұрын түлектер экономист, заңгер мамандықтарын көп таңдаған. Себебі заман ағымы солай болды. Кейінгі 5 жылда техникалық жоғары оқу орындарына, тіпті аспаз болуды армандап оқуға түскендер көп біздің мектепте. Мектебіміздің түлектері биология, физика, химия, география, ағылшын тілі пәндерін көп таңдап, медицина, ұстаздық, технолог, халықаралық қатынастар, жер кадастры мамандықтары бойынша тәлім алмаққа жоғары оқу орнына түсіп жатыр. Бір қызығы, кейінгі 5 жылда экономист, заңғар болам деген түлек жоқ. Бұл мектепте ұстаздардың жоғарыда аталған пәндерден білімді терең, қызықтығы етіп бергенінің нәтижесі деп ойлаймын.

Оқушының жүрек үніне құлақ асқан жөн

– Ерекше балаларды білімге баулудың өз қиыншылықтары бары анық. Осы ретте мектептегі психологтарға көп күш түседі. Олардың біліктіліктерін арттыруда қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Рас, ерекше балаларды білімге баулудың белгілі бір дәрежеде өз қиындығы бар. Бала қандай болса да қоғамға, социумға үйренуі керек, бірақ жалпы білім беретін мектепте ерекше медициналық диагнозы бар баланың көңілін табу мұғалімге де кедергі келтіретін секілді, басқа оқушылардың да көңілі бөлінеді. Әрине, мектеп психологтары ерекше балаларға ерекше көңіл бөледі, қарқынды жұмыс істейді. Кез келген бала махаббатқа шөліркеп тұрады. Оны тыңдап қана қоймай, жүрегінің үніне құлақ асқан жөн, тілекші екеніңді, жақсы көретініңді әрдайым сездіргенің абзал. Ал ерекше балаларға бұдан да көбірек назар аударуға тиіссің. Жан мен жан, адам мен адам ұғысатындай құлай берілуің керек. Психологтардың біліктіліктерін арттыруда курстар, семинарлар, тренингтер, байқаулар өткізіледі ғой, өз тәжірбиелері мен бөлісу жұмыстары да бар.
– Қазіргі таңда баласын мектепке жетелеп әкелген ата-аналардың бәрі бір кездегідей «еті сенікі, сүйегі менікі» демейді. Көзінің шырағы болған ұл-қызының көкірегіндегі шырақты жағу үшін ата-аналар нені ескеруі керек?
– Иә, қазіргі таңда баласын мектепке жетелеп әкелген ата-аналардың бәрі бір кездегідей «еті сенікі, сүйегі менікі» демейді, дегенмен солай дейтіндер де баршылық. Бүгінгі күнде ата-аналарымыз басқа. Адам табиғаты өз кемшілігі мен қателігін көп жағдайда қабылдай алмайды. Бұл – көп адамның ең осал тұсы. Ата-ана, қазіргі кезде, қателікті мектептен іздейді, мектепті кінәлайды, сын айтады. Бірақ сын айтудың жөнін білсе, қалауын тапса, дауласудан аулақ болса, бәрі өз орнымен шешіліп отырар еді. Дауласу жүректі қарайтып, өшпенділік туғызады. Сондықтан ата-ана мен мектеп арасындағы дипломатия, сұхбаттасуды білу, бір-біріне құрметпен қарау, тіпті амандаса білудің өзі көп жағдайды шешеді. Осының барлығы орындалса, «ата-ана мен мектеп» бірге болып, баланың көкірегіндегі шырақты жаға алады.
– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін алғыс айтамыз. Аман болыңыз, Ұстаз!

Сұхбаттасқан
Ө.Әріпбек

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір