Перизат ОМАРБЕКОВА, ҚР Мәдениет қайраткері: Би – бекзат өнер
14.08.2025
406
3

Бекзада өнердің жарқын өкілі, «Шабыт» фестивалының лауреаты, «Шапағат» медалының иегері Перизат Омарбекова ұлт­тық би өнерінің өміршеңдігі мен саладағы кереғар жайлар туралы үнемі ой қозғап келеді. Қазақ биін әлемдік деңгейде дәріптеп қана қоймай, түрлі ұлт өкілдерінің би үлгілерін де қазақ сахнасына жарқырата шығарып жүрген өнер иесімен әңгімелесудің сәті түсті.

– Перизат ханым, жуырда сахнада жүргеніңізге 25 жыл толуына орай, жеке «Би-Падиша» ат­ты би кешіңізді өткіздіңіз. Сізді сағынған халықтың қошеметі зор болды. Осы кеш өзіңізге қалай әсер ет­ті?

– Алған әсерімді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Елордамыз Астана төрінде, өзім 25 жыл талмай қызмет еткен Роза Бағланова атындағы «Қазақконцертімде» концерт бергенім – мен үшін үлкен бақыт! Сахнаны сағынып қалыппын! Ал енді ұйымдастыру шаралары туралы айтпасыма амал жоқ. Маркетинг өте әлсіз болды. Афиша, тв-жарнама жасалмады. Елорда халқы түгел құлақтанбады. Мен үшін бұл күннің ұлт­тық архивте қалуы өте маңызды еді. Оның алдында екі рет жарнамалап тұрып, алып тастап, моральдық соққы жасады. Екіншісінде жүрегім нашарлап, екі рет жедел жәрдем шақырып аман қалдым. Орныма тез арада басқа біреулердің концертін беріп шала бүлініп, шалшыққа жығылды. Бір шетінен күлкім келді тірліктеріне, шыны керек. «Мәдениет комитеті» жиналыс ашып тұрып концерт­ті өткізуге бұйырса да, басшылар мемлекет­тік кең ауқымда өткізуге жол бермеді. Қаражат бөлінді ме, жоқ па, білмеймін, маған айтушы ма еді, барлық шығынды өз қаражатыммен өтедім. Жарнама, костюмдер, түсірілім… Тіпті жат­тықтырушыны да өз қаражатыма жалдадым. «Көше толы сауда-сат­тық жарнамасы. Руханиятқа неге орын жоқ?» – деп те сұрадым. Жауап жоқ. Қолдау да жоқ. Өздерінен-өздері менімен тіресіп, жауласып алған басшылар мен сахнаға шығар-шыққанша аяғымнан шалумен айналысты. Бір сағат бойы келген халықты кіргізбей, себебін де айтпай, сырт­та ұстап тұрды. Халық шулап кет­ті. Сахнаға шыққалы тұрған менің көңіл күйімнің күл-талқан болып, концерт­тен өзімнің бас тартуымды күт­ті, білем. Бірақ менде сабырлық деген жетеді, шүкір. Бұл концертке 5 жыл дайындалдым ғой. Концерт­ті өткізбеуге еш амалдары қалмағынын түсінгенде, лаж жоқ, халықты кіргізіп, олар жайғаспай жатып бастап кет­ті. Өзім мықты болмасам, бұл концерт те жоқ еді… Атақ бере ме деп ойлап жүрсем, 25 жыл бойы қызмет еткен мемлекет­тік мекемем, әдет­те, дәстүр бойынша жасалатын алғысхат пен бір түйір гүлдерін де қимады. Концерт өтпейді деп ол жағын мүлдем қарастырмаған да шығар мүмкін, кім біледі… Бірақ келген халықтың қошеметі, расында, шексіз болды! Соңында бірнеше минут орындарынан түрегеліп қол соқты. Мені көруге келген көрерменге басымды иіп алғыс айтамын! «Бәріне де шүкір» дегеннен басқа амал жоқ. Басшының орынбасары мен режиссер және көркемдік жетекшіміз сахна сыртына келіп, қолымды алып: «Концертіңіз керемет өт­ті! Жоғары деңгейде өтуімен құт­тықтаймыз!» – десті… Басшыны ол күні мүлдем көрмедім. Әрине, концерт­тен кейін ұйымдастыру жайлы бес құзырлы органға хат жібердім. Сөйтіп, бұл басшы да орнынан кет­ті. Кеткенмен жазаланбады, басқа мекемеге басшы болып ауысты, бәрінен де сол қызық… Мұндай оқиғаларға етім үйреніп кеткен ғой, мұндай жағдайлар адамды тек қана шыңдайды екен. «Кірпішті қыздырған сайын қатаяды» Досыма да, дұшпаныма да мың рақмет! Мұның да қыр-сыры ашылар бір күні… «Судың да сұрауы бар»… Баяғыда шетелге де көп жіберуші еді, соңғы уақыт­та бірде-бір мемлекет­тік концертке де шығармай ұстады. Осы соңғы 10 жылдай сахнаға шықпай қалғаным рас. Үйде жатып айлық алдым… Бастысы – халық алдында есеп беріп, өзіме-өзім берген сертімді орындадым! Басқасы маңызды емес. Өзімді бақыт­ты адаммын деп санаймын. «Биші боламын, қазақтың биін әлемге танытам» деген асыл армандарым орындалған адаммын ғой. Бірақ концерт­тен кейінгі сезімім тамаша болды! Жаратқанға мың алғыс! Еңбектің ешқашан да өлмейтініне сенемін.

– Концерт барысында тоғыз би биледіңіз. Үш жаңа биіңізбен көрерменді тәнті ет­тіңіз. Құдай қаласа, келесі жылы елу жасқа толады екенсіз. Осындай жасқа келіп техникасы күрделі билерді мың бұрала билеп жүргеніңіз де көпшілікті әрі тамсандырып, әрі таңғалдырғаны шын. Бұндай мықтылық кәсіби біліктіліктің арқасында туа ма, табиғатыңыздан ба?

– Иә, дұрыс айтасыз, менің жасымда жеке концерт беру, 2 сағат талмай 9 жеке биді бір деммен билеп шығу – ерлік. Алайда оны ескеріп, түсініп, бағалап жатқан кім бар? Бұл, әрине, туа бітсе керек, әйтпесе қалай шыдайсың?! Әрі бір пайыз Құдай берген талантың болса, 99 пайызы тек еңбекпен келеді. Жанкештілік… Өнерге деген махаббат! Ауырып тұрған жерімнің жазылғанын күтіп отыруға уақыт жоқ, байлап тастап қара кешке дейін тер төгумен болдым концертіме бір ай қалғанда. Темірдей тәртіппен өмір сүресің. Ағзаға, әсіресе аяққа физикалық үлкен күш түседі… Шыдап бердім. «Еңбек бәрін жеңбек» деген осы шығар.
Жаңа биімнің бірі – «Ұршық». Халық биінде ұршықты көрсет­тім. Қонақжай қазақтың салт-дәстүрін сипат­тап, ұршық иіріп отырып өзім де ұршықша айналып, қазақ биіне өзім қосқан жаңалық – «күн» ат­ты трюкты пайдаландым. Маған дейін де, кейін де қазақ биінде бұндай қиын қимылды әлі ешкім жасамады. Қазір оған оқу орындарында «айгөлек» деп ат қойып қойыпты. Жарайды дедім. Артқа қат­ты иілу арқылы айналып жасайтын трюк дене пластикасы мен үлкен шеберлікті және мықтылықты талап етеді. Бір рет айналудың өзі қиын. Мен 10-12 рет өте тез айналамын. Сол уақыт­та көз алдыңның бәрі шыр айналып жатқандықтан бас айналып құлап түсу қаупі жоғары. Меңгеру үшін арнайы жат­тығулар мен көп уақыт қажет. Көйлегім дөңгеленіп ашылады да өте әсерлі көрінеді. Бұған дейін мен ол трюкті алғаш «Әлқисса» ат­ты биімде көрсеткен болатынмын. Ол кезде де тамаша овациямен өтетін. Жалпы, ел жасай алмайтын жаңалықтарымен ерекшеленуі – солист бишінің басты міндеті. «Фәни құс» ат­ты тағы бір жаңа биім феникс құсы жайлы мазмұндалады. Құстың биін билегім келіп, осы құсқа тоқтадым. Аққу, тотықұс жат­танды тақырыпқа айналып кеткендіктен, басқа құс түрін би арқылы бейнелегім келді. Осы құс жаныма жақын екен. Қанша өлтірсе де өлмейтін жанының сірілігі де маған ұқсайды. Ол биім де драмаға жақын. Бірнеше рет өліп, тірілетін өміршең құсты сипат­тауға тура келді. Испанияның классикасы «фламенко» стилінде қойылған «Жүрегімнің жалыны» ат­ты үшінші жаңа бидің тарихы ерекше. Тұңғыш балеринамыз – әйгілі Нұрсұлу Тапалованың кастаньет­тері бір сырға толы оқиғалар арқылы менің қолыма түсті. Оны маған халық артисі, биші Гүлжан Талпақова сыйлаған еді. Нұрсұлудікі екенін айтпады. Арада біраз жыл өткен соң барып кімнің заты екенін білгенде, «оны мен қалайда сахнаға алып шығуым керек» деген мақсат қойдым. Халыққа берген уәдемді орындадым. Ол зат­тың менің қолыма түскені бекер болмаса керек, халық та солай топшылауда… Бұл кастаньет­терді маған Нұрсұлу апамыз берген болып саналады-ау. Фламенконы бұрын да билегенмін. Испан билерін Барселонаға барып тамашалағанмын, өте ұнайды.

– Жұртшылық өзіңізді «Би өнерінің падишасы» деп атап жатады. Бұған дейін Шара ­Жиенқұлова апамыздың «Би падишасы» атанғанын білеміз. Халықтың ыстық ықыласынан туған осындай мәртебелі атаққа лайықпын деп ойлайсыз ба?

– Осыдан 10-15 жыл бұрын-ақ сахнаға би падишасы деп хабарлап шығаратын. Студияға қонаққа бара қалсам да солай айтатын. Онша бір мән де бермейтінмін. Асыра мақтап жіберді деп ұялатынмын. Кейін әйгілі ақын-жазушыларымыз солай деп өлең, тіпті «Би патшайымы» деп поэма жазды. Таңғалдым. Халық айтса – қалып айтпаса керек. Негізі, халықтан асқан сыншы да жоқ екеніне де әбден көзім жет­ті. Тіпті Исраил Сапарбай ағамыз маған арнап «Періште» деген пьеса жазды. Оны іске асырып үлгермегеніміз өкінішті, асыл ағамыз жақында ғана дүниемен қош айтысты…

– Ал осы өнер жолына қалай келдіңіз? Соның ішінде би өнеріне деген қызығушылығыңыз қалай басталды? Бала кезден өзіңізді қалай баулыдыңыз?

– Мен би билеуді анамның құрсағында жатқанда бастағанмын. Өнер адамдарының отбасында дүниеге келдім. Әкем Асан Омарбеков те, анам Несіпкүл Омарбекова да – Тараздағы А.Тоқпанов драма театры­ның майталман қайраткерлері. Әкешім кейін басшылық қызмет­тер де атқарды. Анам бірнеше киноға да түсті. Бәз біреулер өнерге келуді басқаша түсінсе, мен өнер деген династия секілді атаның қаны мен ананың ақ сүтінен даритын қасиет деп айтар едім. Өнердің қазанында қайнап өсу –­ шахзадаларды дүние есігін аша сала таққа лайықтап, баптап өсіргені секілді тірлікпен тең. Театрдың кулисасының етегінде домалап өстім. «Театр әртістерінің қолынан, мойнынан түспейтінсің», – дейді. Сахна маған жаңалық болған жоқ.
5 жасымнан сахнадамын. Ол уақыт­та биге өзімнен-өзім бейімделе бастағанмын-ау. Негізі, көбінде дене пластикасы, актерлік шеберлік жағынан анама тартқан болуым керек, анам мектепте жүргенде гимнастикалық трюктар көрсеткен екен. 11 жасымнан сол тұста жаңа құрылған «Айша бибі» халықтық би ансамблінің тұңғыш солистімін. «Алтынай» биін орындап, бишілікпен 15 жасымнан танылдым. Мектептегі, мектепаралық «Қыз сыны» байқауларында жеңіп, 17 жасымда облыстық «Арулардың аруы» ат­ты қыз сыны байқауына Тараз қаласынан қатысып, бас жүлдесін иеленіп, сол жылы «Жамбыл облысының аруы» атандым. Иә, мен туғаннан энергиям тасып жүретін ширақ, еркекшора, еңбекқор қыз болдым. Ол қасиет­терім әкемнен екені сөзсіз. Бірінші Аллаға, сосын, мені тит­тейімнен өнерге баулып, еркелетіп өсірген әкем мен анама мың алғыс! Балалық шағым өте бақыт­ты өт­ті.
Анам би өнеріне қызығушылығым төрт жасымнан басталғанын айтады. «Менің ұзын көйлектерімді киіп алып айналып, айнаның алдынан кетпейтінсің», – дейді. Мамандық таңдау туралы алғаш сөз қозғала бастаған шақта да: «Мен биші боламын», – дедім бірден. Әр жат­тығудан кейінгі қат­ты шаршаған сезім маған бала кезден өте ұнайтын. Ол сезімді мен ешқандай да басқа сезімдерге ауыстыра алмаймын. Әлі де солай. Ағзам әбден соған бейімделген. Қат­ты шаршамасам, ұйықтай алмаймын. Билемесем, денемнің барлығы ауыра бастайды. Бала кезде біреудің биіне қарап қызықтым деп те айта алмаймын. Ол кезде бишілерді өте сирек көресің ғой. Бірақ биін көрмесем де, Шара Жиенқұлованың есімін көп етідім. Театрдағы драмалық қойылымдарды көп көріп өстім.

– Кішкентай кезіңізде ұл бала секілді бұла болып өскеніңізді айтып қалдыңыз. Ал бишілік асқан нәзіктікті қажет ететін секілді. Осы екі болмысты өзара үйлестіру үшін не істеу керек?

– Биші болу үшін тек нәзік болу керек деген кішкене қате пікір. Бізде «биші болу үшін үлбіреген, үзілейін деп тұрған жас қыз болу керек» деген ескірген түсінік, стерео­тип қалыптасқан. Би деген – алапат күш қой! Сол нәзіктікті бейнелеу үшін қыруар энергия жұмсалады. Адамға оның ішкі темпераменті туа бітеді, ол сөзсіз. Ұлдармен ойнайтынмын көбіне. Қыздармен тілтабыса алмайтынмын. Олар маған тез жылап қалатын өте нәзік, қорғансыз жандар болып көрінетін. Ұлдармен талай төбелескенмін де, олар менен қорқып, қашып жүруші еді. Әйтсе де осы би өнерінің арқасында, 13-14 жасымнан бастап «қыз бола бастадым». Нәзіктік, ұяңдық пайда болғанын сездім. Су сепкендей басылдым. Өнер этика мен эстетикаға да тәрбиелейді ғой. Дегенмен туа біткен өжет­тік – би өнеріне өте керек қасиет. Биге қатысқалы, би қимылдары арқылы нәзіктік пайда болғанымен, би өнері – адам баласына осы өжет­тікті, қайтпайтын қайсарлықты, намысқойлықты үйретіп, мықтылыққа тәрбиелейтін мектеп. Би өнері – ең әуелі мінезді қайрайтын мектеп. Сондықтан ол қасиет­терім би өнерінде де өз орнын тапқан сияқты.

– Сөз басында айтып өткендей, киелі сахнаның сәнін кіргізіп, қазақ биінің бәсін аспандатып келе жатқаныңызға ширек ғасырдан асып барады. Бұл салада талант иесінің кәсіби биігін сақтауы оңай емес. Жалпы, еңбегіңіз өз дәрежесінде бағаланып жүр ме?

– Рас, оңай емес. Бірақ еңбегім өз дәрежесінде бағаланып жатыр деп айта алмаймын. Қолдаудың қаншалықты мақрұм қалып, құрту мен қудалаудың қаншалықты өрістеп дамып кеткеніне толық көзім жет­ті. Көрермен мойындап, қазіргінің Шарасы, тіпті «Би падишасы» деп қолпаштағанмен, басшылар мойындамайды. Соған таңғаламын. Түртпектеп тиіседі. Себепсіз қысқартады. Сосын, шетелге шығаруға қазақ биі керек болғанда: «Сіздің техникасы мықты қазақ билеріңіз керек боп тұр», – деп өздері қайта шақырады, одан келер-келмес қайта шығарады. Жағдайымды естіп, Президентіміз медаль тағып марапат­тап жатса, басшылар жұмыстан шығара алмай әлек болғаны бар. Міне, парадокс! Атаққа ешкім ұсынбаса да, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ойламаған жерден марапатқа шақырды. Қудалаудан көз ашпай күйзелісте жүргенімде «Шапағат» медаліне ие болдым. Басымды сүйеп, қарлығаш қанатымен су сепкендей әсер алдым, риза болдым, мың рақмет! Сол тұстағы директор сахнаға шығармай, концертімді жасатпай, шығара алмаған соң айлығымды қысқарт­ты, бар қолынан келгені сол болды… Кейінгі басшы келе салып келесі күні айлығымды қайта көтерді. Сосын, өткенде ол да кет­ті, мені сахнаға шығармай, концертімді дұрыс ұйымдастырмай… Бірнеше рет қат­ты күйзеліске түстім. Оларға не істегенімді түсінбеймін. «Қазақконцерт» біреудің жекеменшік мекемесі емес қой? Мысалы, бұған дейін де мен бірнеше рет жеке концертімді бердім. Ол концерт­терім де өз дәрежесіндегі мемлекет қолдауымен өт­ті деп айту қиын. Қайда барсаң, аяқтан шалу, іштарлық, көреалмау­шылық, әсіресе ер адамдардың ашкөздігі күшейіп тұр. Еліміздің қала, ауыл-аймақтарын жыл сайын гострольдік сапармен аралап, бір күнде үш концерт беретінмін. Мемлекет­тік тапсырмамен қырықтан аса шетелде өнер көрсетіп, қазақтың биімен бидің отаны Францияға үшінші рет барғанымда, ЮНЕСКО сарайында талғампаз француздар орындарынан дүр етіп тұрып, сахнадан бірнеше минут жібермей овациямен қол соққандары есімде. Қазақ би өнерімен талай шетелді мойындат­тым десем болады. Қандай да бір жетістігім болса, ол – өз еңбегімнің ғана жемісі. Қайда барсам да еңбегімді ғана дауалаймын ғой… Баяғыда өнер адамын қолдау, еңбегін бағалау деген болған. Жас кезінде-ақ лайық деп танылса, атақтың бәрін үйіп-төгіп берген. Ол кеше ғана емес, өмір бойы солай болған. Содан кейін де болар, біздің бишілердің көбі оқу бітіре салысымен шетелге кете барады… Қолдаудың болмайтынына алдын ала көз жеткізсе керек. Мен эстрада, модерн, балет емес, ұлт­тық өнер өкілімін ғой. Бұл салада, «Ұлт­тық би» жанрында осы ширек ғасырдан астам уақыт бойы талмай еңбектеніп, жеке би кешін беріп жүрген солист-биші мен ғанамын. Келген басшының бәрі өздерімен-өздері менімен сөйлесуге қорқады, сескенеді. Сахнаға шығармайды. Құртуға тырысады. «Халық жауы» секілді күй кешіп келемін. Қызыл империяның қылышынан қан тамып тұрған заманда Ілияс Омаров, Өзбекәлі Жәнібеков, Темірбек Жүргенов секілді тұлғалар талант­тарды іздеп жүріп, даладан теріп әкеп, жұлдызын жағып, қазақ өнерінің өсіп-өркендеуіне жанкешті қызмет етсе, бүгін тәуелсіздігімізді алып, цифрлық, технологиялық дамыған заманда басшылар концерт ұйымдастыра алмай, дәрменсіздік көрсетіп отыр дегенге кім сенеді? Басқа емес, ұлт­тық өнерге қиянат жасағандарды кешіруге бола ма, айтыңыздаршы… Ұлылардың өмірбаянын оқығанда таңғалушы едім, қазір өз басымнан өтіп жатыр…
Ұлт­тық өнердің көрнекті өкілдерін біз тек қана қолдауымыз керек! Жағдайының бәрін жасап, еркелетіп, қолпаштап, қошемет­теп, үкілеп таққан үкідей үлбіретіп сахнаға шағарып жіберуіміз керек қой, тіпті әлеумет­тік жағдайын да жасауымыз керек. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының әр Жолдауында айтатын: «Біз өнер адамдарын жан-жақты қолдауымыз керек. Олардан жанымызды да аямауымыз қажет. Мемлекет өнер саласын өркендетуге әрдайым ерекше мән береді. Өйткені мәдениеті озық елдің рухы биік болады», – деген қағидасы қаншалықты іске асып жатыр? Мәдени рухымыз қай деңгейде?

– Ұзақ жылдар ішінде ұлт­тық билерді жандандырумен қатар қазақ философиясынан, дала даналығынан сұрыпталған төл қимылдарыңызды сахнаға алып шықтыңыз. Ұлт­тық бидегі қандай қимылдарды жақсы көресіз және өзіңіз дүниеге әкелген өзге де қимылдар мен би түрлері туралы айтып берсеңіз?

– Менің билерім философияға жақын екені рас. Бидің мәні мен мағынасына, сипаты мен сюжетіне көп көңіл бөлемін. Көрермен біздің әр қимылымызды түсініп, кітап оқығандай тамашалап, биден бір ой түйіп үлгеруі керек. Қазақтың билерін өте шапшаң, трюк қимылдарын қосып орындау да – менің басты мақсат­тарымның бірі. Биді драмалауды жаным сүйеді. Сол мақсат­та тарихи тұлғаларды би тілімен «сөйлетіп», сахналадым. Мысалы, «Томирис ханша», «Айша-бибі», «Жұмақтағы кездесу», «Бақсы» т.б. билерім бар. Әр биімді бір-біріне ұқсатпай билеуге тырысамын. «Домалақ ана» деген би жасағым келеді болашақта. Ешбір қиын иірімі жоқ немесе мәнсіз, мағынасыз би – мен үшін ішпыстырарлық дүние… Бишінің сахнаға ат­тап шыққан бірінші қадамынан бастап әр деталь бекер болмауы тиіс. Бұл мәселелерде Делиде бір жыл мамандықты жетілдіріп келгенім көп көмектесті. Би өнерін мүлде басқа қырынан түсініп қайт­тым.

– Осы тұста қазақ би өнерінің өткен тарихына үңілсек? Ал бүгінгі би өнері тарихи миссиясын дұрыс атқарып жүр ме?

– Қазақтың би өнері тарихы мұраға бай. Кенжелеп дамығанмен, кеңес өкіметі тұсында қарыштап, сол заманның тұңғыш биші, балетмейстерлерінің еңбегінің арқасында әдемі билер дүниеге келді. Өзіме «Қоштасу», «Киіз басу», «Көш керуен», «Асатаяқ», «Балбырауын» сынды мәнді билер қат­ты ұнайды және олар секілді билер қазір жоқ. Қазақ биі сол биігінде қалғанын қалаймын. Аз ғана дұрыс қойылған дүниелер халық назарына жетпей жатады… Қазақтың биі көп өзгерістерге, бұрмалауларға ұшырап жатыр. Өте өкінішті. Бастап­қы үлгіні дамытудың орнына модернмен әрлейміз деп, кейде ұлт­тық би мен балет­ті будандастырып, әдемі сипатынан айырып алып жатады. Қазақтың ұлт­тық, фольклорлы, дәстүрлі биі – қазақтың өзінің қазақша төл биі емес пе? Қазақтың биін қазақы рухта билеу қажет. Басты ұлт­тық кодымыз – ұлт­тық өнер, ұлт­тық киім, ұлт­тық спорт. Оны бұрмалауға ешкімнің де қақысы жоқ деп есептеймін. Қай заманда да эксперимент деп түрлі өзгерістерге ұшыраған билер болды. Әйткенмен бастапқы саф қалпын сақтап, оны қызғыштай қору – бізге бабадан аманат емес пе? Бұл, әсіресе кәсіби мамандардың басты ұстанымы болуы керек деп санаймын.
Сын айтатын сыншы қажет. Сыншысы жоқ қай дүние де жүгенсіз кететіні белгілі ғой. Оқу ошақтары бәрін үйретіп жатса да, кейбір өнер мекемелерінде әдемі қазақша көйлек киіп алып айналып жүрсе болды қазақ биі деп түсінеді. Біле-білсек, дамыған елдер ұлт­тық биіне бір кірме қимыл немесе жат келбет қосылса, оны ұлт­тық би деп санамайды, «кірме өнер» қатарына жатқызады. Жалпы келбеті, әдемілігі, қазақы сипаты өзгеріп барады қазақ биінің. Тағы айта кететін мәселе, мысалы, кейбір би ансамбльдерін басқарып отырған адамдар сол өзі басқарып отырған ансамбльдің жанрын да толығымен түсінбейді. Эстрадалық ансамбль ме – таза эстрадалық билер ғана билену керек. Модерн-балет, балет, заманауи би, спорт­тық бал билері, тұрмыстық би, сахналық халық биі, әлем халықтары билері, дала биі т.б. жанрдың түрі көп қой. «Ұлт­тық би – әр ұлт­тың сахнадағы айнасы» дейміз, осы мәселеде мұқият болуымыз керек-ақ. Ұлт­тық өнер – өнердегі ең жоғарғы мәдениет.

– Ұлт­тық өнерімізде есімі алтын әріптермен жазылған бишілеріміз аз емес. Тағдырлары да сан қилы болды. Қазақ бишілері жайлы әңгімелесек, өмірімен де, өнерімен де сізді ерекше күйге бөлеген талант­тар бар ма?

– Иә, біраз болған. Олардың қатарында Шара апамыздан кейін, қазақтың тұңғыш балеринасы, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Нұрсұлу Тапалованы айтуға болады. Осы бишінің өмір тарихын білгенде, қайран қалдым. Жылап та алғанмын. Талант­ты да сұлу бишінің аяғынан шалып күн көрсетпеген. Жұмыстан шығарылып, қуылған, тіпті көшеде кетіп бара жатқан жерінен оны жалдамалы қарақшылар ұрлап әкетіп, әбден ұрып, жертөлеге тастаған. Одан кейін ол бишіміз сахнамен қош айтысқан. Қалған өмірі өте аянышты халде өткен бишіміз қайтыс болғанда іздеп барған ешкім болмаған көрінеді. Жан жары, тұңғыш қазақ боксшысы Шоқыр Бөлтековтің достары барып, әйтіп-бүйтіп жерлеген екен… Қысқаша айтып отырмын. Мен оның би деп соққан жүрегінің жалынын «маған қалдырған» кастаньет­терімен қайта «тірілт­тім…» Еңбегі өшпесе екен деймін. Қызығы, би өнерінің өкілдеріне көзқарас елімізде әлі де өзгермеген. Тек топ биші. Жеке дара жандардың жарқырап шыққанын ешкім қаламайды. Би өнері – бекзат өнер ғой… Әдемі, сұлу өнер!

– Алдыңғы жылы газетімізге берген сұхбатыңызда бишілердің зейнетке шығу жасы дұрыс қарастырылмай жатқанын, солист-биші штатының жоқтығын қозғап қалып едіңіз. Тағы қандай жайлар түзелсе дер едіңіз?

– Иә, бишілердің зейнетжасы әлі баяғы шешіммен тұр. Халық биін билейтін бишілерге емес, балет бишілеріне обал жасап отырмыз. Халық өнерін сипат­тайтын бишілер шамасы жеткен жерге дейін билесе де болады. «Солист-биші» штатының жоқ болуы, елімізде би өнерінің қаймақтары жоқ дегенді білдіреді. Бір мекемеде бірнеше солист-әнші болса да, бір бишіге орын жоқ. Осы мәселелер шешімін таппайынша, би саласы топырлаған топ күйінде қалмақ. Өйткені солист-бишіге уақыт, сағат­тар бөлінбеген. Мысалы, университет­те оқып жүргенде де, хореография факультетінде» жүрген кезімде де, ән сабағын жеке өтетін­біз, ал би сабақтары үнемі топпен. Тағы айта кететін мәселе, біздің елде ұлт­тық биге ғана ден қойып үйрететін оқу орны жоқ. Оқу ошақтарындағы би сабақтарында жаппай барлық би түрі араластырылып өтеді. Қазақ биіне бөлінген уақыт – аптасына 1-2 рет қана екен. Бұндай қысқа сағатпен ешкім қазақ биін толық үйреніп үлгермейді. Мысалы, Өзбекстан, Испания, Россия мен Үндістанда ұлт­тық билеріне үлкен ден қояды. Актерлік шеберлік сабақтары (бет мимикасы) бөлек оқытылады. Оларда його сабағы да бар. Ол дегеніміз – бишінің барлық зейінін бір ғана арнаға бұрып, бір ғана саланы түбегейлі үйретіп, мықты маман дайындайды деген сөз.
Алматыдағы А.Селезнев атындағы хореография училищесін «Ұлт­тық би мектебі» етіп өзгерткен дұрыс секілді. Өйткені шетелдің балет жанрын үйрететін үлкен мекеме Астанадан ашылды ғой, бір республикаға балет биін үйрететін бір мекеме жеткілікті деп санаймын. Ол мекемеге Шара Жиенқұлованың атын беріп, ұлт­тық бишіге «жеке сабақтар» қарастыру қажет. Қазақ биі – ұлтымыздың классикасы. Оны балет секілді тит­тейінен бойына әбден сіңіріп өскені дұрыс.

– Алда қандай жоспарларыңыз бар?

– Өзім әлі де сахнада жүргендіктен 8 жыл жұмыс жасаған мектебімді жаба тұруға тура келді. Өнер көрсету мен ұстаздық екі түрлі сала болғандықтан физикалық тұрғыда үлгеру мүмкін емес. Кейінірек қайта қолға аламын. Менің кішкентай шәкірт­терім бір жылда 10 байқаудың бас жүлдесін жұлып алған мықтылар еді. Ковидтің кезінде жабылдық. Соңғы 5 жылдан бері қайтадан басы бүтін өнерге кет­тім. Сахнасыз өмір жоқ секілді маған!
Жоспар көп. 25 жылдық мерейтойлық бағдарламам – «Би-Падиша» ат­ты концертім енді Алматы мен туған жерім Таразда өту керек деп жоспарланған болатын. Сосын, келесі жылы мүлдем жаңа бағдарлама ұсынамын деп отырмын. Оған дайын­дық басталып та кет­ті. Күтіңіздер! Мен өз елімнің әр тасына дейін сүйемін! Қасық қаным қалғанша қызмет етуге дайынмын.

– Астанада өткен концертіңізде кеш ұйымдастырушылары сізді «қазақтың Алтынайы», «қазақтың Айседорасы» деп таныстырып жат­ты. Бұл теңеулердің мәні неде?

– Оның сыры үлкен еңбекте жатыр. Ол теңеулер үшін халқыма мың алғыс! Айседорамен бидегі ұстанған жолымыз бірдей екен. Шыны керек, біреуді қайталау дегенді ұнатпаймын. Үнемі жаңалық іздеумен келемін. Кейін мән беріп қарасам, расында Айседора Дункан да драмаға жақын екен. «Алтынай» бала кезімнен серік болған, мені «биші жасаған» би ғой және ол – кез келген әлемдік ұлт­тық өнер сайысында бәсекеге төтеп бере алатын өнер туындысы. Орындалуы өте күрделі. Онымен әлемнің түкпір-түкпірін шарладым. Мен бақытымды өнерден таптым. Құрмет­теріңізге мың мәрте алғыс! Дегенмен қазақ мәдениеті мен ұлт­тық өнер қолдаушысын тапса екен деп тілеймін.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбат­тасқан
Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА

ПІКІРЛЕР3
Қонақ 17.08.2025 | 23:15

Келіншек пе, қыз ба?

Қонақ 17.08.2025 | 23:16

Әдемі екен!

Қонақ 20.08.2025 | 23:01

Керемет сұхбат тамаша оқып шықтым өазақтың биіне жанашыр жандар жоқ ау деп ойлап едім би патшасы Призат ханым ашшы шындықты айқара ашып айтыпты 👍🏻👍🏻👍🏻

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір