ҚУАНЫШ СЫЙЛАЙТЫН ҚУАНАҒА ЕДІ-АУ!..
11.05.2023
472
0

Ұлт­тық кітапханада істейтін Қаншайым жеңгей телефон соқты. «Қорғанбек, алда келе жатқан жетінші мамыр Қуанышбай ағаңның қайт­қан күні ғой. Сол күні Құран оқытып, еске алмақшымыз. Жақсы көретін інілерінің бірі едің, есіңде болсыншы», – деді. Біртүрлі мұңайып сөйледі. Жақсы ағамызға деген жан іңкәрі, жалғаннан көшкеніне екі жыл өтсе де жар қосағын ұмыта алмайтыны, бақиға қимағаны әр сөзінен, демінен байқалып тұрды.

Шынымен де, қазақ әдебиеті мен баспасөзінің ерен еңбекторысы Қуанышбай Құрманғали ұмытылатын адам ба?! Өмірінде жан-жағына жақсылық жасаудан, қуаныш сыйлаудан жазбаған Қуанағамыз еді ғой ол. Әт­тең, дүние! Соңғы рет Ұлт­тық кітапханада өткен жазушы Әлібек Асқаровтың шығармашылық кешінде кездестік. Сонда қос аққудай жарасып тұрған жеңгеміз екеуіне қайнылық-інілік қалжыңымызды қазақ жолымен еркелей айтып, қосыла күлгеніміз де әлі есімде. Содан екі-үш ай өткен шамада ақкөйлек ағамыздан айырылып қалған қаралы хабарды естігенбіз… Енді, міне, Қуанағаның көзі тірісінде шыққан «Талант­тан – тағылым» ат­ты соңғы кітабын және өзі жоқтың көзі жоқ дегізбей өткен жылы сексен жылдығына орайластыра шығарылған жарқын бейне жайлы естеліктер жинағын аялай сипап, мұңая парақтап отырмын.
Қуанышбай Құрманғали ағамызды әрқашан бір қалыптан жазбас қарапайым да қағылез, сыпайы да шынайы күйінде көретінбіз. Сондай жайшылықта ол кісінің жанындағы қоңыр күздің күмбірі құлағымызға шалына бермесі де анық. Енді қайтеміз, бәріміз бірдей әр нәрсені аңғарымпаз Қадыр Мырза-Әлі емеспіз ғой. «Қуанышбай-ау, баяғыда мен балаларға тақпақ жазып жүргенімде сенің көл-көсір лирикалық өлеңдерің «Лениншіл жасқа» жиі жарияланып тұратын еді ғой, соларды жинақтап неге шығармайсың?!» – деп оның ақындығына ағалық жанашырлықпен ден қойған Қадағаң болатын. Газет жұмысының майын ішкен майталмандығына қазақ руханиятының құт­ты шаңырағы «Лениншіл жастың» басшылары Шерхан Мұртаза, Сейдахмет Бердіқұлов құрметпен қарады. Журналистік қарымы «Қазақ­стан коммунисі» (кейінгі «Ақиқат») журналында жауапты хатшы һәм бас редактордың орынбасарлығына дейін жетіп ұзара түсті. Мұнда оның бес­аспаптығын бағалағандар баспасөз сардарлары Құрманбек Сағындықов, Кәкімжан Қазыбаев, Камал Смайылов еді. Қуанағаның бипаз баспагерлігі мен білімдарлығы өзі бас редакторлығына дейін жоғарылаған «Жалын» баспасы мен Қазақ энциклопедиясында көрінді. Мұнда да оған сенім артқандар осал емес, Қалдарбек Найманбаев пен Рымғали Нұрғалиев секілді нарлардың өзі-тін. Одан кейін Ақселеу Сейдімбек досының оң жағынан шығысып, Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ білім академиясының вице-президенті, сосын «Ғылым» баспа орталығының бас директоры болған жылдарда да қазақ руханиятына адал тер төгуден жазған емес. Соның бір айғағы – сол тұстағы Мемлекет­тік хатшы Иманғали Тасмағамбетовтің қолдауымен 200 жылдығына орай жедел шығарылған Махамбет­тің тамаша төрт томдығы.
Әр жылдары «Арман аралы», «Қош, Қалқатай», «Қоңыр күз күмбірі» сынды жыр жинақтары шыққан айшықты ақындығынан, шоқтығы биік әдебиет сыншылығынан, журналистік қаламгерлігінен басқа Қ.Құрманғали шығармашылығының шырайлы бір саласы – тәржіме. Солардың ішінде төгілте қотарылып, қазақ оқырманының көзайымына айналған орыс халық ертегілері мен Андерсен ертегілерін, Ирина Стрелкованың «Шоқанын», Флобердің «Бовари ханымын» айтар едік. Әлбет­те, осы жіпке тізілгендердің бәрін біздің аруағы шат болғыр Қуанаға өмірінің өзіндік ғажап өрнектері, кейінгі толқынға ұсынар тағылымы демеске де әддіміз жоқ.
Қуанышбай аға соғыс жылдары туғандар санатынан. Соғыстан пешенесіне жазылғаны сол, жарық дүниеге келмей жатып әкесінен айырылыпты. 1941 жылдың күз айларында кіл қазақ жігіт­терінен Ақмолада екі ат­ты әскер дивизиясы жасақталған. Бұлар генерал Доватордың кавалерия бөлімдері құрамында 1942 жылдың қаңтар-ақпанында Мәскеу түбіндегі шайқастарға түсіп, қан қасаптың аранына жұтылып кеткен. Сол бейбақтардың ішінде әлі ана құрсағында жатқан шарана Қуанышбайдың әкесі Серікбай да болған. Көрер көзге тірідей өлімге айдалған ғой. Әйтпесе, қарусыз, құр атпен зеңбірек пен танкіге қарсы шауып, қандай қауқар қылмақ? Бір таңғаларлығы, «зеңбірек жеміне» айналған сол екі дивизияның тағдыр-талайы туралы архивтерде де ешбір мәлімет жоқ көрінеді.
Соғыстан кейінгі балалық шағында, мұңы көбірек болғасын ба, оқушы кезінен өлең жаза бастайды. Үлкен балаларға, өз құралпастарына қыздарға арнаған махаббат хат­тарын өлеңдетіп жазып береді. Ондай «еңбек» үшін олардың үйлерінен келген сары майды бөлісіп бірге жейді. Сегізінші сыныптан бастап интернат­та. Қазіргі Әулиекөл. Ол кезде Семиозерск дейді. Қостанайдың үлкен бір ауданы ғой. Бір ғажап жағдай, сол уақыт­тарда Қасым Аманжоловтың үш томдығы шығып, соның жалғыз данасы аудандық кітапханаға түсіпті. Кезекке тұрып, жастанып оқиды. Қасым жырлары сол кездің сүреңсіздеу, көңілсіздеу өміріне жарқ етіп шашылған бір жарық сәуле сияқты болады. Махаббат жайлы мұндай өлеңдерді бұрын оқып көрмеген, тіпті ынтық-зарды осынша тебірене толғап айту мүмкін деп білмеген бозбастар қыздарға жазған хат­тарына Қасекең шумақтарынан қарпып қосып-қосып жібереді екен. Одан соң сол кезде «Лениншіл жас» газетінде істеп жүрген Салық Молдахметов деген өз ауылының жігіті осының алдында ақталған Бейімбет, Сәкен, Ілиястың бір-бір том кітаптарын салып жібереді. Бала Қуанышбайдың жүрегі сөйтіп тағы жырға кенеліп, рахатқа батады.
Осылай шабыт қанатында шалқып жүргенде 9-сыныпты бітіретін көктемде бір жайсыздыққа тап болады. Екі сыныптың 50-ден астам оқушысы 70 шақырым жердегі «Целинный» кеңшарында тұқым себу кезінде сеялкашы болып жүреді. Күн суық. Жұмыс ауыр. Тамақ нашар. Қиын жағдайға шыдамай, 20 бала жұмысты тастап қашады. Содан педсовет­те тәртіптерін қарап, 5 баланы оқудан шығарады. Ал Қуанышбайды әрі оқудан шығарып, әрі сыныбында қалдырыпты. Жай қорқытқаны болар деп жүрсе, олай емес. Шын. Бірінші қыркүйекте сыныбына кіргізбейді. Мектеп директоры да, аудандық оқу бөлімінің бастығы да сөйлеспек түгілі, жолатпай қояды. Әйтеуір Оспанов деген сынып жетекшісі жаны ашып, келесі сыныпқа көшті деген табель толтырып, завучтың туған күйеу баласы екен, мөрін соқтыртып береді. Сонымен, 10-сыныпты көршілес Таран ауданының Қоржынкөл ауылындағы қазақ орта мектебінен бітіруіне тура келген.
1959 жылдың жазында ат­тестат алып Алматыға келеді. Қызығы, сол жылдан бастап ҚазМУ-дың журфагына 2 жыл өтілсіз қабылдамайтын тәртіп шығыпты. Не істемек керек? Елге қайтса, Алматыға енді оралмайтынын ойлап, қалайда қалада қалуға бекінеді. Қапылып тұрғанда университет­тің бас корпусы алдында «Қарғалы кооперативтік техникумына оқуға шақырамыз» деген хабарландыруға көзі түскені. Көзді жұмып, соған қойды да кет­ті. Жатақханасы бар, стипендиясы бар. Зауқы соқпаса да оқыды.
Болашақ жездесі Салық Молдахметов «Лениншіл жаста» хат бөлімінің меңгерушісі. Сол қолың жат­тығып, тілің ұстара берсін деп, әрі тиын-тебен, АПН-ның қызықты материалдарын аударуға беріп тұрады. Өзі үйіне түскен, Жұмағали Ысмағұловпен қатар құрбы Ертай Арысов деген бөле ағасы радиожурналист. Кейін Қазақ радиосының директоры болған. Бір күні Салық айтады: «Бізде хат тіркеушінің орны бос. Ерекең редактордың орынбасары Рахметолла Ыдырысовқа айтсын, сонда сол орынға сені алады» дейді. Ерекең шынымен-ақ Рахметолла ағаға ойланбастан телефон шалады. Бірге оқыған достар екен. Сонымен, 1960 жылғы шілденің 20-сы күні редактор Сат­тар Бөлдекбаевтың бұйрығымен «Лениншіл жас» газетіне хат тіркеуші болып жұмысқа қабылданады.
Жұмысқа қабылданып қана қоймай, Қуанышбай «Лениншіл жастың» «полк баласы» атанады. Сол кездерде ұжымдағы достық рәуіш, пейіл мен мейір керемет болған ғой. Хат тіркеуші ғана болып қаздиып отыруға мұрша бермейді. Редакцияның қайнаған тірлігіне, газет жұмысының барып кел-шауып кел қауырт қарбаласына мидай араласып кетеді. Бұл қайта өзіне үлкен тәрбие ортасы, кәдімгі бір университет­тей болды. Тілалғыш. Қолды-аяққа тұрмайды. Қайда жұмсаса, сонда барады. Орысшадан аударады. Жаңалық хабарлар жаздыртады. Көбіне-көп баспаханада жүреді. Баласы ауырып қалған жас корректор келіншектерді ауыстырады. Сөйтіп жүргенде 1961 жылдың ақпан айында кіші әдеби қызметкер етіп өсіреді. Төбесі көкке жет­ті. Университет­тің соңғы курсында оқитын Қалдарбек Найманбаев, кейін «Жетісу» газетінің редакторы болған Баймолда Мусин және өзі – үш адам қатар қабылданады.
Газет­ті халық сүйіп оқып, жақсы шығып жатқаны өз алдына. Сол тұстағы Сапар Байжанов, Камал Смайылов, Хайролла Тілемісов, Кәкімжан Қазыбаев, Бақытжан Мәдиев сияқты атақты журналистер жоғарырақ, басқа басылымдарға ауысып, олардың орнына өңшең сен тұр, мен атайын жаңа толқын, жас жігіт­тер келіп, «Лениншіл жасты» одан сайын дүрілдетіп, дүркіретіп жатқан кез. Әбдісат­тар Бөлдекбаев, Рахметолла Ыдырысов, Әбілфайыз Ыдырысов, Тельман Жан­ұзақов. Үйленгендер осы төртеуі ғана. Ол уақыт­та сенбі жұмыс күні. «Ленжастың» қыз-жігіт­тері бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай болып бірге жүреді. Сейдахмет Бердіқұлов бөлім меңгерушісі. Газетке алғаш жарияланған өлеңдеріне әдебиет бөлімінің бастығы Қалихан Ысқақов қол қойыпты.
Сол кезде Тельман мен Қалихан ағалардың достығына бәрі қызығады. Телағаң «Правданың» тілшісі кезінде Новосибирскіде жүрегіне операция жасатқанда әйелі Фаридадан да бұрын барып жеткен осы – Қалекең екен. Достықтың кереметі де, құдіреті де сондайда, басқа іс түскенде ғой. Достық пен достар шарапатын кейін Қуанаға талай көріп те, сезініп те, өзі де адамгершілік пен мейірім шапағатшысына айналды.
1965 жылдың қарашасында әскерден оралса, «Лениншіл жасқа» редактор болып Шерхан Мұртаза келіпті. Жігіт­тер Қуанышбай туралы айтса: «Ондай журналисті мен білмеймін», – деп бет­тетпепті. Ақыры, не керек, ол кісіге демалыста жүрген орынбасары Тельман телефон соғып: «Шерхан-ау, оның не? Ол жігіт­ті сен білмесең, біз білеміз. Жазығы әскерге кеткені ме? Қызметіне алу керек», – дейді. Осы қатал Шерхан арада аз жыл өткенде Қуанышбай Құрманғалиевті жауапты хатшылыққа ұсынып, бірақ комсомолдың Орталық Комитеті: «Университет­ті күндіз бітірген біреу тап­падыңдар ма?» – деп ол ұсынысты өткізбей тастапты. Иә, Шерағаңдар тамыр-танысты емес, кәсіби біліктілікті, қарым-қабілет­ті бірінші орынға қоятын еді-ау.
Шерағаңның тұсында, 1967 жылдан шығармашылық ұжым қайтадан жаңара бастады. «Лениншіл жасқа» Кәдірбек Сегізбаев, Ақселеу Сейдімбеков, Оралхан Бөкеев, Кәрібай Ахметбеков, Мағира Қожахметова, Серік Әбдірайымов, Мұхтар Шаханов, Сәкен Иманасов, Кеңшілік Мырзабеков, Жомарт Әбдіхалықов, Фариза Оңғарсынова, Серік Тұрғынбеков, Мерғали Ыбыраев сияқты қуат­ты жаңа толқын келіп қосылды. Атауын Оралхан ұсынып, «Жеті жетім» деген «ұйым» құрып, бірге жүріп, бірге тұрып, дәурендеген кез де осы жылдар болды. Бір-бірінің жазғандарын оқып, пікірлесіп, сырласып, дуласып, ойнап-күліп, шын мәнісінде бір үйдің баласындай болып, рахат ғұмыр кешті.
Оралхан, Ақселеу, Кәрібай, Серік Әбдірайымов, Кәдірбек, комсомолдың Орталық Комитетінің сектор меңгерушісі Бексұлтан Нұржекеев және біздің кейіпкеріміз. Байқасақ, елге аңыз болып тараған осынау атақты «жеті жетім» достығының дем берушісі де Қуанышбай болған екен. Оралхан келген күні «Лениншіл жаста» хат тіркеуші болып істейтін келіншегі Үрниса Төлеген Айбергеновтің жылын беріп жатыр екен. Бірге барады. Содан ауылдан келіншегі Айманды алдыртып, пәтерге шыққанша Қуакеңнің үйінде тұрады. Сол түні арқа-жарқа ұзақ әңгімелесіп, осы күннен Оралхан екеуінің достығы басталады. Орағаңды «достардың ішіндегі досым» дейтін. Ауылына да талай барған. Бірде қайғы, бірде қуаныш. Оралханның әдеби қызметкерлері Жарасқан Әбдірашев, Сағат Әшімбаев сияқты сайдың тасындай талант­ты жігіт­тер болды. Ұжымға Марат Қабанбаев, Жақау Дәуренбеков, Жанболат Аупбаевтар келіп қосылғанда осы жігіт­тердің қай-қайсымен де тонның ішкі бауындай жарасады. Қуанағаның қоғам һәм баспасөз қайраткері Нұртөре Жүсіп айтатын ел дегендегі елгезектігі осы кездерде ерекше танылды.
Әрине, басына қиындық түскен кездер де болған. 1986 жылы «Жалын» баспасынан шыққан Б.Нұржекеевтің «Өзендер өрнектеген өлке», ­Ж.Шаштайұлының «Қызыл қар», т.б. тарихи кітаптарға қат­ты сындар айтылды. Бас редактор Нұржекеевті қызметінен босат­ты. Қуанағаны осы кітаптарға қол қойған баспа басшыларының бірі ретінде біресе министрлікке, біресе Орталық Комитет­тің насихат бөліміне шақырып, орнын босатуды талап етіп, қуғындай бастады. Осы тұстағы бұрын «Лениншіл жаста» әріптес болған аға досы Рымғали Нұрғалиев естен кетпес жақсылық жасайды. Жақында Қазақ совет энциклопедиясына бас редактор болып барған Рекең: «Бұлар енді сені бәрібір тыныш қоймайды. Маған кел» деп қамқор болыпты.
Қуанағамен құралпас толқын шығармашылығының шыңы «Лениншіл жас» таралымының 70-80 мыңнан 350 мыңға жетуі десек дұрыс болар. Ал өзіне келер болсақ, газет пен баспаның қара жұмысына көбірек жегілді. Үш жыл әскерде, одан Әбіш Кекілбаев ағамызбен бірге екі жыл офицерлік қызмет­те болуы да әсер етпей қоймады. Дегенмен жыр жинақтары әу дегеннен-ақ әдеби ортада өз бағасын алды. Елеулі деген туындылары «Ана тілі» баспасынан «Әулиекөл әуендері» деген атпен толымды том болып шықты. Әсіресе соңғы он бес-жиырма жыл бедерінде белгілі ақындарымыздың, ту ұстар қабырғалы қаламгерлеріміздің шығармашылық келбет­терін кестелеп, әдеби портрет­тер мен эссе-толғауларды көптеп жазды. Олардың дені «Атамұра» баспасынан шыққан «Әдебиет әлеміне саяхат», одан кейінгі «Ақиқат айнасы», «Талант­тан – тағылым» ат­ты кітаптарына топтастырылды. Қуанышбай Құрманғалидың әдебиет­танушы сыншы ретіндегі бір қағидасы, ешкімге сілтеме жасамайды, бір ақынды, бір жазушыны екіншісімен салыстырмайды. Сөз өнерін зерделеуде үлкен жауапкершілік танытып, бір сөз айтса да өз сөзін айтуды мұрат тұт­ты. Төл әдебиетімізді насихат­таудағы осы тағылымды еңбегі орынды бағаланып, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығымен марапат­талды, кеудесіне «Құрмет» орденін тақты. Ең бастысы, қаламдастары мен әдеби ортаның шынайы құрметі мен ілтипатын ілді. Ақындығын Қадағаң – Қадыр Мырза-Әлі сынды жампоздардың өзі жоғары бағалады.
Асыл ағаның әркез ағынан жарылар ақ ниет­тілігі мен ақжайлау адамгершілігі кім-кімді болсын қанат­тандырып жіберуші еді. Осындай шарапатын өзіміз де дәйім көріп жүрдік, қасына іні болып еріп жүрдік. Өзі де талай жайсаңның тынысындай інісі болғаны бір ғанибет. Сол қасиетін Тұмағаңдай айкөл ақын: «Інімсің әрі дара, әрі дана, Қазақтың бәріне дос Қуанышбай!» – деп тамыршыдай тап басады. Маңдайымызға сыймаған марғасқа Оралхан Бөкей тіптен осыдан отыз бес жыл бұрын-ақ жан досы Қуанышбайдың әдебиет­ті терең білетін талғампаздығын, туған әдебиетке қосып жүрген ілкімді үлесін, халқын қалтқысыз сүйетін адалдығын, достарына шын берілген адамдығын, қай-қай жағдайда да бүкпесіз әділдігін әйгілеп атап өткен екен. Ал қазақтың жырау ақыны Жәркен Бөдештің: «Ешкімге көлеңкесін түсірмеген, Сізді көрсем, өлеңнің құсын көрем. Сізге біткен жайдары бай мінезді Тәңірім өз қолымен мүсіндеген», – деген шырайлы шумағына Қуанағаны білетіндердің бәрі де қол қояды деп білемін.
Жұғысқан жанның бәріне жақсылық жасап, қуаныш сыйлап өткен Қуанышбай аға, Сіз әрдайым халқыңыздың жүрегіндесіз, өзіңізді құрмет­тейтін көптен-көп көпшіліктің дұға-тілегіндесіз!..

Сізді жақсы көретін ініңіз

Қорғанбек АМАНЖОЛ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір