Қандай сайлаудан келе жатырмыз? Қандай сайлауға бара жатырмыз?
Кәмелеттік жасқа жаңа жетіп, дауыс беру құқығын енді иеленген жастар болмаса, былайғымыз сайлау дегеннің не екенін, елімізде сайлау атаулының қалай өтетінін, сайлауға түскен «сайыпқырандардың» қайсысы сайланып, қайсысы қара көбейтіп жүріп шаң қауып қалатынын бек жақсы білсек керек.
Қазақстанда тоқсаныншы жылдардың басынан бастап әлденеше сайлау болды. Әу бастағы заң шығарушы органымыз – Серікболсын Әбділдин басқарған Жоғарғы Кеңес еді. Тәуелсіздік туралы Декларациямызды да осы Жоғарғы Кеңес жария еткен. Алайда Әбділдиннің Кеңесі Парламент Мәжілісінің тарихына енбей қалыпты. Деректер мен құжаттарға қарасақ, Марат Оспанов төрағалық еткен 1996 мен 1999 жыл аралығындағы Мәжіліс ҚР Парламенті Мәжілісінің тарихын бастап береді екен. 1995 жылы 9 желтоқсанда болған сайлаудың нәтижесінде Мәжіліске 67 депутат мажоритарлық жүйе бойынша дауыс иеленіп барды.
Марат Тұрдыбекұлының тұсындағы Мәжіліс депутаттары қоғамның саяси өмірін жандандырып отыратын. Атқарушы билікті аттап бастырмайтындай пәрмен танытып, Үкімет құрамын отставкаға жіберуге ықпал етіп жатты.
Екінші Мәжіліс 1999 жыл мен 2004 жылдың аралығында өмір сүрді. Төрағасы – заңгер-тергеуші Жармахан Тұяқбай деген кісі еді. Тұяқбай төрағасы болған Мәжілістің сайлауалды науқанына 547 үміткер қатысып, бұл – Қазақстан азаматтары ерекше белсенділік танытқан сайлау деп танылды. Осы сайлау арқылы саяси партиялар Мәжіліске сыналап енді. Ол кезде әлі нұрлана қоймаған «Отан» партиясы 7 пайыздық барьерді басып өтіп, Мәжіліске 7 адамын жеткізіп тастады. «Нұр Отанның» Парламентті толық жаулап алуға бет алған жорығы осылай басталған. Ал Жармахан Тұяқбай Мәжіліс төрағалығынан оппозицияға кетті.
Үшінші Мәжілістің қызметі үш жылдан аспады. 2004 жылы жұмысын бастаған Мәжілістің спикері – біртоға, ұстамды азамат Орал Мұхамеджанов болды. Бұл Мәжілісте басым орынды мажоритарлық жүйемен емес, партиялық тізіммен өткен кандидаттар иеленді. «Отанның» 42 мүшесі депутат атанды.
Ендігісін қысқаша қайырайық. 2007-2011 жылдың ширегінде 4-ші, 2012-2016 жылдары 5-ші, 2016-2021 жылдың ауқымында 6-шы, 2021 жыл мен 23 жылдың қаңтарына дейін 7-ші Мәжілісті көрдік. Айтып айтпай не керек, алғашқы сайлаулардан кейін Қазақстандағы сайлаулардың мүлде сәні кетті. Сайлаушылар сайлау учаскелеріне ат ізін салуды қойды. Мекеме басшылары қарамағындағы қызметкерлерді дауыс беруге айдап апармаса, жалпы жұрт сайлауды, өзінің азаматтық талап-тілегін сайлауалды науқандардың күн тәртібіне қоюды ұмытты. Жоқ, ұмытқан жоқ, сайлаудан, «сайланып» алып, Мәжіліс сарайында қайқайып отыратын депутаттардан күдер үзді. Авторитарлық жүйе елдің саяси ерік-жігерін аяқасты етті. Саяси партиялардың арасында бәсеке қалмады. Барлық аймақты өзінің материалдық, ақпараттық һәм адами ресурсымен «Нұр Отан» басып алды.
Міне, біз осындай «салқынқанды» сайлаулардан өтіп, енді жаңа сайлауда дауыс беруге сайланып отырмыз.
«Жаңа сайлау» деуімізге себеп, 19 наурызда болатын сайлаудың қарсаңындағы науқан электоратты еліктіріп-ақ жатыр. Сайлауға таяу уақытта ресми тіркелген бір екі жас партияны қосқанда барлығы жеті партия түсіпті. Оның сыртында Мәжіліс депутаты болуға партиялық тізіммен және бір мандатты округтер бойынша барлығы 892 азаматтың кандидатурасы ұсынылған (орта есеппен 1 мандатқа 9 үміткерден келеді). Бұл – рекорд! Бұл сондай-ақ жалпыхалықтық референдум арқылы өзгертіліп, толықтырылған жаңа Конституция мен Сайлау туралы заңның азаматтарға еркіндік бергенінің нәтижесі. Билікті сынап жүретін азаматтар қазір білекті түріп тастап, сайлауалды науқанның нақ ортасынан табылуда. Алматыдағы бір сайлау учаскесінде кешегі жүйемен жан аямай күрескен, бүгінгі биліктің де кем-кетігін тайсалмай бетіне айтатын төрт оппозиционердің төбесін көріп жұрт мәз. Көрші елдің басшысына жалбақтай сөйлегенді сөккендер де болды. Оған жұрттың айызы қанды.
…Сонымен солай, сайлауға жан кіріп келеді. Біз осы күндері саяси-әлеуметтік, ұлттық, қоғамдық көзқарастары сан алуан, бірін-бірі айтысқа (дебатқа) шақырып, алқынған үміткерлері көп жаңа сайлауға бара жатырмыз.
Д. Қасенұлы