ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ ТУРАЛЫ ҮШ КІТАП ЖАРЫҚҚА ШЫҚТЫ
21.09.2023
298
0

Қазақ тарихында уақыт шаңына көміліп, ұмыт болуға айналған тұлғалардың біразы Тәуелсіздіктің арқасында жарыққа шықты, өз елінің болашағы үшін бар өмірін сарп еткен, сол жолда құрбан болған боздақтар қайта тірілгендей күй кештік. Тәуба дедік.

Солардың бірі – 1946 жылдан 1954 жылға дейін Қазақстан компартиясының бірінші хатшысы қызметін тұңғыш атқарған Жұмабай Шаяхметов. Соғыс кезінде студенттері толықтай мемлекет тарапынан қамтылған Әйелдер педагогикалық институты, Алматыдағы Жастар мен жасөспірімдер театры, көптеген институттар мен 1946 жылы ашылған Қазақ ССР-ның Ғылым Академиясы, тағы басқа да бір мақаланың ауқымына сыймайтын көптеген игілікті істері ұшан-теңіз – нағыз нар тұлға Жұмабай Шаяхметов туралы Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдиновтың бас редакторлығымен үш бірдей кітап жарық көрді.
Кітаптардағы барлық материалдардың кезінде орыс тілінде шыққанына байланысты түпнұсқаны сол күйінде назарға ұсыну мақсатында бірінші екеуі сол тілде шығарылған «Жұмабай Шаяхметов, документы, материалы, фотографии» деп аталатын жинақ және «Неизвестные страницы из жизни и деятельности видного государственного деятеля Жумабая Шаяхметова» деген монография. Үшіншісі – Жұмабай
Шаяхметов және Қазақстанның 1940-1960 жылдардағы қоғамдық саяси өміріне арналған Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның материалдар жинағы.
Енді үш томдық басылым несімен құнды деген сұраққа қысқаша тоқталар болсақ:
Біріншіден, Қазақстан Республикасының, Ресей Федерациясының мұражай қорларындағы және
Р.Р.Шаяхметовтің (Жұмекеңнің немересі) жеке мұражайындағы сирек кездесетін, тіпті кейбіреулері мүлде жарияланбаған материалдар жарық көріп, студенттермен, магистранттармен және докторанттармен, тағы басқа ғылыми қызметкерлермен қоса бүкіл тарих сүйер қауыммен қауышып отыр;
Екіншіден, қазақ тарихындағы белгілі партия және мемлекет қайраткері Жұмабай Шаяхметовтің өміріне байланысты өзекті ғылыми мәселелер кеңінен талқыланған, айтулы тұлғаның тарихтағы рөлі айқындалған. Сол арқылы қайраткердің қазақ мүддесіне атқарған ұшан-теңіз еңбегі тарихи құжаттар арқылы көрсетілген;
Үшіншіден, келер ұрпақ үшін аса маңызды мәселелер – Ж.Шаяхметовтің өмірі мен қызметі өз деңгейінде толық бағаланып, ұлы тұлғаға ендігі кезеңде көрсетілуге тиіс кең көлемді құрмет пен марапаттар легі айқындалған.
Бір сөзбен қорытындылайтын болсақ, бұл басылымда өмірім елім деп, ұлтым деп тебіренумен өткерген
Жұмабай Шаяхметовтің идеялық мұрасы туған халқымен толықтай құшақ жая қауышқан дер едік. Бұл кез келген адам үшін қуанышты жағдай.

Данияр ӘЛБОЗЫМ,
жазушы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір