«Жас тұлпарды» жақтап, «Қызыл сұңқар» ақынды ақтаған ғалым
04.08.2024
26
0

Кейінгі уақытта кеңестік билік басында болған тұлғалар жайлы түрлі мақсатты көздеп жазған мақалалар көбейіп кетті. Ғылым саласындағы саңлақтардың арақатынасы, мүдделерінің қарама-қайшылығы, пікірлерінің әр алуандығы мақала авторларының өздеріне тиімді бағытта өрбуде.

«Жас тұлпардан» – «Көшпенділер эстетикасы» кітабына дейін: асау­ға – тұсау, немесе «Тар жол, тайғақ кешудің» жалғасы» деп аталатын Мұрат Мұхтарұлы Әуезовтің естелік әңгімесін қызы Зифа-Алуа Мұратқызы Әуезова жазып алған еді. Осы күні баспасөз беттерінде талқыға түсіп жатқан «Көшпенділер эстетикасы» кітабының таралымнан алынып тасталуы, кітаптың пышаққа түсіп, көпшілік қауымға жетпей қалуының себеп-салдары туралы оқиғаның куәгері Мұрат Мұхтарұлы ілгеріде былай деген екен:
«Марат Сембин кітаптардың пышақ үстінен туралғандығы туралы өз мақаласында бұл жөнінде жан-жақты баяндайды. Таралымның жойылатындығын естіген баспаханадағы әйелдер өздеріне бір данадан алғысы келгенімен, оларға рұқсат берілмеген. Жан-жақтан бақылау қойылып, кітаптарға жан адамның жақындауына тыйым салынған. Баспаханадағы барлық кітаптар толығымен жойылды. 1975 жыл еді. Институт директоры гегельшілерді зерттеуші философ Жабайхан Әбділдин болатын. Ал Тоқтағали Жангелдин бұл оқиғаға дейін екі жыл бұрын 1973 жылы қайтыс болған.
Көшпенділер эстетикасы бойынша командамыз Тоқтағали аға бар кезде қалыптасқан еді. Оның жұмысы үшін институтта барлық жағдай жасалды, сол кезде әл-Фараби мұраларын зерттеумен айналысып жүрген А.Қасымжановқа да көмектесті. Шығыс философиясы бойынша білікті мамандар шақырылып, бөлім құрылды. Яғни Тоқтағали Жангелдин бұл мәселеде жаңашыл бағытты ұстанатын».
Жақында «Ютуб» әлеуметтік желісіне шыққан Асылхан Мамашұлының «Қилы кезең» авторлық бағдарламасының кезекті санында С. Сейфуллиннің кеңестік билік тұсындағы мемлекеттік қызметі жайлы баяндалды. «Сейфуллин ақталғаннанан кейін жарияланған мемуарлық еңбегі («Тар жол, тайғақ кешу») партия билігінің басшысы Д. А. Қонаев тарапынан қуғынға ұшыраған, – дейді «Қилы кезең» бағдарламасының авторы. Осы жерде де Т. Жангелдинді С. Сейфуллиннің еңбектерін жариялауда бір жақтылыққа жол берді деп айыптайды.
Тоқтағали Жангелдин Сәкен Сейфуллиннің шығармашылығы мен мемлекеттік-қоғамдық саяси портретін жасағандардың бірі. Сондай-ақ ол Қазақстан КП Орталық комитеті жанындағы Партия тарихы институтының директоры қызметін атқарып отырған кезінде «Қызыл сұңқар» атанған ақынның саяси өмірбаянын қалпына келтірді. Оған жоғарыдағы еңбектері куә. Осы аталған еңбектер оның өзіне пәле болып жабысқан сияқты. Қазіргі таңда партиялық номенклатура мамандарының ара қатынасындағы кейбір қақтығыстар мемуарлық еңбектерде айтылып жатыр.
Т. Жангелдиннің 1964-1966 жылдары жарық көрген мақаласы мен шағын кітапшасы ақталған ақынның адал есімін қайта оралтуға күш салды.
Тоқтағали Жангелдин сталиндік қуғын-сүргінге ұшырағандарды, оның ішінде белгілі ақын Шәкәрім Құдайбердиевті ақтау үшін көп еңбек етті. Ол академик Ақай Нүсіпбековпен бірге Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіне әл-Фарабидің мұраларын елге оралтып мәңгі қалдыру қажеттігі туралы хат жазады. Бұл – 1960-1970 жылдар аралығында кеңестік биліктің нағыз болып толып тұрған кезінде атарылған еңбек. Ал, Мәскеу қаласындағы студенттер құрған «Жас тұлпар» ұйымын қорғағаны туралы ауыз екі айтылатын әңгімелер өте көп. Оның қолымен жазылған шағын жазбаларда «жастұлпарлықтар» жайындағы қысқаша мәліметтер біраз сырдың шетін шығарады. Сол кезде Қазақстан КП ОК ғылым және жоғары оқу орындары бөлімін басқарып отырған Тоқтағали Жангелдинді жоғарғы басшылық Мәскеуге арнайы тапсырмамен жіберуі әбден мүмкін. Сол сапарында ол ауыздығымен алысқан «Жас тұлпарды» «жуасытуға» барын салып, жастардың жалынға оранып, күйіп кетпеуіне аз еңбек сіңірмеді.
Тұлғаларды бір-біріне қарсы қойғаннан ешнәрсе өнбейді. Көзқарасы, пікірі, ойы әртүрлі бағытта болғанымен, олардың ортақ мүддеге жүгінгендері анық. Түрлі пікірлердің талқысынан ақиқат дүниеге келеді. Әйтсе де әркімнің өз шындығы бар.

Әлия СҮЛЕЙМЕНОВА,
тарих ғылымдарының кандидаты

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір