Аймақ басшысы ақынды қабылдады
19.07.2024
730
0

Қызылжарда белгілі жазушы-журналист, қоғам қайраткері, Солтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы Жарасбай Сүлейменовтің 75 жас мерейтойына арналған салтанатты жиын өтті. Мерейлі іс-шараға Алматыдан көрнекті ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов арнайы барып қатысты.

Жарасбай Сүлейменовтің мерейтойы оның туған жері – Шал ақын ауданынан басталды. Құрметті қонақтарды Солтүстік өңірдің қазағы көп шоғырланған аймағындағы ауданның әкімі Рахат Смағұлов пен ел ағалары қарсы алды. Зиялы қауым өкілдері жазушы жерлестерінің ыстық ықыласына бөленіп, тұрғындармен кездесу өткізді. Аймаққа аяқ басқан қонақтар уақыт тауып, қазақтың ұлы ақыны, Мағжан Жұмабаевтың әкесі Бекеннің қабірі басына тәу етіп, марқұмға Құран бағыштады.
Қызылжардағы қаламгердің тойы Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрында жазушы Жарасбай Сүлейменовтің «Түзу ағаш көлеңкесі» повесінің желісі бойынша қойылған спектакльмен ашылды. Бұл қойылымды Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов келіп тамашалады.
Бұдан кейін салтанатты жиын басталып, оны өңір басшысы сөз сөйлеп ашты. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов мерейлі жасқа толған Жарасбай Қабдоллаұлын құттықтап, қатысушылар мен қонақтарға сәттілік тіледі. Осы жиында ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановтың құттықтау хатын Мәжіліс депутаты Еркебұлан Мәмбетов, ҚР Сенатының депутаты Әсем Рахметова Сенат төрағасы М.Әшімбаевтың, тарих ғылымдарының докторы Бүркітбай Аяған ҚР Президентінің кеңесшісі Ерлан Кариннің құттықтау хатын табыстады.
Өз кезегінде ақын Қасымхан Бегманов Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасы, жазушы Мереке Құлкеновтің арнайы құттықтау хаты мен марапатын жеткізді. Сондай-ақ, ақын Жарасбай Сүлейменовтің шығармашылық еңбектеріне тоқталып, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығын Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының атынан салтанатты түрде тапсырды.
Салтанатты іс-шарада жалпы білім беретін мектеп оқушылары арасында қаламгер Жарасбай Сүлейменовтің 75 жасқа толуына орай өткізілген «Туған жерім – тірегім» атты эссе байқауының жеңімпаздары анықталып, марапатталды. Оқушыларды белгілі заңгер, ұлт жанашыры Бекет Тұрғараев пен көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғалым Жайлыбай марапаттап, жеңімпаздарға сәттілік тіледі. Кеш соңы жергілікті өнерпаздардың ән-жыр шашуына ұласты.
Сондай-ақ, осы сапарында Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, ақын Қасымхан Бегманов секретариаттың тапсырмасымен Солтүстік Қазақстан облысының әкімі ­Ғауез­ Нұрмұхамбетовтың ресми қабылдауында болды. Облыс басшысы мен қаламгердің жылы жүздесуінде ел мен жер, халықтың бүгінгі жағдайы туралы пікір айтылып, еркін әңгіме өрбіді.
– Әкімге Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Мереке Құлкеновтің арнайы сәлемін айтып, ұсыныстарын жеткіздім. Өңір басшысымен Қазақстан Жазушылар одағы мен Солтүстік Қазақстан облысы әкімшілігі бірлесіп атқаратын мәселелерді талқыладық. Өңір басшысы біздің ұсыныстарымызды қолдайтынын айтты. Іссапар барысында қарсы алған, бірге жүрген Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетовке, Ішкі саясат басқармасы бастығының орынбасары, әнші Кемел Оспанов пен аппарат жетекшісі Руслан Әлішевке алғысымды айтамын, – деді Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, ақын Қасымхан Бегманов.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір