Ақынды сақтайтын да – АРДАҚ ЖЫРЫ…
24.10.2023
536
0

Ханбибі ЕСЕНҚАРАҚЫЗЫ

Күзгі бір сәт

Көз алдымда сарғайып, 
көз алдымда өлді өрік, 
Қызғылт-сары табытқа 
жапырақтарын көмді өрік. 
Жер сүзгенін көрмейін дегендей-ақ 
табиғат,
Боз тұманмен аумағын алды 
бүркеп, көмкеріп.
Кеше жап-жас жасылың бара 
жатты өртеніп, 
Сағағынан үзіліп, құлап жатты 
жер теуіп.
Тоңазыған денесі қара жердің салқындап, 
Жапырақты жамылды құрақ-құрақ көрпе ғып.
Тозады екен бәрі де, жоқ екен ғой 
тозбасым,
Мен де тоздым, қайтейін, аппақ қардай 
боз басым. 
Жадыратқан жанымды жапыраққа 
«қош» айтып, 
Терезенің сыртынан сорғалап тұр 
көз жасым!..
* * *
Қалың дәптер, қатпар-қатпар сыр жатыр,
Манаурамай тұр орныңнан, тұр, батыр!
Мұнда менің мөлдіреген көз жасым, 
Мұнда менің пәс көңілім шыңда тұр, 
Манаурамай тұр орныңнан, тұр, батыр!
Бұл дәптерде көрінбейтін тұлға тұр, 
Бұл дәптерде жылап аққан жылға тұр. 
Әртіс те емес және айтыс ақыны, 
Қараңғыда қалып қойған бір бақыр!
Сол бақырға артық түсер алтыннан, 
Айнымашы, сен бастапқы қалпыңнан. 
Қара бақыр қара жерге тартпаған,
Дәл өзімдей, мен айналдым халқымнан!
Бүгінді емес, ертеңді ойлап күлмедім, 
Байшыкеш пен жемқорларды тілдедім.
Тура айтып, туғаныма жақпадым, 
Көлік түгіл, шайтанарба мінбедім!
Оқасы жоқ, Абай «джипке» мінбеген, 
Халқын ойлап, қара тұтып күлмеген.
Махамбеттер «ақырып теңдік сұраған»,
Дүние-боқты зат деп көзге ілмеген!
Түлкі-өмірге тазы бола алмадым, 
Әділетке қазы бола алмадым.
Астанада алшаң басып жүрмедім, 
Өзің, халқым – бергенім де алғаным.
Қалың дәптер жазылмаған дастан боп, 
Қайғыға мұң, күлкіге күл шашқам жоқ. 
Елім барда, халқым аман тұрғанда, 
Менен бай жоқ, менен биік аспан жоқ!
* * *
Кештеу жаттым, несібемнен қалам деп, 
Таңмен тұрдым, таңдай таза болам деп. 
Зыр жүгірдім, бір жақсылық жасауға – 
Зыр жүгірген өзіме де обал жоқ!
Оятам деп көп көңілін қалғыған, 
Өлең тердім түбін қазып арғыдан. 
Том-том болып кітаптарым шықса да,
Айырмам жоқ, қоңыр төбел жарлыдан.
Көз алдымда қоғам топқа бөлінді,
«Бай-кедей» боп, «орташа» атқа телінді.
Дәулетті – озды, ал кедейі одан көп, 
Әлдіге – әлсіз, қотыр аттай жегілді.
Қызыл-жасыл жарнамалар «қолдағыш», 
(Цыгандарың жолда қалды алдағыш),
 Тосып алға гүлмен өрген қақпанын – 
Айтқаны да, қылғаны да – жалған іс.
Саудайылар… үміт еткен ел сенен, 
Бүгінде көп пайда тапқыш кеңселер. 
Тайдың бәсін – арғымақпен қайтарған, 
Қарыз емес қазағың жоқ, белшеден.
Ұры-қары гүлденіп тұр қоғамда, 
Түрмелерде орын да жоқ оларға.
«Бітімгерлік…» – заңның жаңа тармағы, 
Леп береді қарны жуан наданға!
«Күйлей алмай…» мына «ғажап» заманға, 
Ар мен қолдың тазалығы – жағаңда.
Ілесуден басқа амал қалмай тұр, 
Тазалықпен артын сүрткен қоғамда!..
* * *
Жазылғаннан қашпайсың маңдайыңа,
Парықсыздар мән бермес қал-жайыңа.
Жасыратын несі бар, сүрдім өмір,
Бал тамызып қайғының таңдайына!
Тілім ауыр, емеспін «тамаша» ақын,
Түсініп бақ, жетсе егер парасатың.
Кеңдігімді білген соң қалмай ерді, 
Бұралқы иттер сүйекке таласатын!
Сусатып кептіретін кенезені,
Мықты өлең ашып берер терезені. 
Ақынды сақтайтын да – ардақ жыры,
Ақынды жақтайтын да – өз өлеңі!
* * *
Көңіл – жайдақ, үй – суық, дала – тақыр, 
Бұл басыма туғандай заман ақыр.
О бастағы салт атты көш-көлігім 
Барған сайын ауырлап бара жатыр.
Алдағы өмір еткендей құлаққағыс,
 Қырық құлаштан қалғандай бір-ақ қарыс. 
Қара орманға от тиіп, күйік шалса, 
Артта жылап қалады-ау, бұлақ таныс…
Ақ бұлақтың шөп түссе, көзіне егер, 
Орманның да қозғалар кезі келер.
Ақыл-ойың орнында. Ал ендеше, 
Не болады, ар жағын сезіне бер!
Алғаным көп, өмірге бергенімнен,
Не тындырып, не қылдым келгеніммен?!
 Атпен қуып жетпейсің өткеніңе,
Қайта тағы шықпайсың жөргегіңнен.
Кете алмайсың, асығыс, кеме келмей, 
Не тірі емес, жүресің және де өлмей. 
Мүмкіндіктен бергенім – он-ақ пайыз, 
Жалақының салығын төлегендей!..

Атақ

Атақ бүгін шаршады, 
Арық қойдай нарқы жоқ. 
Бәзбіреулер аңсады, 
Болса-дағы, парқы жоқ!
Күмістелген бұл жабу 
Тиіс болса жорғаға.
Пайда болды қолдану, 
Есекке де, нарға да!
Тағаласа тұлпарды,
Көтерді есек аяғын. 
Шындық тағы бұлтарды, 
Демократия… баяғы!
Аттың жемін жегенмен, 
Тайдың жүгін көтерген… 
Қосақталған көгеннен… 
Босанып бір кетер ме ең?!
Құйылған шын болатты 
Мыс сезіммен бояймын. 
Болымсызға сол аттың 
Қор болғанын аяймын.
Тай жарыстан қай жарыс 
Озып жатыр дегейсің.
Арман емес, ақылың 
Жетпей тұрса, не дейсің?!
Алармыз-ау, аларын, 
Мінгендей боп пыраққа. 
Кәдеге аспай қаларын 
Білмейміз-ау, бірақ та!..

Жас ақынға

Тұманың мен жаңбырың, 
Менің сұлу тағдырым,
О, қоңыр күз!..
Автор
Қалың қалай, жас ақын, 
Бар ма сөзің қосатын?! 
Барады өтіп алтын күз,
 Өкшесін қар басатын.
Тұманы мен құйыны – 
Қоңыр күздің бұйымы. 
Алда боран, қыс жатыр – 
Қасқырлардың үйірі…
Қалың қалай, жас ақын,
 Көкжал жондар тосатын?!
 Қара жолдар көп болар, 
Пәпігіңді басатын!
«Өлең – менің арым» деп,
«Өлең – менің барым» деп 
Жүргеніңді бір сыншы, 
Бергені жоқ мәлімдеп!
Өмір сырын ашпайды,
 Әлдеқайда бастайды.
Емексітіп, еліртіп, 
Лақтырып тастайды!
Сөз сүлейін танисың, 
Жанды босқа жанисың. 
Айтыса алсаң – ардақты, 
Әртіс болсаң – байисың…
Қайырсыз ой қайдағы іздеп келіп,
Төсегімнен тұрамын жүз бүктеліп. 
Екіжүзді, жәдігөй, ымырашыл – 
Көз алдымнан өтеді тізбектеліп…
Есігімді тарс жауып алсам-дағы, 
Өзіммен-өзім болып қалсам-дағы, 
Сол көрініс көшеді көз алдымнан, 
Аза бойды қаза ғып жан салмағы!
Жан салмағы еді ғой қауырсындай, 
Мұзға тайған бүгін ол буыршындай. 
Қабан қорсыл, сүйреңін сауысқанның 
Мүмкін емес қабылдау ауырсынбай!
«Жынға пері қосылған» жынойнақтың, 
Сарынымен мөлдірді лайлаттың.
«Ақтың отын ақымақ сөндірер» деп, 
О, Құдайым, о баста кім ойлапты?!
Беті жылтыр болғанмен, ішегі лас, 
Ту сыртыңнан тондарын пішеді, рас! 
Қу түлкілер айналып өткен орға
Аң патшасы арыстан түседі, рас!

Тағы да өзің жайлы…

 соғып тұрушы ең жас шағымда, 
Дүние түгел, көңілдің асқағында.
«Қара жігіт» – бабамның рухтары – 
Шаршадың ба, мені әлде тастадың ба?
Жігер, қуат бойыңда тасығанда, 
Кім көрінген келеді қасыңа онда.
Желеп-жебеп жүрер деп ойлаушы едім,
Құлазыған көңілім жасығанда!
Жә, аруақ!
Қолдасай пақырыңды,
Жел кіндік жаулап алған ақыныңды! 
Мақсат өтті. Мұратқа жеткізе гөр,
Арманда етпей дүние-ғапылымды!
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір