Қос құрлықты қатар жайлаған өлке
15.03.2024
265
1

Батыс Қазақстан облысы – еліміздің солтүстік-батыс бөлігі мен Шығыс Еуропа жазығының оңтүстік-шығысында орналасқан өлке. Жер аумағы – 151,3 мың шаршы шақырым. Ақ Жайық атырабының халқы 700 000-ға жуық. Жайық жұртының 78,4 пайызын – қазақ халқы, 16,1 пайызын – орыс, 1,9 пайызын – украин, 1,4 пайызын – татар, ал қалған 2,2 пайызын өзге ұлт-ұлыс өкілі құрайды.

Ерке сылқым Ақ Жайықты жағалай қонған жайсаң елдің бірлігін бекемдеп, берекесін еселеу үшін, ынтымағын нығайтып, ырысын молайту үшін біраз жылдан бері 54 этномәдени бірлестік жұмыс істеп келеді. Азия мен Еуропа шекарасының кейбір бөлігі Жайық өзенінің бойымен өтетіндіктен 12 ауданнан құралған Батыс Қазақстан облысы қос құрлықты қатар жайлап жатқан өңір саналады.
Қазіргі заманғы қазақ әдебиетіне Ғұ­мар Қараш, Жұбан Молдағалиев, Тайыр Жароков, Қадыр Мырза Әли сын­ды алыптарды сыйлаған өлкеде бү­гіндері Қазақстан Жазушылар ода­ғы­ның жергілікті 26 мүшесі әдеби үдеріс­ке белсенді атсалысуда. Ақұштап Бақ­тыгереева, Айтқали Нәріков, Ғайсағали Сейтақ, Аманкелді Шахин, Дариға Мұштанова, Ұлдай Сариевадай алдыңғы лекке орта буын ілесіп, орта буынға жас толқын жалғасып, ел-жұртқа рухани әдеби қазына үздіксіз ұсынылып келеді.

* * *

Қасым АМАНЖОЛОВ – қазақ­тың өлең көгіндегі ең жарық жұлдыз­дар­дың бірі. Ол 1934-35 жылдары Батыс Қазақстан облыстық сол кез­де­гі – «Екпінді құрылыс», қазіргі «Орал өңірі» газетінің редакциясында қыз­мет істеген әрі ол сол жылдары Орал қаласындағы қазақ музыкалық теат­ры­ның қойылымдарына актер ретінде атсалысқан. Соғыстың қарсаңында Орал­дан Алматыға көшкен Қасым Аман­жолов майданға Алатаудың баурайынан ат­танған. Шығыстан Батысқа жол тар­тып, ақынды қанды қырғынға алып бара жатқан эшелон Оралда екі-үш сағат аялдаған екен. Жайық жұрты айтып жүрген аңызға бергісіз әңгімеге қарағанда Қасымның атақты «Оралым» өлеңі, әне, сол кезде жазылған. Елдің ай­туынша үшбу өлеңді жазып бола сала, редакцияға апарып беру үшін ақын командирінен сұранады. Алайда аласапыран соғыс уақыты ғой, командирі оны жібермегенге ұқ­сай­ды. Басқа амалы қалмаған ақын өле­ңін редакцияға жеткізуді перрондағы кез­дейсоқ бір кісіге вагонның терезесі арқылы аманаттаған деседі. Кім екені мәң­гілікке беймәлім болып қалған әлгі бейтаныс кісі сұрапыл соғысқа кетіп бара жатқан ақынның аманатына қия­нат жасамай, өлеңді редакцияға жеткізген көрінеді.

ОРАЛЫМ

Қасым АМАНЖОЛОВ

Оралым шықтың алдымнан,
Оралым менің, Оралым.
Қол созып қызыл вагоннан,
Үстіңнен өтіп барамын.

Оралым, сенің қойныңда,
Ойнақтап өткен жылдарым.
Жарқылдап Жайық бойында,
Достармен сайран құрғанмын.

Шағанның бойы көк шалғын,
Шалқамнан жатқам шаңқай түс.
Гүл болып менің құшағым,
Кеудеме қонған бұлбұл құс.

Өмірдің алтын кесесін,
Тосқанмын айдың нұрына.
Кешкенмін Совет көшесін,
Кеудемді ашып құрбыма.

Сонау бір шетте сонау үй,
Кетер ме, сірә, көңілден?
Алушы ед(і) тартып мені ылғи,
Махаббат, жастық лебімен.

Терезе алды жас терек,
Тұр екен кімдер сүйеніп?
Жүр екен кімдер еркіндеп,
Жүрегін ұстап үйге еніп?

Сағындым сені, Оралым,
Күндер жоқ бейбіт бұрынғы.
Келгенше қайтып оралып,
Алып қал осы жырымды.

Сіркіреп жаңбыр жауғанда,
Байқарсың өзің анықтап.
Жаным бір жүзер ауаңда,
Ауаңда сенің қалықтап.

Қош болшы енді, Оралым,
Күле бер шалқып, сайранда!
Айтпақшы, қайда бораның?
Кетейін алып майданға…

ПІКІРЛЕР1
Аноним 15.03.2024 | 14:51

Қасым АМАНЖОЛОВ – нағыз ақын ғой, нағыз ақын! «Қайда бораның?
Кетейін алып майданға», — дегенінде мән бар емес пе!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір