Қазақ күресі жаңа деңгейге шығады
Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігінде әскери спортты дамыту мәселелеріне арналған маңызды кеңес өтті. Кездесуге ҚР Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов, Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов және Халықаралық әскери спорт кеңесінің (CISM) Президенті Нилтон Гомес Ролим Филью қатысты.

Қорғаныс министрі кеңеске қатысушыларға әскери қызметшілер арасында қазақ күресінен өткен әлем чемпионатын дайындау және өткізу барысында көрсеткен қолдаулары үшін алғысын білдірді.
Талқылаудың негізгі тақырыптарының бірі әлемдік аренада ұлттық спорт түрі – Қазақ күресін одан әрі дамыту болды. Кеңес барысында Қазақ ұлттық күресін 2027 жылғы әскери қызметшілер арасындағы ойындар бағдарламасына енгізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Бұл спортты халықаралық деңгейде насихаттаудағы маңызды қадам.
Тараптар 2026 жылы Ресей Федерациясы аумағында қазақ күресінен келесі әлем чемпионатын өткізу туралы сұрақты талқылады. Бұл шешім қазақ күресіне деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді және әртүрлі елдердің әскери қызметшілері арасындағы спорттық және достық байланыстарды нығайтуға ықпал етеді.
Қабылданған шешімдер ҚР Қорғаныс министрлігі мен Халықаралық әскери спорт кеңесі арасындағы сенімнің жоғары деңгейін және табысты ынтымақтастықты куәландырады. Бұл халықаралық аренада Қазақстан Қарулы күштерінің имиджін нығайтуға елеулі үлес қоспақ.
Арнұр ТОЛЫБАЙ