Ғылым мен руханият­ты қатар серік еткен тұлға
15.07.2025
213
0

Қазақ елінің білім мен ғылым кеңістігінде өзіндік сара жолы, жарқын қолтаңбасы бар көрнекті ғалым, ұлағат­ты ұстаз, қоғам қайраткері, саясат­танушы-ғалым – Жанатбек Ешенқожаұлы Ишпекбаев биыл 60 жасқа толып отыр. Бұл – парасат­ты өмірдің, тынымсыз еңбек пен адал қызмет­тің, биік рух пен бекзат болмыстың белесі.
Саналы ғұмырын ұлтына, елінің өркендеуіне, рухани жаңғыруына, жастардың тәрбиесі мен отандық ғылымның дамуына арнаған Жанатбек Ешенқожаұлы – шын мәнінде, ұлт­тың ұлы мұратына қызмет етіп келе жатқан қайраткер тұлға.

Ғылымға адалдық – ғұмырға бағдар

Жанатбек Ешенқожаұлының ғылыми жолы терең білім мен көпжылдық тәжірибеге, ұлт­тық мұрат пен қоғамдық жауапкершілікке негізделген. Ол – Қазақ­стан Жоғары мектебі Ұлт­тық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Қытай Халық Республикасының Ханьшань педагогикалық институтының құрмет­ті профессоры, Ш.Уәлиханов атындағы мемлекет­тік сыйлықтың лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері.
Жанатбек Ешенқожаұлының негізгі ғылыми-зерт­теу еңбектері Тәуелсіз Қазақ­станның қалыптасуы мен дамуы, ұлт­тық сана мен тарихи жадыны жаңғырту, саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселелеріне арналды. 2004 жылы «Тәуелсіз мемлекет­тер достастығында саяси консенсусты қалыптастыру» тақырыбында кандидат­тық диссертация қорғап, саяси ғылымдар кандидаты ғылыми дәрежесін иеленді.
Ғылыми ізденістері мен педагогикалық қызметінің нәтижесінде 2011 жылы Абай атындағы ҚазҰПУ-дің академиялық профессоры атағына ие болды. Оның қаламынан туған алты монография, ондаған оқу-әдістемелік құралдар мен 100-ден астам ғылыми мақалалар еліміздің ғылымына сүбелі үлес болып қосылды. Оның еңбектері Scopus дерекқорына еніп, авторлық патент­термен қорғалған.

«Мәңгілік Ел» идеясының ғылыми негізін қалаған еңбектер

Жанатбек Ешенқожаұлының «Мәңгілік Ел» идеясына арналған іргелі еңбектері – отандық гуманитарлық ғылымның алтын қорына қосылған бірегей туындылар. Оның «Мәңгілік Ел осылайша сомдалған» және «Мәңгілік Ел қазағына хат» ат­ты монографиялары – Тәуелсіз Қазақ­станның тарихи шежіресін, рухани-мәдени қалыптасу жолын терең зерделейтін, ұлт­тық сана мен болмысты ғылыми негізде байыптайтын еңбектер.
Аталған еңбекте қазақ ұлтының тамырынан бүгінгі өркеніне дейінгі тарихи эволюциясы, қоғамдық санасы мен интеллектуалдық әлеуеті философиялық, саяси, мәдени тұрғыда зерделенген. Абай мұрасы мен ұлт­тық тәлім, ұрпақ сабақтастығы және рухани жаңғыру мәселелері ғылыми-теориялық негізде талданып, оқырманға тың ой салады. Бұл еңбек үшін Жанатбек Ишпекбаев 2023 жылы гуманитарлық ғылым саласындағы үздік зерт­теуі ретінде Шоқан Уәлиханов атындағы Мемлекет­тік сыйлықтың лауреаты атанды.

Ұстаздық пен азамат­тықтың үлгісі

Жанатбек Ешенқожаұлының еңбек жолы қарапайым мамандықтан басталып, ғылым мен педагогика саласында биікке көтерілді. Абай атындағы ҚазПИ-дің (қазіргі – Абай атындағы ҚазҰПУ) қазақ әдебиеті кафедрасында оқытушыдан бастап, ректор көмекшісі, тәрбие жұмысы және әлеумет­тік даму жөніндегі проректор, ректор кеңесшісі, бүгінде – Ректор Аппаратының басшысы қызметін абыроймен атқарып келеді.
Сонымен қатар ол – «Саясат­тану және әлеумет­тік-философиялық пәндер» кафедрасының профессоры, тәрбие және рухани даму саласында терең теориялық негіздерге сүйенген бірегей бағдарламалардың авторы.
Оның бастамасымен құрылған «Абай мектебі» ұйымы мен екі жылда бір өтетін «Абай әлемі» фестивалі – студент жастардың ұлт­тық құндылықтарға деген қызығушылығын арт­тырып, рухани тәрбиенің үздік үлгісіне айналды. Сондай-ақ ұлтаралық келісімді нығайтатын «Бірлік» студент­тік Ассамблеясы да профессордың елдік мүддеге сіңірген еңбегінің бір парасы.

Қоғамдық қызмет­тегі қайраткерлік келбет

Жанатбек Ешенқожаұлы – еліміздің қоғамдық-саяси өміріне де белсене араласқан азамат. Ол Қазақ­стан халқы Ассамблеясының белсенді мүшесі, «Amanat» партиясының бастауыш ұйымдарында төраға орынбасары, бірнеше мәрте ҚР Президенті мен Мәжіліс, мәслихат сайлауларында қоғамдық штаб жетекшісі болды.
Мемлекет­тік тілді дамытуға арналған бастамаларда да ол алдыңғы шепте жүр. Қазақ тілінің мәртебесін арт­тыру бағытында оқу құралдарын әзірлеп, терминологиялық сөздіктер авторлығына атсалысып, тіл мәдениетінің дамуына мол үлес қосты. Бұл еңбегі еленіп, 2024 жылы «Ахмет Байтұрсынұлы» төсбелгісімен марапат­талды.
Одан өзге де елге сіңірген еңбегі мемлекет­тік деңгейде жоғары бағаланып, Жанатбек Ешенқожаұлы 2018 жылы «Құрмет» орденінің иегері, «Қазақ­стан ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін», «Білім беру ісінің құрмет­ті қызметкері», «Ы.Алтынсарин» төсбелгілерінің иегері, ҚР Тәуелсіздігінің 20, 25, 30 жылдығына арналған мерейтойлық медальдардың иегері, Панфилов ауданының Құрмет­ті азаматы атанып, ҚР Президентінің бірнеше мәрте Алғыс хат­тарымен марапат­талды.
Парасат иесінің парақталған өмірі
Жанатбек Ешенқожаұлы – бүгінгі ұрпақтың ғана емес, болашақтың да жүрегіне ой салып, ұлт мұратына бағыт беретін азамат. Ол – өз халқының жанын ұққан, рухын таныған, тарихын зерделеген, ертеңіне сенген тұлға. Оның еңбектері мен ой-толғамдары – қазақ ғылымының ғана емес, ұлт­тық руханият­тың асыл қорына айналды.
Осылайша, 60 жасқа парасатпен жеткен, елін сүйген, елі сүйген Жанатбек Ешенқожаұлы – қазақ ғылымының шамшырағы, ұлт рухының темірқазығы.

Абай атындағы
Қазақ ұлт­тық педагогикалық
университетінің баспасөз қызметі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір