«НАРКЕСКЕН» – ҚИҒЫР ҚЫЛЫШ
17.06.2024
74
0

Жазушы Әбділдабек Салықбайдың «Наркескен» атты хикаяттар жинағына «Наркескен», «Интернаттың баласы», «Топжарған» атты үш туындысы енген екен.

Кітаптың атауын иеленген «Наркескен» хикаятына қазақтың 5 облысын біріктірген Тың өлкесін Ресейге қосып алуды көздеген Н.С.Хрущевке қарсы шығып: «Елмен санаспасаңыз, КСРО Конституциясын өзгертіңіз, тыңдамасаңыз, халықты көтереміз, Гаагадағы Халықаралық сотқа жүгінеміз», – деп, өзімдікі ғана жөн дейтін өктем басшыны айтқанына көндіріп, райынан қайтарған Жұмабек Тәшеновтің қайтпас қайсар мінезі мен жанкешті ерлігі арқау болған. Наркескен дегеніміз – қос қыры бірдей өткір, болаттың ең асылынан соғылған қиғыр қылыш. Бес жылдай Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы және тоғыз ай Министрлер Кеңесінің төрағасы болған аз ғана ғұмырында қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы, тарихы мен тілі, әдебиеті мен өнерінің жоқшысы, жанашыры бола білген, қазақтың әр өнерпазы мен батырын қастерлеген Жұмабек Ахметұлы – міне, осы наркескендей арда азамат, ерен тұлға еді.
Хикаяттың оқиғасы – 1961 жылдың 6 қаңтарындағы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Ж.Тәшеновтің мәселесін май шаммен қараған Саяси Бюросы өтетін күнгі таңертеңнен басталып, басқосудың ұлт жанашырын тағынан тайдыруымен аяқталады. Бас кейіпкер басқосуда өзін сынай сөйлеген әрбір әріптесі туралы толғанып, сонымен бірге өткен күндерін кинокадрларындай көз алдынан тізбектете өткізіп отырады. Оқырман да бас кейіпкермен бірге өткен өмірге саяхат жасап, болған оқиғаның Хрущевтің сценарийіндегідей емес, ақиқат шындығына куәгер болады. Сценарийдің, спектакльдің авторы Жұмабек Ахметұлының егескен жауы – Н.С.Хрущев. Бас орындаушы – Жұмекеңнің бәсекелесі Д.А.Қонаев. Саяси Бюроның қалған мүшелері – «әртістер», олар өздеріне берілген рөлдерді мүлтіксіз орындап шығады. Барлығы жабылып, осыдан жарты айдай бұрын ғана мақталған, ал енді «қолынан іс келмейтін, іске алғысыз маман» ретінде Ж.Тәшеновті Министрлер Кеңесінің төрағасы қызметінен босатады. Бірақ
хикаят одан да керемет, одан да ғажап нотамен аяқталады. Мәскеуден телефон шалып, сүйінші сұраған С.Кенжебаев Ж.Тәшеновті орнынан босатқанымен, Н.С.Хрущевтің қазақтың 5 облысын біріктірген Тың өлкесін Ресейге қосып алу ниетінен бас тартқанын хабарлайды.

* * *

Таяуда Қазақстан Жазушыларының кітапханасында аталған кітаптың тұсаукесері өтті. Бұл жинақ «Атамұра» баспасынан келісті мұқабамен безендіріліп шыққан екен. Тұсаукесерді жүргізген жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, республикалық «Балдырған» журналының бас редакторының орынбасары Серік Нұғыман алдымен бұл кітапқа қысқаша шолу жасап, келген қонақтарды таныстырды. Басқосудың беташар сөзін ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Жақып алды. Ол Әбділдабек Салықбайды жаңа кітабының жарық көруімен құттықтап, Қазақстан Жазушылар одағының алғысхатын тапсырды. Салтанатты рәсімнің соңында Бауыржан Жақып, «Атамұра» корпорациясының президенті Рақымғали Құл-Мұхаммед және тарих ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі Берекет Кәрібаев «Наркескен» кітабына байланған әдемі лентаның күрмеуін шешті.
Алғашқылардың бірі болып сөз алған жазушы, драматург, аудармашы «Жұлдыз» журналының жауапты хатшысы Нұрлан Қами «Наркескен» хикаяттар жинағына недәуір шолу жасады. «Атамұра» корпорациясының президенті, баспагер Рақымғали Құл-Мұхаммед автордан бұл шығармаларын өзі ат-түйедей қалап алып бастырғанын айтты. Үш хикаяттың арасынан «Наркескенге» жеке-дара тоқталып, Жұмабек Тәшеновтің ерен ерліктеріне тәнті болғанын тамсана жеткізді. Осы арада баспагердің қаламгерлерден еш қалыспай, аса көркем әрі шешен сөйлегенін баса айтқымыз келеді.
Қазақстан Жазушылар одағына қарасты проза кеңесінің төрағасы, жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Қуандық Түменбай мен Қазақстан Жазушылар одағына қарасты балалар әдебиеті кеңесінің төрағасы, жазушы, филология ғылымдарының докторы Нұрдәулет Ақыш «Наркескен» кітабы туралы мәнді де мазмұнды пікірлер айтты.
Тұсаукесер кешінің барысында Талдықорғандағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушысы Жәнібек Кенжебек «Наркескен» хикаятынан, Алматыдағы Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектеп-интернаттың 11-сынып оқушысы Еңлік Мұхтар «Интернаттың баласы» хикаятынан үзінді оқыды.
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Әбубәкір Қайран, жазушы, Алматыдағы №156-мектептің мұғалімі Айзат Рақыш, көсемсөзші Ермек Жұмахметұлы, ақын, «Жұлдыз» журналының бөлім меңгерушісі Жұмабай Құлиев, Зейнолла Сәнік атындағы қордың атқарушы директоры, белгілі ақын Серік Қалиев кітап жайлы тебірене сөйледі. Тұсаукесердің қорытынды сөзін айтқан жазушы Әбділдабек Салықбай мен құрметті кітапханашы, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның Мәдениет қайраткері Елена Ағайса, Қазақстан Жазушылар кітапханасы жетекшісінің міндетін атқарушы Естияр Исабеков келген, қатысқан қонақтар мен оқырманға алғысын білдірді.
Әбділдабек Салықбайдың «Наркескен» хикаяттар жинағының тұсаукесеріне оқырман әдеттегіден көп жиналып, зал лық толды. Осылайша, қазіргі заманғы қазақ прозасы тағы бір жаңа кітаппен толықты.

Қуаныш ДАУТ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір