Мәңгіліктің ақыны
Қазақ әдебиетінің аса ірі өкілі, Мемлекеттік гимннің авторы, көрнекті ақын Жұмекен Нәжімеденовтің туғанына 90 жыл толуын оның туған жері Атырау өлкесі республикалық деңгейде атап өтті. «Бұтақтарым биікте, тамырларым тереңде» деп жырлаған ақынның айбыны асқақ, айдыны терең мұрасын келешек ұрпақ алдында мәңгілеу үшін жасалған іс-шаралар бірнеше күнге жалғасты.
Ұрпағым, саған айтам…
Талай дарынды ұл мен қызды құндағына орап, алтын бесік болған Атырау өңірінде 2016 жылдан бері «Ұрпағым, саған айтам» атты республикалық көркемсөз оқушылар байқауы тұрақты өткізіліп келеді. Биыл ақынның мерейтойына орай өткен байқауға еліміздің сан түкпірінен Жұмекен жырларын жатқа оқыған 18–35 жас аралығындағы мәнерлеп оқу шеберлері қатысты. Жұмекен шығармашылығын білетіндер, оның ойлы жырларын құлақпен естігеннен гөрі, көзбен көріп, тылсымына бойлап оқуға арналған ерекшелігін жақсы біледі. Соған қарамастан, биылғы көркем сөз байқауына қатысушылар Жұмекеннің көрінгенге бойлатпайтын жұмбақ та сырлы жырларын жан әлемінен өткізіп, тыңдарманға сәтті жеткізе білді. Байқауға белгілі жұмекентанушы ғалымдар Амангелді Кеңшілікұлы, Алмас Ахметбекұлы, ақынның перзенті Қарлығаш Жұмекенқызы және осы мақала авторы қазылық етті. Қазылар алқасының төрағасы, Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы Мереке Әбдешұлы Құлкенов жырсүйер көрерменге ақын шығармашылығы туралы жылы лебіз білдірді. Ақтөбе, Маңғыстау, Қарағанды, Астана, Түркістан, Шымкент және Атырау өңірінен қатысқан көркемсөз шеберлері ақын өлеңдері мен көркем прозасынан үзінділер оқып, тыңдарман көңілін тебірентті. Байқаудың бас жүлдесін маңғыстаулық жас дарын Көркем Дүйсенбаева иеленді.
Ұлт өлеңінің үштағаны… Ашақ қонысы…
Құндағы құтты Құрманғазы өңірі – Жұмекен ақынның кіндік қаны тамған киелі мекен. Қазақ күй өнерінің қайнар бұлағы саналатын Еділ мен Жайық арасын ен жайлаған осынау мекенде қанатты қыз, Халық Қаһарманы Хиуаз Доспанованың, ел шекарасын бекітуде ерен еңбек еткен қайран ер Уәлихан Танашевтың, «қазақ әдебиетінің ақша бұлты» Әбу ақынның, сын өнерінің дүлдүлі Зейнолла Серікқалиевтың, көрнекті жазушы Рахымжан Отарбаевтың дүние есігін ашқаны баршаға мәлім. Жұмекеннің «Ақ шағыл», «Кішкентай» романдарының оқиғасы өткен, балдырған шағына куә болған Қошалақ құмы, Ашақ-Мәші қонысы ұлы ақынның мерейлі жасына арнайы шақырылған алаштың ақын-жазушыларын құм суырған қыр дауылымен қарсы алды. Жалпы, Жұмекен жырлаған жеті бояудың ішінде «қоңыр» деген ұғымның айрықша орын алатынын ескерсек, ақын қаламына жұққан, көкейінен төгілген сол қоңыр әуеннің бастау алған тұсы да осы Қошалақ өлкесі.
Ала таңмен Жұмекендей құбылысты дүниеге әкелген киелі топыраққа тағзым ете келген ақындарды белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, осы өлкенің төл перзенті Сәрсенбай Еңсегенов, аудан әкімі Абат Жанғалиев, жергілікті жазушы, Құрманғазы ауданының белгілі азаматы Өмірзақ Қажымғалиевтер қарсы алды. Жұмекен еліне бет түзеген қаламгерлер керуенін көрнекті ақындар – Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Гүлнар Салықбай, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері Светқали Нұржан, жұмекентанушы ғалымдар Амангелді Кеңшілікұлы, Алмас Ахметбекұлы, Маралтай Райымбекұлы, Ербол Алшынбай, Әнуар Бимағанбетов, Хамит Есаман, Шерхан Талап және атыраулық белгілі ақындар бастады. Ашақ төбесінде Ж.Нәжімеденовке арнап тұрғызылған ескерткіш басында ақын жырлары оқылып, Қошалақтың тарихы мен аңыздары айтылды. Жұмекен ақынның әкесі майданға аттанғанда атасы Нәжімеден жалғыз ұлының табан таңбасын Ашақ сорына түсіртіп, үстіне қазан жапқан екен. Ұлын сағынғанда төңкерулі қазанды көтеріп, арманда кеткен боздағын еске алған әке сағынышы – тек Жұмекеннің ғана емес, көптеген ақын-жазушылардың қаламын тербеген әсерлі оқиға.
Қошалақтан шыққан қаламгерлерді аудандық Мәдениет сарайында сөз қадірін тамырынан сіңірген құрманғазылықтар асыға күтті. Өлеңсүйер қауым «Ұлт өлеңінің үштағаны» атты поэтикалық-музыкалық кеште Жұмекенмен қатар, туғанына 90 жыл толған Тұманбай Молдағалиев пен Қадір Мырза Әліні де еске алды. Сырлы поэзия мен сұлу саз егіз өрілген кеш ұлт руханиятына ұлы перзенттерін сыйға тартқан құрманғазылықтардың есінде ұзақ уақыт айта жүрер елеулі күндердің бірі боп қалды.
Ғасыр үні…
Атыраудағы Жұмекен күндерінің кезекті таңы Әбілқайыр хан даңғылы бойындағы ақын ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Тағзым ету іс-шараларынан соң, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде «Жұмекен жырлары – ғасыр үні» атты республикалық конференция өтті.
Жиынды ашқан облыс әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов: «Менің Қазақстаным» өлеңі ақынның 21 жасында жазылған. Жұмекен – қазақтың кең-байтақ даласынан шығып, болмыстың терең сырларын айқара ашып түсіндірген философиялық ойлардың иесі, прозалық туындылары арқылы парасаттылықтың шыңын көрсетіп кеткен тұлға», – деп ерекше атап өтті. Танымал ақын тұлғасы мен мұрасын насихаттауды мұрат еткен игі шарада Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хаты оқылды.
Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы Мереке Құлкенов өз сөзінде ақынды: «Ашақта бұйра-бұйра құмдардың арасында туып, сондағы бұта-бұтамен, құмның сусылымен сырласып өскен, содан да өлеңдері қоңыр туған», – деп сипаттай келіп, Жұмекен шығармашылығынан оның «Төбемде бұлттар жарысты» «Қыран-қия» өлеңдері мен Мәскеуде жазылған «Ақ шағыл», «Кішкентай», «Даңқ пен дақпырт» атты романдарына тоқталып өтті. Өз кезегінде мемлекет және қоғам қайраткері Сәрсенбай Еңсегенов Жұмекенді әдебиетке жетелеген Әбу Сәрсенбаевтан бастап, өмір жолында кездескен, қолдаған бірқатар жандарды атап өтіп, Жұмекеннің қайсар, турашыл мінезіне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, ақынның кеңес өкіметінің тұсында баласына Мағжан есімін қоюы және оны бір жасқа толғанда Мағжанның әйеліне ертіп апаруы көзсіз ерлік болатын. Конференцияда ақын, жұмекентанушы Алмас Ахметбекұлының «Ұлт ұраны және Ұлы ақын» кітабының тұсаукесер рәсімі өтіп, Мереке Әбдешұлы мен ақынның қызы Қарлығаш Нәжімеденова жаңа еңбектің лентасын қиды. Ақын, жұмекентанушы Алмас Ахметбекұлы «Ұлт ұраны және Ұлы ақын», ақын, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Светқали Нұржан «Ж.Нәжімеденов шығармашылығы туралы сөз», сыншы, публицист, жұмекентанушы Амангелді Кеңшілікұлы «Жұмекен – ұлт ақыны», Атырау университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, жұмекентанушы Қадір Жүсіп «Жұмекен – биік тұлғалы талант» тақырыбында баяндама жасады. Жұмекентану ғылымын жандандырып, сан қырлы шығармашылығын әлі де толықтырып зерттеу керектігі айтылып, талқыланды.
Жұмекен ақынның қызы Қарлығаш Нәжімеденова әкесінің туған жерін ерекше құрметтеп, көп жырлағанын айта келіп, ол кісінің шығармашылығы бойынша кинофильм түсірілсе деген арманы барын жеткізді. Конференция қорытындысында ақын мұрасын насихаттау және зерттеу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу мақсатында Атырау өңірінде «Жұмекен орталығын» құру, жұмекентану бағытын дамыту мақсатында республикалық әдеби байқау, «Жұмекен оқуларын» жыл сайын ұйымдастыру, ақынның шығармашылығын, кітаптарын әлемдік деңгейде насихаттау жөнінде қаулы қабылданды.
Жыр-Жұмекен…
Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың еңселі руханият залында өткен республикалық поэзия фестивалінде жергілікті поэзия оқырмандары мол жиналды. Жыр кешін облыстық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Әбіл Жоламанов ашып, ақынның туған жерінде өтіп отырған өлең мерекесіне сәттілік тіледі. Жиырмаға жуық жазба поэзия өкілі өлең мінберінде Жұмекен ақынның жырларын жатқа оқып, өздерінің көкейкесті туындыларын ұсынды. Белгілі ақын Бақытгүл Бабаш жүргізген жыр кешінен оқырмандар ерекше әсермен тарады.
«Менің Қазақстаным» Гала-концерті…
Еділ-Жайық арасын дүбірлете өткен ұлы ақынның мерейтойлық іс-шараларының жалғасы қаланың орталық стадионында мыңдаған көрермен жинады. «Менің Қазақстаным!» гала-концерті қалың көрерменді жыр мен күйге, сыр мен сезімге бөледі. Сахна төрінде Атырау өңірінен түлеп ұшқан өнер иелері — әншілер, күйшілер, ақындар мен жергілікті өнерпаздар өнер көрсетті.
Рухты жырдың иесі, ұлы Жұмекенге арналған іс-шара аясында 1000-нан астам адам қатысқан ерекше көрініс ұйымдастырылды: қатысушылардың бірлесуімен Мемлекеттік Ту мен ақынның бейнесінен құралған әсерлі мозаика жасалып, көпшіліктің көзайымына айналды. Бұл халықтың бірлігі мен рухани тұтастығын бейнелейтін терең мазмұнды көрініс болды. Бірнеше күнге созылған Жұмекен күндерінің негізгі мақсаты ақын есімін келешек ұрпаққа жеткізу, өлмес мұрасын насихаттау болса, атыраулық жастардың аталмыш іс-шараға белсене қатысуы, Жұмекен жырларын жатқа оқу челленджін ұйымдастыруы, осы өңірден шыққан барша өнер иесінің Жұмекен рухына қызмет ету үшін туған жер төсінде түгел басқосуы үлкен символдық мәнге ие болды.
Ұлттық өнер – Жұмекенге…
«Жыр жұлдызы – Жұмекен» атты мерейтойлық іс-шараларды қорытындылаған «Менің Қазақстаным» республикалық ақындар айтысы Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен, облыстық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы мен облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен жоғары деңгейде өтті.
Айтыстың басты мақсаты – халқымыздың асыл мұрасын жаңғыртып, ана тіліміздің құдіретін дәріптеу, Жұмекен есімін ұлықтау және ел бірлігі мен отансүйгіштік рухты арттыру еді. Бес сағатқа созылған айтыста еліміздің түкпір-түкпірінен келген он екі ақын екі айналым бойынша суырып салып, ел мен жерге деген сүйіспеншілікті жырға қосты.
Жыр-түйін…
Бір бүйірде қызса деп ем өлеңім,
Бір ұйқыны бұзса деп ем өлеңім.
Ақылдыға қайғы алдырсам деп едім,
Ақымақты ойландырсам деп едім…
Жұмекен-жырдың мұраты – осы… Туған жерінде өткен Жұмекен күндерінен соң әркім әрқилы ой арқалап кетті. Сол әр көкіректегі арманның барлығы «Жұмекен – мәңгіліктің ақыны» деген жалғыз арнаға тоғысса керек…
Әлия Дәулетбаева,
Қазақстан Жазушылар одағының Атыраудағы өкілі