Еңбектің күші – ел болашағы
Қазақстан Президенті өз Жолдауында биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауы қоғамда үлкен серпіліс туғызды. Бұл бастаманың басты мақсаты – ел экономикасын дамытуда маңызды рөл атқаратын жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеру, мамандарды қолдау, жастарды адал еңбекке баулу болмақ.
Сондай-ақ кәсіптік білім беруді жан-жақты жетілдіріп, жұмысшы мамандарын даярлау ісіне айрықша көңіл бөлудің ел дамуына ерекше ықпал ететінін өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Сондықтан да бұл бастама қоғам үшін ерекше маңызға ие болып отыр. Себебі еңбек нарығында кәсіби-техникалық мамандардың жетіспеушілігі көптен бері айтылып келеді.
Президенттің бастамасы жұмысшы мамандықтарының беделін көтеріп қана қоймай, жастардың еңбекке деген көзқарасын қалыптастырады. Бұл бағытта кәсіптік білім беру жүйесі жаңартылып, колледждер мен оқу орталықтарының материалдық-техникалық базасы күшейтіледі. Сонымен қатар оқыту тәсілін жетілдіру арқылы студенттер тек теориялық білім алып қана қоймай, тәжірибелік дағдыларға да ие болады. Бұд әкономиканың ғана емес, еліміз бен қоғамымыздың дамуына да оң әсер етеді.
Бүгінде еліміздің өндірісі мен құрылысында, ауыл шаруашылығында, көлік және қызмет көрсету саласында білікті жұмысшы мамандарға сұраныс өте жоғары. Жаңа технологиялар қарыштап дамып жатқан заманда кез келген кәсіпорынның табысты жұмыс істеуі кәсіби маманға тікелей байланысты.
Мемлекет бұл бағытта бірқатар бағдарламаларды жүзеге асыруда. Кәсіптік-техникалық колледждер заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталып, жастардың сапалы білім алуына мол мүмкіндік жасалуда. Сонымен қатар жұмысшы мамандық иелерін ынталандыру мақсатында жалақыны көтеру, әлеуметтік тұрғыдан қолдау көрсету, өз істерін жетік меңгерген майталман жұмысшыларды марапаттау шаралары қолға алынуда. Бұл да болса еңбектің нәтижелі болуына тікелей ықпал етеді.
Бүгінгі таңда елімізде жоғары білім алған жастар саны артып отырғанымен, нақты өндірістік салада, ауыл шаруашылығында, құрылыс пен қызмет көрсету салаларында білікті мамандар тапшылығы сезіліп отыр.
Мемлекет тарапынан жұмысшы мамандықтарына көрсетілетін қолдау – әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етудің бір жолы. Әрбір адал еңбек иесінің еңбегі лайықты бағалануы тиіс. Жалақының өсуі, әлеуметтік кепілдіктер мен кәсіби дамуға жағдай жасау – жастарды осы салаға қызықтырудың негізгі тетігі болмақ.
Жұмысшы мамандықтарының жылы – Қазақстанның еңбек нарығын жаңғыртуға, өндірістің барлық саласын дамытуға, ең бастысы, жастардың болашағына жаңа мүмкіндік ашуға бағытталған маңызды қадам. Еңбектің қадірін түсінген ел ғана дамудың биік шыңына жете алады.
Осыған орай Қазақстан Жазушылар одағы мен Қазақстан Республикасының Ұлттық инженерлік академиясы «Еңбек адамы – 2025» байқауын ұйымдастырып отыр. Біз де бұл бастаманы ұжым болып қолдап отырмыз. Өз саласында айтулы жетістіктерге жеткен кәсіби мамандардың қажырлы еңбегі мен мол тәжірибесін көркем әдебиет арқылы қалың жұртшылыққа етене таныстырып, кеңінен насихаттаудың маңызы өте зор. Бұл қазіргі кездегі инженер мамандарды көптеп даярлауға септігін тигізіп, жастардың бұл мамандықтарға деген қызығушылығын оятары сөзсіз. Әрбір мамандық иесі өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарап, жұмысын адал атқаруы тиіс. Адал еңбек етіп, аянбай тер төккен адам қашан да төрден орын алып, еңбегінің жемісін көріп, құрмет-қошеметке бөленері анық.
Жақсы ұстаз-маман жақсы шәкірт шығара алатыны даусыз. Сол үшін де жас ұрпаққа жақсы білім бере отырып, білімді де білікті маман етіп қалыптастыру – кезек күттірмейтін іс. Бүгінде бүкіл әлем жаңаша даму мен автоматтандыру жүйесіне жанталаса еніп, жаһандандыру үрдісінен шет қалып қалмау үшін барын салып жатқанда біз де ертеңгі болашағымыз бен индустриямыз үшін сергек те серпінді қозғалатын білімді жастарымызбен қарқынды даму көшінің алдында жүруге талпынуымыз қажет. Сонда ғана жаһандану толқынына жұтылып кетпей, дамыған ел ретінде алпауыт елдермен серттесе аламыз.
Колледжіміздің басты мақсаты – жастарға білім беру, тәрбиелеу, ірі және шағын өндірістер мен өнеркәсіп орталықтарын жұмысшы күшімен қамтамасыз ету ғана емес, сонымен қатар өз кәсібін ашып, өз шаруашылығын алға сүйрейтін кәсіпкер іскер, заманауи техника мен технологияны жетік меңгерген, жан-жақты қабілеті бар маман дайындау.
Жұмысшы мамандығын таңдаған әрбір жас – елдің кемел болашағы үшін жауапкершілік арқалаған азамат. Жұмысшы еңбегін қадірлеу – бәріміздің парызымыз. Ендеше, «Жұмысшы мамандықтарының жылы» – бұл тек атаулы жыл емес, ел дамуына үлес қосып жүрген қарапайым еңбек адамын бағалау, олардың мәртебесін арттыруға бағытталған маңызды қадам.
Майра Шалабаева,
халықаралық инженерлік-технологиялық
университет колледжінің директоры