МҮСӘПІР ЕЛДІҢ ТАҒДЫРЫН КІМ ОЙЛАЙДЫ?
08.04.2016
2380
0

Untitled-8

Медеу СӘРСЕКЕ

«Семей полигонынан зардап шегуші ретінде маған берілген 02-001916-санды куәлікте ядролық жарылыс астында 37 жыл болғаным ресми расталған. Демек, мен осы кітапта сөз болатын шерлі оқиғалардың бәріне дерлік тірі куәгермін. Туған еліммен бірге басымнан кешкен ғасырлық қасіретті жария етпей өмірден аттансам – жер басып жүргеніне мәз тоғышардың бірі болам-ау деген жегі ой мені жиі мазалап, әсіресе полигон таратқан ауыр дерттен білікті дәрігерлер жәрдемімен сауыққан кезімде жазу үстеліне шегендегені анық…» – деген жан сырын Медеу Сәрсеке «СЕМЕЙ ҚАСІРЕТІ» атап, 80 жастың өріне көтерілерде, Астанадағы «Фолиант» баспасынан жыл басында жарық көрген, 852 бет, түрлі-түсті, кейбірі жантүршігерлік суреттермен безенген деректі хикаятының алғысөзінде бекерге жазбаған.

      1949-1991 жылдар аралығында Ертіс атырабындағы қалың ел азабын тартқан ядролық жарылыстар зобалаңы – Қазақ даласы өткен ғасырда  тартқан қайғы-шердің зоры. Ең ғажабы, жазушы сол тарихты ашу жолында ұлттық рухы биік бекзат тұлғаларымыздың (Әуезов, Сәтбаев, Қарынбаев және Атшабаров) Уақыт көшінде ұмыт болған әрі қатыбас заман кезінде айтқызбаған жанқиярлық ерліктерін қайыра жаңғыртқан.

 

1957 жылдың күзінде Мұхтар Әуезов алпыс жасқа толар қарсаңда туған еліне еру болуға қамданған. Жанашыр достары: «Мұха, осы сапарға бармағаныңыз жөн, туған халқыңыз мерейтойыңызды Алматы мен Мәскеуде дүбірлетіп өткізеді. Соған да қанағат етіңіз…» – десіп, Шыңғыстау түгілі Семейге де жібермеуге үгіттеп баққан. Зады, бұл шынайы тілеулестерінің ұлы замандасын қауіп-қатерден сақтандырған ізгі тілегі. Сөйткен себебін тек айтпаған. Өйткені, Қазақстанның зиялы қауымына Семей атырабында, әсіресе әскери полигонмен көршілес отырған Абай ауданының тұрғындары арасында аққан мен қылтамақ сырқаты ерекше деңдеп, талай отбасы ауыр қасіретке душар болғаны, оның нақты күнәкары немене екеніне жұртшылық құлағдар болатын…

1945 жылдан беріде, ұлы Абайдың туғанына жүз жыл толған мерейтойдан кейін кіндік қаны тамып, жастық шағы өткен өңірге ат ізін салмаған, бір басына үйіп-төгілген алуан міндеттер мен әдеби, ғылыми жұмыстардан да уақыты болмай, бірақ туған жерге деген іңкәрі ешуақытта суымаған Мұхтар Омарханұлы әріден толғайтын әдетімен: «Әй, пәле-ай, бұл уәждерің, ағайын, менің көңіліме жағымды сөз емес. Елді сағындым, ата-бабама құтты қоныс болған Бөрліге соқпай, кәрі Шыңғыстың бөктеріндегі қаусар бұлақтарынан су ішіп, бозбала кезімде алтыбақан тепкен көкорай шалғынына аунап-қунамай іштегі іңкәр өксігім, сірә, тарқар ма?! Қойыңдар бұл сөзді, алпысты алқымдаған кексе де бала, Семейге барамын. Бұл сапардан мені айнытпаңдар, ел-жұртым да сағынып отыр деген хабарды естідім…» – деген-міс.

Ақыры, сөйтті. Қимас достары Қаллекиді (КСРО-ның Халық әртісі Қалибек Қуанышбаев), Есетті (көрнекті әдебиетші Есмағанбет Ысмайылов), кәнігі аудармашы Мұхтар Жанғалинді, Шыңғыстау өңірінде бірге өскен жерлесі, журналист Ғайса Сармурзиннің ғалым қызы Мәстураны, белгілі ақын Ғали Ормановты ертіп, қыркүйектің 20-жаңасында Семейге келген. Ертістің екі жағына бірдей қанат жайған қаланы көріп, өзі оқыған 5-сыныпты мектепті, оқытушылар семинариясын, пәтерде тұрған үйлерді аралап мәре-сәре күй кешіпті. Абай атындағы Семейдің қазақ драма театрында қала халқы сүйікті жазушысымен кездесті. Семей жұртының үлкенді-кішілі өкілдері мерейтой иесіне жүрекжарды лебіздер айтып, сый-сияпаттар жасаған, қаламгердің өзі де жан сырын ақтара сөйлеген. Келесі күні Абай ауданына бет түзейді. Жолшыбай жарық дүниеге келген Бөрліге ат басын бұрып, ата-бабасының, анасы Нұржамалдың, әкесінен алты жасында айрылғанда өзіне қамқоршы болып, Семей шәрінде оқытқан ағасы Қасымбектің бейіттеріне соғып, дұға оқиды. Одан кейінгі кездесу Қасқабұлақ аулында өтеді (осы шаруашылық бертінде М. Әуезовтің есімін иеленіп, кеңшар атанды). Бұл ауылда жазушы ескі таныстарын кездестіреді: 84 жастағы Ыбрайша шалды, Абай шығармаларын кестелі жазуымен көшіріп, саф қалпында біздің заманға жеткізген Мұрсейіт ғұламаның туған қарындасы, сол күнде 103 жастағы қарт ана Бибінің құшағына еміне енеді. Осы ауылда мерейтой иесіне ауданаралық жарыстарда жүлде алып жүрген жирентөбел ат күмістелген ертоқымымен сыйға тартылады. Мұхаң соған да балаша қуанып, сый атқа мініп, тақым құрысын тарқатады. Ақырында жиреннің тізгінін Тілеке Орынбайұлы ақсақалға ұстатып: «Бұл сайгүлікті сізге аманат етемін, аты – менікі, заты – сіздікі, бәйгеге шапқанда үстіндегі бала тек «Абайлап» шабатын болсын!..» – деген.

 

Жирентөбел ат содан кейінгі екі-үш жылда облыстық жарыстарда бәйге алдын бермеген. Сайгүлік бәйгеден келген сайын Мұхаң да ат бапкеріне пошта арқылы сүйіншісін молдап жіберуді ұмытпаған. Тілекең де жөн-жобаны білетін, ескі ғұрыпты қатты сақтайтын адам. Ат иесінің опат болғанын естіген күні ол көз жасын төгіп отырып, жирен төбелдің кекілі мен құйрығын күзеп, жылқыға жіберіп, ұлы жерлесінің өмірден озғанына жыл толғанда атты сойып, ауыл-аймағына етін таратып, Мұхаңа дұға оқып, еске алыңдар деген).

 

Қарауылда өзін асыға күткен жерлестерімен мерейтой иесі 22 қыркүйекте кездескен. Жолшыбай Жидебайға да соғып, ұлы ақынның мүрдесі жатқан қасиетті орынға тәуеп етеді. Сол жылдары Қарауылда ешқандай мейманхана болмаған. Ондай кешенді құрылыстарды салуға қаржы бөлінбей, рұқсат та берілмеген. Әлбетте себепсіз емес.

Мұхтар Омарханұлының аудан орталығына келгенде ат басын бұратын үйі – осы мекендегі ескі досы Балтақай Толғанбаевтың отбасы. Ол болса суреткердің «Абай жолы» эпопеясының бірінші кітабының «Өрде» тарауында арғы атасын «Сағал көз, сары сақал Жұман» деп бейнелеп, «Жидебай мен Мұсақұлдың арасы құран сүресінің 1232 «Лә илаһа иллала» болды, былтыр әдейі санадым» дегізіп, Абайдың уәлі аузымен сөзшеңдігі әжуаланатын қарттың бертіңгі ұрпағы…

Мұхтар Омарханұлы осы сапарында өзін толғандырған күпті жайтты Балтақай ақсақалға Қарауылдан аттанарда екеуі туып-өскен елдің келешек тағдыры мүшкіл екенін, Абай ауданы күллі жерін әскери полигонға беріп, тұрғын халқының басқа жаққа қоныс аударатынын қынжыла сөз еткен…

– Бұрнағы жылы Абыралы ауданы таратылды, ата-бабасы неше ғасыр қоныс еткен Мыржық пен Дегелеңнен қанша отбасы шалғай жерге еркінсіз көшірілді. Халықтың ағыл-тегіл жылауымен, наразылығымен үкімет санасқан жоқ. Сол қасірет енді Шыңғыстауға да таяған-мыс. Естуімше, облыс басшылары Абайдың сүйегін Семейге алғызып, ақын мұражайының ауласына жерлеуге жасырын шешім қабылдапты. Жұрттың өрекпіген наразылығын басу үшін ақынның жаңа «қонысына» сәулетті кешен тұрғызбақшы… Мен сол жайтты облыс басшыларынан қадала сұрап едім, қызметіне мардамсынған қуыс кеуде шіркіндер: «Сондай сыбыс бары рас, тек ақырғы шешім емес…» – деп күмілжіді. Соған қарағанда оларға Абай да, Шыңғыстау халқы да керек емес, бір күнгі мансабын сақтау қымбатырақ!.. Балташ, сен, осы шаруаға уақып бол. Мұндай қорлыққа сірәда көнуге болмайды. «Санда барда, санатта жоқ. Егесте сойыл соғар, еседе құм қабар» деген осы. Қаншама асыл азаматтар сұраусыз, атаусыз, жоқтаусыз жоқ болды. Балташ, өзің сияқты қарттар халықты көтерсін. «Абайдай ұлы перзентіміздің қабірін ашқызбаймыз, сүйегін де ешқайда бермейміз» деп айқай-шу өрбітіңдер, ұқтың ба? Ау, қашанға төземіз? Бұға берсең сұға береді деген осы. Қалың елдің атақонысын тартып алудан артық басыну бола ма? Бағзы жылдарда ата-бабамыз осы жерді қызғыш құстай қорғады, қан төкті. Кешегі Мамай, Тоқтамыс батырлардың елін қорғаған шынайы ерлердің қаны мен жаны сендерге дарымаған ба?.. Қысқасы, күллі ел дүрліккендей наразылық туғызу шарт. Қазақтың данагөй перзентінің сүйегін қабірінен суыру – санамыздан өмірі өшпейтін масқара, сүйекке басылған қара таңба! Бұл енді денесінде қазақ қаны бар пендені қарадай шошытатын сорақы оқиға. Бәлкім сол шіркіндерге ел-жұрттың наразылығы ойтүрткі болар? Сендер бұл жақта Абайдың сүйегін бермейміз деп шулатып жатсаңдар, о жақта мен де қарап қалмаспын. Әлбетте сол шара – Абай ауданын таратудан құтқарар бірден-бір амал… – деп замандасына ауыр міндет артқан.

Балтақай ақсақал: «Жарайды, Мұха, өзіңдей көр, тура солай етемін, қу жаным кеудемнен шыққанша сөйтемін! Міне бас, міне кеуде!..» –  деп қонағын еміне құшақтап, уәде еткен.

24 қыркүйекте облыстан, ауданнан ерген қарамды топ Құндызды ауылы арқылы Аягөз қаласына келіп, сол жерден Алматыға ұшақпен аттанады.

Мұхтар Омарханұлы жапон еліне барған сапарында, бұл да 1957 жылдың күзі, ядролық сынақтарға тиым салуға арналып, Токиода шақырылған халықаралық конференцияда сөз сөйлеп, туған елі басынан кешкен кіріптарлық жағдаятты қинала сөз еткен. Бұл турасында 1989 жылғы 17-19 шілдеде Семейде шақырылған ғылыми-практикалық конференцияда күрескер бітімімен халқына танымал жазушы Әнуар Әлімжанов айтып, ҚазМУ мен МГУ студенттерімен кездесуде де хас суреткердің жаны ерекше жабырқап сөйлегенін әйгілеген. Осы мәселе турасында жапон елінде қызмет еткен дипломат азамат, PҺD докторы Батырхан Құрмансейіт «Қазақ әдебиеті» газетінде (23 қазан 2015) жарияланған сұхбатында: «Ол кісі атомға қарсы сөйлеген, «Атом – Отанымыздың қорғанышы» дегенді мақтанышқа айналдырған заманда бұл үлкен ерлік…» – депті. Ғажапты қараңыз: ядролық сынақтардың Ертіс жағасындағы Ел мен Жерді қисапсыз бүлдіруі турасында Токиодағы ғылыми кеңесте Мұхтар ағамыздың ашына мәлімдегенін «Егемен Қазақстан» газетінде 2011 жылғы 27 тамызда жарияланған «Тажалды тұншықтыру» деп аталған сұхбатында ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы да зор сүйсініспен есіне алған. Демек, жүрегіне шөгір болып қадалған қасіретті суреткер ұмыта алмай, көкейінде ұстаған. Сірә, атом зардабын тартқан елмен мұңдас екені де тілін ұзартқан…

Бұл болса Семей елі тартқан қасіреттің әлем назарына алғашқы ілігуі.

Даңқты жерлесі аманат еткен мәселені жергілікті жазушы Кәмен Оразалин «Абай ауылына саяхат» атты кітабының 156-165 беттерінде тәптіштеп суреттепті. Одан да үзінді келтіремін.

«Ақыры, 1958 жылдың күзінде Абайдың денесін Семейге әкетуге қам жасағандар облыстан да, республикадан да келіп, жағдай мүлдем қиындады. Ақын жерлестері Абай мүрдесінің өздерінде жатқанын медеу тұтатын-ды. Шыңғыстаудан жырақ кеткендер де ақынды ес көріп қайыра оралып жүретін-ді. «Аудандағы іргелі құрылыстарға қаржы бөлінбеуінен-ақ шошушы едік…» деген тәрізді әңгімелер ауыздан-ауызға көшті. Көрші отырған Абыралы ауданы оқыстан таратылғанда: «Бізге де құрық түседі-ау» деген күдік туды. Ел қарттары үмітсіздікке тап болып, күйзелу мен күңірену көбейді.     

       …Сол қарсаңда Алматыдан келген шенеуніктің ауданның беделді адамдары және Абайдың туыстарымен жеке-жеке әңгімелері басталды. Айтары ақын мүрдесінің Семейге ауыстыру. Семейде әдемі кесене салынған соң ақын мүрдесіне мінәжат етушілер көбейеді-міс.

       «Аупартком пленумы ашылардан бұрын Мұхтар ағаның досы Балтақай Толғанбаев екеумізді райкомге шақырып, республика үкметінің шешіміне қарсы болмауды ескертті, – дейді К. Оразалин өлкетану кітабында. – …Содан бір күні жиын шақырылды; мәселенің саяси мәнін түсіндіруден кейін алдын-ала сөзге әзірленгендер мінбеге сұранды. Алғашқы ретте сөз алған «Қызыл ту» колхозының шопан әйелі Әлмәмбетова: «Қаулыға қарсылық бола ма, жөн сөз…» – деп ойын бұлдырлатып аяқтады. Өзгелер де сол сарында сөйлеп, пленум Абай денесін көшіруді жақтады…

      Осыдан кейін бүкіл аудан еңбекшілері арасында дүрлігу өршіді. Соны аңғарған аудан басшылары жоғары жаққа ескерткен тәрізді, Алматы мен Семейден тағы да өкілдер келіп, қайтадан мәслихат жасады…»

Кәмен ақсақалдың үйіне ақынның немересі Исрайыл қарт бәйбішесімен келіп, мазалы ұйқыдан айрылғанын егіле айтып, Мұхтар Әуезовке жеделхат жазып беруін өтініпті. Жазушы тілегін орындайды. Соны тек поштадан өткізе алмапты, Қауіпсіздік мекемесінің қатаң бақылауында болған. Алайда, Қапиза Боранбаева есімді комутатор әйел амалын тауып, Исрайыл атасын Мұхаңмен түн ішінде тілдестіріпті. Ертеңінде Мұхаңнан «Мәселені шұғыл шешпей, халықпен ақылдасыңдар, мен де қалыс қалмаймын…» деген тұспал сөздер жазылған жауап келіпті. Ел егделері сөз астарындағы наразылықты сезіп, қарсылықты бұрынғыдан да күшейткен.

Сол кезде ел арасына «Ақынның сүйегін Семейге әкететін адамдар келіпті», «Басындағы саман кірпіштен құйылған бейітті трактормен бұзады-мыс» деген қауесет тарайды. Үлкендердің ақылымен айқасқа абайлық жастар көтеріліп, сойыл, балталарын алып, Жидебайда түнейтін болыпты…

«Қарауыл тұрғындарының жалпы жиналысы болады…» деген түнді жұрт ұйқысыз өткізді… – дейді жазушы Кәмен. – Күн суық, желтең болғандықтан жұрт клуб үйіне жиналды. Алматыдан келген өкіл мылжың сөзбен Абайдың кім екенін елге таныстыруға тырысып бақты, ашынған жұрт оның мылжың «баяндамасын» айтқызбады.

      …Көпшілік ортасынан Абайдың ауылдасы, Байторының Балғабайы орнынан тұрып, алматылық әкімге: «Абай, Абай!» деп босқа даурығасыңдар, ал оның өзіне түк те істеген жоқсыңдар… – деп ел көкейіндегі өксікті тізді. – Не Семейде, не Алматыда ескерткіш жоқ, қабірі де бәз-баяғы тозған  қалпында. 

       …Елдің ашулы көңілін Әлімбет ақсақал жеткізді. «Әлекең әділін айтты», «Абайды күні кеше қорлағаны аз ба?», «Абайымыз бізбен бірге болады» десіп, тұс-тұстан жамырай қолдады. Сол сәтте Шәукен мылқаудың шешесі Шақаң мен Бибі әжелер жарыса сөйлеп: «Аруақты неге әурелейсіңдер?!», «Абайымызға тиіспеңдер!» деп жұртты одан әрман дүрліктірді.  

       …Алматылық өкіл ызаланып, жиналысты басқарушының қолындағы қоңырауды жұлып алып, жұрт тынышталғанша күңгірлетті: «Қандарыңа сіңген өктемдіктерің тобықты сорлылар әлі жоғалған жоқ екен. Бұл енді аға сұлтандар билеген баяғы заман емес. Шынын айтсам, шы… шы… шындығында… – Тұтыға сөйлеп көмейіндегі сөзді кенет лақ еткізді. – …Түсінбейсіңдер, түк те білмейсіңдер. Абай ауданы енді болмайды. Бәрің де көшесіңдер! Ал, керек болса?..».

      Залдағы жұрт енді жаппай күңіренді.

       – Сұмдық-ай! Енді қайттік?

       – Құдай-ай, құдай! Неңді алып едік?! – деп дауыс салған Шәукеңнің шешесіне Бибіш әже қосылды. 

       – Абайдай дананы берген елдің жазығы не сонда?! Ей, тәңір иесі, бар болсаң, біздің сүйегімізді Шыңғыстауда қалдыр. Шалым тентіреп жүріп аштан өлді. Жалғыз немерем соғыстан қайтпады. Қуарған басым, ойбай-ау, енді қайтем?!.. 

       Әйелдердің күңіренген дауыстары біріне-бірі ұласып, жаппай ыңырсуы көбейді. Орындықтар сықырлап, терезе әйнектері саудырады.

       – Қайда көшеміз?

       – Қашан?

       – Шар ауданына. Алакөл жағасына, одан әрі Сарыөзек стансасына барасыңдар…

       – Мәссаған, тағы қайда қаңғимыз? Бұл не сұмдық?  

       …Жұрттың айқайы, зар жылаған дауысы зорайған сәтте Әлімбет ақсақал орнынан тұрды. Елтірі тымағын қолына жұмарлап ұстаған күйінде көпшіліктің у-шуы басылғанша маңайына қатулы қабақпен ұмсына қарады…

       – …Үстел басында отыр екен деп, әй, бастықсымақ, сенің сөзіңнің бәрі жөн бола бере ме? – Алматылық өкілдің: «Өзің бір қырсық шал екенсің…» дегенін Әлекең кәперіне алмай шүйіле қарады. – Саған жауабым. Абай абыздың ұрпағына қалдырған өсиетін білмесең, айтайын, зердеңде ұста. – деді де, тау басынан етектегі қасқырға шүйілген қырандай қомданып алып: «Ой кіргелі тимеді ерік өзіме, Сандалмамен күн кешкен түспе ізіме. Өзі ермей, ерік бермей жұрт қор етті, Сен есірке, тыныш ұйықтат, бақ сөзіме!..» деген жоқ па еді Абай?!.. «Тірі күнде көрген қорлығым да жетеді ғой, өлген соң мені әурелеп қайтесіңдер, есіркеңдер!» деп тұрған жоқ па аруақ?!.. Немізді алып кетіп еді Абай?! Ағайындар-ау, неден сондай сорлы ел болғанбыз? – Қарттың көңілі босап, кемсеңдеп, соңғы сөзін айтардан бұрын сәл тоқтады. – Көшірмек түгіл жерге көмсеңдер де әзірміз. Бірақ, біз қайда барсақ, Абай ағамыз сонда болады. Семейге бермейміз! Қапказға қайтқан чешендер де өлген шал-кемпірлерінің сүйектерін сандықтарына салып әкетіп жатыр. Біз де Абайымызды атом сынағы күл-талқан ететін жерде қалдырмаймыз…».  

 

* * *

 

…Алматыға оралған соң-ақ Мұхтар Әуезов қыр елі тартқан тақсіретті үзеңгілес замандасы Қ.И. Сәтбаевқа барып, тебірене сөз еткен (Қаныш Имантайұлы бұл кезде Ғылым академиясының президенті міндетіне қайта оралып, бақ-беделі дәуірлеп тұрған мезгіл). «Қаныш дос, туған еліме сапардан мен біржосын шошып қайттым. Туған жұртымды ем-домы беймәлім қатерлі дерт жайлапты. Соның айқын белгілерін Қарауылдан көрдім. Сол пәлекет құдауанда қарттардан гөрі жастарды көбірек шарпыған. Аққан дей ме, әйтеуірі бейдауа бір пәлемен жаппай ауыратын болыпты. Ең шатағы, соны тексеріп, себеп-салдарын анықтауға ойланған не дәрігерлерден, не билік басындағылардан бір жан көрмедім. Бұл енді қыр елі бұған дейін көрмеген, білмеген қатер!.. Айтуларынша, полигонмен көршілес Саржал, Қарасу, Қайнар, тағы қаншама елді мекендердің көкөрім жастары өзіне-өзі қол жұмсайды-мыс. Сенесің бе, 15-16 жастағы бозбала өрендер өмірден түңіледі дейді. Бұл енді біздің қазақ баласы ешқашанда көрмеген, естімеген сұмдық? Кеше ғана мал қайырып, иә доп қуып жүрген балақандар түн ішінде қараңғы қораның бір түкпіріне барып асылып қалады-мыс. Естияр үлкендердің айтуынша, өз-өзінен үрейленудің әсері. Неге? Өйткені, аты өшкір атом бомбасы тас төбелерінен тарс еткен кезде, иә содан кейін аспанға көтерілетін қызылқоңыр бұлт Шаған өзенін өрлеп, Шыңғыстауды тұмшалап, Тоқтамыс батырдың елін баса көктеп, Бестамақ, Таңат, Ақбастауды түгел қамтып, Көксеңгір тауы арқылы Шұбартау жеріне, Жорға тауына құлайтын көрінеді. Соның бәрі малға жайлы, суы мол, кең қолтық қоныстар. Ескі жөнмен айтқанда, тобықтының орыс-қаржау бұтағы қоныс еткен, Ике, Мұсатай тәрізді жуан аталары мекендеген шұрайлы өңір. Тоғжан сұлу ұзатылған дәулетті ауылдың жұрты да сонда. Радиация тозаңы дейтін пәлекет сіңген улы бұлттар одан әрі колхозды елдің қоныстарын баса көктеп өтіп, Балқаш пен Алакөл алқабына жеткенде ғана дымқыл ауамен араласып, көл үстіне шөгеді деседі. Естуімше, осы атыраптағы ұзын ырғасы үш жүз, кейде бес-алты жүз шақырым жердегі тұрғындарды, жан-жануар дүниесін, жер-жаһанды түгелдей жайпап радиация күлін мейілінше шашады білем. Аспан желі түстікке бұрса, әлгі пәлекет Шыңғыстаудың күншығыс бөктеріндегі қалың елді зақымдайтын тірізді. Сол қатер Абыралы ғана емес, Абай ауданын да шалған… Не дерімді білмеймін, бұл енді тарс еткен мылтық үні естілмеген, марғау тыныштық орнады деген бүгінгі кембағал заманда дала халқына жасалған жаңа қатер, сонау 49-жылдан тоқтаусыз жүрген тарсылдың салдары. Жә, осыны тоқтататын кісі, қандайда бір қайрат жасар азамат бізде бар ма? Тыныштығымды бұзған жанайғайымды сенен басқа кімге айтамын, Қаныш? Сол кесепатты өзіме сәлемі түзу билік иелеріне төндіре сездірдім. Денсаулыққа жауапкер министрден бастап, үкімет басындағы әкім қараларға қу жанымды қинаған уайым-қайғы осы деген ауыр сөздермен ескерттім. Алайда, Қаныш, бұл да – көкірегімді қарс айырған өкініш, сол шіркіндердің бірде-бірі: «Жарайды, Мұха. Бірдеме істейік», – демеді. Дәрменсіздігін мойындап, бастарын шайқады. Соны енді саған да естіртіп отырмын. Бұл енді айттым, болды, парыздан құтылдым дейтін атөтті іс емес. «Менің қолымнан не келеді, мен де өзіңдей дәрменсіз пендемін…» дегенді маған естіртпе! Сол пәлекетті ел төбесінен күні-түні төпеген ғылым адамдарын, сірә, сен білесің. «Әрекет жасап көрейін, ең құрғанда, тарсылды сиретуге тырысамын» десең – мен де кәрі қойдың жасындай санаулы жылдарымды өксітпей, бейғам тыныштықта уайымсыз өткізер едім. Әй, қайдам? Сенбеймін. Сөйтсе де әскери полигон таратқан осы тажалға бір амал жасап көрсеңші!..» – деп егіле отырып жаны сырын ақтарған.

Қаныш Имантайұлы – жалған уәдеге жоқ адам. Қадірлі замандасының ұйқысын бұзған шерді ағыл-тегіл шерткенде: «Жарайды, Мұха. Жаныңызды жүдеткен мұңды ұқтым. Шамам жеткенше бұл іске кірісемін. Ертіс бойындағы елдің әскери полигоннан тартқан қасіреті маған мәлім, алыстан бақылап, түк білмегенсіп қарап та отырғамыз жоқ…» – дейді, нендей қаракет бастағанын тек жария етпеген.

Академия президентімен әңгіме 1957 жылдың күзінде болған.

      Қандайда елдің тарихына үңілсеңіз, заман өрісі марксизм-ленинизм классиктері тәптіштеп түсіндіріп, санамызға бұлжымас қағида етіп құйған таптық күрес сүреңімен емес, дарқан өмір ұсынған оқиғалардың кездейсоқ араласуымен жүретініне иланасыз. Соның айқын үлгісіне Семей облыстық атқару комитетінің 1956 жылғы тамыз айында қабылдаған, Абай және Шұбартау аудандарын тарату туралы құпия қаулысының кейінге шегерілуіне мен екі түрлі себеп айтамын: бірінші, академик А.Д. Сахаровтың «Естеліктер» кітабында келтірілген: «полигон территориясын пайда болған зиянды қалдықтардан тазарту жұмысының 1957 жылы аяқталмауы»; әрбір жарылыстан кейін сынақ алаңын, арнайы салынған құрылыстарды (дзоттар, қорғаныш жыралары, бекіністер, үйлер) радиация қалдығынан тазартып, қайсыбірін қайыра тұрғызу қажет (бұл жұмыс екі жарым жыл үздіксіз жүрген); екінші, мұны енді атажұртынан еріксіз көшетін елдің көз жасының игеніне саямын, КСРО Жоғарғы Кеңесінің 1958 жылғы сессиясында Н. С. Хрущев ядролық сынаққа мароторий жариялау туралы ұсынысы…

 

Өкінішті гәп: ұлы Әуезовті қатерден қорғап, «Семей жаққа бармаңыз!» деп сақтандырған жанашыр зиялылардың болжауы ақыр аяғында қолмен қойғандай болды, арада үш жыл өтіп, төртінші жылдың орта шенінде, 1961 жылдың мамыр айында Мұхтар Омарханұлының ұлтабарында қатерлі жара білініп, ас тарқатуы кеміген. Алматының дәрігерлері біршама тексеруден соң: «Аса қауіпті емес, сүйел сияқты бір кесел пайда болыпты, құдай жөні үлкеймей тұрғанда соны отамен сылып тастау…» – депті. Сол отаны Мәскеуде, Кремль ауыруханасындағы аса білікті дәрігерлерге жасатуға кеңес берген. Мұхтар қаламгер дос-жарандарымен қоштасып, Мәскеуге аттанады. 27 маусымда жасалған ота сәтсіз болып, ұлы кемеңгер хирургтер үстелінде оянбаған қалпында дүниеден озды. Үкімет мұнақыбында жазылған дерт – сол, бәз-баяғы ұлтабардағы кеселді сүйел. Бұл енді бұқара халықты иландырған кезекті «ертегі». Шындығында марқұм асқазанын шалған бейдауа дерт асқазан обырынан қайтыс болған.

Біздің болжауымызша, бұл қатерді қаламгер Семейге келген сапарында, 1957 жылдың 20-24 қыркүйек аралығында жұқтырған. Академик Сахаровтың «радиация залалы қатар тұрған екі адамды бірдей зақымдамайды, таңдап-талғап шалады, бұл болса әлі күнге дейін бүге-шігесі анықталмаған жұмбақ құбылыс…» деген тұжырымын дәлелге айтамыз.

 

* * *

 

Қазақстандағы Өлкелік патология институтының директоры, майдангер дәрігер, республикадағы ауыр өндіріс орындары туғызатын кәсіби ауыруларды зерттеп, соны болдырмаудың жолын іздейтін ұжымның жұмысын ретке келтірген соң-ақ докторлық диссертациясын жедеғабыл әзірлеуге кіріскен. Таяу жылдарда қорғауға тиіс.

Туған елі Қарқаралы атырабына 1956 жылғы күзгі сапары патолог дәрігердің тоқ көңілін сабындай бұзады. Жергілікті тұрғындар арасында табиғаты беймәлім, ертеңгі баяны сорақы жұмбақ дерт пайда болыпты. Бала күнінен құшағы айқасқан досы Сыздық Рақымбекұлы (Қарағанды обкомында еңбек еткен, Ұлытау ауданында аупартком хатшысы болған зиялы азамат) сол жайында өзіне егіле сыр шертіп, осы дерт Қарқаралы, Қу ғана емес, Шыңғыстау мен Абыралы, күллі Едірей, Дастар мен Мыржық атырабындағы қалың елді жаппай шалған-мыс…

Сыздық досының айтуынша, «Дегелеңді иеленген әскери полигонның сынақтары өзіне ұрымтал жердегі тұрғындардың белгісіз дерттен опат болуы жиілеген. Әр ауылда бес-оннан жарымжан нәрестелер тууда. Он алты жасар бозбалалар үрей дертіне шалынып, асылып өледі-міс… Ғылыми атаққа ие дәрігерсің, қарауыңда бес жүз қызметкер бар ғылыми институттың  басшысың. Туған жұртыңды осынау төтенше кеселден құтқаратын қандайда бір қаракет етсін деген үмітпен айтып отырмын…» – деп егіле сөйлегені Алматыға қайтқан соң да жадын түрткілеп, мазалы ұйқыдан айрылып қамыға ойлайтын уайымға айналды.

Сол жайтты естігенде өзінің қазіргі қызметіне бұл жағдаяттың қатысы жоқтығын, Патология институты өндіріс туғызатын кәсіби дерттерді ғана зерттейтінін айтып ақталған-ды. Сыздық соны ұқпады, әлде ұққысы келмеді? Қолын сермеп: «Е, сенің де жайыңды білдім. Туған елің бейбіт күнде атом залалынан жаппай қаусап жатқанда, сен баяғы дертті жандарға араша болудың орнына ғылым докторы атанып, жан тыныштығыңды қаузамақсың…» – деп басын шайқағаны түсіне еніп, ұйқысы шайдай ашылатын азапқа тап болды.

Ақыры төзе алмады. 1957 жылдың басында тікелей бастығы  ҒА-ның президенті Қ. И. Сәтбаевтың қабылдауына сұранады.

 

Осы кездесудің жай-жапсарын ғалым-медик 2002 жылы, жасы сексеннен асқанда орыс тілінде жариялаған «Семей полигоны туралы адасулар, өтіріктер және ақиқат» деп атаған кітабында егжей-тегжей сөз еткен. Сол кітаптың толықтырылған нұсқасы 2012 жылы, Бакия Атшабарұлы 91 жасында, 2010 жылы өмірден озған соң жарық көрді. Соңғы басылымда 1957-1960 жылдарда қазақстандық экспедиция жүргізген зерттеудің нәтижесі, 1961 жылы Мәскеудің Биофизика институтында өткен ғылыми талқылау хаттамасы және 1997 жылы жариялаған «Семей полигонынан зардап шеккен сорлылардың басына тағы да бір қасірет төніп тұр, оны да дереу тоқтату қажет» деп атаған трактаты да сонда берілген. Менің қолымда сол басылымдар, «Біртуар, асыл ағамыз Бақия Атшабарұлы» атты естеліктер кітабы бар. Осы тарауда сөз болатын оқиғаларды солардан екшеп алғанымды ескертемін…

 

– Бұл енді, Қанеке, сормаңдай халқымызға бейбіт күнде тұтқиылдан төнген төтенше қасірет… – Бақия Атшабарұлы академия президентімен әңгімені Қарқаралы-Қу елінде көзімен көріп, өзі шошыған одағай жайттарды есіне алумен бастаған. – Жедеғабыл қимылдап, сол кесепаттың залалын азайтар амалдар жасамасақ, қашан демеңіз, сіздің Баянаула, біздің Қарқаралы, Шыңғыстау мен Абыралы, күллі Ертіс жағасындағы қалың ел жазылмайтын мүгедекке айналып, ғасыр төрінен бәрімізге лағнет айтатын өкінішке тап боламыз. Осы жайтты әріптестеріммен де ақылдастым. Бәрі де жағдайдың ауырлығын құптап, соны  тек кім тексереді десті. Әскерилер құпияда ұстаған кеселдің күрмеуін ашамыз деген ұсынысқа үкімет қалай қарайды деген де күдік айтады…

Академия президенті тосын әңгімені тұнжыраған қалыпта тыңдайды.

– Меніңше, сол сынақтардан өрбіген дерттің аумағын, залалын анықтау үшін экспедиция жасақтап, полигонға ұрымтал бірнеше ауданды, сол аймақтағы мал-жанды кем дегенде екі-үш жыл тексеру қажет. Оның құрамында дәрігерлер ғана емес, мал мамандары, биологтар, ауа мен суды, топырақты зерттеушілер болуға тиіс. Қалайда радиация бұлтынан, сәулелер шоғырынан зардап шеккен мал мен жанды, жерді мұқият зерттемей болмайды. Бұл енді қыруар шығын әрі соған жанкүйер мамандар керек…

Нақты ұсынысты естігенде Қаныш Имантайұлы тамағын кенейді.

Бақия Атшабарұлы сөзін үзіп, кабинет иесіне үміттене қарайды.

– Жә, экспедиция жасақтайтын болсақ – соны басқару міндетін мойныңызға аласыз ба, Бәке? Сіздің айтып отырғаныңыз мен үшін – тосын ақпар емес, Семей облысындағы қатерлі жағдаяттан аз-кем хабарым бар… Ал, сіз сол жағдайды қатерлі шекке жеттік деген сыңайда баяндап отырсыз. Сендім хабарыңызға, өйткені, от пен судан өткен адамсыз….

– Қанеке, сол зерттеуге  мені лайық көрсеңіз, не деймін, келісемін. Оңай емесін біліп отырмын. Сөйтсе де ел қамы үшін аянуға бола ма?

– Рақмет, жақсы інім. Ризамын, көкейіңіздегі шерді төндіре сөйлеп, ел үшін еңіреген жанның сөзін естірттіңіз! Бұл енді тура өзіңдей нар жігіттер иығымен көтеретін мәселе. Әрі нақты ұсыныспен келіп отырсыз. Жә, сізге сол үшін қаншама қаржы, құрал-жабдық, көлік керек…

Осы лебізді естігенде Бақия Атшабарұлы елгезектік аңғартып:

– Қанеке, бұл турасында да ойландым. Әлгінде сіз ескерткен бейнетті мойнымен көтеруге әзір мамандар бізде бар. Негізгі топты патология институты шығарады. Ал, білікті және әр салалы дәрігерлерді Денсаулық сақтау министрлігі қосуға тиіс… – деп кезекті ойын баяндамақ болғанда, кабинет иесі биязы жымиып, сұқ саусағын көтереді.

Паталог-ғалым кілт тоқтайды.

Президент үкіметтік тура байланыс аппаратын өзіне жақындатып алып, әлдекімге телефон шалады. Денсаулық сақтау министрі Сибуғатулла Рысқалиұлы Қарынбаев та академия президенті мәністеп айтқан қасірет жайында хабардар екен, Қаныш Имантайұлы ұсынған тексеруді қостап, Ғылым академиясы экспедиция жасақтаса өзі басқаратын саладан қажетінше қаражат пен құрал-жабдық беретінін, дәрігерлер тобын қосуға уәде етеді…

– Рақмет, Сибаеке! Сонымен келістік, экспедицияны жабдықтаушы әрі соған көз алартушылардан қорғаушы – екеуміз боламыз. Бақия Атшабарұлы, міне, алдымда отыр, экспедицияны басқаруға келісті, оған орынбасар болатын қайраткер дәрігерді сіз атаңыз. Иә, қыр елін жайлаған дерттің себеп-салдарын айғақтай алсақ, есіңде болсын, екеуміз де жоғары әкімдерден алғыс емес, сөгіс естиміз. Ау, сөгіс арқалаймыз деп, халықты жүдеткен індетті қалайша жауып қоямыз? Неде болса тәуекел етеміз, Сибаеке, Отан соғысынан аман қайтқан майдангерсің, қатерлі ізденіске батылың жетіп артылады деген ойдамын…

Қаныш Имантайұлы ауыр күрсініп, үстел тартпасынан мүйіз шақасын шығарып, астыңғы ерніне шөкімдей насыбай салады. Өзінің де көкейінде біраздан бері көлбеңдеп жүрген күпті шаруаны дәрігер інісінің күтпеген сәтте әрі нақты ұсыныспен келгеніне қуанып, мейірлене қарайды.

– Келістік, Бәке. Министр де дау-шарсыз мақұлдады. Қаржы мен көмек – екеумізден, сол шаруаны жеріне жеткізу – сізден!..

Бақия Атшабарұлы баяны беймәлім қиын іске өзі тіленген соң кері шегінерге жол қалмағанын президенттің кабинетінен шыққанда-ақ сезінген. Алайда, сол шаруаны Қаныш Имантайұлының іле қаузағанын келесі күні біліп, қатты таңданады. Сол күні өзін академияның вице-президенті, медицина ғылымдарының докторы, профессор А. П. Полосухин оңаша сұхбатқа шақырады.

– Сізге мен, Бақия Атшабарович, бір жайтты ескертемін. – Александр Порфирьевич орағытпа сөзге түспей, көкейіндегі қауіпті бірден естіртеді. – 1930 жылдардың бас кезі, Свердловтағы Еңбек гигиенасы және кәсіби аурулар институтының ғылыми қызметкерімін, Сібірге жер аударылған мыңдаған кулактардың белгісіз сырқаттан жаппай өлім құшқан себебін зерттеген экспедиция жұмысына қатыстым. Бұл енді сіз кіріскелі отырған зерттеуге ұқсас жағдаят… Зерттеу соңында біз босқындар шалдыққан дерттің түп себебі авитаминоздың (дәрумен жетіспейтін сырқат – М.С.) ауыр түрі екенін анықтадық. Экспедицияның бастығы, НКВД полковнигі еді. Біз анықтаған диагнозды толық мақұлдап, мыңдаған босқынды жер жастанудан құтқарудың бірден-бірі амалы – туып-өскен ескі жұртына жедел қайтару деген шешімге тоқтап, сол ұсынысты үкіметке мәлімдеді. Амал не, партия органдары сол түйінді контрпиғылға жатқызып, полковникті қамауға алып, ату жазасына кесті. Дәрумені азайған кулактар шыбынша қырылды… Мен сізге, сол оқиғаны тектен-текке ескертіп отырғам жоқ, Бәке. Сіз кіріспек тексеру – әскери-өндірістік кешеннің бақылауындағы іс, өздері ерекше құпиялап, жеті құлыптың астында ұстап отырған сынақтың жер мен ауаны, қыруар елді бүлдіріп жатқанын әшкерелеген ғалымдардың тұжырымы түбірімен қате, сіз басқармақ экспедицияның нәтижесі де өтірік деуден олар тайынбайды. Осы жайтқа мықтап ойланыңыз, қымбаттым?!..

– Бұл мәселені, Александр Порфирьевич, күзден бері ойланып, әбден бекінген кісімін… – дейді патолог-ғалым. – Полигон төңірегіндегі елдің тоғыз жылдан бері басынан кешкен ауыр ахуалды ауа райының құбылысынан деп немесе тұрмыс күйтінің төмендігіне аудару да – қылмыс. Ал, сынақ зардабы сыздаған сыздауықтай жарылар күнге жетті…

– Жарайды, Бақия Атшабарович, ойыңызды барынша құптаймын! Сіз енді маған экспедиция құрамын жан-жақты ойластырып, биылғы шығынды, құрал-жарақты толық есептеген жоба әкеліңіз.

Өлкелік патология институтының директоры қолындағы папкадан машинкаға басылған бірнеше парақты вице-президенттің алдына қояды.

– Бәрекелді, осы іске сіз біржола ден қойғансыз. Келесі аптаға қайыра шақырамын, экспедиция құрамын сұрыптауға кірісіңіз!..

Вице-президенттің кабинетінде келесі аптада жаңа экспедицияға байланысты шаруаларды талқылауға арналған алғашқы мәжіліс өтеді. Оған министр Қарынбаев та қатысқан. Сол күні Семей облысына аттандырылмақ сан-салалы ғылым иелерінен құралған экспедицияның мақсаты мен құрамы анықталып, қаражат мәселесі де шешілген. Экспедицияны басқару Бақия Атшабаровқа жүктеліпті, Денсаулық министрінің ұсынысымен оған орынбасар болып Сайым Балуанұлы Балмұханов тағайындалады (Екеуі де сол қарсаңда медицина ғылымдарының кандидаты).

 

Сайым Балуанұлы Балмұханов зиялы азаматтар топтап шыққан Ақтөбе облысының Темір ауданында 1923 жылы туған. Алматыдағы Медицина институтын 1943 жылы, жиырма жастың өріне енді ғана көтерілген шағында тәмамдаған. Азаматтық борышын дәрігер ретінде ұрыс даласында атқарып, 1945 жылдың аяқ шенінде туған еліне аман-есен оралған. 1946-1949 жылдарда ол Қазақ КСР ҒА-на қарасты Хирургия институтында аспирант болып, осы ұжымда ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі міндеттерін 1953 жылға дейін атқарған. Сайым Балуанұлының осы жылдарда зерттеп, Қазақстан атырабына бейтаныс жаңа кәсіптің білгірі атандырған мамандығы – радиология ілімі. Сол кәсіпті ол рентгенологиямен қосаметкей меңгеріп, ақыр аяғында өзі оқыған медицина институтында тұңғыш рет дербес кафедра ұйымдастырған. Қазақ КСР Денсаулық министрлігінің бас радиологы міндетін де қосаметкей атқарған…

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір