ҚАЗАҚТЫҢ ТАҒДЫРЫН ЭКРАНҒА КӨШІРГЕН РЕЖИССЕР
25.11.2022
551
0

Қазақ киносының тарихына екі сериялы «АЛЖИР. Біз куәміз» деректі-публицистикалық және «Жансебіл» көркем фильмімен бірге «Бәйтерек», «Жамбыл», «Әнуар Молдабеков», «Жұмат Шанин», «Толғау», т.б. деректі киноленталары арқылы енген кинорежиссер Аяған Қуандықұлы тірі болса, жетпіске толар еді… Бар дүниелерін көрермендер үлкен серпіліспен қабылдап, мерзімдік басылымдар жан жадыратар мақалалар жариялаған азаматтың мерейтойы өзі туып өскен Солтүстік Қазақстан облысында аталып өтпекші. Халқымызбен бірге жасай беретін экрандық дүниелері арқылы кеңінен танылған А.Шәжімбай ескерусіз қалмады: Алматы, Астана мен Петропавл қалаларында көше аттары берілген. Есіл ауданының орталығы Явленко ауылындағы білім алған №3 қазақ орта мектебіне есімі беріліп, мүсіні қойылған. Сондай-ақ Петропавл қаласындағы оқыған мектеп-интернат музейінде арнайы бұрышы ашылып, ескерткіш тақтасы ілінген.
Кино тарихында есімін алтын әріппен жазуға лайық режиссер, кино өнерінің көрнекті қайраткері Аяған Шәжімбай 1952 жылы 25 қарашада Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданының Қаратал ауылында дүниеге келген. 1959 жылы туған ауылындағы бастауыш, кейін Бірлік орта мектебін, 1970 жылы Петропавл қаласындағы дарынды балаларға арналған (қазіргі Әбу Досмұханбетов атындағы) №2 облыстық қазақ мектеп-интернатын бітірді.
1970 жылдан бастап басылымда қызмет етіп, жаңа шыққан фильмдер туралы ойын хаттап отырған. Бертін келе Алматы қаласындағы М.Әуезов атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ драма театрының екі жылдық актерлік студиясында актер, режиссер қызметін атқарды. Қазақстан Республикасының халық әртісі, еңбек сіңірген өнер қайраткері Р.Сейтметовтың шеберханасында  тәлім алып, 1974 -1976 жылдары Қарағанды қаласындағы С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театрында актерлік қызмет атқарып, сахналық өнер шеберлігін шыңдады. 
«Қазақфильм» киностудиясында Э.Оразбаевтың «Транссібір экспресі», Ә.Мәмбетовтің «Жаушы», С.Пучинян­нің «Мадам Вонг», А.Қарсақбаевтың «Біздің Ғани», «Балалық шақтың кермек дәмі», С.Апрымовтың «Қиян», А.Әшімовтің «Шоқан Уәлиханов», СЖармұхамедовтың «Түрксіб» фильмінде эпизодтық рөлдерде, С.Нарымбетовтың «Арман Атаман» фильмінде редактор болған.
Ең алғашқы «Бәйтерек» атты фильмінің басты кейіпкері – сынықшы қасиетімен елге танылған Оңтүстік Қазақстан өңіріндегі Түлкібас  ауылының тумасы, жүз жастағы Қоштай ақсақал. Ашаршылық, репрессия, Ұлы Отан соғысының зардабын шеккен ақсақалдың кемел жасында есте сақтау қабілетінің зор болғандығы, қанша қиындықты көрсе де, адамгершілігі мен ізгілігін жоғалтпағаны көрерменді ерекше ойға қалдырды. Келесі «Барбол» атты деректі фильмі – кішкентай кезінен жыр айтуға әуестенген, шешендік қасиетімен көзге түскен баланың талантын дәріптейді.
Режиссердің «Жазығы не апалардың?», «Алжир. Біз куәміз» атты екі бөлімді деректі фильмі де талай нәубетті бастан өткерген қазақ тарихын арқау еткен. Онда жарларынан, балаларынан көз жазып, ауыр күндерде де сағы сынбаған аналар, әйелдер галереясы терең ойға қалдырады. Фильмдегі әр кейіпкер 1937 жылғы репрессияның ащы шындығын баян етеді.
Аяған Шәжімбайдың қаламгерлік қасиеті де өз тұстастарының жоғары бағасын алған. Оның «Оралу», «Күтумен өтер ғұмыр», «Кешірім», «Бабалар ізі жоғалмаса игі», «Мерейтой лебіздері», «Өнер және нарық», «Батыр өмірінен үзік сырлар», «Автобустың әлегі», «Балшықбай бірден асқанда…» атты шығармалары талант иесінің сөз өнерінде де берері көп болғанын айғақтайды.
Режиссердің толғамды ойға толы туындыларының бірі де бірегейі – «Жансебіл» фильмі. Кино сценарийінің авторы белгілі жазушы-драматург Ж.Қорғасбек «Жансебіл» сөзінің мағынасын: «Баяғыдан келе жатқан қазақтың сөзі, жан шығарда, жанын берерде – адамның  соңғы демі болады екен. Жанталасу, жаналқым (агония), соңғы әрекет, соңғы қимыл, яғни Мұқатай қарияның соңғы үміті», – деп түсіндіреді. Иә… Бұл күй басты кейіпкер, Қазақ­станның халық артисі Қасым Жәкібаевтың образы арқылы толық ашылып, көрерменнің көңілін толқытты. Жат жерде жүріп арбаға таңылған Мұқатайдың Абыралыға деген перзенттік сағынышы, дәрменсіздігі кім-кімді де бейжай қалдырған емес. Мүгедек Мұқатайды бағып-қаққан Маруся бейнесі де шынайы сомдалған. Актерлар тобының сәтті таңдалғаны да – фильмнің басты жетістіктерінің бірі. Мұқатайдың жас кезін ойнаған Кеңес Нұрланов: «Айекеңнің Жүсіпбек Қорғасбектің сценарийі бойынша 1991 жылы түсірген «Жансебіл» фильмі бәріне аян. Мен бұл киноға ойламаған жерден келдім. Жастар театрында жұмыс істейтінмін. Бір күні Аяған ағам хабарласып: «Әй, Кеңес, уақытың болса, осындай уақытта киностудияға келіп кет», – деді. Барғанымда туған бауырын көргендей қарсы алды. Ол кезде ағаны сырттай ғана білетінмін, тығыз аралас-құраластығымыз жоқ болатын. Өзі үнемі ізденісте жүретін. Театрға жиі келетін, кітапханада көп отыратын. Көрген бойда: «Сен осыған түсесің, сценарийді оқып ал», – деп қолыма қағазды ұстатып қоя берді. Мұқатай деген кейіпкердің рөлі екен. Жас актермын. Бір жағынан тосылып қалдым, бір жағынан үлкен қуаныш… Сөйтсем, аға қойылымдарды, мен ойнаған рөлдерді көрген екен.
Кинодағы оқиға барысы шығарма желісі бойынша Сібірде өтетін. Сібірге жету, Сібірге барып кино түсіру ол тұста қиын, уақыттың күрделілеу кезеңі. Сондықтан табиғаты Сібірге ұқсайтын Шығыс Қазақстан облысындағы қалада түсірілді.
Түсірілім кезінде қиындықтар да болып тұрды. Есімізде ерекше қалғаны – тамыз айының ішінде Мәскеуде Тамыз төңкерісі өтті. Сол кезде бәріміздің абдырап қалғанымыз рас. Аяған ағаға да оңай тиген жоқ. Екі-үш күн түсірілім де тоқтап қалды. Бірақ Аяған аға өзін тез жинап, қайта жалғастырған еді.
Шығыста салқын ерте түседі. Тау­дың іші болғандықтан, тіпті суық. Кинода жас Мұқатай қашып келіп суда жатып қалатын бір эпизод бар. Сол көрініс фильмде бір-екі минутта өтіп кетеді ғой, ал оны түсіру үш-төрт сағатқа созылды. Қайнар да бастауын таудан алады, суы тастай. Елдің бәрі қалың киінген. Мен рөлім бойынша жұқалтаң киіммен суға қайта-қайта жатамын. Қалшылдап, әбден жаурағаным есімде. Аяған ағаның елгезектігі, мейірімділігі сондай, камера көзі басқа тұстарға бұрылғанда: «Ауырып қалма», – деп, үстіме қалың киімдерді жауып тастайтын.
Айекең бар-жоғы 42 жасында өмірден өтті ғой. Әттең-ай деп өкінесің… Көзі тірі болғанда қазақ киносының алтын қорын әлі талай жауһарлармен толтырар еді. Қазақи рухтағы адам болды. Қазақтың жанын, рухын ашатын дүниелерді түсіруге құлшынысы зор болды. «Қасқыр адам» фильмін түсіргісі келгенде, тосқауылға тап болды. Осындай кедергілер, жол кесулер ол кісінің жүрегіне, жүйкесіне үлкен салмақ түсірді. Өнер жолының бір ауыртпалығы – «елемей қою» деген сөз бар. Айекеңді елемей қоюға, ескермей қоюға тырысқандар көп болды…
Жалпы, «Жансебіл» фильміне түскенім, Айекеңмен бауыр сынды араласқаным – үлкен бақыт. «Батыр Баян» фильміне де түсуіме де Аяған ағаның ықпалы болды. Негізгі кейіпкер – Баянды сомдайтын адам бекітіліп қойған екен. Ноянды ойнайтын актерді іздеп жатқанда, кино режиссерімен жолығып қалған Айекең: «Нұрлан Кеңес деген актер «Жансебілде» Мұқатайды тәп-тәуір ойнады. Неге соны көрмейсіз?» – деп мені ұсынған көрінеді. Міне, осылайша тағы бір керемет фильмге түсу бағы бұйырды маған», – дейді, режиссердің көрегендігін танытып.
Белгілі режиссер Талғат Теменов Алаштың Аяғанын: «Қыркүйек айының басында «Қара қыз» киносының түсірілімімен Қызылжарда болдым. Сол кезде орыс театрының директоры Спартак Рамазан мені облыстық музейге алып барды. Аралап жүргенімде Аяғанның бейнесі көзіме оттай басылды. Суреті Қызылжардан шыққан танымал тұлғалардың қатарында тұр екен.
Өзім Айекеңді сонау студенттік шақтардан білетінмін. Кейін Асанәлі Әшімов батыр қыз туралы «Год дракона» фильмін түсірді. Онда Аяған екінші режиссер, мен режиссердің көмекшісі болдым. Оның кино өнерін жете меңгергеніне сол кезде көзім жетті. Бертін келе көптеген деректі фильмдер түсірді. «Жансебіл» көркем фильмін экрандады. Нағыз кәсіби толысып, кемелденген тұсында, ортамыздан кетіп қалғаны жанымызға батады. Аяған жасаған фильмдерді көрермен назарына жиі ұсынып тұру керек. Онда Аяғанның маңдай тері ғана емес, күллі қазақтың жан тебіренісі бар», – деп еске алса, танымал режиссер Болат Қалымбетов: «Аяған екеуміз Қазақфильмің жанындағы отбасылық жатақханада он екі жылдай көрші тұрдық. Отбасымызбен жақсы араластық. Бертін келе үкіметтен Мамыр ықшам ауданынан Аяғанға төрт бөлмелі, маған төрт бөлмелі үй берілді. Қуанып, қоныс тойын жасаймыз деп жүргенде Айекеңнен айрылып қалдық. Бұл маған өте ауыр тиді. Өйткені қаншама жыл қатар тұрдық, бірге жұмыс істедік. Әңгімеміз де таусылмайтын. Ол қазақи ойлайтын, қазақша төгілтіп сөйлейтін. Болмысының өзі нағыз қазақи еді», – дейді өнер иесінің болмысына үңіліп.
Расында, Аяған Шәжімбайдың әр туындысы халық тағдырымен бітеқайнасып жатқанын көреміз. Халық талайын таразылай отырып, адамзаттық ойларды алға тартқан дарын иесінің есімі өнерсүйер қауымның жүрегінде сақталмақ.

Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір