Бюрократиядан қалай құтыламыз?
16.08.2024
32
0

Адамзат қоғамы өзінің дамуы барысында түрлі формациялар мен құрылымдарды басынан кешіріп, мемлекет басқарудың сан қырлы тәсілдерін ойлап тапқаны мәлім. Демократия – солардың ішіндегі ең озық үлгісі ретінде бүгіндері де салтанат құрып келе жатқанын білеміз. Дегенмен, қандай қоғамдық құрылым болса да ел басқаруда бәріне ортақ жекелеген құбылыстар кездеседі. Солардың қатарына – бюрократия ұғымын да жатқызар едік.
Бюрократия – француздың «бюро, канцелярия» және гректің «билік» деген сөздерінің қосындысынан шыққан. Қарапайым тілмен айтар болсақ, бұл мемлекеттік билік аппаратындағы арнайы артық­шы­лық­тар берілген қыз­меткерлердің жиын­тығы деген ұғым­ды білдіреді. Яғни, мем­лекет басқару ісі­мен айналысатын адам­дардың қызмет ережелері мен стандарттарды орындайтын жоғарғы тобы десе де болады.
Аға буын өкілдері үшін бұл ұғым жағымсыз мағынада қалыптасып, «қағазбастылық» деген түсінікпен астасып кеткенін айту керек. Дегенмен, мемлекет басқару мен халықпен жұмыс жасаудың құралы ретінде оның да жайдан-жай қалыптаспағаны белгілі. Мысалы, осы құбылысты зерттеген Макс Вебер бюрократияны ұйымдық мақсаттарға жетудің бағалы және тиімді тәсілі деп анықтама берген. Оның ойынша, бюроратия кәсіби біліктіліктің дамыған деңгейі, еңбек бөлінісінің айқындалған үлгісі, мансаптық баспалдақтармен жоғарылаудың нақтылы тәртібі сияқты заңдылықтарды біріктіретін құрылым болып есептеледі. Вебердің пайымдауынша, бюрократияның тиімділігі – оның іс-әрекеттерін алдын-ала болжауға болатындығында.
Осы құбылысты зерттеушілердің кейінгі бір толқыны (Р.Мертон, М.Крозье) бюрократияның ел басқарудағы олқы тұстарын ашып көрсетеді. Яғни, бюрократия таудан құлаған көшкін сияқты үлкейе келе өзінің икемділігінен айырылады. Атап айтқанда, мемлекет басқарудың кейбір ережелерін бұлжымайтын дәстүр ретінде қабылдайтын топ қалыптасып, жаңа жағдайларда жұмыс жасауға қабілетсіздік танытады, осылайша жұмыстың тиімділігін төмендетіп жібереді деп анықтаған. Ал, осы кәсіппен айналысатын адамдардың біліктілігінің біржақты болуы мәселелердің шешілуіне кедергі келтіріп, билік басында отырған жекелеген топтар өз мүдделерін халықтан жоғары қоюына алып келуі белең алатыны белгілі. Ол үшін халықтан нақтылы жағдайды жасырып, бұрмалауға жол береді. Бұл өз кезегінде формализмге, кертартпалыққа, билік адамдарының тек өз мүддесін күйттеп, мемлекеттік басқару жүйесінің қоғамнан оқшаулануына алып келеді. Осыған байланысты бүгіндері бюрократиямен күрес әлем бойынша жедел жүргізіліп келеді. Дебюрократизация деп аталатын бұл жұмыс бюрократизмді жеңу үшін қолданылатын шаралар жүйесін жүзеге асыруды мақсат етеді. Атап айтқанда, халықтың жалпы басқарушылық мәдениетін арт­тыру, басқаруға жаңа технологиялар мен есептегіш техниканың мүмкіндіктерін мейлінше пайдалану, жетекшілік жасау процедураларының қарапайымдануы, маңызды шешімдер қабылдаудың ашық болуы, мемлекеттік апараттың ықшамдануы, әлеуметтік маңызы бар ақпараттарға еркін қол жеткізу жүзеге асырылуы аса маңызды.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқав өзінің VIII шақырылған ҚР Парламентінің бірінші сессиясында сөйлеген сөзінде елімізде мемлекеттік аппараттың қызметінде бюрократиясыздардыру жұмыстарының қолға алынғанына қарамастан қағазбастылықтан арылмай келе жатқанына баса тоқталған болатын.
«Үкімет маңызды шешімдер қабылдауда бюрократия мен түрлі басқармалар, үкімет пен Президент аппаратының арасында келісім жасауды желеу етіп шабандық танытып келеді. Министрлер нақтылы шешім қабылдаудың жауапкершілігінен жалтарып, өзге ұйымдар мен құзырындағы қызметкерлердің мойнына арта салуды әдетке айналдырған. Мұндай жағдайға енді төзуге болмайды! Елдік маңызы бар бағдарламаларды жасап, жүзеге асыру мемлекет қазметкерлерінің басты міндеті. Міне, сондықтан мемлекеттік қызметке жауапкершілігі мол, еліміздің өркендеуіне мүдделі, кәсіби шеберлігі жоғары мамандарды тарту керек!» – деген болатын Президент өз сөзінде.
Әрине, кез келген мемлекетті басқару үшін қандай да бір биліктің қажет екені белгілі. Ал, билік бар жерде бюрократия да өмір сүретіні дәлелдеуді қажет етпейді. Қазақы түсінікте «қағазбастылық» деген сипаттамаға ие болған бұл құбылысты біржола жою мүмін емес дейді аталған саланы зерттеушілер. Дегенмен, онымен күрес тәсілін жетілдіріп, мақсатты түрде жұмыс жасалатын болса, бюрократияның кері әсерін мейлінше азайтуға болатынын да жоққа шығармайды. Атап айтқанда, бүгіндері әлемде ақпараттық технологияның жедел дамып, «бір терезе» жобасы бойынша халықпен жұмыс жасау бюрократияға тосқауыл болғаны байқалады. Иерархияның басы мен аяғын тікелей байланыстыруға мүмкіндік берген әлемжелінің арқасында бюрократия ұғымы кейінгі толқын жастардың санасынан өшіп бара жатқанын аңғарып жүрміз.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір