Жағдайың қалай, әлеумет?
09.08.2024
195
1

Еліміздің 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарында қарастырылған «Әділ әлеуметтік саясат» жалпыұлттық стратегиялық басымдығының мәні – халықтың табысын арттыру, әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын жақсарту. Халық табысын арттырудың 2029 жылға дейінгі кезеңге арналған жаңа бағдарламасының басты мақсаты да осы. Қазіргі инфляция, нарықтағы қымбатшылық, мардымсыз жалақы жағдайында тесік қалтаны жамаудың әдіс-тәсілдері қандай деген сауалмен Халықаралық бизнес университетінің аға оқытушысы, UIB бизнес мектебінің директоры, Sana analytics экономикалық зерттеу орталығының негізін қалаушы Мақсат ХАЛЫҚ мырзаны әңгімеге тартқан едік.

– Халық табысын арттыру – кез келген мемлекеттің басты мақсат-міндеті, тіпті оның қызметінің мән-мағынасы десек болады, – деп бастады әңгімесін Мақсат Әбілахатұлы. – Шындығын айту керек, біздің ең осал жеріміз осы болып тұр. Халықтың табысын арттыру жөніндегі бағдарламамен танысып шықтым, ойымнан шыққан жері – азаматтардың кәсіби деңгейін көтеру керектігі. Адами капиталдың дамуы, халықтың кәсіби деңгейінің өсуі – қоғамның алға басуының бір негізі. Кәсіби, жоғары білікті мамандардың табысы да біліміне сәйкес өседі, демек олардың өмір сүру сапасы жақсарады, төлем қабілеттігі артады. Бұл дұрыс ой, бірақ ол тез арада болмайды, бірте-бірте жүзеге асатын шаруа.
Бұдан басқа жағына келсек, ресми статистика бүгінде жалпы еліміздегі орташа табыстың көлемі 382 мың теңге болғанын алға тартады. Яғни төртжылдық бағдарлама бойынша орташа табыс көлемі артты, демек халықтың табысы ұлғайып келе жатыр деп көрсетеді. Бірақ орташа табыс деген бүкіл халықтың алатын табысы емес. Ол елдегі еңбекке жарамды азаматтардың, жалпы еңбек нарығындағы адамдардың табысының бәрін қосып, бөлгендегі жағдай. Мәселен, бір адамның жалақысы жүз мың болуы мүмкін, енді бірі миллион алуы мүмкін, екеуін қосады да, сен де 550 мың, сен де 550 мың аласың дегенге келтіреді. Бұл, әрине, әділетсіздік және халықтың нақты жағдайының көрінісі бола алмайды.

– Халықтың табысы ұлғайды дегенде мұғалімдердің жалақы­сының өскенін айтамыз ба?
– Біздің қоғамымыз тек мұғалімдерден тұрмайды ғой. Ел экономикасы, қоғам тіршілігіне қажетті сан салалы шаруашылық атаулының түрлі деңгейдегі жұмысшы-қызметкерлері бар. Ол жерде көбінесе жеке сектор. Олардың жалақысы қалай өседі? Қазіргі жағдайға қарайтын болсақ, ұлғайды деген табысты жоғары инфляция жеп отыр. Ресми статистика бойынша соңғы бес жылдағы инфляцияның өзі 70 пайыздан асып жығылады, ал халықтың табысы ол жылдары 70 пайызға өскен жоқ, бұл айқын. Азаматтардың табысы бір жылда орташа есеппен 5 пайызға өскен болса, инфляция екі есе жоғары болып отырды. Азаматтардың төлемқабілеттілігі нашарлай берді, кедейлер қатары көбейді. Осы ретте Президент тапсырмасымен қабылданған алғашқы төртжылдық халық табысын арттыру бағдарламасы 2029 жылға дейін ұзартылды. Онда кедейшілік көлемі 5 пайыздық деңгейде деп көрсетілген, бірақ бұл нақты емес. Дүниежүзілік банктің есептерінде ол 12,5 пайыздан асады делінген. Себебі ең төменгі күнкөріс шегі әлі күнге дейін қырық мың теңгенің маңында тұр. Ең төменгі күнкөріс шегінің 70 пайызынан төмен табыстылық болса, ол отбасы әлеуметтік осал топ болып саналады. Сол кезде ғана әлеуметтік төлем тағайындалады. Елімізде ең төменгі жалақы 85 мыңға дейін көтерілді, ал ең төменгі күнкөріс шегі төмен күйінде қалды. Ол да өсу керек, жоқ дегенде 70 мыңның үстіне бару керек еді. Кедей халықты қалай анықтаймыз? Ең төменгі күнкөріс шегінен төмен табысы бар азаматтар кедейлер қатарына жатады. Сонда біздің кедей азаматтардың саны да автоматты түрде екі еселенеді. Демек біздегі санаудың өзі дұрыс емес.
Сондай-ақ жұмыссыздыққа байланысты статистикалық деректер де әртүрлі. Статкомитеттің мәліметінде бізде 10 миллион еңбекке жарамды адам бар, соның 5 пайызы, яғни 500 мыңдай адам жұмыссыз деп көрсетеді. Бұл жұмыспен қамту орталықтарына келіп, тіркелген азаматтардың саны. Ал тіркелмей жүрген жұмыссыздар қаншама, міне, осы мәселелердің бәрі айқындалуы керек. Мемлекет басшысы өткен жылғы Жолдауында 900 мың адам жұмыссыз деген мәлімет келтірді. Демек Президенттің өзі ресми статистикамен келіспейтіндігін көрсетіп отыр. Ал KPMG дейтін аудиторлық компанияның мәліметтері бойынша, Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейі 15 пайыз, демек 1,5 миллион адам жұмыссыз. Көріп отырғанымыздай, нақтылық жоқ.
Ең төменгі жалақыға келер болсақ, ол – 85 мың теңге деп бекітілді. Бұған дейін де ол 70 мыңға, оның алдында 60 мыңға дейін Президенттің Жолдауынан кейін өсіп отырды. Алайда бүгінгі күні 85 мың айлыққа бір адам күн көре ала ма, оған тиісті экономикалық негіздемелер есептелген бе? Мысалы, Еуропада, Америкада болсын, қолыңызға алатын ең төменгі жалақы сағатына 15-20 доллардың көлемінде. Яғни бір айда кемі 1 млн 200 мың теңгедей айлық аласыз. Бірақ ол жақта өмір сүру де қымбат қой деуге болады, негізі бұл адамның бір айдың ішіндегі пәтерақысы, күнкөрісі, басқа да қажеттіліктеріне жететін қаражат. Ең төменгі жалақы адам баласының лайықты өмір сүруіне қажеттіліктерді қамтамасыз ету тұрғысынан есептеледі. Әлемдік тәжірибеде ең төменгі жалақыны есептеудің түрлі тиімді жолдары бар. Мәселен, оның көлемі орташа жалақының үштен бір бөлігінен төмен болмау керек, талап солай. Осыған орай, бізде орташа жалақы қазір 382 мың теңгенің көлемінде десек, оның үштен бірі 127 мың теңге болады. Сонда дәл қазіргі уақытта еліміздегі ең төменгі жалақы 85 мың емес, 127 мың теңгедей болу керек. Ал келер жылы инфляция он пайыздай болып, бағалар өсіп жатса, осы 127 мыңды тағы 10 пайызға өсіріп (индексациялап), 140 000 теңгеге жақындату керек. Жыл сайын солай өсіп отыру керек, осының өзі көп нәрсені айқындайды. Ең төменгі жалақыны есептеу әдістемесі ең төменгі зейнетақыға да әсерін тигізеді, жалпы еліміздегі азаматтар табысының жағдайын сипаттайды. Мысалы, бір мекеме-кәсіпорындар жұмысшы-қызметкерлеріне одан төмен айлық беріп жатса, оларды жазалауға болады. Нарықта жұмыс жасап, табыс табасың ба, онда азаматтарға лайықты айлық төлеуің керек. Бұл, әрине, күш салумен емес, заң аясында жүзеге асырылуы тиіс. Ол үшін арнайы заң қабылдау керек. Сонда нарық ең төменгі жалақыны 127 мыңның көлемінде қояды, демек білікті мамандардың деңгейі де жоғары табысқа лайықты бола бастайды. Осы орайда сарапшылар қауымдастығы қатысқан үкіметтің талдауларында аталған мәселеге қатысты есептемелердің 2025 жылдан кейін енгізілетіндігі айтылды. Әлеуметтік саладағы аталып өткен мәселелердің әрқайсысы бойынша дұрыс есептеулер мен экономикалық негіздемесі жасалып, реттелмейінше, бағдарламалар қағаз бетіндегі әдемі сандар болып қала береді. Нақты өмірден көрініс таппаған соң, қоғамның дамуы алға баспайды, халықтың өмір сүру сапасы да жақсара қоймайды. Халық табысын көтерудің ең бастапқы негіздеріне қатысты айтарым осы.

– Осы жерде екінші мәселе – өндірістің дамуына, әділ бәсекелестіктің орнығып, кәсіпкерлердің табыс табуына жағдай жасау. Қазіргі күнде сырттан келіп жатқан тауар ағынына мемлекеттің қолдауынсыз жекелеген кәсіпкер қайтіп қарсы тұрмақ?
– Ойыңызбен келісемін, экономикада протекционизм деген ұғым бар. Мемлекеттің ұлттық экономиканы шетелдік бәсекеден, импорттан қорғау жолымен оның дамуына жәрдемдесетін экономикалық саясаты. Алайда бізде протекционизм автоөндіріс саласында ғана жүріп жатыр. Оның өзінде біз ресейлік автоөнеркәсіпті қолдап отырмыз. Еліміздің ауыл шаруашылығы саласында, азық-түлік өндірісінде бәсекеге қабілетті өнімдер баршылық. Өнеркәсіптік саясатты дұрыс жүргізе алсақ, агросектор елімізді ғана емес, алыс-жақын шетелдерді де азық-түлік түрлерімен қамтамасыз ете алады.
Отандық тауар өндірісін дамыту – баға, инфляция өсуінің тұрақтануына, ұлттық валюта қуаттылығына әсер ететін басты факторлардың бірі. Егер елімізде тауар өндірісі жолға қойылатын болса, отандық өндірісті дұрыс қорғай білсек, дамуын қамтамасыз ете алсақ, онда теңгеміз өзінен-өзі құнды болады. Өйткені өндірісі мықты елдің валютасы тұрақты, экономикасы қуатты болады. Бұл бүгін өте өзекті болып тұрған жалпы экономикадағы мәселелер. Президент либералдық экономиканың қалыптасуына жол ашу керектігін әркез айтып келеді. Либералды экономика, ол – еркін экономика. Оған мемлекет араласпау керек деген сөз. Ал мемлекет түрлі салықтар, бюрократиялық кедергілер арқылы көп жерде тосқауылдар қояды. Мысалы, құрылыс саласындағы кәсіпкерлер котлаван қазғаннан бастап, эксплуатацияға жеткенше, қаншама рұқсат қағаздарын алуымыз керек, өте көп шығынданамыз, нәтижесінде үйдің шаршы метрінің құны көтеріледі, яғни мұның бәрі түптеп келгенде халықтың қалтасын қағуға әкеледі дегенді айтады. Демек мемлекет экономикаға қай кезде араласу, қай кезде араласпау керегін білуі тиіс.
Ауыл шаруашылығын қолдаймыз деп берілетін субсидияларды бөлуге қатысты да осыны айтуға болады. Мемлекет шаруаларға барынша қолдау жасау керек. Қалай дейтін болсақ, сапалы тұқымдар, тыңайтқыштар жеткізіп берсін, топырақты құнарландыру, жылыжайларды газдандыруға, тамшылатып суғару технологиясын енгізуге көмектессін, осы шаруаларға құйсын субсидияны. Осындай мәселелерді шешіп берсе, шаруалардың жұмысы алға басады. Сосын өнімді қайда, қалай апарып өткіземін дегенге шаруа бас қатырмау керек. Мұны дұрыс ұйымдастыру үкіметтің жауапкершілігінде болуы тиіс. Бірінші кезекте өнімін, екінші халыққа жеткізу мәселесін қамтамасыз етсең, өнім бағасы қолжетімді болады. Халық қалтасына қатты салмақ түспеуіне әсер ететін жәйттің негізі бірі осы.

– Мемлекет басшысы алға қойғандай, 2029 жылға қарай экономикамыздың көлемін 450 млрд долларға жеткізу үшін жалпы ішкі өнім жыл сайын кемінде 6 пайызға өсуі керек. Бұл тұрғыда экономикаға жаңа серпін, ел өміріне тың серпіліс берер мақсатты жобалар туралы не айтасыз?
– Мен дағдарыстарды көп зерттедім, жалпы дағдарыстардан алып шығудың бір керемет жолдары бар. Америка отызыншы жылдардағы ұлы депрессиядан шығу үшін жолдар, үлкен құрылыс нысандарын салған. Мысалы, жол тартқан кезде қаншама компаниялар құрылған, мыңдаған мамандар жұмыс жасап, табыс тапқан, ол елдің әл-ауқатының жақсаруына әкелді. Осы орайда мына мәселеге назар аударғым келеді. Көктемде еліміздің бірқатар аймақтарын топан су басып, қаншама адам баспанасыз қалды, қаншама шығын келді. Осы жаңа бір бастаманың басы болу керек деп ойлаймын. Бұл жағдайды тұтастай бір ұлттық жобаға айналдырып, баспаналы болудың ыңғайлы тетіктерін жасау үшін жаңа құрылыс компанияларын құрып, нарықта бәсекелестікті арттырып, әрбір қазақ баспаналы болу керек деген мәселені қолға алатын болсақ, меніңше, мұның өзі үлкен экономикалық серпіліс беретін еді. Өйткені, біріншіден, үйсіз жүрген азаматтар баспаналы болады, екіншіден, халықтың әлеуметтік жағдайы, өмір сүру сапасы жақсарады, бұл өз кезегінде тұтас экономикалық үрдістердің жандануына әкеледі. Құрылыс саласы жақсы экономикалық өсімді көрсетіп тұрғанымен, өткен жылдарда ол зейнетақы қоры қаражатының есебінен болды. Қазір тұралай бастады, жылына 15 млн шаршы метр үй тұрғыздық дегенмен, үйлерді сатып алатын барлық халықта бірдей ақша жоқ, төлемқабілетті азаматтарымыз аз. Үкімет жаңадан қосылған «Наурыз», сондай-ақ «Алматы жастары» сияқты өңірлік бағдарламалар арқылы нарықтың сұранысын түсіріп алмау үшін әрекет жасап отыр. Бірақ бұл бағдарламалардың мүмкіндігі шектеулі, әрі кеткенде мың адам. Ал, алып шаһарда кезекте тұрғандардың өзі 500 мыңнан асады, кезекте тұрмаған үйсіз адамдарды алсақ, 2 миллионнан астам. Ұлттық банктің «7-10-25» бағдарламасы шектеусіз, жақсы мүмкіндік еді, бірақ аяқталып қалды. Қазір нарықта оған балама болатындай жаңа бағдарлама жоқ. Үстемесі 18 пайыздың үстіндегі екінші деңгейлі банктер арқылы үй алсаң, оның бағасын үш есе қылып қайтаруың керек. Оны қазір кімнің жағдайы көтереді?
Сондықтан жоғарыда айтқанымдай, халықтың игілігі үшін деп үлкен бір жобаны бастап кету керек. Ондай күнде қаншама құрылыс компанияларының жұмысы жанданады, цемент, арматура, кірпіш, бетон өзімізден алу керек деп, жергілікті қамтуға күш салатын болса, құрылыс материалдарын шығаратын компаниялар да үлкен табысқа ие болар еді. Егер біз әлеуметтік бағдарланған нарықты экономиканы құрамыз десек, бірінші кезекте кедейшілікпен күресуіміз керек, екінші халықтың әлеуметтік жағдайын шешуге тырысуымыз, олардың баспаналы болуын қамтамасыз етуіміз керек. Осы мәселелер шешімін тапса, онда біз елдің жағдайын ойлайтын әлеуметтік бағдарланған экономиканы құра алдық деп айта аламыз.

Сұхбаттасқан
Рымтай КӨКЕНАЙҚЫЗЫ

ПІКІРЛЕР1
Аноним 23.08.2024 | 19:27

Керемет сұхбат! тұжырымды ойлар!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір