СЕНДІК САПАР – САЯҚ ЖОЛ
Ақын, журналист, ақпарат саласының үздігі Гүлайым Дәуітбай есімімен 18 жыл бұрын танысып, өзімен 2010 жылы Ақтауда жүздесіп едім. Сол тұстан бастап «ақынның кітабы қашан шығады екен?» деп, іштей елеңдеп жүргенмін. Мен жиырма жылдан бері күткен шара «Егемен Қазақстан» газетінің өңірдегі тілшісі, Журналистер одағының мүшесі, Одақ сыйлығының лауреаты, Ақпарат саласының үздігі Гүлайым Дәуітбайдың «Сағыныш сіңген сардалам» атты шығармашылық кеші Ақтаудағы «Достық» үйінде 5 қазан күні өтті. ҚР Жазушылар одағының Маңғыстау облыстық филиалының директоры, талантты ақын Әнуарбек
Бимағамбет жоғары деңгейде жүргізген кеш сыр-сұхбат бағытында өрбіп, жиналған көпшілікке үлкен ой салды. Гүлайымның ақындық, журналистік, азаматтық болмысы жан-жақты ашылды. Гүлсім Бекжанованың көркемдік жетекшілігімен (Бейнеу ауданы, «Абыл» атындағы аудандық мәдениет үйі) әзірленген «Арлан ана» монопьесасы көрерменге кеш иесінің тағы бір қырын танытты.
Ақынның «Маңғыстау», «Ұйқы ұрланған түн», «Құрдаспен әңгіме», «Өлең тұлпар», «Рушылдың ылаңы», «Бойтұмарым», «Тұрыш атаға үн қату», «Суын айғыр», «Құм қызы», т.б өлеңдері оқылып, шығармашылығы жайында ой қозғалды. Гүлайым Дәуітбайдың сөзіне жазылған «Көкмойнақ», «Қазақ қызы», «Маңғыстау», «Іңкәр айым», «Сам құмы», «Астана» әндерін М.Өскінбайұлы атындағы облыстық филармония әншілері орындады.
Кеш соңында Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев сөз сөйлеп: «Өлеңге құлшыныс барда болашағымыз жарқын», – деген ақжарма тілегін білдірді. Ақынның ұзақ уақыттан бері бас басылым бетінде көтеріп келе жатқан мәселесі – Адай жылқысының статусы шешіліп жатқанын жеткізіп, көпшілікті қуантты.
Мағира Қожахметова
Гүлайым ДӘУІТБАЙ
ҚҰМ ҚЫЗЫ
Әй, Құм қызы, Құм қызы!
Білінбеген құмда ізі,
Көрінбеген жырда ізі,
Жақсылыққа – нұр жүзі,
Қас дұшпанға шарт та шұрт
Өңгерулі сүңгісі!
Адамилық қасиет
Тектен тартқан үлгісі
Сен кім едің, кім едің?!
Зарина ма ең, Тұмар ма ең,
Заман алшақ тусаң да
Тұмар қызбен сыңар ма ең?!
Дұшпан басын қан толы
Меске салсаң – шыдар ма ең?!
Бопай ханым апаңдай
Көкірегіне көсем ойды құйылтып,
Тыңдағанды иіріміне ұйылтып
Ашық сөйлеп, ақ айтып
Астана жұртқа ұнар ма ең?!
Кең далада жосылтып,
Тұлпар мінген көсілтіп
Қаламқастай ел үшін
Киік көрсең қуар ма ең?!
Әлия, Мәншүк, Хиуаздың
Жүгін артса, сынар ма ең?!
Әй, Құм қызы, Құм қызы,
Атадан бала туар кем!
Рухтансын деп айтамын
Салыстырып бұлармен!
«Қазір-ақ шықса ырзамын
Ел мен жердің қамы үшін
Кеудемнен ақыр шығар дем!»
Деп жүргеннің бірі едің
Дегеніңе жеткізіп
Жарылқасын мына әлем!
Әй, Құм қызы, Құм қызы!
Жұртқа айтқызсаң – дауылсың,
Кім көрінген көтере алмас қорғасындай ауырсың!
Біреулерге елжіреген – тәуірсің,
Тиіспеген бөтенге өле-өлгенше бауырсың!
Біреулерге – дүлейсің,
Біреулерге – үрейсің,
Шамырқансаң – түлейсің,
Көлтабанда құйғытқан Бурылдай үдейсің!
Сендік сапар – саяқ жол
Жалғыз жортып барасың
Сапарлас боп кім ерсін?!
Әй, Құм қызы, Құм қызы!
Нәзіктігің қарасам – жанға жайлы жібектей,
Қаталдығың қарасам – жолбарыс ие жүректей!
Асаулығың қарасам –
бұлт қаптаған түнектей,
Тентектігің қарасам – қайтпас қара білектей!
Шаршыға түссең – өлу серт
Шыбын жаның шыр етпей!
Жұдырық жүрек дір етпей!
Бәрін айт та бірін айт –
Алла алдына иманды
Бару парыз кір етпей!
Құмның қызы, кім едің?!
Елдік мұңмен астасады тілегің!
Кімде болсаң көп қазақтың бірі едің!
Жыр-тұлпарың баптаулы,
Сөз – дойырың саптаулы,
Өлең-қылыш қолыңда,
Намыс-қалқан қорғаның,
Шиыр-шиыр жолдарың –
Қажет етпе мақтауды!
Қажет етпе боқ-дауды!
Әй, Құм қызы, Құм қызы!
Қорамсаңда сөз-жебе –
Қанша мерген болсаң да
Аңғалдыққа беріліп,
Садағыңа керіліп
Кінәсізді көздеме!
Екпініңе шыдамай
Есі кеткен есерсоқ
Маймаң қағып мүләйім
Өзі-ақ құлар ез неме!
Әй, Құм қызы, Құм қызы!
Саф тазалық сендегі – Сам құмының самалы,
Жал-жал өлең – алдыртпас Амантұрлы қамалы!
Диханияз, Дәулетбай,
Асау-Барақ, Көшербай,
Тұрыш ата, Сисенбай – жоғалған жоқ, бар әлі!
«Жары Құдай жалғыздың» –
Жар бола гөр Бір Алла!
Астында жыр-пырағы,
Жолында жыр-шырағы,
Қолында жыр-жарағы,
Үлкен жолда Құм қызы
Жалғыз кетіп барады!
Жалқы жортып барады –
Жарқырай түс жұлдызы,
Жолың болсын, Құм қызы!!!
ПІКІРЛЕР1