ТУҒАН ӨЛКЕГЕ СОҢҒЫ САПАР
11.06.2024
804
0

(Қалмұқан Исабайдың «Қаныш аға осындай еді…» кітабынан үзінді)

Қазақтың маңдайына біткен ғұлама ғалым Қаныш Имантайұлының тәлейлі тағдыры, ғибрат­ты ғұмыры көпке – үлгі, жұртқа – өнеге. Биыл академиктің туғанына 125 жыл. Осы рет­те бір кез­дері Сәтбаевтай сұңғылаға айнымас серік болып, жанында бірге жүрген, ғалымның өмірінің соңына де­йін көмекшісі болған Бөпежан Аяпбергеновтің Қаныш Имантайұлының қазақ ғылымына қосқан өлшеусіз қызметі мен қоғамдық жұмысы, отбасылық өмірі жайлы сыр шерткен әңгімелерін жазып алған белгілі қаламгер Қалмұқан Исабайдың «Қаныш аға осындай еді…»
ат­ты кітабынан үзінді жариялау­ды жөн көрдік. Кітап «Өлке» баспасынан оқырмандар сұранысымен қайта жарыққа шығып отыр (Кітап алғаш рет «Өлке» баспасынан 1999 жылы жарық көрген). Қазақ­стан Жазушылар одағы Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толуына орай маусымның 7-сі күні (бүгін) сағат 10.30-да ғалымның мәңгілік жай тапқан орнында (Алматы қаласы, Райымбек даңғылы 206, Зират) құран оқытып, еске алу іс-шарасын өткізбек. Жиын аясында «Қаныш аға осындай еді…» кітабының тұсаукесер рәсімі болады.

1959 жылдың наурыз айының бір күні мені Қаныш ағай шақырып алып: «Бөке, отырыңызшы» – деді. «Ерекше бір әңгіме бар-ау, осы» деген оймен отырдым. Ағай сөзін бастай берді:
– Конфискация жүріп жатқан кез­де менің елде көрінуімнің аяғы неге душар етер еді? Аштық жылдары 1,5 тонналық машинамен түнделетіп барып біраз адамды Қарсақбайға алып қайт­қаным бар. Ағаларым «халық жауы» деп ұсталып жатқанда, НКВД адамдары өзімді де іздеп келіпті. Ол жолы үйде болмай, аман қалыппын. Содан ке­йін Жезқазғанды көтеру, соғыс, академия құру, қудалауға ұшырау… Әке-шешемнің алдында перзент­тік парызым бар еді, соны өтеу уақыты енді келгендей. Алдымен сіз осында, мына екі жазу бойынша құлпытас дайындайсыз, – деп алдыма қағаз жылжыт­ты да, «оқып алсын» дегендей үнсіз қалды. Қағазға көзімді жүгіртіп өткенде-ақ түсіндім, әкесі мен шешесінің басына қойылатын тастарға жазылуға тиісті аты-жөндер.
– Содан ке­йін тастарды Айырыққа жеткізіп, әкем мен шешемнің басына қойып, зиратын қоршасаңыз. Шілденің он төрт-он бестерінде Қарағандыда бір жиналыс болады да, аяғы Павлодарда салынып жатқан алюминий зауытын көрумен жалғасады. Сол жолы мен Айырыққа соғайын. Әкем мен шешемді атап, аруақтарға ас берейік, – деген ағай сейфінен бір бума ақша алып алдыма қойды.
Іске кірістім. Алматының Ташкент (қазір Райымбек) даңғылының бойын­да зиратқа тас қасаушылар барын білетінмін. Аралап жүріп екі тасты алдым да, бір шеберге ақшасын артығымен төлеп, қағаздағы жазуларды қашап шығаруды тапсырдым. Тастарды дайындау ұзақ уақыт алған жоқ. Енді оларды Қарағандыға жеткізу керек. Геология басқармасына қандай партияның қашан, қайда жүретіні жөнінде сұрау салайын. Сөйтсем, Рамазан Борукаев экспедициясы әне-міне Бозшакөлге жүреді екен. Міне, сәт. Алматыдан аталмыш кенішке барғанда, Қарағандыны баспай өте алмайды. Ал бұл қаладағы облыстық жабдықтау басқармасының бастығы Уайда деген жігіт өзіме таныс. Борукаевтар тастарды соның қоймасына тапсырып кетеді…

Бәрі де ойлағанымдай болды. Рамазан Борукаев (соңынан Академик, Лениндік сыйлықтың иегері болған) – Қаныш ағайдың әрі құрдасы, әрі жан досы. Соған бұйымтайымды айтып едім, «орындаймыз» деп лып ете қалды.
Қарағандыдағы Уайдамен келісіп қойғанмын. Соның адресін, үйі мен қызмет телефондарының нөмірін беріп, тастарды осыған апарып тапсыруды сұрадым.
Тастарды сөйтіп «ат­тандырдым» да, 2-шілде күні Қарағандыны бетке ұстап, өзім шықтым.
Уайда құлпытастарды сақтап отыр екен. Одан ақшасын толығынан төлеп, екі самосвал машина алып, біріне 6 тонна цемент, екіншісіне 4 текше метр тақтай сатып алып, «Айырық, қайдасың?», – деп тартамын ғой. Қаныш ағай маған: «Тамды кірпіштен қалама», – деген. Енді оны цемент­тен құю ойым бар. Тақтай – опалубка үшін. Жолшыбай Үлгіге соқтым. Жұмаш Шәденов ақсақал әлі осында тұратын. Сол кісіні алып, Айы­рыққа ең жақын елді мекен Теңдікке қарай тартып отырдық. Мұнда Имантайдың інісі – Жәміннің баласы, Қаныштың немере ағасы, Мәнидің тетелес бауыры Әкімтай деген ақсақал тұрады. Сәтбай әулетінің сол жылдардағы көзі тірі үлкені. Келе қалдық…
Ертеңінде әртүрлі машиналардан құралған ұзын тізбек Айырыққа келдік. Әкімтайдың көрсетуімен Әлиманың, Жұмаштың көрсетуімен Имантайдың басына тастарын орнатып, лыпылдап тұрған жігіт­тердің күшімен екі-үш күнде көлемі 8 де 4 метр зират қоршауын құйып тастадық.
Бірнеше киіз үй тігіп қойғанбыз. Қазан-ошақ көтерілген, от жағулы, самаурын қойылған. Азық-түлікті жұрт­тың өздері-ақ жан-жақтан әкеліп жатыр.
Қаныш ағай Алматыда келіскеніміздей қара ЗИМ-мен 15-шілдеде Айырыққа жет­ті де, сол жерде әке-шешесіне ас берді, құран оқыт­ты. Асты ел берді. Ал Қаныш ағайдың там соғуда еткен еңбегі үшін жұртқа үлестірген ақшасы асқа сойылған малдар құнынан аспаса, кем болған жоқ.
«Қаныш әкесіне Ас беріп жатыр» дегенді естіп, Баянауыл аупарткомының бірінші хатшысы Ахметов пен ауатком төрағасы Шурин де жетіп, іске араласып кеткен… Астан ке­йін Әкімтайдың үйінде жалғасты. Әкімтай өткен жылы Алматыда болып, Қаныштікінде бір айдай жатқан. Жеңгейдің шешесі Фелицата құдағи үнемі Қаныштың қолында тұрған. Сәтбай әулеті әзіл-сықаққа кенде болған ба, сол отырыста Әкімтай қарт інісіне: «Енеңді маған бер», – дегенді шығарсын.
– Әуелі атын атап алыңызшы, – деді әзілге әзіл қосқан Қаныш ағай.
– Маған оның несі керегін өзім білемін, – дейді Әкімтай ақсақал. – Барамын. Үлде мен бүлдеге киіндіріп, дайындап қой.
– Таисия келініңізбен сөйлестіңіз бе әуелі?
– Сен сөйлес. Осылай да осылай, ағама де. Бір мәтүшкені көндіре алмасаң, несіне Қанышсың?
Түні бойы күй тартылды, ән шырқалды. Қаныш ағай ешқайсысынан да қалмай, өте көңілді отырды.
Келесі күні ағай тағы да Айырыққа баратын болып, аудан басшылары Баянауылға қайтатын болып, жолға жиналды.
– Пәуен бар ма ауылда? – деп сұрады Қаныш ағай.
– «Қазақ­стан 40 жылдығы» атындағы совхозда болу керек, – деп жатыр Шурин Ахметовке.
– Ол кісіні де жеткіземіз, – деп кет­ті аудан басшылары.
1920 жылы Қаныш ағай Баянауылда сот болып істеп жүргенде, жергілікті жұмысшы партиясы ұясы жанынан қазақ-татар секциясы құрылады екен. Осы секция құрамында жастардың мәдени-ағарту ұйымы болады. Ұйым­ның төрағасы – Қаныш, оның жауапты хатшысы – Пәуен Жүсіпбаев деген мұғалім екен. Қаныш ел-елге іс қарауға шыққанда пьеса қойып, ән-күй ұйымдастырып жүреді екен. Соның дайындық жұмыстарын ылғи осы Пәуен атқарып жүрген.
Қаныш ағай бастаған топ Баянауылға келгенде, оны қарсы алушылар арасынан алдымен құшағын жайып Пәуен шықты. Екеуі құшақтасып та кет­ті, босап та кет­ті. Баянауылда Қаныш ағай Пәуенге: «Ленке ағайдікіне кіріп шығайық», – деді. 1920-1921 жылы соның үйінде тұрған екен.
Баянауылдың Ленин атындағы орталық көшесі еңселі ағаш үйге барып тіреледі. Қаныш ағайдың барғысы келген үйі осы. Өрлеп келеміз.
– Қазір бұл үйде кімдер тұрады? – деп сұрады ағай жолшыбай.
– Леонид Федоровичтің өзі 20- жылдардың аяғында сүзектен қайтыс болған. Артынша кемпірі де бұл дүниеден өт­ті. Таняның тағдырын өзің білесің – Қарқаралы басшыларын қырып кеткен бандымен шайқаста қаза тапқан. Қазір үйінде Копиталина деген кіші қызы Александр Васильевич Черкашин деген күйеуімен тұрады.
– Копиталинаны «Капа» деуші едік-ау…
Капа мен күйеуі Қаныш ағайды құшақ жайып қарсы алды.
– Қаныш аға, бөлмеңіз мынау, – деп Капа оң жақтағы есікті ашты. Кірдік. Бір төсек, ортада биік дөңгелек үстел. – Сіздің төсегіңіз мына бұрышта тұрған. Отырыңыз. Мен шай қояйын.
Қаныш ағай уақыты жоғын айтып еді, Капа:
– Отыз сегіз жылдан ке­йін бас сұғып отырсыз. Әкейдің орнына тізе бүкпей, дәм-тұз татпай қалай кетесіз?
Келесі әңгіме сол дәм-тұз үстінде өт­ті.
– Осыдан он жыл бұрын бір келіп кет­тіңіз. Сороченковтар үйіне кіріп шығыпсыз. Біздікіне келмедіңіз. Сороченковтың кемпірі Пологея мені көшеде ұстап алып:
– Әне, Имантайдың Қанышы біздің үйге келді. Сендердікіне барған жоқ, – деген айқайымен аспанды басына көтерсін.
– Өкпелемеңіз, – деді Қаныш ағай. – Сороченков шал – әкемнің тамыры. Баянға келгенде соның үйіне ғана түсетін. 1911 жылы оқуға бара жатқанда Павлодарға сол үйден ат­танғанмын.
– Жарайды, Қаныш аға, өкпелемеймін. Ертең «Қаныш Ленкенікінен шай ішті» деп бүкіл Баян айтып жүреді. Келгеніңізге рақмет, – деген Капа басқа тақырыпқа көшті. – Сіздердің халық үйінде ұйымдастыратын кештеріңізді жиі еске аламын. Жігіт атаулыдан сіз, қыздардан біздің Таня ғана билейтінсіздер. Біз – тұлымы желбіреген қыздар, қызығып қарайтынбыз.
– Таня демекші, соның балалары болушы еді-ау? – деді Қаныш.
– Екі баласы болған. Екеуі де сүзектен қайтыс болып кет­ті. Баяндағы жалғыз фельдшер, біздің әкей қызық кісі еді ғой. Есіңізде ме Қаныш аға, әкеңізді шақырып: «Балаңның өкпесі ауырады, соғысқа жіберме, ауылға алып кет», – деп сізді Қарқаралы басшыларын қырып кеткен бандыны қууға жасақталған Баянауыл отрядынан алып қалып еді ғой. Ал екі нәрестесі бар өз қызына рұқсат берген. Таня ақыры сол соғыста мерт болды. «Бандылар Таняны тачанка үстінде қылышпен турап кетіпті» дегенді айтып келді біздің Баянауыл жігіт­тері.
– Ойпырым-ай! – деді Александр Васильевич әйеліне. – Ол оқиғаны Қаныш аға сенсіз де біледі ғой.
Қаныш аға осы кез­де Александр Васильевичтің өзіне сұрақ қойды.
– Қапар оқиғасы есіңізде ме?
– Енді… Ол Қарқаралы соғысынан жарты жыл бұрын болды ғой. Менің бажам Павел Николаевич Комаровты білетін шығарсыз?
– Екеуіміз Алматыда кез­десіп тұрамыз.
– Сіз қазақ жастары ұйымын, ол казак-орыс жастары ұйымын басқарып едіңіздер ғой…

* * *

Бұл кісілердің бұдан былайғы әңгімесінен мен мынаны түсіндім, – деді Бөкең.
– 1920 жылы атаман Иосип Зонов бастаған Баянауылдың қарулы казак-орыстары ауданның Қапар деген терең шатқалына тығылып, станицадағы Кеңес үкіметін құлатуды ойластырып жатады екен. Мұны олар алдымен РКП ұясы, қазақ-татар, казак-орыс секциялары, сот пен милиция басшыларының көзін жоюдан бастамақты ойластырады. Жастар ұйымдарына отрядтар құру тапсырылады. Қаныш пен Пәуен жастарды жинап, мақсат­ты түсіндіреді. Баянауылда Кеңес өкіметін жариялаған қызыл армия бөлімінен қалған қару-жарақ болады екен, сонымен қаруланады. Жергілікті милиционерлер бір жұмадай винтовканы қалай атуды үйретеді. Ал Комаров басқарған жастар ұйымының мүшелері түгел дерлік бүлікшілерге қосылып кетсін. Қаныш жігіт­тері мен милиционерлер шатқалды қоршап, бірінші күні Поздняк пен Асқар Сыздықов кезек сөйлеп, «бейбіт жолмен берілулері» жөнінде үгіт­тей бастайды. Шатқалдан үн шықпайды. Солай қас қарайып, түн болады. Қаныштар қоршауды бұзбай тауда түн өткізеді. Келесі күні атқан таңмен бірге Поздняк дауысы тағы да тауды жаңғыртады: «Өз еріктеріңмен шығып, наразылықтарыңды айтыңдар. Кеңес үкіметі ешқайсыңды да жәбірлетпейді». Үн жоқ. Одан ке­йін Комаров өзі басқарған ұйым жігіт­терін бас-басына атап, шақыра бастайды… Осы жерде атыс басталып кетеді. Шатқалдағылар көрінбей, жасырынып, жатып атады. Асқар Қанышқа иегімен: «Алға!» – деп белгі көрсетеді…
– Атыңдар! – дейді Асқар шатқалға жақындап барған жігіт­терге. Бұл әмірді Қаныш та қайталайды. Енді қоршау­шылар мылтығы бытырлата бастайды. Қаныш пен Пәуен атқаннан ке­йін оған басқа жігіт­тер де қосылады. Осылай екінші түнді де Қапар басында өткізуге мәжбүр болады.
Сол түні шатқалдан Комаров ұйы­мының екі жігіті қашып шығып, оларға келіп қосылады. Солардың айтуына қарағанда шатқалға сырт­тан шолғыншы келіп, «Еділ мен Ертіс бойының казачествосы түгел көтеріліп, Петропавл, Көкшетау, Ақмола, Атбасар станцияларын алғаннан ке­йін Баянауыл, Қарқаралы арқылы Семейге жетіп, одан әрі Қытайдағы атаман Дутовпен байланыспақ екен. Барлық станица казактары: «Оқ-дәрісін құрғақ ұстасын!» – деп жар салыпты. Мына шатқалдағылардың үнсіз қасарысып жату себебі осы екен.
Үшінші күні Қаныш жігіт­тері шатқалға төніп барады да Асқар қолын көтеріп дауыс береді:
– Дереу шығыңдар! Әйтпесе төбелеріңе бомба жаудырамыз… Осыдан ке­йін ғана атаман адамдары бір-бірлеп шыға бастайды.
Ал Асқардың қолында бір түйір тас қана болатын. Бомба қайдан болсын. Сөйтіп алпыс шақты бүлікшіні Баянауылға айдап әкеліп, тас шіркеуге қамайды.
Екі-үш күннен ке­йін Павлодардан Дерибас деген чекист отрядымен келіп, бүлікшілерді тергеп, атаман Иосип Зонов бастаған 12 бүлікшіні Кішітас деген жерге апарып атады…
– Бір қағаберісте Пәуеннен Капа айт­қан Қарқаралы соғысының сырын сұрадым, – деп жалғады Бөкең әңгімесін.
– Ол – Қапар бүлігін басқаннан соң жарты жылдан ке­йін болған оқиға. Есіл казачествосы Петропавл қаласын ала алмай, өткен жерлерін қанға бояп шегініп бара жатады. Уезден Баянауылға еріктілер отрядын құру жөнінде жарлық түседі. Егде қазақтардан еріктілерді үгіт­теуді Асқар қолына алады да, жастарды тартуды Қаныш екеумізге жүктейді. Тізім басына өзімізді жазбасақ, басқаларды үгіт­тей аламыз ба? Жаздық. Содан ке­йін басқалар да жазылды. Алайда Қанекең екеуміз ол соғысқа қатыса алмай қалдық. Капаның: «Әкем елден Имантай ақсақалды шақырды», – дегені де рас. Қаныштың өкпесі ауыратыны да рас. Бірақ біздің Қарқаралы соғысынан қалуымыздың басты себебі бұлар емес еді. Өткен 1920 жылдың қыркүйек айында 1921 жылы Баянауылда автономия тойын өткізбек болып, соны дайындайтын комиссия құрылған. Төрағалығына Қаныш, жауапты хатшылығына мен тағайындалдым. Той жоспарын жасап, Поздняк пен Асқардың алдынан өткізіп алғанбыз. Жоспарда болыстардан тігілетін үй, сойыс малы, бәйгеге қосылатын сәйгүлік жарату, Семейден Қажымұқан мен Әмірені, Павлодардан Иса мен Майраны шақыру көзделінген. Ал тойды өткізу уақытына мамыр айының алғашқы он күні белгіленген. Осыған байланысты Қаныш екеумізді соғыстан қалдырды. Көкек айының 3-і күні отрядты шығарып салуға арналған митингі өт­ті. Онда Қаныш жастар атынан сөйлеп, отряд комиссары Асқар Сыздықовқа ақбоз ат мінгізді. Ал командирі – Павлодардан келген Сухоплюев деген әскери адам болатын.
Той белгіленген уақытында, мына Көбей шілігінде өт­ті. Шақырған қонақтарымыздың Әміреден басқасы келді, – деп аяқтады Пәуен әңгімесін.

* * *

Қайта басылған кітап

Енді Қаныш ағайдың клубқа кіріп шыққысы келді. Жолшыбай көшеде сәлем берушілер жиі тоқтатады және соңымызда қанша халық келе жатыр деңіз…
Клубтың сахнасында қара пианино тұр екен. Ағай екі-ақ ат­тап жанына барды. Қақпағын ашып, клавиштарымен саусақтарын жүгіртіп өт­ті де Пәуенге бұрылды:
– 20-жылдардың басында мұндай аспап уезд орталығы Павлодардың өзінде жоқ еді ғой. Мынаның біздің қолымызға қалай түскені есіңізде ме?
Сонда Қаныш ағай мынадай бір оқиға айт­ты: 1920 жылы жастар ұйымы Баянауылдағы Боқырау (Покров. – Қ. И.)
жәрмеңкесінің кеңсесін халық үйіне айналдырады екен. Ал ішін немен, қалай толтыру керек? Сонда Қанышқа мынадай ой келеді. Станицада татар көпесінің ән мен биге суырылып тұрған өте көпшіл, қоғамшыл Меңдіжамал деген қызы болады. Шілдехана, тойлардың жаны. Жастар ұйымы соны шақырып, халық үйінің меңгерушісі етіп қояды. Қыздың қуанып кеткені сонша, әкесі жасауына дайындап жүрген мүлік жиһаздарын халық үйіне әкеліп қояды. Соның алды осы күйсандық. Ірбіт базарынан әкелінген деп жүретін уақытында, ол кез­де бұл аспапта Қаныш, ағасы Әбдікәрім және қыздың өзі ғана жүйелі ырғақ шығара алады екен.
– «Қазан қаласында саусағым тиген» деп келіп, Жәкеңнің де ойнағаны бар, – деп Пәуен Жаяу Мұсаны да есіне алды.
– Меңдіжамалдың өзі қайда екен қазір? – деді Қаныш ағай.
– Дәрігер білімін алып, өткен соғысқа қатысыпты. Қазір Қазан қаласында тұрады деп естимін, – деді Пәуен.
– Әй, пысық қыз еді! – деп қойды ағай.
Аудан басшылары ағайға қонақасыны Жасыбай көлінің басында берді. Осы жерде де көп әңгіме айтылды, неше түрлі еске алынды. Мана Леңке үйінде Черкашиннің қайынбикесі Таня жөнінде кітап жазып жүргені сөз болған. Осы есінде қалған Қаныш ағай бір уақыт­та еңсесін түгел бұрып:
– Әлеке, – деді Черкашинге. – Сіз Қосымды білгенсіз ғой?
– Білгенмін. Бажам Комаров бала кезінде кен пробалары салынған қоржынын өңгеріп, Қосым соңында көп жүрген. Осынау өңірде Қосекең ашпаған кен көздері қалмаған ғой.
– Сол жөнінде бірдеңе жазбайсыз ба?
Черкашин не «жарайды» демей, не «жаза алмаймын» демей үнсіз қалды. (Александр Васильевич артынан «Судьба Косума» деген повесть жазды. Оны «Павлодарская правда» газетіне бастырды. 1970 жылы қолжазбасын Алматыға әкелген еді. Жазушылар Одағының орыс әдебиеті секциясы талқылап, көптеген кем-кетік, ескертпелерін айтып, автор қолына қайта тапсырды. Қанекең тілімен айт­қанда Әлекең: «Мұндағылар мені түсінбейді. Қаныш ағай тірі болғанда кітабымды шығартар еді» – деп, көзіне жас алып қайт­ты, Баянауылға. Қолжазбаны мен де оқып, Одақ секциясының пікіріне қосылдым. Расында ол көркем әдебиет­тен алыстау дүние болатын. – Қ.И.)
Бетіміз – Қалмаққырған. Әу бастағы жобамызда Баянауыл мен Ертіс аралығындағы бұл тауға соғу көзделмеген. Таңертеңгі шайды ішіп отырғанымызда Қаныш ағай мен Пәуен кенет­тен осы тауды есіне алсын.
– Үңгір есіңізде ме? – деді Пәуен.
– Жастық шаққа байланысты оқиғалар естен шыға ма? – деді ағай.
– Әй, сондағы халықтың аңқау­лығы-ай, – деуі мұң екен Пәуеннің, Қаныш ағай:
– Соға кетейікші, – деді.
Бірақ қазір Қапарға барып қайтайық.
Қапар сілемнің күнбатыс жағында. Лезде жет­тік. Міне, терең де ұзын шатқал. Екі жақ кемеріне де бұта мен шырмауық ұйысқан. Түбінде шатқал ат­тас бұлақ ағып жатыр. Арғы жағасында Жаманаулаға шығатын жол бар.
– Баяғыда мына ұйысқан жыныстан бұлақ көрінбеуші еді, – деді ағай.
– Мұның да өсімдігі сиреп барады, – деді Пәуен. Сонан соң екі ағам біріне-бірі:
– Сіз мына тастың қалқасында жатқансыз…
– Сіз мына жерден «Алға!» деп дауыс бергенсіз…
– Мен мына жермен жүгіргенмін…
– Мен мына жерде жатып винтовкамды атқанмын…
– Асекеңнің казак-орыстарды тасты «бомба» деп қорқытқан жері мынау… – десіп, әр тұсқа жүгірісіп, бала болды да қалды.
– Екі жақтан 3-4 адам қаза тапты, – деді ағай бір шама сабасына түскеннен ке­йін күрсініп.
– Жараланғандар болды, – деді Пәуен.
Содан ке­йін біз «атымыздың» басын бұрдық. Баянауылдан күншығысқа қарай 4-5 километр шыға берісте оң жақтан дала ашылады. Соның бергі жағындағы шоқ тоғай тұсында ағай машинаны тоқтатып жерге түсті де, әлгі тоғайға қарады да тұрды. Баяғы автономия тойында Жаяу Мұса бата берген, Қажымұқан күшпен өнер көрсеткен, Майра аспанды әнімен жаңғыртқан, Иса желдірмесін желдірткен, анау бетке көптеген үй тігілген, жерошақтарынан көк түтін көлбеп, қазан көтерілген, сабасы күрпілдеп, қымыз пісілген Көбей шілігі – осы. Кеше жатар алдында Жасыбай жағасында сейіл құрып жүргенімізде, Пәуеннің: «Көмірдей қара шашы желмен ойнап, ақ боз атымен біресе ол жаққа, біресе бұл жаққа шапқылап, тойдың барысына жөн беріп жүрген Қаныш ылғи көз алдымда тұрады», – дегені есіме түсіп жалт қарасам, туған өлкесінің самалы бурыл шашын осы жолы да ойнатып тұр екен… Қазір жастық шағымен кез­десіп тұрған ағайдың бүкіл жан дүниесі да шашы сияқты нәзік қозғалыста-ау деп ойладым мен…
Дала жолымен шаңдатып тартып бердік. Сексен километрдей жердегі Ақшиман совхозына бір жарым сағат­тай жүріп жет­тік. Қаныш келе қалады деп қайсысы ойласын. Шаруашылық басшылары мен халық тез жиналып ортаға алды. Ағай жөнін айтып жатыр.
– 1920 жылы қыркүйек айында біз осы өңірге келіп, үңгір аузына «Еңлік-Кебек» пьесасын қойып, жұртқа ойын-сауық көрсеткенбіз. Түстеніп алғаннан ке­йін сол үңгірге соғамыз да Баянға қайтамыз.
– Мүмкін ауылдарыңызда сол ойын­ды көргендер бар шығар? – деді Пәуен.
– Бар, бар…
– Осында біреулер айтып жүретін.
– Қаныш аға, – деді өзін «Совхоз директорымын» деп таныстырған жігіт. – Құдай айдап, дәм жазып келе қалған екенсіз. Бір түнеп кетіңіз. Сондағы сіздің ойыныңызды көргендерді жинап бере­йін.
Қаныш ағай қайтеміз дегендей Пәуенге қарады.
– Мен – онсыз да уақыт өткізе алмай жүрген пенсионермін. Маған ермек керек, – деді Пәуен.
Сөйтіп қалатын болдық. Директор үйінен түстенгеннен ке­йін аталмыш үңгірге барып қайт­тық. Дөңкиген тастардан ретсіз үйілген жалаңаш тауды араладық. Бір шопан үйінен қымыз ішіп шықтық.
Кешке директор үйіне көп адам жиналды. Араларынан: «Сіздердің сондағы ойындарыңызды көргенбіз», – дегендер де табылды.
– «Қаныш үңгірі» дейміз…
– Баяғы ойыннан ке­йін солай аталып кет­ті ғой, – десті әркімдер.
Осы тұста ағайдың біртүрлі тебіреніп, толқып қалғанын байқадым.
Директор жабағы сойған екен…
Ертеңіне сәске түсте қайта Баянауылға қарай тарт­тық. Пәуенді үйіне апарып тастау керек болды.
Түндегі ән-күй арасында аталмыш үңгір мен Қаныштар қойған ойынды естеріне алып, жиналған жұрт қайта-қайта қыран-топан күлісіп отырды. Осы уақыт­та шай да үш рет жасалып, сонша рет жиналған. Ал өзім болсам естігендерімнің басын қосып, әңгіменің түп көзіне ой жүгірте алмай отырмын. Өздері айтып, өздері күлген жұрт­тың «мерекесін» бөліп: «Ол не қылған ойын еді деп сұрауға батылым бармайды. Қаныш ағай сол оқиға жөніндегі сұхбатқа аса беріліп, кей кез­де өзі де әлденені есіне алып, өте көңілді отырған. Ағамды осы бір шағынан айырғым келмей, үнсіз өткізгенмін түнді.
Енді машина ішінде соны Пәуен­нен сұрап білгім келді. Әлде жол қысқартқысы келді ме, болмаса сол оқиғаны есіне ала беру өзіне де ұнай ма, әйтеуір ол оқиғаны менің алдыма ықыласымен жайып салды.
– 1920 жыл, – деп бастады Пәуен әңгімесін. – Қанекең жастар ұйымының төрағасы, мен жауапты хатшысымын. Қыркүйек айының орта шенінде Қанекең менен Қалмаққырған тауында үңгірдің бар-жоғын сұрады…
– Бар, – дейді де Пәуен ауылдас бір жігіт­тің Қалмаққырған жағынан қыз алуға барғанда, тобында болып көргенін айтады.
– Еңлік пен Кебек Шыңғыстаудың бір үңгірін паналаған ғой…
– Иә, Әуезов солай деп жазады.
Осыдан ке­йін Қаныш ағай шақырған себебін айтады. Атағозы болысының бір кеде­йінен байдан он жылдан бері жалақысын ала алмай жүргені жөнінде арыз түсіп, Қаныш соны қарауға бармақ екен де және ана үңгірді пайдаланып, сол жақтағы жұртқа «Еңлік-Кебек» ойынын көрсетпек екен.
– Соған сіз алдын ала барып, үңгірдің екі жағына екі қанат кереге тартып, шымылдық құрып, дайындай берсеңіз.
Пәуен мұндай міндет­ті бірінші рет атқарайын деп тұрған жоқ. Болыстарға іс қарауға барғанда Қаныштың жұртқа ойын-сауық көрсетіп жүретін және сол жаққа алдын ала дайындықтар жүргізуге Пәуенді жіберіп тұратын әдеті.
… Міне, үш-төрт арба, он шақты салтанат­ты жігіт: Қаныштың ағасы және ойынның режиссері Әбдікерім, сот хатшысы Бозтай, тақпақшы және ақын Дайрыбай, гармоншы 16 жасар Иген, домбырашы Қабен (оның әнші келіншегі Төкен арбада) әнмен, күлкімен аспанды жаңғыртып келе жатыр.
Қаныш сапарлары ылғи осылай.
Көзделген елге жетісімен Қаныш болысты тауып алып, әуелі Пәуенді сұрады. Болыс оның келгенін, сұрағандарын ұсынып, үңгір маңына үй тігіп бергенін айт­ты. Содан ке­йін екеуі Баян­нан келген жігіт­терді үй-үйге бөліп, Қаныш келесі күннен бастап іс қарауға кіріседі. Бай мен арыз иесін алдырып, біраз әңгіме-дүкен құрып отырғаннан ке­йін Қаныш:
– Біріңізді біріңіз мәңгі көрмей кететін ағайындар емессіздер, – деп екеуін бет жыртыспай өзара келістіреді. Бай жалшысына төрт қанат­ты үй сыйлап, алдына азын-аулақ мал салып беретін болып мәселе шешіледі.
Бұл уақыт­та жігіт­тер ауыл-ауылға шап­қылап, Қалмаққырған үңгірінің алдында ойын-сауық тамаша болатынын және оның күнін хабарлап үлгерген.
Міне, сол күн де келеді. Пәуен үңгірге тақап, төрт қанат үй тігіп қойған екен – «артистер» киініп, боянатын жай. Жиналған жұрт­тың алды отырып, арты түрегеп тұр. Бұлардың сыртында салт-ат­тылар. Үңгір алды гу-гу…
– Үйбай, шымылдығы несі…
– Оның ар жағында не болады ей?
– «Не болады?» – деп сұрама! «Не болып жатыр?» – деп сұра.
– Мұқым жұрт­тың көз алдында… Ойбай, масқара-ай!
Сол шымылдық ашылып, әуелі Пәуен көрінеді. Ол өткен ғасырда Шыңғыстауда Еңлік-Кебек ат­ты екі жастың ғашықтық хикаясын Мұхтар Әуезов деген тобықты жігітінің қағазға түсіргенін, оны Қаныштың көшіріп әкелгенін сол күннің саясатынан астар бере айтып шығады да:
– Сабырлықты сақтап отырып, содан ойын көріңіздер, – деп шегініп кетеді.

Ойын басталды. Үңгірден «жөргектегі баласын» бауырына қысқан Еңлік – Төкен, Кебек – Қаныш, Есен – Әбдікәрім шығады. Соңғы екеуінің сөз сайыспен басталған тәжікесі қанжарласуға айналады. Бірінің қанжар сілтеген қолын бірі қағып, бірі төніп барса, екіншісі итеріп тастап «Еңлікке талас» біраз уақытқа созылады. Осы кез­де көрермендер арасынан бойшаң қарт атып тұрады.
– Ей, халайық, көз алдымызда бір қызға таласып, Сәтбайдың мына екі баласына не көрінген ей?!
Жұрт гуілі жел бергендей тағы бір қарт алдында отырғандарды үстінен ат­тап, үңгір аузына жетіп барып «Кебек» пен «Есен» арасына сыналап тұра қалсын.
– Айт­ты-айтпады, сендердікі не Сәтекең балалары? – дейді де «Еңлікке» бұрылады. – Мынау – ана отырған Қабеннің келіншегі. Мұқым қазақта қыз аздай, байы бар қатынға таласып сендердікі не?
Осы кез­де үнсіз жымиып отырған Қабенді бір әйел түйіп жібереді.
– Келіншегіне біреулер таласып жатса, мынау қаннен-қаперсіз отыр ғой.
– Ойын ғой, – дей салады Қапен жанындағыларға.
– Ойынның арты – бала. Одан да келіншегіңмен өзің ойнамайсың ба? – Бұл сөзде екі мағына бары белгілі. Дәл осы тұста ол өнерді нұсқап айтылмаған еді.
Сахнаға шыққан Пәуен «осындай ойындардың бола беретіні» жөнінде тағы да түсінік беріп, «Кебек» пен «Есеннің» ағаш қанжарларын көрсетіп, жұрт­ты тыныштандырғаннан ке­йін ойын қайта жалғасып, «Кебек» пен «Есен» қайта ырсылдаса бастаған кез­де жұрт арасынан атып шыққан қияқ мұрт­ты жігіт үңгір аузына екпіндей барып, қамшысымен Әбдікәрімді жон арқасынан тартып-тартып жіберді.
– Анау сот емес пе? Нең бар өзеуреп. Бала сонікі болса, сенікі не?
Бұл Қаныш кеше ғана байдан жалақысын алып берген жылқышы екен. Пәуен сахнаға тағы шығып жылқышының аптығын, осы уақыт­та қайта ереуілдеп кеткен жұрт­тың шуын басып, «Еңлік» қолындағы түйінді тарқатып, ешқандай да баланың жоғын көрсетіп бергеннен ке­йін ойын қайта жалғаса береді.
– Ендігі қызық ойы­нымыздың аяқталар шағында орын алды, – деді Пәуен. – Еспенбет би (ұмытпасам, оның рөлін Дайрыбай Шашкин ойнаса керек), жігіт­терімен келіп «Еңлік» пен «Кебекті» байлап, садақпен «атып өлтіреді» ғой. Екі ғашық құлайды. Сол-ақ екен, көрермендеріміз түре көтеріліп, тұра ұмтылып, жабылып үлгерген шымылдыққа қарай лап қойсын…
– Әне, айтпадым ба, осы жақсылыққа апармайды деп… – деген манағы ұзын тұра қарт­тың дауысы естіледі. Ана жерде үш-төрт әйел Қабенді жұлмалап жатыр: «Қатының өлді!» – деп. Мына шет­те: «Бір жақсы сот бар еді, оны да өлтірді», – деп жылқышы көз жасын сүртіп тұр.
Алға ұмтылған әлгі халық кенет­тен ке­йін серпіліп, енді бірін-бірі баса-көктеп далаға қарай қашсын олар шымылдықты серпіп тастап, «сахнаға» кіріп барғанда әлгі «өлді» деген Еңлік пен Кебектің тұрып жатқанын көреді… Қанышпен бетпе-бет кез­десіп қалған ана жылқышы есінен айрылып, шалқасынан түссін… Қазақ даласының осынау түкпіріне «Еңлік-Кебек» хикаясы осылай жеткен еді.
Ал тамашаның екінші бөлімін жұрт рахат­танып отырып-ақ тамашалады. Қаныш жігіт­тері ән салды, күй тарт­ты, тақпақ айт­ты. Ал мынадай ғажапты мына жұрт бұрын-соңды көрмеген еді: үңгір алдына Қаныш мандолинмен, бала Иген гормонмен, Әбдікәрім сыбызғымен, Қабен мен тағы бір жігіт домбырамен шығып, бәрі қосылып бірнеше күй-саз орындап берді. Аспаптардың мұндай шоғырлануын көрмеген халық таң-ташама болып, таңдай қағысып, құлақ салды. Мүмкін, ол ансамбль деген бүгінгі ұғымның қазақ даласындағы алғашқы көрінісі болған шығар.
Ойын-сауық соңынан Әбдікәрім ерекше көзге түсті. Ол өзінің шеберлігімен мына жұрт­ты мүлде елітіп жіберген өнер көрсет­ті. Мұндайда бәлсінетін Әбдікәрім бе, бір уақыт­та тігулі үйден домбырасын сабалап шыға келсін:
Өлеңді жүріп те айтам,
тұрып та айтам,
Құдаша сұраса,
жанында жатып та айтам…
Халықтың бір шеті қыран-топан болып жатса, екінші шеті желдірме әуеніне сай айқайға басып, Әбдікәрім өнерін көтеріп жатыр.
Әбдікәрім әлден соң мынадай өнерге көшті: үй жақтан домбырамен айқай салып, сол қол жаққа өтіп, ол жақтан гормонды құлашын кере созып, әлгі әнді жалғап келе жатып үйге қайта сүңгіп кетіп, одан сыбызғыны сызылдатып шығып, сол жақтан қайта көрінгенде домбыраны безілдетіп… үйден тағы да сырнайын соза шығып… үңгір алдында әрі-бері жүрді де қойды. Осылай ол халыққа бұрыннан танымал талай әннің нақышын келтіре тартып, әуелете салған дауысымен құлақ құрышын қандырып, ән мен қимыл арасын әзіл-сықақпен жалғап, күлкіге де кенелтіп тастаған еді. Содан ке­йін Әбдікәрім:
– Араларыңда әнші болса, шығарыңдар бері, – деп жар салуы мұң екен, әр тұстан жұрт, әркімді тұрғызып, алға қарай қуа бастады да ауылдың алты ауызына кезек берілді…
Жұрт­тың түні бойғы мәз-мереке болуының ұзын-ырғасы осыдан туған екен.
– Сол күннен бастап халық үңгірді Қаныш атымен атап кеткен, – деп әңгімесін тәмамдады Пәуен.
Баянға да жетіп қалдық. Пәуен үйін­де түстеніп, «Павлодар, қайдасың?» – деп тағы шықтық жолға… Қонақүйден люкс алып жайғастық. Келесі күні ерте тұрған ағай Ертіс жағасындағы екі қабат­ты үйге барып қайт­ты. 1911-1914 жылдары осындағы гимназияда оқыған екен.
Таңертеңгілік астан ке­йін ағай обкомға кіріп шығып, содан ке­йін жаңа салынып жатқан алюминий зауытының кеңсесіне бет­тедік.
Облыс басшылары Қаныш ағайға қонақасыны Ертіс үстінде, катерде берді.
Қайтарда Екібастұзға соқтық. Бұл жерде ағай ешкімнің де кеңсесіне кірмеді. Өзін сырт­та күтіп тұрған өндіріс басшыларымен аз сөзге келді де, бәрі машиналарына қайта мініп, үйлерінен алаңы мол жас қаланың оңтүстігіне қарай тура тарт­ты да, о шеті мен бұ шеті атшаптырым разрезге келіп тоқтады. Жерге түскен ағай оқшау шығып, жан-жағына қарады. Терең апан түбінде көмір көсіп жатқан экскаватор мен оны тасып жүрген машиналар қоңыздай ғана болып көрінеді. Осы кез­дегі ағайдың тұрысы үлкен шайқасқа, жер белгілеуге келген қолбасшыға ұқсар еді.
– Мына разрезді қалай атап жүрсіздер? – деді ағай жергілікті басшылардан.
– Богатырь деп атауды ұйғардық.
– Пішенбаев Қосым дегенді естулерің бар ма?
– Ондай адам бізде істемейді, – деді біреу. Қаныш ағай күліп жіберді.
– Ол – қазір бұл дүниеде жоқ адам. Екібастұз көмірін тапқан сол. Құжат­тарын іздестіріп тауып, мына разрезді соның атына қойғандарың дұрыс болар еді. Ол көмірді осы жерден тапқан ғой.
Өндіріс басшыларынан үндей қойған ешкім болған жоқ.
– Осындай таусылмайтын байлық тапқан адамға ескерткіш қойсаңдар да артық болмас еді… (Бүгінде Екібастұз қаласында Қосымның қоладан құйылған, биіктігі 2,5 метрлік ескерткіші тік тұр. Оны 15 жыл іздеп, тиісті құжат­тарын тапқаннан ке­йін халық геологының туғанына 150 жыл толуына байланысты жазушы Қалмұқан Исабай 1994 жылы қойғызған. – Баспадан)
Қосым есімін өзімнің де естігенім бар. Баянауылда осы есіммен әр жер аталатын. Жолшыбай ағайдан Қосымды көрген-көрмегенін сұрадым.
– Көргенмін, – деді ағай, – әлде жас айырмашылығынан ба, сөйлескен сәтіміз болған жоқ.
– Сабындыкөлдің ар жағындағы үңгірді көргеніңіз бар ма?
Мен көргенімді айт­тым. Ол Баянауыл селосы жағынан көрініп тұратын.
Жол ұзақ болғаннан ке­йін Қосым жайлы сұрай бердім. Сондағы ағай айт­қан әңгімеден есімде мынау ғана қалыпты: Қосым бозбала кезінде бір қызбен көңіл қосады екен. Бір қу қызды бір байға айналдырып жүрген. Мұны білген Қосым кез­дескен жерінде ананы өлтіріп жібереді. Оқиға төңкерістен көп бұрын өтеді. Әлгі байдың шағымдануымен казак-орыстар Қосымның соңына түседі. Сонда Сабындыкөлді малтып өтіп, ана үңгірге тығылып, құтылған көрінеді.
– Соны Қосым үңгірі дейді, – деді ағай.
– Көлдің ені үш шақырымдай болады ғой, Қаныш аға?
– Болады. Соны малтып өткен дейді…
– Өзімен тілге келіп көрмеген болсаңыз, оның көмірді манағы разрез қазылған жерден тапқанын қайдан білдіңіз?
– Қосымдар кенді көбінесе суыр, қарсақ індерінен іздейді. Әлгі разрез жиегіндегі сары топырақ жұқа. Бұл, яғни, егер суыр қазған десек, сол қат­ты қыста інін тереңдете түсіп көмірге жетіп қалған ғой. Қосымның көмірді осылай табуы әбден мүмкін.
Павлодарда бізге Алматыдан ұшып келген күйеубаласы, ақын Қайнекей Жармағанбетов қосылған. Осыған байланысты тағы да Айырыққа соғуға тура келді. Жолшыбай Мәшһүр Жүсіп басына құран оқытып, Теңдікке қайтып оралдық та, тағы да Айырық басында болдық.
Айырықтан ке­йін ағайдың айтуымен өзінің тайға мініп, соңынан шапқылаған әке көшінің ізі қалған Төрткөл – Батпақкөл – Сұңқарқия – ІІІыбындыкөл – Қаракөл – Аюнияздатып жүрдік Қарағандыға қарай. Ағай өте қобалжулы еді. Кенет машинаны тоқтатып, осы тұстағы ең биік Қаратөбеге шығып, жан-жағына ұзақ қарап тұрды да, бір уақыт­та сахнадағы артистерше қолын жан-жағына сермеп, өзінен-өзі өлеңдете жөнелсін.

«Жыланды», «Шолаққайың»,
«Керегетас»,
«Талпақ» тұр «Ақирекпен»
сол жағында,
«Ақкелін», «Көкдомбақ» пен
сол «Найзатас».
«Ақтөбе», «Беріктас» пен
«Саржал» тұрған,
«Қарбасқан», «Шақаман» мен
сол «Үштаған».
«Бүркіт­ті», «Жайын» менен
«Қарашоқы»,
Қатардан айтылмаған
«Желтау» қалған.
«Далбаның» ең биігі «Тотия»-ды,
«Қараүңгір» бауырында «Найзақара»,
«Белағаш», «Күркелі» мен
ол «Қандыадыр»
«Тастыүрпек», «Жылыадыр» мен
«Сартау» және
«Жапалақ», «Құт­тыбайтау»,
«Мырзағұлтас»,
«Қараадыр», «Шоқпартау»,
«Мәудікебас».
«Ақбура», «Тұлпар» тасы толып жатыр
Айтуға «Қызылтаумен» жері аралас…
Құдай-ау, атап тұрғандарының бәрі осынау өңірдегі жер ат­тары ғой. Өз басым бұл атаулар жыр жолына тізіліпті дегенді естігенмін. Мұны кім жазған? Кім тізген? Сұрайын деп жанына жақындап барғанымда, шарасы жасқа толған екі көзін көрдім де не айтарымды білмей, кідіріп қалдым. Ол екі көз алысқа-алысқа, өзі көргендей ғана бір нүктеге тіреліп тұрғандай еді. Бүйтпей қайтсін. Бұл жерлердің бірінде Қаныш ағай асық ойнаған, бірінде тайға мініп жарысқан, бірінде қалыңдығына ұрын барған.
Қарағанды төбесі көрінгенде, ағайдың сабасына түсе бастағанын байқап, әлгі жырды кімнің шығарғанын сұрадым.
– Күліктен шыққан Жанақ ақынның «Баянтау» дастаны, – деді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір