ТУҒАН ЖЕРДІҢ ТАСЫНА ТАҒЗЫМ ЕТКЕН…
26.12.2023
1118
0

«Ей, жолаушы кезіп жүрген даланы, көрдің бе сен жапан түзде моланы?..». Кезінде халық арасына кең тараған, ән сөзіне айналған осынау жолдардың иесі кім екенін білесіз бе? Ол – Маңғыстаудың Түпқараған ауданына қарасты Таушық ауылында тұратын ақын Медет Дүйсенов. Ақынның алғашқы өлеңдері жас ақындардың «Балауса» жинағына (1978) еніп, жеке кітабы «Бастау» сериясымен 1979 жылы жарық көрген. Жас кезінде бірнеше рет аудан, облыс көлемінде өткен айтыста жүлделі орынды иеленген М. Дүйсенов 1983 жылы жас ақын-жазушылардың республикалық кеңесіне қатысты.
Одан кейін «Аңсар» (1986), «Жа­ным­ның жапырақтары» (1988) «Ғашық жүрек» (2001), «Құлбарақ батыр» (2007), «Үдектің үнсіз мұнары» (2007), «Жанарда жанған жұлдыздар» (2013) кітаптарын оқырман жылы қабылдады. Өкінішке қарай, қазіргі кітаптардың таралымы 500 кейде 100 дана болғандықтан жалпы қазаққа жетпей жатады. Медет ақын әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған соң, еңбек жолын Таушық кентінде кітапхана меңгерушісі болудан бастаған. «Мұнайлы жаңалығы», «Мунайлинская новь» газеттерінде арнаулы тілші қызметін атқарған Медет ағамыз қазір зейнет демалысында.
Ұзақ жыл өңірдің мәдениет саласында еңбек еткен Медет Дүйсеновтің 500 данамен жарық көрген «Таушық жерінің көне тарихы» кітабында: «Таушық дегенде, талай нәрселер ойыма оралады. Таушық – балдәурен бозбала шағымның алтын арқауы, бастапқы бастауы болған босағам. Таушық – азамат атанып атқа мініп, алғаш жұмысқа жарап ел үшін еңбек еткен жерім. Таушықтың туған жерімдей болып кеткені (туған жері Қаражамбас) соншалық, оны менің сана сарайымнан шығарып алу, жадымдағы керегесін жайған жұртынан ажырату еш мүмкін еместей», – дейді. Еңбектің алғысөзінде Медет ағаның өзі айтқандай шағын кітаптың атауынан-ақ оның салмағы кішігірім энциклопедиядан кем түспейтінін іштей межелеуге болады.
Кітаптың «Толқындар мен тайпалар» аталатын бірінші бөлімінде автор көне Каспийдің түп-тарихымен ежелгі Кас (Каспий) тайпасының тарихын: «Тарихи зерттеу деректеріне қарағанда, Каспий атауы біздің заманымызға дейінгі V ғасыр мен біздің заманымыздың І ғасыры аралығында пайда болған. Бұл атау осы теңіздің шығыс жағалауын мекен еткен ежелгі Кас (Каспий) тайпа­сының атынан шыққан-ды. Каспийге тұмсық тіреген құрлықта көптеген сақ тайпалары түтін түтетіп, тіршілік еткен» деп, сабақтастыра өрбітеді.
Туған жердің ой-шұңқырын шұқшия зерттеу барысында көне дәуірлерге көз жүгірткен ақын географ, археологша ой сараптайды. Бір кезде мамонттар жайлаған өлке мұз басу мен судың тартылуынан, қайта толығуынан, жерасты қабаттарының күрделі қоз­ғалысқа түсіп, орасан өзгеріске ұшырауын ақын: «Таушық жерінде таулы қыраттар мен биік жоталар бұдан 7-9 мың жылдай бұрын, ортағасырлық мезолит дәуірінде пайда болған еді», – деп тұжырым жасайды.
«Төрорпаның тас жебесі» бөлімінде автор палеолит, неолит дәуірінің тас құралдары мен Қаратаушық пет­ро­глифтері­нің сырын ашуға талпыныс жасайды. Сонымен қатар автор бұл еңбегінде жергілікті аңыздардың шығу төркініне, Шақпақ ата, Даныспан, Бибі сұлу, Ешкіқырған қорымдары, ондағы ескерткіштер тарихына ерекше тоқталып, «Таушықтың қазыналы то­пыра­ғын» зерттейді. Көмір, темір, мыс, кварц, фосфорит, т.б. қазба байлық­тарының түп-тереңіне шолу жасайды.
Кітаптың «Атаулар не айтады?» бөлі­мінде Таушық жеріндегі және оның төңірегіндегі жер-су атауларына түсінік береді. Мысалы, «Уаның ойы – Таушықтың оңтүстік шығыс бағытындағы, Еңселі, Шоқырақты тауының түстігінде жатқан ойдың аты. Уады+ой сөздерінен жасалған атау. «Уады» араб тілінде – ағып жатқан су деген мағынаны білдіреді…». Бұл жерде автор өзінің тіл ғылымын жақсы меңгергенін аңғартады.
Ақындығымен бірге көсемсөзші ретінде танымал Медет Дүйсеновтің сазгерлік қыры «Түлеген түбек», «Күтемін сені, көктемім», «Ақша бұлт», «Жан жарым», «Ақ қайыңдар», «Жан ана», «Маңғыстау мұнайшыларының маршы», т.б әндерімен көрінген. Өлкетанушылығы да бар қаламгердің еңбегін асықпай парақтаған кісі автордың ептеп суретшілікке де бейімі барын аңғарар еді.
«Шағын мекеннің шалқар тари­хы­нан шет-жағасын ғана шолып шыққанымызды айтқым келеді. П.Лаплас айтпақшы, «Біздің білетініміз шектеулі де, білмейтініміз ұлан-ғайыр». Оның шын мәнісіндегі сындарлы мүсінін сомдау, бізден кейінгі ұрпақтың көтерер жүгі болмақ. Таушық жері төрткүл дүниеге танымал болмаса да, оның таусылмас тарихы, қандай дуалы ауыздың мүдірмей айтуына да, іркілмей қалам тартуына да татиды» дейді автор аталмыш еңбектің соңында.
Қазақстан Жазушылар және Жур­налис­тер Одағының мүшесі, Түпқараған ауданының Құрметті азаматы, туған жерге деген перзенттік парызын құнды еңбекпен дәлелдеген Медет ақынға шығармашылық табыс тілейміз.

Үміт ЖӘЛЕКЕ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір