Ұлттық құндылықтар мәнсіздіктен арылтады
26.07.2024
58
0

Заманның басты мәселелерінің бірі – суицид. Мамандар бұл түйткілді жағдайға үш фактор әсер ететінін алға тартады. Елімізде психологиялық, әлеуметтік және биологиялық негізде қалыптасуы ықтимал дертпен күрес айтарлықтай деңгейде жүргізіліп жатыр. Деректерге сүйенсек, Қазақстанда өзіне қол жұмсау әрекеттері жыл сайын пайыздық көрсеткіші жағынан азайып келеді. Алайда әлі де жан тыныштығынан айрылып, әрі-сәрі күй кешушілер сиремей тұр. Осы тұрғыда психолог маман Ләззат Мырзашпен сөйлесіп, суицидтің себебі мен салдарына үңілдік.

«Дүниежүзі бойынша, ересектер арасында да, жастар арасында да суицидтің өршіп тұрғаны рас. Қазақ халқында бұндай қатерлі түсінік бұрынғы замандарда мүлдем кездеспейтін. Бертін келе елімізде де, өзге елдерде де аталмыш дерттің көбейгенінің түпілікті себебін экзистенциалды психология бойынша қарастырсақ, адамдардың көкірегіндегі рухани вакумның бостығынан пайда болып жатқан мәнсіздік осындй қатерге алып келеді. Өмірде қандай да бір мән жасап алуға тырысып түрлі теріс бағытқа салынып кететіндер қатары аз емес. Бірі құмар ойынға салынып, енді бірі есірткіге, ішкілікке тәуелденіп, ішкі әлеміндегі бос орынды толтыруға талпынады. Бірақ ондай жат әдетке әуестенгеннен жақсылыққа жеткен ешкім жоқ. Мәнсіздіктің орны одан сайын ұлғайып, құнсыздыққа бастайды. Ештеңенің құны қалмағандай сезінген жан ақыр аяғында суицидке ұрынуы мүмкін», – дейді маман ойын өрбітіп. Сондай-ақ ол ежелде бұл кеселдің қазаққа мүлде жат болуын халықтың аңыз-әпсаналармен, қисса-дастандармен сусындап тіршілік кешкенімен түсіндіреді. «Ол тұста қазақтың тыныс-тіршілігі мағынаға толы еді. Ата-бабаларымыз аңыздарын айтып, әнін шырқап, таңды таңға ұрып жырларын жырлап өмір сүретін. Әнде, әр күнде мән бар еді, тіпті киім үлгілерін де ою-өрнекпен әсемдеп, көркемдеп, жарастырып тігетін. Әр қазақтың бойында алапат рухани күш болатын. Сән-салтанатпен тіршілік кешкен халқымыз Кеңес үкіметінің отарынан кейін ғана күңгірт киіне бастады. Киімнің өзі адамның психологиясына қатты әсер етеді.
Кезінде аналарымыз, әкелеріміз жан-жағынан жау анталап тұрса да мығым болды емес пе… Ал қазір жастар стреске тез бой алдырады. Стрестің арты деп­рессияға ұласады. Стресс пен депрессия­ны ажыратып алуымыз керек. Стресс күнделікті өмірдегі кез келген жайтқа байланысты туындайды, мәселен, қарапайым ғана, ұйқы қанбаса да, ауа райы қолайсыз болса да адам стреске ұшырай береді. Егер жан баласы стреске қарсы тұра алмайтын бос болса, күйзелістің есігі ашық дей беріңіз. Адам күйзелісте жүргенін мойын­дап, соған қарсы жұмыс істей білгені жөн. Өзінің шамасы келмесе, достарына айтып, ата-анасымен кеңессін. Психологтың көмегін алғанның да артықтығы жоқ.
Қазір аяғы ауыр немесе балалы әйелдердің суицидке ұшырауы көбейіп кетті ғой. Ертеректе баланың өмірге келуін құтқа балап, әр сәби – болашағымыз деп қарады. Бүгінде, бәріне топырақ шаш­пайық, десе де қоғамда да, отбасында да ана мен балаға деген құрметсіздік белең алып тұр. Адамның құны, өмірдің құны түкке тұрмай бара жатыр. Осындай келеңсіздіктердің алдын алу үшін өзіміздің өмірімізге ұлттық бояуды молынан енгізуіміз керек деп есептеймін. Қазақтың ұлттық архетиптерін, ұлттық кодтарын оятатын ұлттық өнер түрлерін, ұлттық ойындарды насихаттай беруге тиіспіз. Ұлттық құндылықтарға жүгіну арқылы рухани бостықтан, мәнсіздіктен құтыламыз», – дейді Ләззат Мырзаш. Психолог айтып өткендей, отбасы институты жандандырылып, әр адамның, әр шаңырақтың қадірі артса, бала мен ананың, әкенің рөлі айшықталып, қастерленсе, ұлттық тамырға зор мән берілсе, көп мәселеге нүкте қойылар ма еді…

Мөлдір Райымбекова

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір