ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР ТОҒЫСТЫРҒАН «ҚҰЛАГЕР» БАЙҚАУЫ
05.02.2024
575
1

Алматыда 5-Дүниежүзілік Көшпенділер ойыны қарсаңында республикалық «Құлагер» әдеби байқауы жарияланды. Ұлттық спорт пен ұлт әдебиетін ортақ мүддеге тоғыстырған айшықты жобаның ел дамуына тигізер ықпалы зор екені сөзсіз.

  19 қаңтар күні ҚР Жазушылар одағы ғимаратында «Қазақстан жазушылар одағы» мен «Қазақстан Республикасының Ұлттық спорт қауымдастығы» ЗТБ бірлесіп ұйымдастырған әдеби байқаудың ресми жиыны өтті.
Әдеби жиынды Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма Төрағасы, жазушы Мереке Құлкенов ашып, Қазақстан Жазушылар одағы мен Ұлттық спорт қауымдастығының бірлескен жобасына сәттілік тіледі.
Қазақстанның Еңбек Ерлері, жазушы-драматург Дулат Исабеков пен Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімов ақ батасын берген жоба жайлы Ұлттық спорт Қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов, Қазақстанның Халық жазушысы Смағұл Елубай, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Марфуға Айтқожина, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымдарының докторы Кенжехан Матыжанов, белгілі жазушы Молдахмет Қаназ тарқата сөйлеп, ұлттық маңызы зор бастамаға ізгі тілектерін жеткізді.

«Жаңа 2024 жыл жалпы қазақ үшін, соның ішінде өркениет үшін өте ерекше болайын деп тұр. Өйткені елімізде 5-Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Оған 100-ден астам елден спортшылар қатысады. Дүниежүзілік көшпенділер ойындары ат жарыс, күрес, садақ ату, қыз қуу сынды ұлттық спорт түрлерін қамтиды. Бұндай ауқымды аламан Қазақстанда алғаш рет болғалы тұр. Яғни біздің рухымыз, біздің ұлттық құндылықтарымыз қайтадан өзімізге оралып жатыр деген сөз. Күннен күнге қазақтың өз еліне, туған жеріне деген ықыласы, махаббаты артып келеді. Әсіресе жастардың арасында төл мәдениетін білгісі келетіндер, ана тілінде сөйлегісі келетіндер көбейіп келеді, – деген Мереке Құлкенов, – Осы спорт жарысының аясында шығармашылық ортаға арналған үлкен байқау-бәйге жарияланды. Бәйгенің аты – «Құлагер». Байқауға ақын-жазушыларымыз қатысады. Байқау барысында ұлттық ойындарымыздың ерекшелігі, ұлттық ойындарымыздың қазақ халқын өзге ұлттарға қалай таныстыратыны жөнінде жақсы шығармалар жазылады деп ойлаймын. Байқауға қатысып бақ сынаймын дейтін қаламгерлерге және олардың жасына шектеу жоқ», – деп «Құлагер» әдеби байқауының мақсат-талаптарын да атап өтті.

Ұлттық спорт Қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында да аталған айрықша бастама турасында жан-жақты айта келіп өзінің жүрекжарды лебізін білдірді.
«Құрметті достар! Қалам ұстаған қауым үшін қуанышты жаңалығымыз бар. 5-Дүниежүзілік Көшпенділер ойындары қарсаңында Ұлттық спорт қауымдастығы Жазушылар Одағымен бірлесіп әдеби байқау жариялап отыр. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың: «Кітап оқитын халық қана нағыз зиялы бола алады», деген пікірі қоғам тарапынан қолдау тауып отыр деуге болады.
Осы орайда қазақ әдебиетінің қара шаңырағына айналған қасиетті Жазушылар Одағында зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен келелі жиын өтті. Кездесуде ұлттық спорт саласындағы елеулі өзгерістер мен оның дамуы туралы баяндадым. Сонымен қатар қаламгерлер арасында өтетін «Құлагер» республикалық байқауы туралы сүйінші жаңалықты жеткіздім.
Әрине, байқау атауы кездейсоқ таңдалмағаны белгілі. Өйткені «Құлагер» поэмасы – Ілияс ­Жансүгіров поэзиясының биік шыңы. «Құлагер» – ешқашан ескірмейтін, мәңгі жас поэзия. Бұйырса, байқаудың қорытындысына сәйкес қосылған жаңа есімдер мен туындылар ұлттық әдебиетімізді байыта түсетініне сенемін.
Байқауды ұйымдастыруға әрі өткізуге қолдау көрсеткен Жазушылар Одағына және басқарма төрағасы Мереке Құлкеновке айрықша алғысымды білдіремін.
Өздеріңізге мәлім, биыл «Қазақ әдебиеті» газетіне 90 жыл толып отыр. Жазушылар Одағындағы бүгінгі кездесуде руханиятымыздың өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып келе жатқан басылымды осынау мерейтойымен құттықтадым.
Бұл – ұлт баспасөзінің айтулы белесі. Ұлт жанының айнасына айналған «Қазақ әдебиетінің» мерейтойы баршаға құтты болсын!
«Құлагер» республикалық байқауы – ұлттық спортты насихаттау және қаламгерлерге қолдау көрсету, оларды ұлттық спорт түрлері туралы жаңа туындыларды жазуға ынталандыруды көздейді. Барша қаламгерлер мен авторларды байқауға белсене қатысуға шақырамын!» – деді ол ұлттық құндылықтарды дәріптеу ортақ мақсат екенін аңғартып. Қауымдастық президентінің ата басылымның мерейтойына орай, редакция ұжымына 10 миллион теңге бергені де көпшілікті қуантты.
Ұлт руханиятын жандандырар, ұлттық болмысқа серпін сыйлар ерекше жобаға біз де сәттілік тілейміз.
Байқаудың негізгі мақсаты – ұлт­тық спортты насихаттау және қаламгерлерге қолдау көрсету, оларды ұлттық спорт түрлері туралы жаңа туындыларды жазуға ынталандыру.
Жеңімпаздар қазылар алқасының шешімімен анықталып, ­5-Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының алдында, тамыз айында марапатталады.
Биыл Қазақстан Жазушылар одағында бұдан басқа да бірнеше ірі әдеби жобалар іске асатын болады. Казір тиісті құжаттар дайындалып жатыр. Бұл өткен жылғы қарбаласқа толы күндердің – сенбі мен жексен­біге қарамастан тынымсыз жүргізілген жұмыстардың нәтижесі. Ендеше, ұлттық құндылықтар тоғыстырған «Құлагер» байқауына қатыс, қаламгер, қамшы бас!


Қаламгерлер назарына байқау­дың толық ережесін ұсынып отырмыз.

Байқау төмендегі
7 номинация бойынша өтеді:
1. Үздік поэзия;
2. Үздік проза;
3. Үздік балалар әдебиеті;
4. Үздік комикс;
5. Үздік драма;
6. Үздік деректі проза;
7. Үздік фантастикалық/мифологиялық шығарма.
Әр номинация бойынша жеңімпазға 2 000 000 (екі миллион) теңге көлемінде қаржылай сыйақы және байқаудың мүсіншесі мен диплом табысталады.
– Байқауға ҚР азаматтары қатысады;
– Қатысушылардың жасына шектеу қойылмайды;
– Байқауға қатысатын жұмыстар ұлттық спорт түрлеріне арналуы шарт. Конкурстық шығармалар Ұлттық спорт қауымдастығы құрамына ресми түрде кіретін «Теңге Ілу», «Бәйге», «Жамбы ату», «Аударыспақ», «Көкпар», «Тоғызқұмалақ», «Құсбегілік», «Садақ ату», «Асық ату», «Жорық» спорт түрлерін басты тақырып етуі керек.
– Прозалық шығармалар 10-60 беттен, поэзиялық шығармалар 200 жолдан аспауы керек;
– Шығармалар электрондық нұсқада Microsoft Word форматында (14 кегльде (шрифт), жол арасы 1 интервал, Times New Roman қар­пі­мен) ұсынылуы қажет;
– Шығармалар қазақ және орыс тілдерінде қабылданады;
– Жинақтарда, мерзімді басылымдарда, сайттарда, әлеуметтік же­лі­лерде жарияланған, басқа байқауларға ұсынылған және талапқа сай келмейтін шығармалар қабылданбайды;
– Жеңімпаздарды білікті қазылар алқасы анықтайды;
– Жүлдегерлер 2024 жылдың тамыз айының екінші жартысында марапатталады (уақыты қосымша хабарланады).
Байқауға қатысу үшін үміткерлердің өтінімдері (үлгідегі кестеге сәйкес аты-жөні, жұмыс немесе оқу орны, байланыс телефондары көрсетіле отырып, жеке куәлігінің көшірмесімен қоса) және шығармалары 2024 жылдың 22 қаңтарынан бастап маусым айының 22-не дейін http://qulager.ultsport.kz/ сайтында немесе qulagerultsport@gmail.com электронды мекенжайы бойынша қабылданады.
Толық ақпаратты qulagerultsport@gmail.com электрондық поштасы арқылы ұйымдастыру комитетінен немесе көрсетілген байланыс телефондары арқылы білуге болады: + 7 -727 -261-12-72 (Жұлдыз Оразымбет), +7 701 516 5584 (Хадиша Ерсеитова).

ПІКІРЛЕР1
Аноним 17.09.2024 | 10:14

қортынды қайда, ?

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір