Ұлттық құндылықтар: КЕШЕ және БҮГІН…

8 ақпан күні қазақ руханиятының қара шаңырағы – Қазақстан Жазушылар одағында «Ұлттық құндылықтар: кеше және бүгін» немесе «Ұлттық құндылықтар жазушылардың қаламымен» атты дөңгелек үстел өтті. Алқалы жиында төбе көрсеткен қаламгерлер ұлттық болмысқа бойлап, бағзы заманалардағы қазақы кейіп пен бүгінгі қазақтың жай-күйі жайлы толғамды ойларын ортаға салды.
Ырым-тыйым бабаларымыздың бұлжымас
қағидасы еді
Дөңгелек үстел отырысын Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма Төрағасы Мереке Құлкенов ашып берді. 7 қаңтарда түнгі уақытта Алматы қаласының Медеу ауданындағы «Тау Самал» ықшам ауданында оқыстан орын алған лай көшкінінің зардаптарын, лай астында қалған адамдардың әлі де ізделіп жатқанын толқи отырып тілге тиек еткен Одақ Төрағасы жоғалған тұрғындардың аман-есен табылуын тіледі.
– Қадірлі ағайын, Жазушылар одағында кезекті дөңгелек үстел отырысына жиналдық. Бүгінгі басқосуымызға өте ауқымды, терең де маңызды, бәрімізді алаңдатып жүрген тақырыпты өзек етіп алдық. «Ұлттық құндылықтар: Кеше және бүгін» немесе «Ұлттық құндылықтар жазушылардың қаламымен» атты конференцияға жазушыларымыз бен этнограф ғалымдарымыз қатысып отыр. Ұлттық құндылық деген ұғымды жан-жақты түсінуіміз керек. Өйткені қазақ – қай кезде де, қай заманда да өзінің ұрпағына жан-жақты тәрбие дарытқан халық. Мысалы, Тәуке ханның тұсында «Жеті жарғы» заңы шықты. Оның әр жолы қастерлі еді. Аталған заңның басты мақсаты ұрпаққа дұрыс тәрбие беру болды, яғни елін, жерін, тарихын, мәдениеті мен салт-дәстүрін сүю бала кезден бойға сіңірілді.
Басқа халықтарда да өзіндік ұстанымдары бар шығар. Алайда қазақ халқы үшін айрықша құрметке ие екі нәрсе бар. Оның біріншісі – ырым, екіншісі – тыйым. Халқымыз біреудің аузынан шыққан бір ауыз сөзден де ырым көрген. Жас баланың бойынан жылт еткен жақсы қасиет байқаса, оны да үлкен қуанышқа балап, ырымдаған.
Сол секілді, көнекөздеріміз тыйымға да зор мән берген. Ешқашан ескірмейтін, мәнін жоғалтпайтын заңдылықтарды бабаларымыз ертеде-ақ өмірдің, тұрмыс-тіршіліктің бұлжымас қағидасына айналдырған. Қазіргі уақыттың ең ушығып тұрған бір сипатын қазақ сонау заманда-ақ «біреудің ала жібін аттама» деп бір ауыз сөзбен тыйған. Бүгінде сыбайлас жемқорлықтың соншалықты белең алғанына қарасақ, қазақ осы қағиданы ұмытып кеткен тәрізді.
Тағы бір қазаққа ғана тән асыл ғұрып – еліміз ерте кезден қыз баланы ерекше сыйлаған. Қыз баланы төрге шығарып, еркелетіп, бетінен қақпай өсірген. Сөйте тұра, «Қызға қырық үйден тыйым» дегенді де қаперде ұстаған. Міне, осындай тәлімі мол қасиеттерді қазіргі жастардың бойына сіңіру үлкен проблемаға айналды. Оның екі себебі бар. Біріншіден, біз «әже», «ата» деген абзал ұғымдардан айырылып бара жатырмыз. Екіншіден, өскелең ұрпақты тәрбиелеу барысында бабаларымыз мұра еткен өсиеттерді елеусіз қалдырдық. Білім ошақтарының «қазақ мектебі», «орыс мектебі» деп бөлінуі де ұлттық бағдарды ғана темірқазық етуімізге кедергісін, кедергісін ғана емес, кесірін тигізіп жүр. Орыс мектептеріне ұлттық тәрбиемізді сіңіре алмай келе жатқанымыздың, мектеп бағдарламасына енгізе алмай келе жатқанымыздың кесірі. Кеңес үкіметін айтпағанның өзінде, Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда да, әлі күнге дейін орыс мектептерінің бағдарламасына қазақтың ұлттық тәрбиесі енген жоқ, оқулық ретінде оқытылған жоқ. Міне, осындай мәселелер тұр алдымызда. Кейінгі екі-үш жыл көлемінде Мемлекет басшысының да, қаламгерлеріміз бен ғалымдарымыздың да жиі айтып жүрген түйткілі – бұл, – деп, басқосудың қаншалықты маңызды екенін аңғартқан Мереке Құлкенов жиын тізгінін және сөз кезегін Төраға орынбасары, ақын Қасымхан Бегмановқа ұсынды. Сөзінің кіріспесінде конференцияның мақсаты мен мазмұнына тоқталған Қасымхан Бегманов жиынға қатысушыларды таныстырып өтті. Ары қарай «Дәстүр трансформациясы баспасөзде» атты баяндамасын оқыған ақын елімізде этнология кафедрасының ең алғаш 1971 жылы ашылғанын, онда көптеген жас тәлім-тәрбие, білім алып, кәсіби маман атанып шыққанын деректермен дәйектеді. «Осы саланың көш-керуенін алға қарай сүйреп келе жатқан елімізде жиырмаға жуық ғылым докторы мен елуден аса ғылым кандидаты бар екен. Білген адам болашағын қиналмай табады, ал білмеген адам түнекте жүргендей жүрер жолынан адасады. Сондықтан білмегеннің көкірек көзін ашып, түзу жолға бағыттап, жөн-жоба көрсету – адам баласының адамдық парызы десек, оған әдебиет пен баспасөздің қосар үлесі салмақты.
2023 жылғы Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық құндылықтарды дәріптеуге шақырды. Бұл – халықтың сұранысынан туындаған игі іс. Ұлттың қажетін өтейтін, халықтың көкейіндегісін тап басатын, болашаққа қызмет ететін, жас ұрпақтың таным-түсінігін қалыптастырып, көңіл көкжиегін кеңейтетін құнды дүниелер жазу бүгінгі қаламгерлердің басты назарында болуы керек. Дәстүріміздің кешегісі, бүгіні, ертеңі туралы келелі әңгіме қозғап, ұрпаққа ұлағатты сөз арнап, үлгі-өнеге көрсету – біздің басты парызымыз деп білемін.

Әдет-ғұрып – ұлттың рухани тамыры, нәр алар бастау-бұлағы. «Уықты – басқұр, ұлтты – дәстүр сақтайды» деп тегін айтпаса керек бұрынғылар. Ал дәстүрді кім сақтайды? Әрине, ұлт сақтайды, – деген Қ.Бегманов уақыт талабына орай ұлт тіршілігіне жаңаша реңк еніп жатқаны заңдылық екенін де жүйелі жеткізді. – Тәуелсіздігіміздің арқасында көптеген салт-дәстүріміз қайта жаңғырып, тұрмыс-тіршілігімізге етене еніп жатыр. Бұл – әрине қуанарлық жай. Елдігіміздің іргесі бекемделді, ұлттық қадір-қасиеттеріміз бен салт-дәстүрлеріміз қайта жаңғырды, ана тіліміз мемлекеттік мәртебе алып, заңды тұғырына қонды. Наурыз секілді ұмытыла бастаған ұлттық мереке-мейрамдар ортамызға қайтып оралып, ел болып тойлай бастадық. Десе де, әлі кезегін күткен шаруалар да аз емес. Оларды дер кезінде шешіп отырмаса, асқынып, күрделі мәселеге айналып кетуі бек мүмкін.
ХХ ғасыр – индустрияландыру ғасыры болды. Ал ХХІ ғасыр – ақпараттандыру ғасыры болып қалыптаса бастады. Индустрияландыру дәуірінде өндірілген өнім басты нәтиже болып саналса, ХХІ ғасырда өндірілетін өнімнен гөрі ақпараттың маңыздылығы арта түсті. Демек, ақпаратты дамытып, оны ел игілігіне жұмсай білген, өз халқын мүмкін болатын алуан түрлі ақпараттық шабуылдардан қорғай алатын қабілетке ие мемлекеттер ғана болашақтың қожасы болмақ. Ол үшін өз мемлекетінің тұрғындарын да ақпараттық бірегейлікке бейімдеп, біртұтас ақпараттық айналым жүйесін құру қажет болады. Олай жасамаған жағдайда өзге күшті массмедиалы мемлекеттің ықпалында кетіп қалу салдарынан тіпті тәуелсіздіктен де айырылып қалу қаупі туындамақ.
Сондықтан да «жаңа дегеніміз – тоны айналдыра өзгертілген ескі» деген қағидаға негіздей отырып, халқымыздың бүгінге дейін қолданып келген дәстүрлі құндылықтарын замануи сандық ақпараттық жүйе арқылы лайықты трансформациялауды жүргізуіміз қажет». Осылайша, ойын өрбіткен Төраға орынбасары жат идеологияға жұтылмаудың жолдарын талдай келіп: «Елді – ел, ұлтты – ұлт ететін де, бойына қан жүгіртіп, өзегіне нәр беретін де сол ұлттың өзіне ғана тән салт-сана, әдет-ғұрыптары. Дәстүрі ұмытылған, тарихы бұрмаланған, тілі шұбарланған ұлттың ғұмыры қысқа болары анық. Ендеше, осы бағытта біз тындырар істер өте көп», – деп қорытындылады сөзін.

Ұлттық мемлекет құрудың басты тірегі –
ұлттық тіл
Келесі ой тізбегін белгілі жазушы, публицист Марат Тоқашбаев жалғастырды. «Ұлттық құндылықтар ұлттық мемлекеттікке бастайды» тақырыбындағы баяндамасының алғашқы жолдарында: «Бүгінгі таңда қоғамымызда ұлттық құндылықтар туралы нақты қалыптасқан пікір жоқ. Этнографтар: «Ұлттық құндылық – әдет-ғұрпымыз», – дейді. Педагогтар «ұрпақ тәрбиесі» депті. Енді біреулер: «Ұлттық құндылықтың көкесі – өнер», – депті. Саясаттанушылар: «Ұлттық құндылық – ел бірлігі», – дейді. Тағы біреулер: «Ұлттық құндылық – біздің қонақжайлығымыз», – деп білгішсінеді. Осы жерде поляк саяхатшысы Адольф Янушкеевичтің: «Шіркін, дүниежүзін қазақ жайласа, жер шарын тегін айналып шығар едім», – деген сөзі еске түседі. Әрқайсысы өзінікін дұрыс деп есептейді. Ал, шынтуайтында, ұлттық құндылық дегеніміз не? «Қазақстан Республикасының Ұлттық идеологиясы» деп аталатын еңбектің авторы ретінде мен үшін ұлттық құндылықтардың ең бастысы – Қазақстанда Ұлттық мемлекет құру. Ұлттық мемлекет құру үшін басты шарт – оның ұлттық тілінің шынайы мемлекеттік тілге айналуы. Өкінішке қарай, бізде мемлекеттік тіл – қазақ тілі әлі күнге өзінің тұғырына қона алмай келеді. Ұлттық мемлекет құру жолындағы күрес – бүгінгі таңда мемлекеттік тілімізді өмірдің барлық саласына сыналап енгізу жолында жалғаспақ. Өйткені Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады», – деп ескертеді ғой. Егер тіліміз жоғалар болса, қазақ мемлекеттігі туралы әңгімеміздің бәрі текке айтылған болып шығады», – деген жазушы да мемлекетіміздің, мемлекеттігіміздің басты тірегі – қазақ тілі екенін нығырлап айтты. – Өкінішке қарай, бізде ұлттық құндылықтарымыз кешегі кеңестік идеологияның қоқыр-соқырымен араласып жатыр. Айталық, Қазақстанда 130 ұлт тұрады деген аңыз әлі күнге жалғасып келеді. Ақиқатында Қазақстанда жалғыз ғана ұлт – қазақ ұлты ғана тұрады. Мемлекет құраушы қазақ халқымен бірге бірқатар ұлттардың диаспоралары тұрады.
Өткен жылы Қазақстан халқы 20 млн-нан асты. Оның 14 млн-ы, яғни 71 пайызы – қазақ халқы. Біріккен Ұлттар ұйымының қалыптасқан практикасы бойынша, халқының үштен екісі бір ұлтты құрайтын болса, ол мемлекет моноұлтты мемлекет саналады, яғни Қазақстан іс жүзінде қазір көпұлтты емес, моноұлтты мемлекетке айналды. Мемлекеттік саясат осы тұрғыда түбегейлі өзгеруі қажет. Бұрынғыдай мемлекет құраушы қазақ халқын диаспора деңгейінде көруге болмайды. Керісінше, саясат Қазақстанда тұратын түрлі диаспораларды қазақ халқының төңірегіне шоғырландыру, мемлекет құраушы ұлтқа құрмет бағытында өрбігені жөн. Мемлекеттік тіл этносаралық тілге айналуы керек. Шынайы ұлттық құндылық мемлекеттің қолдауымен, міне, осылай қалыптасады, – деп Қазақстанда қазақ тілі, қазақы мүдде үстемдік құруға тиіс екенін дәлелдей сөйлеген М.Тоқашбаевтың мемлекетіміздің мемлекет ретіндегі тарихы бірнеше мыңжылдыққа ұласатынын нақтылай түсіп: «1991 жылы Қазақстан Тәуелсіздігін алған жоқ, ол Тәуелсіздігін қайтарып алды. Қазақ мемлекеттігінің тарихы Назарбаевтан басталмайды. Қазақ мемлекеттігінің тарихы бүгінгі қазақ халқын құрап отырған ру-тайпалардың кемінде 2,5 мың жылдық тарихынан басталады. Осы жайт ресми мойындалғаны дұрыс», – деді ол көптің көкейіндегісін дөп басып.
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті тарих факультеті, Археология, этнология және музеология кафедрасының меңгерушісі, профессор Бибизия Қалшабаеваның «Ұлттық тәрбие – ұлт болашағы» баяндамасында негізгі желі ұлттық мектеп пен ата-ана тағылымы, отбасы институты болды. «Жас ұрпаққа ұлттық тәрбие беру арқылы ғана біз өзіміздің ұлттық болмыс-бітімімізді, қайталанбас қазақи мінез-құлқымызды, ұлттық кейпімізді сақтап қала аламыз. Ұлттың бүгіні де, болашағы да тәрбиелі ұрпаққа байланысты. Қазіргі заман бала тәрбиесіне ерекше мән беруді қажет етеді. Себебі ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы. «Ұлтыңды сақтаймын десең – қызыңды тәрбиеле, рухыңды сақтаймын десең – ұлыңды тәрбиеле» деген екен Платон. Өскелең ұрпақ білім мен ұлттық тәрбие негіздерін өзінің ұлттық мектебінен алатыны сөзсіз», – деген баяндамашы жоғары оқу орнында этнопедагогика, этнопсихология пәндерімен қатар қазақ этнографиясы пәні де оқытылуы қажет екенін екпін түсіре жеткізді.

«Қазақтану»
ғылымы керек»
«Нұр-Мүбарак» ислам университетінің доценті, тарих ғылымының кандидаты Досымбек Қатран «Қазақ фольклорында – дәстүрдің орны» баяндамасында мемлекет үшін ең бірінші орында дін емес, ұлттық ұғым тұруға тиіс екенін айта отырып, кейінгі кезде қалыптасқан қате діни түсініктерге саналы, сауатты түрде қарауға, адаспауға шақырды. Ұлттық дәстүрлерді, бұрынғылар көздің қарашығындай сақтап, бүгінге, ертеңге мирас еткен әр дәстүріміздің мәні елдік тұрғыдан ғана емес, ғылыми тұрғыдан да терең екенін өрелі түрде ұғындыра сөйледі.
Белгілі зерттеуші Сәкен Мінуарұлы да «Ұлттық құндылықтардың шығу тарихы немесе ырым жасау дұрыс па?» атты баяндамасында қазақ дүниетанымындағы дәстүр-салтқа, ырым-тыйым мен наным-сенімдерге жеке-жеке мысалдар келтіріп, олардың қай-қайсысы да тегіннен-тегін шықпағанын негіздеп берді әрі «Барлық болмыстың түп-тамырын анықтайтын арнайы «Қазақтану» ғылымы керек», – деп тәмамдады сөзін.
Әдебиет институтының профессоры, ұстаз Светлана Ананьева оқу орындарындағы қазақтың ұлттық құндылықтары қандай дәрежеде оқытылып жүргені жайлы тереңнен ой қозғады. Оның мектеп бағдарламасындағы қазақ әдебиеті оқулығының жүйесіз дайындалғаны жайлы айтқан ойы да басқосуға жиналғандар үшін тағы бір кезек күттірмейтін мәселенің шетін шығарғандай болды. С.Ананьеваның айтуынша, оқулықта әр кезеңнің әдебиеті ретсіз оқытылып жүрген көрінеді.
Этнограф-қаламгер, Patriot Tulga» порталы Бас редакторының орынбасары Раушан Қаршалова «Ұлттық құндылықтарды дәріптеудегі аналардың рөлі» баяндамасында ұлттық құндылықтарды сақтаудағы аналардың рөлін таразылап берді. «Бала ана тілін бесік жырымен бойына сіңіретіні рас. Осы тұста мен өз басымнан өткен бір жайтты айтқым келеді. Бір күні үйге келген таныс келіншек қызымызды тербетіп, орысша әндетіп еді, кішкентайымыз көзі бақырайып, ұйықтамай қойды. Мен ол кісіге: «Біздің баламызға тек қазақша ән айту керек», – дегенде таңғалды. Қазақша ән салғанда қызымыз, расында да, тәтті ұйқыға кетті. Жалпы, баланың ана тілін меңгеруіне байланысты зерттеулер жүргізу барысында сәби ана тілін ананың құрсағында жатқанда-ақ қабылдайтынына көз жеткіздім. Бұл туралы мамандар да талай-талай құнды пікірлер айтқан», – деген ғалым, ары қарайғы сөзінде тарихымыздағы, әдебиетіміздегі, ұлттық фольклорымыздағы аналар бейнесіне жан бітірді. Сан қилы образдарды көз алдыға келтіріп, аналарымыздың – бала тәрбиесіне, бала тәрбиесі арқылы ұлт болашағына деген жауапкершілігін сезіне білуі керегін де ескертті.
Дөңгелек үстел отырысының қорытынды баяндамасын оқыған халықтық ауа райын болжаушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі, халықаралық «Михаил Шолохов» медалінің иегері Сәрсенбек Бекмұратұлы дала данышпандарының жаратылыс заңдылықтары жайында жасаған жорамалдарын жан-жақты зерделеп, қалың қауымды бөлек күйге бөледі. «Қазекең жылқы малын сергек мал дейді. Олардың қылығы арқылы ауа райының алдын алып болжайды. Жылқылар топтасып, жүйткіп, кісінеп ойнақтаса, шапқыласа, кешікпей күн суытып, ызғар соғып, желді жауын, қарлы борасын болады деп біледі. Жылқылардың жүні үрпиіп, жайылуға зауқы жоқ болса, онда біраздан кейін күн суытып ауа райы бұзылады. Әлсін-әлсін пысқырса, жазда – жел күшейіп, жауын жауады, ал қыста қар жауып, қарлы борасын болады. Жылқы ыққа жайылса, жел, жауын, қарлы борасын, ызғар болады. Айғыр үйірін мойынын жерге сала жинаса ауа райы кешікпей бұзылады. Жылқы малы қыс пен көктемде қай жаққа болса да еркін жүріп жайылса, күн жайлы, жылы болады, ал желге қарсы жайылса, күн жайсыз болады. Бие кенет суалса, кешікпей жауын жауатынының белгісі.
Соғымға сойылған жылқынын бауыр жүні (қылшығы) ұзын болса, алдағы қыста қар көп жауады. Жылқынын жүні бүрісіп үрписе, жазда жауын жауып, қыста күн суытады. Егер жылқы осқырынып жұтынса, онда жылқы кешікпей қар асап, суын ішеді. Жылқы жазда ыққа қарап жусаса, қыс қатты болады. Жылқы ішін тартса, ауа райы бұзылады. Жылқы оқыранып жусаса, боран соғады. Қыста оқыранып, ернін жыбырлатса, кешікпей күн жылынып, қар суын ішеді», – деген зерттеуші табиғатқа қатысты өзге де болжам түрлерінен сыр шертті.
Автордың бандамасын «Бабалар болжамы: Өткеннен – сабақ, болашаққа – қанат» деп атағанындай, ондағы әр жол тылсым сырға толылығымен, табиғаттағы әр құбылыс өзара үйлесімділікпен түрлі күйге түсетінімен таңғалдырды. Табиғатпен етене жақын болып, даланың әр тасынан тағылым алған бабаларымыздың көрегендігі, білгірлігі – шынында да, жеке бір мектеп.
Әрқайсысы таудай-таудай биік те ауқымды ойларды арқалап тұрған баяндамалар легі, онда көтерілген мәселелер айтылған жерде қалмайтыны, қоғамға да қозғау болары анық.
Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА