БӨРІБАЙ БИДЕ БЕРЕКЕЛІ НАУРЫЗ ӨТТІ
26.03.2024
796
9

 Биыл Наурызнама тұжырымдамасы бойынша республикада жаңаша форматта тойланып жатқан әз-Наурыздан жанымызға жылылық, көкірегімізге ұлылық ұялап жатыр.  Ауқымды деңгейде тойланған мейрамды  Панфилов ауданы, Қоңырөлең ауылдық округіне қарасты Бөрібай би ауылы да сән-салтанатпен атап өтті.

Өн бойында береке мен ырыс, ынтымақ пен бірлік, татулық пен тыныштық салтанат құрған алақандай ауылдың тайлы-таяғы түгел мерейлі мерекені ұлықтауға атсалысты. Тілегі де, жүрегі де бір ауылдастар күн райының бұзылғанына қарамастан жарқын көңіл-күймен ұлттық нақышта киініп, ауыл аспанын ән-күйге бөледі.

Ал нағыз дархандықтың, кеңпейілділіктің үлгісіндей болған аста-төк дастархан мен наурыз көже мерекенің көркін еселей түсті.

         Іс-шара  ауылдың қадірменді ақсақалы, талай шәкірттің белін буған зейнеткер-ұстаз Еркінбеков Жақсылықбай ағаның ақ тілегімен, ақ батасымен ашылды. Жыл сайын маңызы артып, мәні жоғарылап келе жатқан ұлттық мерекенің ерекше аталып өтіп жатқанына ниеттес екенін білдірді.

Шашу шашылып, кешті жүргізуші Алтынай Тоққожаеваның игі сөзімен басталған мереке көркі «Қарттарым – асыл қазынам» атты облыстық байқауға қатысып, жүлделі орын алып қайтқан қариялардың концертік бағдарламасымен жалғасты.

Ұлыстың ұлы күні кезінде бөрібайлықтар тәрбиелік мәні зор спорттық ойындарды да ұмыт қалдырмады. Жиылғандар жас ерекшеліктеріне қарай  қой көтеру, қолкүрес, арқан тартыс, қашықтыққа жүгіру, волейбол сынды сайыстар бойынша сынға түсті.

Іс-шара соңында белсене атсалысқандарға алғыс айтылып, сый-сыяпат көрсетілді. Осындай мазмұнды кешті ұйымдастырған мәдениет қызметкерлері — Бөрібай би ауылдық клубының директоры Меңтай Оралханқызына, музыкалық жетекші Толқын Сейткуловаға, әдіскер Алмас Мырзаевқа ауылдастары да  алғыс айтты.

Баршаңызды ұлы даланы дүбірге бөлеген Ұлыс күнмен құттықтаймын! Қазақы танымдағы, ұлттық бағыттағы мерекеміз – берекенің бастауы болғай!

 Меруерт МӘУЛЕТҚЫЗЫ,
журналист

 

ПІКІРЛЕР9
Аноним 26.03.2024 | 21:51

Ауылым алтын бесігім

Аноним 26.03.2024 | 21:51

Жақсы керемет ауыз бірлігі арта берсін

Аноним 26.03.2024 | 21:54

Оте керемет халкымыз аман есен Болсын

Аноним 26.03.2024 | 22:41

Өте керемет

Аноним 26.03.2024 | 23:29

Тамаша👍

Аноним 27.03.2024 | 10:32

Жандарым керемет біздің ауыл ұйымшыл ғой бір жасап қалдық көріп

Аноним 27.03.2024 | 19:12

Керемет ауылым алтын бесыгым

Аноним 02.04.2024 | 14:28

Меруерт қызымызға рақмет ауылын жарқыратып шығарган!

Аноним 03.04.2024 | 19:10

ауылдан шыкан балдар ауылды умытпаганы жаксы гой. жарайсн Мака

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір