ӘДІЛЕТТІ МЕМЛЕКЕТ. БІРТҰТАС ҰЛТ. БЕРЕКЕЛІ ҚОҒАМ
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауы елімізде Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам құруға арналды.
Жолдау барысында мемлекет басшысы: «Мен үшін мемлекет мүддесі бәрінен биік. Сондықтан мен өкілеттік мерзімімді қысқартуға және кезектен тыс Президент сайлауына баруға дайынмын» , – деп мәлімдеді.
«Біз «Азамат – бизнес – мемлекет» арасындағы қатынасты түбегейлі өзгертеміз. Мемлекет, ең алдымен, бәріне бірдей мүмкіндік беріп, әділдік орнатады. Қоғам игілігіне арналған қызмет деңгейі жоғары болуына кепілдік береді. Әлеуметтік жағынан әлсіз топтағы азаматтарға қолдау көрсетеміз. Мүмкіндігі шектеулі жандарға да көмектесеміз. Президент жанындағы Омбудсмен тағайындалады.
Мемлекет экономикалық еркіндікті қолдайды. Бірақ халықты нарық тұрақсыздығының ықпалынан барынша қорғайды. Шағын және орта бизнесті мейлінше дамытады.
Енді реформалардың нақты бағдарларына тоқталайын», – деді Президент.
Бірінші бағдар.
Жаңа экономикалық саясат
«Біз экономикамызда қордаланған мәселелерді жақсы білеміз. Мысалы, шикізатқа әлі де тәуелдіміз. Еңбек өнімділігі төмен, инновация жеткіліксіз. Ұлттық табыстың игілігін жұрттың бәрі бірдей көріп отырған жоқ.
Әрине, мұның барлығы – күрделі мәселелер. Бірақ оны шешудің нақты жолдары бар», – деді Президент Жолдаудың бірінші бағдары жаңа экономикалық саясат жөнінде. Және ол банктерде триллиондаған ақшаның иегерілмей текке жатқанын да атап өтті:
Салық реформасы аясында «сән-салтанатқа салық» салуды енгізген жөн. Мұның орта тапқа қатысы жоқ, бұл салық тек аса қымбат жылжымайтын мүлік және автокөлік сатып алған кезде салынады.
Автокөлік сатып алу кезінде төленетін алым-салық мәселесіне жеке тоқталайын. Кейбір жақын шетелдерден әкелінген автокөліктерге қатысты түйткілдер баршаға мәлім. Заң аясынан тыс қалып отырған мұндай көліктер қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіруде. Заңсыз көлік әкелетін амал-тәсілдің бәріне тосқауыл қою үшін батыл шаралар қабылдау қажет.
Біз «көрпеге қарай көсілу» қажет екенін ұмытпауымыз керек.
Бюджет саясатына реформа жасалады. Ақырғы нәтижені дөп басуымыз керек. Бюджет кодексінде шекті нормативтер бекітіледі. Оны бюджетті жоспарлау және орындау кезінде міндетті түрде ұстану қажет.
Ұлттық қордың қаржысын тиімсіз жұмсау тоқтатылады. Бұл – өте өзекті мәселе. Қордың қаражатын аса қажет инфрақұрылымды дамытуға және еліміз үшін маңызы зор жобаларды қаржыландыруға жұмсаймыз.
Несие ресурстарының тапшылығы отандық бизнес үшін үлкен проблема болып отыр.
Қазақстанда шағын және орта бизнесті қаржыландыру үшін 42 миллиард долларға жуық қаражат жетіспейді. Сөйте тұра, банктерде триллиондаған теңге қаржы іс жүзінде экономикаға еш пайдасын тигізбей босқа жатыр.
Ұлттық банк, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Үкімет бірлесіп, нақты секторды тұрақты әрі қолжетімді несиемен қамтамасыз ететін нақты шешімдер қабылдауға тиіс.
Ұлттық банк қазіргі ахуалдың өте күрделі екенін ескере отырып, барынша икемді қимылдауы, тіпті тапқырлық танытуы керек. Шетелдерде бұған қатысты оң тәжірибелер бар.
Өнім өндіру үшін, ең алдымен, жер керек. Жері жоқ адам бизнеспен айналыса алмайды.
Кәсіпкерлерге жер телімдерін ашық әрі жедел бөлудің тиімді тәсілдері айқындалуға тиіс. Оны жыл соңына дейін әзірлеу керек. Әрбір аймақ пен елді мекенде бос жатқан немесе мақсатына сай игерілмеген жердің бар-жоғын анықтау қажет. Бұл ақпаратты бизнес өкілдері білуге тиіс. Аталған шаралар кәсіпкерлердің ғана емес, жалпы экономиканың бәсекеге қабілетін арттыра түсетіні анық.
Екінші бағдар.
Нақты секторды дамыту
«Бұған дейін айтылғандай, мемлекет өзінің экономикаға араласуын біртіндеп азайта береді.
«Самұрық-Қазына» қоры экономиканың басты салаларына бақылау жасауға ғана мүмкіндік беретін мажоритарлы үлесі бар инвесторға айналады. Қордың басқа активтері мен акцияларын жекешелендіру керек. Оны жүзеге асыруға «Халықтық ІРО» тәсілін де қолдануға болады»,– Мемлекет басшысы нақты секторды дамыту жөнінде.
«Самұрық-Қазына» қоры жеке инвесторлар дербес жүзеге асыра алмайтын аса маңызды жобаларға инвестор ретінде қатыса алады. Мұндай жобаларды Президент анықтайды.
Келесі мәселе – еліміздің транзиттік қуатын арттыру.
Қазақстан қазіргі геосаяси жағдайда Азия-Еуропа арасындағы аса маңызды құрлық дәлізі болып отыр. Біз бұл мүмкіндікті толық пайдаланып, әлемдік маңызы бар көлік-тасымал торабына айналуымыз керек. Еліміз осы салада ірі жобаларды жүзеге асыра бастады. Атап айтқанда, Ақтауда контейнер хабы құрылып жатыр. Транскаспий дәлізі дамып келеді. Осы жұмыстарға әлемдегі үздік логистика компаниялары тартылады.
«Қазақстан теміржолы» компаниясы толыққанды транзиттік-логистикалық корпорация болып қайта құрылады.
Автожол құрылысына, соның ішінде жергілікті жолдардың сапасына баса мән беру керек. Бюджеттен қыруар қаржы бөлінсе де, бұл мәселе әлі шешімін таппай отыр.
Мен 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың кемінде 95 пайызын жақсарту жөнінде тапсырма бердім. Үкімет бұл мәселені тікелей бақылауға алсын.
Жол құрылысындағы заңсыздықтарды анықтау қажет. Бұл жұмыстан нақты нәтиже шығару керек.
Бізде әлі күнге дейін битум тапшы. Бұл – ірі көлемде мұнай өндіретін ел үшін, тіпті ұят жағдай. Үкімет осы мәселені түбегейлі шешуге тиіс.
Жалпы, ашығын айтуымыз керек, Үкіметтің жұмысында қайта-қайта олқылықтар болып жатыр. Біресе жанар-жағармай, біресе шекер жетіспейді.
Осының бәрі Үкіметтің нақты шешім қабылдауға келгенде өте баяу қимылдап, батыл қадам жасай алмауынан болып отыр. Мұндай жағдайға азаматтардың да көңілі толмайды. Әрине, бұл – орынды. Сондықтан дәл осылай жалғаса берсе, тағы да нақты кадрлық шешімдер қабылдауға тура келеді.
Келесі мәселе. Ұлттық экономика құрылымында құрылыс секторы маңызды орынға ие. Осы сала ішкі жалпы өнімнің 5-6 пайызын береді. Жанама салалар қосылса, бұл көрсеткіш одан да көп.
Бүгінде Қазақстандағы сәулет-құрылыс қызметін реттейтін
2,5 мыңнан астам құжат бар. Бұл жүйе әбден қағазбастылыққа көмілген. Жемқорлық аз емес. Ескі құрылыс стандарттары мен нормалары әлі де қолданылады. Сондықтан Үкіметке мүлдем жаңа құжат – Қала құрылысы кодексін қабылдауды тапсырамын.
Шаруалардың өзара ұжымдасуы ауыл шаруашылығын дамытуға жол ашып отыр. Біз осындай пилоттық жобаны жүзеге асырдық. Оған қатысқан ауылшаруашылық кооперативтерінің егіні екі есе артық өнім берген. Ал мал басы шамамен 25 пайызға көбейген. Әр өңірдің ерекшелігін ескере отырып, оң тәжірибені бүкіл елге біртіндеп тарату қажет. Бұл салада озық технологиялар тапшы.
Қазір ауыл шаруашылығына арналған жер туралы толыққанды ақпарат жоқ. Жердің құнары, су ресурсы мен суару жүйесі және оның жолдары жайлы мәліметтер жан-жақта шашырап жатыр. Цифрлық платформа осының бәрін бір жерге жинақтайды.
Тұтастай алғанда, еліміздің агроөнеркәсіп кешені келесі жылдан бастап жаңа әрі тұрақты ереже бойынша жұмыс істеуі қажет.
Игерілмей жатқан жерді қайтарып алу жөніндегі комиссияның қызметіне жеке тоқталғым келеді. Комиссия жұмысының аясында ауыл шаруашылығы мақсатындағы 2,9 миллион гектар жер мемлекетке қайтарылды. Жылдың соңына дейін кемінде 5 миллион гектар жерді қайтарып алу жоспарланып отыр. Игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген жер көлемі 10 миллион гектарға жуықтайды.
Үкімет пен әкімдіктер келесі жылдың соңына дейін осы жерлерге қатысты нақты шешім қабылдауға тиіс. Қазір жер мәселесін тексеруге жарияланған мораторий де күшін жойды. Бұл қадам жұмысқа оң ықпалын тигізеді деп ойлаймын.
Ел экономикасын тұрақты дамытуға су тапшылығы қатты кедергі болып отыр. Қазір бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналды. Сырттан келетін су азайып барады. Сол судың өзін тиімсіз пайдалану жағдайды одан әрі ушықтырып отыр. Судың 40 пайызы құмға сіңіп жатыр. Бұл салада басқа да түйткілдер аз емес. Атап айтқанда, инфрақұрылым әбден тозған. Сондай-ақ автоматтандыру және цифрландыру деңгейі төмен. Ғылыми негіздеме жоқ, мамандар тапшы. Бұл мәселелерді шешу үшін Үкімет жанындағы Су кеңесінің жұмысын жандандыру қажет, білімді сарапшыларды жұмысқа тарту керек. Қажетті мамандарды даярлау үшін бұл саладағы іргелі әрі мықты жоғары оқу орнын анықтаған жөн. Су саласын дамытудың үш жылдық жобасын әзірлеу керек.
Үшінші бағдар.
Ел болашағына арналған стратегиялық инвестиция
«Жемқорлар сотталғанда, олардың заңсыз тапқан қаржысы мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуға тиіс».
Мемлекет басшысы биылғы Жолдауының Үшінші бағдарында осы мәселені қадап айтты. Сондай-ақ «Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды ұсынамын», – деді.
Бүгінде еліміздегі 650 елді мекенде емдеу мекемесі жоқ. Алдағы екі жылда бұл ауылдарда медициналық және фельдшерлік-акушерлік бөлімшелер салынып, қажетті құрал-жабдықпен толық қамтамасыз етіледі.
Осылайша, мемлекет бір миллионнан астам адамның алғашқы медициналық-санитарлық көмек алуына мүмкіндік жасайды.
Ұлттық жоба аясында 32 аудандық аурухана заманға сай жаңарып, енді ауданаралық көпбейінді мекемеге айналады. Онда инсульттен емдеу орталықтары, хирургия, жансақтау және оңалту бөлімдері ашылады. Бұл төрт миллионнан астам адамға көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын арттырады. Сонымен қатар телемедицина бағытын дамытамыз. Сол арқылы шалғайда тұратын халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетілетін болады.
Денсаулық сақтау саласы бәсекеге қабілетті болуы үшін дәрігерлер дайындау жүйесін жетілдірген жөн. Медициналық жоғары оқу орындарының жанынан көпбейінді ауруханалар және клиникалар ашылады. Алдағы үш жылда резидентураға бөлінетін грант саны 70 пайызға көбейеді.
Мұның бәрі ұлт денсаулығын сөз жүзінде емес, іс жүзінде жақсартуға септігін тигізеді.
Келесі маңызды мәселе – білім беру жүйесі туралы. Бұл сала ұлт сапасын жақсарту ісінде аса маңызды рөл атқарады.
Қазақта «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөз бар.
Сондықтан мектепке дейінгі тәрбие жұмысы басты назарда болуы керек.
Алайда, бізде екіден алты жасқа дейінгі балалардың жартысынан астамы ғана балабақшаға барады. Мұндай олқылыққа жол беруге болмайды.
Балаларды балабақшамен қамтамасыз ету мәселесін түпкілікті шешу қажет.
Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады.
Жалпы, мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек.
Жемқорлар сотталғанда, олардың заңсыз тапқан қаржысы мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуға тиіс. Үкімет осы бастаманы заң тұрғысынан рәсімдеу туралы шешім қабылдауы керек.
Мектеп формасын барлық оқушыға барынша қолжетімді ету аса маңызды. Әлеуметтік тұрғыдан әлсіз саналатын кейбір топтағы балаларға оны бюджет есебінен беру қажет деп санаймын. Мектеп формасына арналған мемлекеттік тапсырысты отандық жеңіл өнеркәсіпті дамытуға бейімдеген жөн.
Әділетті Қазақстанды құру ісінде мұғалімдердің рөлі айрықша екені сөзсіз.
Мемлекетімізде соңғы жылдары ұстаз мамандығының абырой-беделін арттыру үшін көп жұмыс жасалды. Дегенмен бұл бағытта әлі де біршама өзгерістер жасау қажет.
Отандық жоғары оқу орындарының білім сапасы артқан сайын ондағы оқу ақысы да өсе түседі. Сондықтан мемлекет ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесіне және басқа да көрсеткіштерге байланысты білім беру гранттарын әртүрлі деңгейде бөлуді жоспарлап отыр. Оның көлемі 30-дан 100 пайыз аралығында болады.
Білім алуға жылдық өсімі 2-3 пайыз болатын жеңілдетілген несие де беріледі. Бұл шаралар жоғары білімнің қолжетімділігін арттырып қана қоймай, қоғамда әріптестік және өзара жауапкершілік қағидатын нығайта түседі.
Келесі маңызды мәселе – студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету. Бұл түйткілді шешу үшін жоғары оқу орындарымен және құрылыс компанияларымен мемлекеттік-жекеменшік серіктестік орнату тәсілін барынша енгізу керек. Сондай-ақ барлық мәселенің шешімін табуды мемлекеттің мойнына ілу дұрыс емес деп санаймын. Сол себепті, мемлекеттен қаражат алу үшін жекеменшік жоғары оқу орындарының жатақханасы болу шарт. Әрине, мұны оқу орындарынан біртіндеп талап еткен жөн.
Студенттердің жекелеген, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған санаттары үшін пәтер жалдауға кететін шығынын субсидиялау мүмкіндігін де қарастыруға болады. Жоғары оқу орындары жанындағы эндаумент-қорлар білім беру экожүйесін дамытудың негізгі буынына айналуға тиіс.
Мен ең төменгі жалақы деңгейін 60 мың теңгеден 70 мың теңгеге дейін көтеру туралы шешім қабылдадым. Бұл шешім 1,8 миллион азаматтың табысына тікелей әсер етеді.
Біз зейнетақы жүйесін де қайта жаңғыртамыз. Зейнетақының ең төменгі базалық мөлшерлемесін біртіндеп ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына, ал жоғарғы шегін 120 пайызына жеткізу қажет.
Жастарға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекетіміздің басты міндетінің бірі. Еңбекпен қамтитын түрлі шаралар арқылы келесі жылы 100 мың жасқа жұмыс беруіміз керек. Жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсетіле бермек. Оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Бұл шаралар қоғамның барынша үйлесімді әрі әділетті болуына ықпал етеді.
Жалпыхалықтық референдумда қабылданған конституциялық өзгерістер Әділетті Қазақстанның символына айналды.
Біз Ата заңымызда жер мен табиғи ресурстар халықтың меншігі деген басты қағидатты бекіттік. Бұл – құр сөз емес. Бұл – барлық реформаның арқауы.
Әрбір отбасы еліміз пайдаланып жатқан ұлттық байлықтың игілігін көруі керек. Сондықтан мен жариялаған Балалар жылының аясында «Ұлттық қор – балаларға» атты мүлде жаңа бағдарламаны жүзеге асыру өте маңызды деп санаймын.
Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды ұсынамын. Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады, оны мерзімінен бұрын есепшоттан шығарып алуға болмайды. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалатын болады. Бұл қаражат өскелең ұрпақтың үлкен өмірге қадам басуына мүмкіндік береді. Қор, шын мәнінде, ұлттық мәртебеге ие болып, халқымыздың игілігіне қызмет етеді. Бастаманы мұқият әзірлеу қажеттігін ескере отырып, жобаны 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап іске қосуды тапсырамын.
«Самұрық-Қазына» қоры таза пайдасының кемінде 7 пайызын «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына аударатын болады. Бұл – Жаңа Қазақстанның сипатына сай келетін маңызды бастама. Сондай-ақ табысы мол кәсіпкерлер мен азаматтар қорға демеушілік көрсете береді деп сенемін.
Жалпы, адам әлеуетін дамыту – маңызды мәселенің бірі. Осы орайда, шетелден дарынды жандарды елге тарту қажет. Әсіресе шығармашылық және кәсіпкерлік салада жетістікке жеткен азаматтарды шақыру керек. Мен тиімді көші-қон саясаты туралы айтып отырмын.
Сұранысқа ие болып отырған және жоғары білікті мамандардың тапшылығын азайту қажет. Ғылым, денсаулық сақтау, өндіріс, IT салаларының білікті мамандарына жеңілдік жасалады. Мемлекет оларға елімізде тұрақты тұру үшін виза береді. Шетел кәсіпкерлері он жылға виза рәсімдеп, Қазақстанда тұруға мүмкіндік алады. Бірақ, олар экономикамызға 300 мың доллардан астам инвестиция салуы қажет.
Қандастардың көшіп келуіне және ішкі миграцияға қатысты саясат түбегейлі өзгереді. Бұл орайда, демографиялық және экономикалық үрдістерді ескеру керек. Сондай-ақ, жалпыұлттық мүддені басшылыққа алу өте маңызды.
Қуатты ұлттың діңгегі – халық. Ең бастысы, азаматтарымыздың денсаулығы мықты, білімі терең болуы керек.
Төртінші бағдар. Мемлекеттік басқару ісін қайта жаңғырту
Экономиканы түбегейлі реформалау үшін мемлекеттік басқару жүйесіне серпіліс қажет. Жұрт бос сөзден, жарқын болашақ туралы жалынды ұрандардан жалықты. Халық мемлекеттік органдардың өз уәдесін қағаз бетінде емес, іс жүзінде орындағанын қалайды.
Саяси қызметшілердің жеке жауапкершілігін арттыра отырып, мемлекеттік басқару жүйесін орталықсыздандыруға баса мән беру керек. Үкіметтің кейбір құзыреттерін министрліктерге берген жөн. Нақты бір саладағы саясатқа «ұжымдасқан кабинет» емес, нақты бір министр жауап беруге тиіс.
Үкімет салааралық мәселелерді шешумен шұғылдануы қажет. Премьер-Министр Кеңсесін мемлекеттік басқару ісінің үздік стандарттарына сай келетін, ықшамды Үкімет аппараты ретінде қайта құру осы бағыттағы алғашқы қадам болмақ. Басты мақсат – оның атауын өзгерту емес, нақты реформа жасау. Біз орталық мекемелерді оңтайландыру арқылы жергілікті атқарушы органдардың өкілеттігін айтарлықтай кеңейтуіміз керек. Бұл тәсіл қордаланған мәселелерді өңірлерде, ел ішінде шешуге мүмкіндік береді.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі толыққанды стратегиялық HR институтына айналуға тиіс. Үкімет Агенттікпен бірлесіп бүкіл әлемдегі азаматтарымыздың әлеуетін жұмылдыру үшін арнайы платформаны іске қосуы керек.
Квазимемлекеттік сектордағы басқару ісінің тиімділігін арттыруға айрықша назар аударған жөн. Бұл бағытта нақты жұмыс атқарыла бастады. Соны аяғына дейін жеткізу керек. Ол үшін «Самұрық-Қазына» қорының жаңа жұмыс үлгісін түпкілікті айқындап алу қажет.
Әлемдегі ең үздік инвестициялық және өндірістік компанияларды үлгі ретінде алу керек. Мемлекеттік активтерді басқару ісі барынша ашық болуға тиіс. Үкімет жыл сайын Ұлттық баяндама әзірлеуді қамтамасыз етеді және оны Парламентке жолдайды.
Бесінші бағдар.
заң және тәртіп
Қоғамда заң үстемдігі берік орнығып, сот төрелігі әділ атқарылуы қажет. Осыған орай, қазылар қауымын шұғыл түрде қайта іріктеп, жаңартып жасақтау керек.
Судьялардың дербестігін арттыру үшін Жоғарғы сот кеңесінің мәртебесін нығайтқан дұрыс. Судья болуға үміткерлерді дайындау, біліктілігін көтеру жұмысы Кеңестің құзыретіне беріледі. Сондай-ақ, олардың шекті жасын ұзарту, өкілеттігін тоқтату мәселесімен де осы мекеме айналысады. Бұл мемлекеттік орган нақты кадрлық функциялары бар, толыққанды институтқа айналуы керек. Кадрларды іріктеуден бастап, барлық деңгейдегі соттарды тағайындауға ұсыным беруге дейінгі бүкіл міндет соларға жүктеледі.
Күштік құрылымдар сотқа ықпал етпеуге тиіс. Бұл – өте маңызды. Судьяларға әкімшілік қысым көрсететін амал-тәсілдің бәрі жойылуы керек. Судьялардың қызметіне араласуды шектей отырып, олардың заң бұзғаны үшін жауапкершілігін арттырамыз.
Судьяның өрескел қателік жіберген және күшін жойған әрбір сот актісін Қазылар алқасы тексеруге тиіс.
Мемлекеттің сот процесіне қатысуын азайтқан жөн. Мемлекеттік органдар арасындағы сот дауларын да ретке келтіретін кез келді. Егер екі министрлік заң нормаларын әртүрлі түсінсе, ондай мәселені Үкімет түпкілікті шешуге тиіс. Дәл осындай тәсілді мемлекеттік органдардың мемлекеттік ұйымдармен арадағы дауларына да қатысты қолдану қажет.
Келесі мәселе – құқық қорғау органдарын реформалау туралы. Бұл сала әрдайым қоғамның жіті назарында.
«Қасіретті қаңтар» оқиғасы тәртіп сақшылары үшін нағыз сынақ болды. Ол кезде арандатушылардың кесірінен шерулер жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Оның ақыры мемлекетке қарсы бүлік шығаруға әкеп соқтырды. Жұртты арандатушылардың көбі шартты немесе жеңіл жазамен құтылып кетті. Шын мәнінде, олардың кінәсі әлдеқайда ауыр. Өйткені, жағдайды қасақана ушықтырды. Соның салдарынан іс насырға шауып, қайғылы оқиғалар болды.
Маған құқық қорғаушылар, адвокаттар қауымдастығының өкілдері бірнеше рет өтініш жолдады. Олар елді жаппай тәртіпсіздікке үндеген адамдарды қатаң жазалау қажет екенін айтты. Бұл – орынды ұсыныс.
Сондықтан өкілетті органдарға осы мәселені қарастырып, нақты шара қабылдауды тапсырамын.
Біз кез-келген ашық арандатушылыққа және заңсыз іс-әрекетке қатаң тосқауыл қоюымыз керек. Ел ішіне іріткі салған және заң бұзуға шақырған адамдар қатаң жазадан құтылып кетпейді.
«Саяси плюрализмге ашықпыз, экстремизмнен, қарақшылық пен бұзақылықтан қашықпыз» деген ортақ қағиданы бүкіл қоғамның есіне салғым келеді.
Қасақана арандату басталған жерде, сөз бостандығы мен пікір алуандығы туралы әңгіме қозғаудың өзі артық. Бұл – қоғамның тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне нұқсан келтіру, мемлекеттің тұғырын шайқауға әрекеттену деген сөз.
Бізге ел бірлігі ауадай қажет. Ереуілге қатысқандар да, күштік құрылым қызметкерлері де – өз азаматтарымыз. Олар сот әділ өтеді деп қана емес, қоғам кешірімді болады деп үміттеніп отыр.
Мемлекет қаңтар оқиғасына қатысқан, бірақ ауыр қылмыс жасамаған азаматтардың жазасын жеңілдетті. Заң бұзғандардың бірқатары кінәсін түсініп, өткен іске өкініп отыр. Оларға кешіріммен қараған дұрыс деп ойлаймын. Сондықтан, мен қаңтар оқиғасына қатысушыларға бір реттік рақымшылық жариялау туралы шешім қабылдадым.
Рақымшылық жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыруға қатысы бар адамдарға, сондай-ақ, мемлекетке опасыздық жасағаны және билікті күшпен басып алуға әрекеттенгені үшін айыпталғандарға қолданылмайтыны түсінікті.
Сондай-ақ, лаңкестік және экстремистік қылмыс жасағандарға, рецидивистерге, жұртты азаптағандарға рақымшылық болмайды.
Біз адамгершілік таныта отырып, осы қайғылы оқиғадан тиісті қорытынды жасаймыз. Мұндай жағдай енді ешқашан қайталанбайды. Бұған жол бермейміз.
Қаңтар оқиғасы кезінде қаза болған азаматтардың жағдайы төмен отбасыларына материалдық көмек беріледі. «Қазақстан халқына» қоры да осы игі іске лайықты үлес қоса береді деп ойлаймын.
Біз қаңтар оқиғасынан сабақ алып, қоғамдық қауіпсіздікті едәуір күшейту қажеттігін түсіндік.
Бюджет қаржысын және жалпыұлттық байлықты талан-таражға салатын жемқорлық әрекеттер мен оның астыртын жолдарын ұйымдастырушыларды іздеуге, түпкі амал-тәсілдерін анықтауға барынша күш салу өте маңызды.
Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстерді мұқият саралап, ондағы қолданылмайтын немесе сот төрелігіне кедергі келтіретін артық-ауыс нәрсенің бәрінен арылу қажет. Тиісті түзетулер енгізілгеннен кейін оларды қайта-қайта өзгерте бермеу қажет. 2015 жылдан бері Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстерге 1200-ден астам өзгеріс енгізілген.
Уақытша жағдайларға байланысты немесе аясы тар корпоративті мүдделерге бола заңдарды өзгертуге жол берілмеуге тиіс.
Қадірлі отандастар!
«Мемлекетіміздің болашағына тікелей қатысы бар ой-пікірлерімді ортаға салғым келеді», – деді Президент қортынды сөзінде.
Қазіргі геосаяси жағдайда біз мемлекеттілігімізді біртіндеп нығайтып, реформалар мен жаңару бағдарын нық ұстануымыз қажет.
Барынша мұқият әрекет жасап, еліміздің ұзақ мерзімді мүддесіне сай жұмыс жүргізуіміз керек.
Реформалардың қазіргі қарқынын сақтау, саяси мәселелердің бәрін кейінге қалдырмай шешу аса маңызды. Ол үшін алдағы сайлау кезеңдерін тиімді жоспарлау қажет.
Президенттің кезекті сайлауы 2024 жылы, ал Парламент сайлауы 2025 жылы өтуге тиіс екенін баршаңыз білесіздер.
Жаңа стратегияға сәйкес басты мемлекеттік институттарды кешенді түрде қайта жаңғыртуға кірісу қажет деп санаймын.
Бұл қадам бізге әр азаматымыздың әл-ауқатын арттыру және бүкіл елімізді өркендету жолындағы ортақ жұмысты жандандыруға мүмкіндік береді.
Билік өзінің жоспарын қоғамнан жасырын ұстайтын саяси дәстүрден арылуымыз керек. Сондықтан, мен бүгін алдағы сайлау науқандарының кестесін барша халыққа жариялағым келеді.
Мен биылғы күзде кезектен тыс Президент сайлауын өткізуді ұсынамын.
Әділетті Қазақстанды құру жолында түбегейлі және жан-жақты реформаларды табысты жүзеге асыру үшін халықтың жаңа сенім мандаты қажет.
Мен үшін мемлекет мүддесі бәрінен биік. Сондықтан мен өкілеттік мерзімімді қысқартуға және кезектен тыс Президент сайлауына баруға дайынмын.
Сондай-ақ, мен көп ойланып, Президент өкілеттігі мерзімдерінің санын және ұзақтығын қайта қарау қажет деген байламға келдім.
Президент мандатын ұзақтығы 7 жылдық бір мерзіммен шектеуді ұсынамын. Бірақ, қайта сайлануға тыйым салынады.
Бұл бастаманың негізі қандай? Бір жағынан, 7 жыл – кез-келген ауқымды бағдарламаны жүзеге асыру үшін жеткілікті кезең. Екінші жағынан, Президент мандатын бір мерзіммен шектеу Мемлекет басшысының жалпыұлттық дамудың стратегиялық міндеттерін шешуге барынша жұмылуын қамтамасыз етеді.
Тіршілік тоқтамайды, жаһандық үдерістер мен ел ішіндегі қоғамдық дамудың қарқыны күн өткен сайын артып келеді.
Мен ұсынып отырған конституциялық жаңалық билікті монополизациялау қаупін айтарлықтай азайтады. Дәл осы себепті, мен президентті бір мерзімге ғана сайлау нормасын енгізуді ұсынып отырмын. Біз билікті жасақтаудың және оның қызметін қамтамасыз етудің өркениетті қағидаттарын бекітуге тиіспіз.
Жаңа президенттік жүйе саяси тұрақтылықты нығайтып, қоғамдық құрылыстың қазақстандық үлгісін орнықтырады. Президентті бір мерзімге ғана сайлау нормасын сайлаудан кейін Парламенттің қарауына ұсынамын. Парламент оң шешім қабылдаса, Отанымызда жаңа саяси дәуір басталады.
Елімізді саяси жаңғырту үдерісінде парламентаризмді дамыту ісі айрықша орын алады. Жаңарған Ата заңымыз әділ әрі ашық ережелері бар саяси жүйенің мүлде жаңа стандарттарын енгізеді.
Саяси партияларды тіркеу рәсімі айтарлықтай жеңілдетілді. Парламент пен мәслихаттарды партиялық тізім және бір мандатты округ бойынша жасақтаудың тың тәсілдері іске қосылады.
Жалпы, конституциялық реформада көзделген институционалдық өзгерістің бәрін осы жылдың соңына дейін заңмен бекітіп, аяқтау қажет.
Бұл өзгерістер саяси партиялардың санын арттырады, саяси бәсекені күшейтеді, халық қалаулыларының жаңа легі пайда болуына септігін тигізеді.
Ескі тәсіл бойынша сайланған биліктің өкілді органдарының кезектен тыс сайлау науқаны арқылы жаңаруы заңдылық.
Сондықтан, Мәжілістің және барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауын келесі жылдың бірінші жартысында өткізуді ұсынамын.
Біз көпшіліктің мүддесін білдіретін депутаттардың жаңа құрамын жасақтаймыз. Бұл қадам мәслихаттар мен Парламент жұмысының тиімділігін арттырары сөзсіз. Болашақта Үкімет құрамына сайлаушылардың басым көпшілігінің дауысын алған саяси күштердің ғана емес, Парламенттегі басқа да партиялардың өкілдері кіруі мүмкін.
Мұндай тәсіл атқарушы билікке бүкіл қоғамның талап-тілегін ескеретін тиімді шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.
Сонымен, биыл Президент сайлауы, келесі жылы Мәжіліс және мәслихат депутаттарының сайлауы өтеді. Содан кейін Үкімет құрамы жасақталады.
Соның нәтижесінде 2023 жылдың ортасында Президент, Парламент, Үкімет сияқты негізгі саяси институттардың бәрі қайта жаңғырып, жаңарады.
Біз ашық бәсекелестік орныққан және бәріне тең мүмкіндік берілетін Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз.
Әділетті Қазақстанды құру ісі енді ғана басталды. Алдағы жолдың қиындығы көп. Бұл бағдарымыз ешқашан өзгермейді, ішкі және сыртқы ахуал қандай болса да жалғаса береді. Қол қусырып отыратындар мен қасақана кедергі жасайтындарға орын жоқ.
Біз таңдаған жолымыздан айнымаймыз!
Ендеше, Әділетті Қазақстанды бірге құрайық!
Қасиетті Отанымызды бірге өркендетейік, ағайын!
01.09.2022 жыл