«ХАЛЫҚ АЙТСА, ҚАЛП АЙТПАЙДЫ» Тілбұзарлар осыны біле ме екен?
Бүгінде мемлекеттік тіл – ана тіліміздің баға жетпес байлығы мен тазалығына нұқсан келтіретін көлденең жайттар байқалып жүр. Солардың кейбіріне жұрт назарын аударып, ойымызды ортаға салуды жөн көріп отырмыз.
Қазір ана тілімізде орысшадан сөзбе-сөз аударылған (калька) сөздер мен сөз тіркестері, тіпті сөйлемдер тым көбейіп кетті. Олардың көбінің қазақша баламалары да бар. Бірақ орыс тілінің шекпенінен шыққан кейбір ағайындар сөздердің калька аудармасын бейберекет қолданып, қазақша баламасын шет қақпай етіп жүр.
Мысал келтірейік. Осыдан біраз уақыт бұрын қазақша телеарналардың бірі оңтүстіктегі бір археологиялық қазбадан бұдан екі мың жыл бұрынғы алтын алқа мен қыш құмыра табылғаны туралы хабарлады. Сонда тілшіміз: «Бұл қыш құмыраның бір ерекшелігі – қабырғасы өте жіңішке екен», – деді.
Бұрын бір құрметті кісіміздің көлемі шағын жұқа кітапты– «жіңішке кітап» деп айтқанын естігенім бар еді. Мына тілшінің де «құмыраның қабырғасы жіңішке екен» дегені – «жұқа» дегені болды ғой деп ойладым. Сөйтіп, қазір жұқа кітап, жұқа қабырға, жұқа қағаз, тағы басқа жұқа нәрселерді орысша «тонкий» сөзінің олақ аудармасымен «жіңішке» деп айта беретін болыппыз.
Тағы бір мысал. Футбол, баскетбол сияқты доп ойындарында ойыншылардың допқа таласы, біреуінің доптан айырылып қалуы болып жатады ғой. Бірде соны Қазспорт телеарнасында комментатордың: «Допты жоғалтып алды», – деп айтқанын естідік. Бұл – енді айна-қатесіз орысша сөйлемнің олақ аудармасы және қазақ ұғымына мүлде жат. Біздің түсінігіміз бойынша, жоғалған нәрсе көзден ғайып болады, қайта табылғанша, көзге көрінбейді. Ал мұндағы доп көз алдымызда домалап жүр ғой. Оны қалай «жоғалтып алды» дейміз? Дұрысы «доптан айырылып қалды» емес пе?
Орысшадан аударылған немесе сол үлгіде айтылған сөздер мен сөйлемдер әртүрлі мейрам-мереке, қуанышты жағдайларға байланысты құттықтау сөздерде тіптен айқын көрінеді. Оларды көбіміз: той құтты болсын, құда құтты болсын, келін құтты болсын, жаңа жыл құтты болсын, тәуелсіздік күні құтты болсын, туған күн құтты болсын, сыйлық құтты болсын, орден құтты болсын деген сияқты белгілі бір қалыппен, толық мағынасында, әдемі де әуезді түрде айтамыз.
Ал қазір осы құттықтаулардың көбін орыс тілінен аудармасы бойынша немесе сол үлгімен айтатындар да аз емес. Олар: мерекеңмен, наурыз мейрамымен, ұлыстың ұлы күнімен, жаңа жылыңызбен, жеңіс күнімен, тәуелсіздік күнімен, туған күніңізбен, сыйлығыңызбен, орденіңізбен деген түрде, дәстүрлі «құтты болсын» сөзін алып тастап, мағынасы жартыкеш, жұтаң түрде айта береді.
Бұлардың кейбірін ауызша айтып қана қоймай, газет-журнал беттері мен қала көшелерінде, телеэкрандарда «Наурыз мейрамымен», «Ұлыстың ұлы күнімен», «Жаңа жылыңызбен», «Жеңіс күнімен», «Тәуелсіздік күнімен» деп бадырайтып жазып қойғанын да көріп жүрміз.
Қазір орыс тілінің ықпалымен жық (жығу) сөзінің орнына құла (құлау) сөзін қолдана беретін болып барамыз. Бұл екі сөз де – қазақ тілінің көнеден келе жатқан төл сөздері. Әрқайсысының өзіне тән меншікті мағыналары мен қолдынылатын орыны бар.
Қазақ тілінің түсіндірме сөздіктері құла (құлау) сөзінің домалау, биіктен ұшып түсу, бұзылу, қирау сияқты мағыналарды беретінін айтады. Мысалы, таудан тас құлайды, жар құлайды, көне ғимарат құлайды, жиған жүк, кірпіш, тағы басқалар құлайды.
Ал жық (жығу) сөзінде ондай домалау, қирау мағыналары жоқ. Ол ұзынынан сұлап түсуді, сұлатуды білдіреді. Мысалы, бір себептен ағаш жығылады, баған жығылады, жануарлар жығылады, аттан адам жығылады, күресте балуан жығады, жығылады, т.б.
Сондай-ақ тілімізде жық (жығу) сөзімен айтылатын қанатты сөздер қаншама. Мысалы, «өзі жығылған бала жыламайды»; «жығылып жатып, сүрінгенге күледі»; «жығылсаң нардан жығыл»; «аттан жығылсаң жалын тосады, өгізден жығылсаң мүйізін тосады, есектен жығылсаң тұяғын тосады»; «жығылған күреске тоймайды»; «білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады», тағысын тағылар.
Осыларға қарамастан қазір бірталайымыз бала жығылып қалды деудің орнына бала құлап қалды дейміз; сүрініп жығылды деудің орнына сүрініп құлады дейміз; аттан жығылды деудің орнына аттан құлады дейміз; күресте шалып жықты деудің орнына шалып құлатты дейміз, т.б.
Бүгінде құла (құлау) сөзінің «күшейгені» соншалық, оны кейбір қаламгеріміз де орынсыз қолданып қалып жүр. Мысалы, белгілі бір ақын ініміз газетте: «Қара үзіп шықсаң алдыға, қарауылға ілдірер. Құлар болсаң сүрініп, рақаттана бір күлер» десе, және бір жазушы ініміз «Ол қой қайырып жүріп, аттан құлап аяғын да сындырды» деп жазды.
Ал телеарналарда боз кілемдегі бәсекелерді көрсеткенде сөз тізгінін ұстаған комментаторлар жық (жығу) сөзін ауызға да алмайды. «Шалып құлатты», «Жамбасқа алып құлатты», «Қарсы әдіс жасап құлатты» деген түрде сайрайды. Осыған қарап отырып: «Бұлар түбінде «Жығылған күреске тоймайды» деген мақалды «Құлаған күреске тоймайды» дейтін шығар», – деп қынжыласың.
Жық (жығу), құла (құлау) сөздерінің 15 томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігіндегі» түсініктемесін де мұқият қарап шықтық. Көңіл көншітпеді. 6-томында жық (жығу) сөздерін «күресте қарсыласын құлату» деп; жығыл, жығылу сөздерін «құлау» деп; «аттан жығылды» дегенді «аттан құлады» деп түсіндірген. Ал 10-томында құла сөзін «мұрттай жығылу, сүрініп етпетінен түсу» деп түсіндіріпті. «Мұрттай жығылуы» несі? Мұрттай ұшты деуші еді ғой. «Сүрініп етпетінен түсу» құлау емес, жығылу болады. Қысқасы, сөздікте осы сөздерді түсіндірген адамның бұл сөздердің мағынасын айыра білмейтіні көрініп тұрды. Сондықтан жығу сөзін құлау деп, құлау сөзін жығу деп шатастырған.
Сонымен жоғарыда біз аудармамен сөйлеудің көзге көп түсіп жүрген азғантай мысалдарын ғана қаузадық. Ал олардың ауызекі сөзде де, жазуда да емін-еркін қолданылып жүрген, былайғы жұрттың көбіне бөтендігі байқалмайтыны қаншама десеңізші. Жабайы табиғат, үлкен рақмет, мен ойлаймын, ой-пікірмен бөлісті, толық қанды, салқын қанды, бірі болып табылады, мұрынын сындырды, жіберіп алмаңыздар, тағысын тығылар – солардың біз байқаған бір бөлігі ғана.
***
Тіліміздегі тағы бір түйткіл – сөз мағынасын жақсы білмей, оны өрескел қолдану мәселесі. Осыдан бірнеше жыл бұрын естіген сондай бір сөз әлі есімде. Түркияның бір өңірінде қатты жер сілкінісі болып, біраз адам қаза тапты. Сол жағдайды телеарналарымыздың бірінде хабарлаған тілшіміз: «Бұл зілзаладан 34 адам жер жастанды», – деді. Осы сөйлемнен тілшінің «жер жастанды» сөзінің мағынасын білмейтін дүмшелігі көрініп-ақ тұрды.
Тілімізде «жер жастанғыр» (өлгір) дейтін қарғыс та бар. Бұл сөздің көбінесе жауға, жаудай көретін адамға қарата қолданылатынын білеміз. Мысалы, майдангер жазушы Ә.Жылқышиев «Мешін жылы» атты кітабында: «Оның атқан оғынан талай фашист жер жастанды» – десе, соғыс ардагері, жазушы Ж.Жұмақанов «Үш бәйтерек» кітабында: «Ермолайдың оғы екі фашисті жер жастандырды» – дейді. Ал біздің әлгі дүмше тілшіміз оны жер сілкінуден қаза болған бейкүнә адамдарға қарата қолданып отыр.
Сол сияқты «ажал құшты», «жер құшты» деген сөздерді де орынсыз қолданған жайттарды байқап жүрміз. Осындағы «құш» сөзін түсіндірме сөздік «құшақтап сүю, аймалау» деп түсіндіреді. Ал оның қатысуымен жасалған жаңағы «ажал құшты», «жер құшты» деген сөз тіркестері «өлді» дегенді білдіреді де, көбінесе жауға қарата айтылады. Мысалы, атақты сөз зергері Ғ.Мүсірепов «Қазақ солдаты» романында «Қарағанды қыраны ағып келіп, жау бекіністерін соққылап өткенде, жиырмадан артық жау офицері мен солдаты мәңгі тұрмастай жер құшты» дейді.
Ал осы сөз тіркестерінің мағынасын жетік білмейтін кейбір тілшілеріміз оларды пәлен адам «ажал құшты», түген адам «жер құшты» деп, жол апатынан не басқа жағдайдан қаза болған бейкүнә адамдарға қарата ерсі қолданып жатады.
***
Тағы бір тоқтала кететін жайт – сөз мәйегі атанған мақал-мәтелдерді өз білгенімізше бұзып айта беретініміз. Ана тілімізде ғасырлар бойы халықпен бірге жасап келе жатқан белгілі бір мақал бар. Соны «Халық айтса қалып айтпайды», «Халық айтса қалт айтпайды» деп әртүрлі айтып жүрміз. Оның о бастағы дұрыс нұсқасы – «Халық айтса қалп айтпайды».
Мұндағы жұртқа бейтаныстау қалп сөзінің мағынасын көп томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігі» «жалған, өтірік, бекер» деп түсіндіріп, оған дәл осы мақалдың өзін мысалға келтіреді (9-том, 147 бет).
Сондай-ақ бұл көне түркі сөзі туысқан қырғыз тілінде қазір де осы мағынада қолданылады екен. Академик К.К.Юдахин құрастырған «Киргизско-русский словарьда» «қалп – ложь, вранье» деп аударылып, оған қырғызша «Қалпты чындай, ақсақты тыңдай» деген мысал келтірген (М., 1965 ж., 332 б.).
Демек, бұл көне мақалдағы «қалп айтпайды» дегеніміз «өтірік айтпайды, жалған айтпайды, бекер айтпайды» деген сөз екен. Ал әлгі «қалып айтпайды», «қалт айтпайды» дегендеріміз бұл мағынаны бере алмайды, өз мағыналары да онша айқын емес.
Газетте бір көрнекті жазушы ініміз былай деп жазды: «Тағы бір дұрыс айтылмай жүген мақал бар. Ол «Сенген қойым сен болсаң, күйсеген ауызыңды…» деп жиі қолданылады. Дұрысы – «Сенген өгізім сен болсаң…» деп жазылуға тиіс».
Бұл сенген адамы сенімін, үмітін ақтамаған жағдайда оған кейіп айтылатын сөз екені белгілі. Оның о бастағы шығу төркіні, яғни этимологиясы белгілі бір жағдайдағы қойға байланысты ма, әлде бір қолайсыз болған қой жылына байланысты ма, ол жағы бізге беймәлім. Бірақ халық оны ежелден осылай айтып, осы мағынада қолданып келеді. Енді оған «реформа» жасап, ондағы қойды өгізге өзгертуді оның иесі халық қабылдай қоймас. Ал бір өңірде оны өгіз деп айтып жүрген болса, солай-ақ айта берсін. Оларға да өгізіңді қойға өзгерт демейік.
Айта берсек, ана-тілімізде түйткілдер аз емес. Біз солардың екі-үшеуін ғана қаузадық. Ондағы ойымыз, сөздің дұрыс, бұрыстығын айтып, дұрысын қабылдауға, тіліміздің баға жетпес байлығы мен тазалығын сақтауға себімізді тигізу еді.
Тұрдақын ЖЕКСЕНБАЙ,
жазушы, публицист,
халықаралық «Алаш» әдеби
сыйлығының лауреаты