Еңбек адамы елеусіз қалмасын. Осыны ескер, әріптес дос!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына кезекті жолдауларының бірінде «Еңбек адамы қадірленсін» дегенді айтты. Президенттің сөзін нақтылай түссек, ол былай деген болатын: «Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман – ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Мен Ұлттық құрылтайда және «Жастар рухының» съезінде бұған арнайы тоқталдым. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек».
Иә, еңбек – қашан да қадірлі. «Адамды адам еткен – еңбек» деген қағиданы былай қойғанда, еңбексіз нәпақа, күнкөріс жоқ. Кеңестік қоғамда «Коммунизм құрылысшысының моральдік кодексі» деген болды. Онда алдымен еңбек бірінші орынға қойылып, еңбек адамының құқығы басты назарға алынды.
Рас, еңбек пен еңбек адамы қазір де билік назарында. Бірақ бұл жолы «Еңбек» деген анықтаманың орнын «шағын және орта бизнес» деген ұғым басты. Нақты еңбектің өзіне деген ұғым, түсінік, қоғамдық пікір өзгерді. Қазір еңбектің «сауда-саттық» деген түсінікке айналған да жайы бар.
Бұқаралық ақпарат құралдары да соңғы кезге дейін еңбекті осы тұрғыдан қабылдап, осы тұрғыдан насихаттап келді. Алайда саналы адамның адам болуына тікелей әсер еткен осы ұлы материяның сипаты мен маңызы қашан да тұрақты болуға тиіс.
Қазақстан тарихындағы соңғы реформаларға сәйкес еңбек адамына деген, жалпы еңбекке деген көзқарас бастапқы арнасына бұрылып, қамқорлыққа бөлене бастағанын аңғарып жүрміз. Әрі ол, шын мәнісінде, оңтайлы құбылыс. Қазіргі қоғамдағы прогрессивті реформаларға қарағанда осыдан бастап еңбек пен еңбек адамына деген көзқарастың оңтайлы арнаға түсетінін байқауға болады. Сондықтан баспасөз – еңбек пен нағыз еңбек адамын басты назарда ұстауы керек. Алдымен ендігі жазылар материалдардың мазмұны мен формасына да өзгеріс керек.
Кеңестік дәуірдің ақпарат құралдарында «очерк» деген жанр болды. Осы очерктер арқылы өз дәуірінде еңбегімен көзге түскен Кәмшат Дөненбаева, Ұлбала Алтайбаева сияқты көптеген еңбек адамдарының озық тәжірибесі насихатталды. Соған сәйкес еңбекте ерлігімен көзге түскендерге лайықты құрмет көрсетілді.
Рас, қазіргі кезде де еңбегімен ел құрметіне бөленіп жүрген тарландар аз емес. Тек солардың насихаты тапшы екені байқалып қалады. Әйтпесе біздің ел – еңбектен еш бас тартпаған ел ғой. Менің жас әріптестерім ерінбей ел ішін аралап шықса, олар мүлгіген ормандар мен жайқалған егіндіктердің басынан, мамырлап жайылған мал отарлары мен мәуесі төгілген бау-бақшалардың қасынан, арқасын алып пойыздарға төсеген шойын жолдардың бойынан, мұнайлы, кенді өлкелерден, заңғар биіктерге ұмтылған құрылыс жұмыстарының қайнаған ортасынан нағыз еңбек адамдарын кездестірер еді. Бұл адамдарды газеттер жазып, телеарналар эфирлерден көрсеткенде коммерциялық мүдде дегенді мүлде ұмытып, мемлекеттік, ұлттық мұраттарды бірінші орынға қоюға тиіс. Өйткені олар – мемлекетіміздің іргетасын қалап, қабырғасын өріп жатқан еңбекпен шыныққан ерен тұлғалар. Еңбек пен еңбек адамы елеусіз қалмасын. Осыны жадыңда сақта, әріптес дос!
Өмірзақ МҰҚАЙ