АДАМ АЙТАМ ДЕП АЙТПАЙДЫ ЕКЕН ҒОЙ…
14.03.2023
503
0

Осы жұрт менің көңілімді
жыртылмайтын көннен
жаралған деп
ойлайтын болуы керек.
Тырналауға,
тіпті кейде қанын шығарып
пышақтауға құмар.
Ұлықбек Есдәулет.
«Қарғалдақ»,
Алматы,
2022, 439-бет

  Демократиялық партияның (бұл партия әлі тіркелмеген көрінеді) белсендісі Абзал Достияров өзінің фейсбук парақшасында көрнекті ақынымыз, Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулетке тұтқиылдан шүйлігіпті. Тұтамдай ғана мақаласына «Сегіз жүз қаламгерді Тоқаевтың қорасына апарып тыққан кім?» деп айғайлатып ат қойып, сөзінің бісмілләсін Ұ.Есдәулет пен Қ.Тоқаевтың қатарласа түскен фотосуретінен бастапты: «Мына Тоқаевтың жанында мәз-мейрам болып, төбесі көкке бір елі жетпей тұрған адамның аты-жөні – Ұлықбек Есдәулет.
Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы.
«Аманат» партиясын насихат­таушы, жағымпаз.
Ал енді тұтас Жазушылар Одағының білдей басшысы тірсегі бос адам болса, қалған мүшелерінен не сұрайсыз…».
Одан әрі не дейді А.Достияров, оған да ерінбей-жалықпай құлақ түріп көрелік: «Осы Ұлықбек Есдәулет ешқашан елдік мәселеде ерлік танытып, елдің сөзін сөйлеп, билікке дат айтпаған адам, Жаңаөзеннен кейін жұқалап бір өлең жазған болды, сонымен біт­ті.
…Есдәулет – Қазақстан Жазушылар Одағына бәсекесіз келген адам, яғни төраға сайланарда одан басқа балама кандидат ұсынылмаған.
Сол Ұлықбек Есдәулет мына сайлау науқаны кезінде биліктің жағына біржола шығып, «Аманат» партиясының сойылын соғып жүр.
Бұл Есдәулет 800-ден аса мүшесі бар Жазушылар Одағын тырп еткізбей ұстауға арнайы жіберілген адам, өйткені мансапқор пенде, оған дәлел – ұзақ жыл Сыртқы істер министрлігінде, кейіннен Премьер-министр Кеңсесінде лауазымды қызмет атқарған.
Назарбаевтың қолынан алмаған атағы қалмаған, орден, медаль тағы басқа салпын­шақтардың бәрін жинаған қаламгер.
Жазушылар Одағының басшысы билікті қолдап, бүгежектеп отырған соң оның басқа мүшелері қалай өздерін еркін сезініп, ақиқат­ты айта алады? Әрине, басшысына қарап жалтақтайды…».
Абзал Достияровтың мақаласын оқығанда мені, әсіресе қат­ты тіксіндірген нәрсе мынау болды, ол – демпартия белсендісінің Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы туралы да, Қазақ­стан Жазушылар Одағының 800-ден аса мүшесі туралы да, бұлардың бәрін тап бір өз қолымен жасап алғандай-ақ, ойланбай сөйлеп, «тисе – терекке, тимесе – бұтаққа» дегендей оңды-солды сілтей беретіндігі. Сөз орайы келген соң демпартияның делебесі қозған белсендісіне ескерте кетейін, 800 жазушы Жазушылар Одағына мүше болғанымен, әр қайсысы жеке тұлға. Азуын айға білеген ақын-жазушының аузына біреу сөз салып беріп, «тырп еткізбей» ауыздықтап ұстап отыра алмайды. Олар дәстүрлі баспасөз бет­терінде болсын, әлеумет­тік желілерде болсын, айтарларын айтып, жазатындарын жазып та жүр.
Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасына Абзал Достияров өте өрескел түрде «жағымпаз», «мансапқор пенде», «Аманат» партиясының қолшоқпары», «биліктің сойылын соғушы» және т.б. деп кінә артады. Біз А.Достияровтың мақаласының артында кімдер тұрғанын және бұл жалалы дүниенің кімнің айтақтап, кімнің айдап салуымен жазылғанын білмейміз, білетініміз – мақаланың бастан-аяқ өтірікке, өсекке құрылғандығы. Не дәйегі, не дерегі, не дәлелі жоқ. Құрғақ даурықпа, құр өрекпу. Сырт­тан тон пішу. Сөз етіп отырған мәселесін білмейтіні және оны түптеп тексермегені де айқын сезіледі.
Ақын боп туғаннан соң амалың не,
Бір Алладан басқаға бас ие алмас! –
деп өзі айтқандай, Ұлықбек Есдәулет – өмірде де, өлеңде де ешкімге жалтақтамай, ақиқатын айтатын аса батыл, өткір де өжет ақын. Енді осы сөзімізге дәлел келтіре кетелік.

Егер жаңылыспасам, 2012 жылы ғой деймін, Ұлықбек Есдәулет біздің газетке бір топ жаңа өлеңдерін жіберіпті. Бұл кезде мен республикалық «Жас Алаш» газетінде бас редактордың бірінші орынбасары едім. Ұлықбектің билікке қарата, Назарбаев билігінің еркінсуі мен есіріктенуіне бағыт­тала айтылған өте батыл, Айрауықтың күйіндей қат­ты ашыну мен күйінуден туған ащы өлеңдерін сол күні-ақ дайындап, ертеңіне газет­тің тұтас бір бетіне жарқ еткіздік. Әсіресе «Қанды жұма», «Намыс туралы баллада», т.б. жырларын «Дат» сияқты басқа басылымдар көшіріп басып жат­ты.
– Ойпыр-ой, бұдан былай есте болсын, өлеңді сендерге беру керек екен. Бір күн де жатқызбадыңдар ғой. Кеше кешке жіберген өлеңдерімді бүгін таңертең, яғни 14-15 сағат­тан кейін жарқ еткіздіңдер! – деді өлеңдері жарияланғаннан кейін бізге телефон соққан Ұ.Есдәулет әзілдей күліп.
Мен де әзілге әзілмен жауап беріп, Ұлағаңа Шерхан Мұртазаның өзіме жасаған ескертуі туралы күле отырып айтып бердім. Бұл қандай ескерту еді?
Ол кезде «Қазақ әдебиеті» газетінде әдеби қызметкермін. Бөлім бастығы – Дидахмет Әшімханов. Бір күні Дидахмет еңбек демалысына кет­ті де, бөлімнің барлық ауыртпалығы менің мойныма түсті. Қарбаласып жүріп Қайым Мұхаметхановтың мақаласын бас редакторға (бас редактор – Шерхан Мұртаза) екі күн кешіктіріп ұсындым. Бұл мақаланың бөлімге қай күні түскенін білетін Шерағаң түсін суытыңқырап:
– Екі сағат жатқызуға болмайтын жақсы дүниені бас редакторға екі күн кешіктіріп ұсынғаның үшін саған ауызша ескерту жасаймын! – деді көзәйнегі жалтырап.
Одан беріде Ұлықбектің «Қасиет­ті қара жер мен Қасірет­ті қара пима» ат­ты ел мен жер, қоғам тағдырына алаңдаған аса өткір де ойлы көлемді толғамын «Жас Алаштың» бір бетіне толтыра жарияладық. Оның сыртында ақынның әйгілі «Заман-ай», «Желтоқсан» өлеңдері мен қоғам дертін қозғаған , үш бірдей театрында драмаға айналып қойылып жүрген «Қара пима» поэмасын қайда қоямыз.
Кезінде ақынның:
«Парламент­те не жаңалық, Шераға,
Масқара боп сатыла ма Жер-Ана?» – деп басталатын сауалды өлеңіне «Егемен Қазақстанның» бетінде Шерхан Мұртаза ағамыз: «Қиын сұраққа – құрақ жауап» деп арнайы мақаламен жауап бергенін оқырман ұмыта қойған жоқ.

* * *

Ермұрат Бапи – өмір бойы Назарбаевтың билігімен ұстасып, жағаласып келе жатқан саяси қайраткер. Одан да нақтырақ айтсақ, оппозиционер. Оппозиционер болғанда да, оның ішіндегі нағыз қайтпас қайсары. Ұлықбек Есдәулет­тің осы Ермұрат туралы өлеңі бар:
Таңдадың жолдың ауырын,
Етсе де кейде жүрек шым…
Қара нар тектес бауырым,
Бар қазақ сенің тілекшің!
Абзал Достияров айтқандай, егер Ұ.Есдәулет Назарбаев режимінің сойылын соқса, оппозиционерге осындай өлең арнар ма еді?!

* * *

Біз пақырға әдебиет сыншысы ретінде әдеби процесті, әдеби ахуалды жете бақылап, жіті қадағалап отыруға тура келеді. Бұл рет­те тек республикалық басылымдар ғана емес, облыстық газет-журналдарда жарияланған әдеби-мәдени материалдарды да көзден таса ете алмайсың. Онсыз тағы болмайды. Әдеби процесті білмеген адам қалай ғана әдеби сын жазбақ?!
Әдеби процесті бақылау барысында төмендегідей шындыққа көз жеткіздік, енді осы мәселеге тоқтала кетейін.
Ұлықбек Есдәулет Қазақстан Жазушылар Одағының төрағалығына келгелі әдеби ахуал, әдеби атмосфера бұрынғы төрағаның тұсындағымен салыстырғанда көп жақсарды. Көп ілгеріледі. Қазақстан Жазушылар одағының мүшелігіне бұрынғыдай өлмелі шал-кемпірлер емес, білімді, ізденгіш жастар өте бастады. Жас буын жазушылар мен егде буын қаламгерлер арасындағы ара-қатынас та, сабақтастық та ширай түсті. Жазушы ағайындардың арасынан ара-тұра бой көрсетіп қалатын топшылдық, жікшілдік, тамыр-таныстық, жегжатшылдық секілді жарамсыз ғадет­тер күрт бәсеңдеді. Дәмсіз, кенеусіз сөзбен әдебиет­тің әрін қашырып, сүдінін кетіретін дүниеліктер азайды. Жарамсақ, жәреуке мақалалар, күні үшін бірін-бірі мақтайтын қолпаш дүниелер сап тыйылды. Мұның шет жағасы Қазақстан Жазушылар Одағына қарасты әдеби басылымдардан, әсіресе «Қазақ әдебиеті» газетінен айқын байқалады.

Адам айтам деп айтпайды екен ғой, осындайда еріксіз тіл ұшына орала береді, зейнетке шыққанға дейін 14 жыл бойы үзіліссіз «Жас Алаш» газетінде қызмет ет­тім. Осының әсері болу керек, қанша айтқанмен «Жас Алаш» оппозициялық басылым ғой, ұзақ жылдар бойы кітабымды шығара алмадым. Баспалар да, басқалар да шет­тетіп бақты, әйтеуір…
Ұлықбек Есдәулет Қазақстан Жазушылар Одағының төрағалығына келгеннен кейін екі кітабымды шығардым. Бұл екі кітабымның жарық көруіне Ұлағаң Қазақстан Жазушылар Одағының басшысы ретінде көп қолғабыс жасады, үлкен көмек көрсет­ті.
Ұ.Есдәулет ақын-жазушыларға тек әріптес деп емес, рухтас, мұңдас, мұрат­тас, тағдырлас деп қарайды. Алматы қаласында тұратын Қазақстан Жазушылар Одағының мүшелері қалалық әкімшілік тарапынан үлкен қаржылық қолдау көріп келеді. Б.Сағынтаевтың тұсында 500 мыңнан – үш рет, Е.Досаевтың тұсында бір рет (бұл да 500 мың) ақшалай көмек алдық. Әрине, бұл да – ақын-жазушылар үшін сөзі өтетін жерге сөзін өткізіп, беделі өтетін жерге беделін салып, тыным таппай жүгірген Ұлықбек Есдәулет­тің тындырымды еңбегінің нәтижесі.

* * *

Осыдан бірер күн бұрын ТүркСОЙ Жазушылар Одағы құрылып, оның тұңғыш төрағалығына Ұлықбек Есдәулет сайланды. Ал енді осыны Қазақстанның беделіне ғана жатқыза салуға бола ма?
Жүсіпбек Аймауытовтың мынадай сөзі бар: «Өз басым Мәшекеңді, Мәшһүр Жүсіпті Бұхара мен Самарқанның 100 оқымысты ғұламасына айырбастамас едім». Неге? Ж.Аймауытов неге бұлай деп отыр? Өзге елдің 100 оқымысты ғұламасы біздің төл тарихнамамызды, ұлт­тық әдебиетіміз бен ұлт­тық мәдениетімізді дәл Мәшһүр Жүсіп сияқты өшпестей етіп таңбалап, өлместей етіп өрнектеп бере алар ма еді? Әрине, бере алмас еді. Бұл рет­те Мәшекеңнің орны да, жөні де бөлек. Жүсіпбек Аймауытов та жоғарыдағы сөзімен Мәшһүр Жүсіптің еңбегін бағалап, оның ұлт­тық руханиятымыздан алар орнын белгілеп отыр.
Осыған ұқсас, Ұлықбек Есдәулет­тің де ұлт­тық әдебиетіміздегі орнын ешкім ауыстыра да, айырбастай да алмайды. Оның сирек талант, сыршыл суреткер, ойшыл ақын ретінде қазақ поэзиясының өркендеуіне, ұлт­тық әдебиетіміздің өрлеуіне қосқан үлесі ұшан-теңіз. Әрине, ТүркСОЙ Жазушылар Одағының төрағалығына сайлану барысында Ұ.Есдәулет­тің ұлт­тық әдебиетімізді байытуға, дамытуға қосқан әдеби еңбегінің ескерілгені де анық. Сонымен бірге бұл рет­те Ұлағаңның үлкен ұйымдастырушылық қабілетінің есепке алынғаны да анық. Ұлықбек Есдәулет­тің тікелей бастамашылдығымен елімізде Азия жазушыларының 1 конгресі, «Сөз энергиясы»ат­ты ақын-жазушылардың халықаралық форумы (бұған әлемнің 25 елінен келген ақын-жазушылар қатысты) өткені де белгілі. Ұлт­тық әдебиетіміздің көкжиегін кеңейткен мұндай ізгілікті іс-шараларды түркі дүниесі түгел көріп-біліп, мойындап отырғаны белгілі. Ал мұның өз кезегінде Ұлағаңның үлкен де беделді халықаралық ұйымның тізгінін ұстауға ықпал еткеніне ешбір күмән жоқ. 

Әмірхан МЕҢДЕКЕ,

әдебиет сыншысы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір