РӘМІЗДЕРДІҢ ҚАДІР-ҚАСИЕТІН БІЛЕМІЗ БЕ?
1992 жылдың 4 маусымында Қазақстанның жаңа Мемлекеттік рәміздері туралы заң қабылданып, алғаш рет бекітілді. Бұл күн ел тарихында жаңа рәміздер күні ретінде мәңгі есте сақталады. Осы Мемлекеттік рәміздерді өскелең ұрпақ арасында қаншалықты насихаттай алып жүрміз? Бүгінгі жастар рәміздердің қадір-қасиетін біле ме? Осы сұрақтар төңірегінде жастардың пікірін білген едік.

Перизат ТӨЛЕГЕНОВА, мұғалім:
– Мемлекеттік рәміздер – бұл кез келген мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, оның ажырамайтын атрибуттарының бірі. Біздің ұлттық Туымыз бүгінде БҰҰ штаб-пәтерінің төбесінде желбіреп, Әнұранымыз Олимпиадада және басқа да халықаралық жарыстарда шырқалады. Бұл – біз үшін үлкен мақтаныш. Мемлекеттік рәміздер – біздің сонау ғасырлар қойнауынан сыр шертер тағлымды тарихымыздың шынайы көрінісі. Оның мазмұнды нышандары кешегі өткенімізді айшықтап, ертеңгі мақсатымызды айқындап тұр. Рәміздердегі нышандар арқылы қазақстандық қоғамның әлем алдындағы бейнесі қалыптасады. Рәміздерге деген құрмет – азаматтардың өз елінің азаматы екендіктерін қаншалықты деңгейде түйсінуінің, ел болашағына деген сенімінің және патриоттық сезімдерінің өлшемі.
Аружан ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ, студент:
– АҚШ-та мемлекеттік туға деген көзқарас ерекше. Оларда тулары киімдеріне, көлігіне, ыдыс-аяқтарына дейін бейнеленген. Фильмдерін қарап отырсаңыз да әйтеуір бір тұстан АҚШ туын көріп қаласыз. Кино – идеологияның бір құралы ғой.
Ал бізде мүлдем басқа принциптер қалыптасқан. Мемлекеттік туды Тәуелсіздік күнінде ғана көп көреміз. Сосын мемлекеттік мекемелерде ілініп тұрғанын ғана байқаймыз. Яғни күнделікті өмірімізге сіңіспеген. АҚШ пен Қазақстанның менталитеті екі бөлек болғанымен, мемлекеттік мәселеге келгенде принциптері ортақ болуы қажет қой. Түптеп келгенде, Мемлекеттік рәміздер елдіктің, егемендіктің жарқын нышаны болуы керек.