ОҚИҒАНЫ САРАПТАУ МЕН ТАЛДАУ ЖАҢА МОДЕЛЬГЕ КӨШКЕНІ ЖӨН
01.04.2016
1636
0

куантайулыБаспасөздің сапасын оның таралымы анықтай алмайтыны белгілі. Интеллектуалды оқырманға арналған баспасөздің, яки салалық тақырыптарға арналған басылымдардың тиражы аз болады және оның себебі түсінікті.


 

Нұржан ҚУАНТАЙҰЛЫ,
«Шығыс ақпарат» медиахолдингінің директоры

 

Сан сапаны көтере алмайды. Тек тираж ғана сапаны анықтайтын болса, қара бұқараға арналған, қаптаған саржағал басылым ең сапалы баспасөз деп танылуы керек болады.

Рас, ендігі жерде ақпарат газеттен гөрі телеарналар мен әлеуметтік желілерде жылдам тарайды. Газет бұл тарапта оларға енді жете алмайды. Мәселен, біздің «Шы­ғыс ақпарат» медиахолдингінде 2011 жылы қазақ және орыс тілдерінде хабар тарататын «Altaynews» ақ­па­рат­тық порталы медиа нарыққа шықты. 2013 жылы ол Қазақстандағы сайттардың ТОП-50-ге кірген еді. Қазір ол деңгейге жете алмай келеді. Неге? Өйткені, әлеу­меттік желілер ақпарат нарығын толық жаулап ал­ды. Газет те, ақпараттық портал да кейінгі орындарға ысырылып қалды. Сол себепті, биылдан бастап «Altaynews» Фэйсбук, Твиттер секілді белгілі желілерде парақшасын ашып, нарықта өз орнын алуға талпынып жатыр. Бұл – біздің ғана проблема емес, бұл барлық сайттардың проблемасы.

Шығыс Қазақстан облыстық газеттерінің өз интер­нет-сайттары бар. Интернетте де тираж көбейту үрдісі қолға алынғалы біраз жыл болды,  сондықтан біздің газеттер бұл тарапта да жаңа бастамаларды көтеріп отыр. Мәселен, орыс тілді «Рудный  Алтай» облыстық газетін қазір көп болмаса да, интернет арқылы жаздырып алатындар бар. Жазылушы пароль мен логинді сатып алып, газет сайтына еркін кіре алады. Бұл үрдіс енді жақын жылдары қазақ тілді «Дидар» облыстық газетіне де енеді деген болжам бар.

Интернеттің өмірімізге жаппай енуіне орай газет өзінің тарихи миссиясын атқарып болды дейтін пі­кір­лер бар. Мен бұған қосылмаймын. Рас, ақпарат нары­ғын­да газет кейін қалды, баспасөз ол функциясынан айы­рылды. Бірақ оқиғаны сараптау, талдау функциясын жаңа модельге көшірсе, баспасөз өз орнын әлі де жоғалтпайды.

Мәселен, интернет бізден әлдеқайда бұрын кірген АҚШ-та, Канадада газет шығару саласының әлі тоқы­рай­­­тын түрі жоқ. Өйткені, әр саланы терең зерттейтін, білікті сарапшылар бас қосқан, беделді басылымға жа­рия­ланған кейбір мақалалар интернетке тегін шыға­рыл­майды. Оны ешкім біздегі сияқты интернетке көшіріп, ұрлап баса алмайды. Оларда сондай мәдениет қалыптасқан. Газетті сатып алуы керек немесе газет сай­­тына жазылуы керек, екінің бірі. Бізде жаппай ком­пиляция, жаппай плагиат шешек атып тұр. Газет сайт­тарынан алып мақала, сұхбаттарды ақпараттық порталдар рұқсатсыз көшіріп баса береді. Сілтеме де жоқ. Бір ақпаратты сөзбе-сөз бірнеше порталдан оқуға болады. Авторлары да жоқ. Ақпараттық порталдар, баспасөз сайттары туралы заң нормативтері арнайы қабыл­дануы керек. Әйтпесе бұл жүгенсіздікті реттеу мүмкін емес.

Жаңа технологиялары дамыған Батыс елдерінде де баспасөз сахнадан түспеді, демек, біздің елде де газет шығару саласы тоқтай қоймайды.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір