Жолың болсын, жаңа сөз!
29.05.2024
106
0

…Тіл туралы әлі де әңгіме көп. Әрине, тындырылған жұмыс, атқарылып жатқан шаруа да баршылық. Дей тұрғанмен, меніңше, бізде әлі де туған тілді қолданысқа бейімдеу кемшін. Мысалы, Қазақ­станның біраз қаласының көшелерінен «Автокөлік жуа­тын орын» деген маңдайша жазуларды оқуға болады. Осы ащы ішектей шұбатылған сөз тіркесінің қолданысқа ең икемді нұсқасы – «Автожуар». Сонымен қатар «Кір жуатын комбинат» дегенді де ара-тұра көзіміз шалып қалады. Ал «кіржуар комбинат» десек, бақандай екі әріпке қысқарар еді. Тіпті орысша ауызекі айтылатын «прачечная» сөзін «кіржуар» десек, қолданысқа ыңғайлы емес пе?

Ахмет Байтұрсынұлының Алматы қаласындағы «Раритет» баспасынан 2005 жылы шыққан «Маса» жинағының 175-бетінде «программа» сөзін ұлт ұстазы қазақша «жосық» деп алған. Менің ойымша, өте орынды тәржіма. Өйткені «жөн-жосық» деген – ана тілімізде атам заманнан бар ұғым-түсінік. Ал «программаның» қазіргі қолданыстағы баламасы, яғни «бағдарлама» орыс тілінен тікелей қотара салғандай әсер қалдырады әрі ұзақтау. Мәселенки, «телебағдарлама» дегеннен гөрі «тележосық» деген ықшам әрі қолданысқа ыңғайлы емес пе екен?! Кейде кейбір сөздерді қазақшалаймыз деп, «бүйректен сирақ шығарып алатынымыз» бар. Мысалы, «киоск» деген сөзді «дүңгіршек» деп аудардық. Қайдан шыққан «дүңгіршек»? Меніңше, «киоскіні» – «лашық» деп алу керек. Біріншіден, әуелден қазақта бар сөз. Екіншіден, мағынасы да келеді, яғни лашықтың өзі – көлемі жағынан киоск сықылды шағын дүние. Сондай-ақ бертін келе «біреулер» тілдік айналымға енгізген «құқық» сөзі де қазақ арасына сіңіп кет­ті деу қисынсыз. Қазақта «хақ», «хақы» деген сөздер бар. Олардың қандай мағына беретіні Алматыдағы «Дайк-Пресс» баспасынан 2008 жылы шыққан «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» (884, 885-бет­тер) егжей-тегжейлі жазылған. Соған қарап мен «құқық қорғаудың» орнына «хақ қорғау» деп сөз саптаған орынды ма деп қалдым. Жалпы, оңды-солды аударудан һәм «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деген үстірт көзқараспен жасанды сөз жасаудан аулақ болған жөн-ау осы.
Ел ішінде құлаққа ерсілеу естілетін «кемпірқосақ» сөзінің басқа бір әдемі баламасын табу керек деген пікір де баршылық. Жаңбырдан кейін көк жүзінде көкжиектің екі нүктесін қосып, сан алуан түсті әсемдоғаның керілуі – шынымен де әдемі әрі поэтикалық көрініс. Осы құбылысты «әсемдоға» десек қалай өзі, әлде бұдан да сәт­ті баламасы табылар ма екен? Жазушы Қайыр Бектұрғанов «каминді» «алаупеш» деп аударыпты. Маған көңілге қонымды көрінді. Ал бүгіндері үлкенді-кішілі елді мекендерді абат­тандыру барысында жиі қолданылатын брусчатканы кейбір әріптестеріміз тақтатас деп алып жүр. Өз басым өрнектас дегенді қош көремін. Өйткені үшбу құрылыс материалының айналасы шынымен де өрнектелген және әлгіндей атау − өрнектастың төселген жерін көркейтер негізгі міндетіне лайық аударма. Ал кезінде Оралдағы «Ағартушы» мемлекет­тік тілді оқыту орталығының директоры болған Болат Жексенғалиев кеңседе жиі қолданылатын аспаптың бірі − степлердің қазақша «ныспысы» табылғанын алға тарт­ты, яғни степлер – тістепілер.
Иә, тіл де жанашырлықпен қарасаң, ажары кіріп, құлпыра түсетін тірі ағза секілді. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде, орашолақ аудармаларды ана тілімізден аластатқан жөн-ау.
Әлқисса, Кеңес Одағы кезінде салют атаулы жыл он екі айда бір-ақ рет, тек Жеңіс күні ғана, яғни
9 мамырда берілетін. Онда да КСРО-ның бас қаласы Мәскеу мен туысқан республикалардың астаналарында, сонымен қатар Ленинград, Брест, Севастополь, Одесса сынды батыр қалалардың алқаракөк түнгі аспанын сан алуан түсті салют жарқылы көмкеретін. Жеңіс күнгі салют­тің жөні бөлек еді, оны көрген кісінің көңілін шат­тық кернейтін. Ал қазір фейерверк таңсық болудан қалды. Тіпті үйлену тойы немесе жеке адамның мерейтойы секілді шараларда да фейерверк бүрку үйреншікті дағдыға айналды. Фейерверкті отшашу деп жүрміз. Меніңше, сәтсіз аударма сықылды. Өйткені қазақ арасында «от шашу, күл шашу» деген сөз тіркестері жағымсыз мағына береді. Меніңше, фейерверкті аталмыш құбылыстың поэтикалық-романтикалық табиғатына сай жұлдызжауын десек жарасады-ау.
Пластикалық құтыларға немесе шыны шөлмектерге құйылып, бүгіндері кез келген азық-түлік дүкенінде самсап тұрған минералды су атаулыны ауызекі орыс ағайындардың ізімен «минералка» дей саламыз. Әлгіндей атау, яғни «минералка» – қазақ тілінің бүкіл заңдылығына қайшы екені дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат. Құтының сыртында әдет­те минералды су атаулының белгілі бір түрінің өзі бірнеше дертке дауа екені жазылады. Демек, «минералка» біткенге «шипасу» деген жалпы атау беріп, ал тротуарды жолжиек немесе жаяужол деп тәржімалаған жөн-ау, осы.
Сонымен, жолың болсын, жаңа сөз!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір