ЖАҢА КҮН
22.03.2023
296
0

Нурыз мерекесін халықаралық мереке деп атауға әбден болатын шығар. Өйткені бұл мерекені түркі елдері түгел, сондай-ақ парсы жұрты да атап өтеді. Наурыз тойы бұл елдерде бірнеше күнге созылып, ақ жарма ақ тілектер айтылады. Сөзде қасиет бар, сөзде кие бар. Жақсы сөз көп айтылса, жер бетінде жақсылық та молаяды. Ізгілік іргесін бекіте түседі. Бүгінгідей аласапыран заманда Наурызды бүкіл жер шарының халқы тойласа да артық етпес еді. Себебі, Наурыз – көпті келеге ұйытатын, бірлікке шақыратын, бейбіт өмірді, жаңаруды насихаттайтын мереке. Ұлыстың ұлы күніне орай «Қазақ әдебиеті» апталығының алыстағы достары қазақ халқын құттықтап, сәлемдерін жолдап жатыр. Ыстық сәлемдерімен бірге олар өз елінде Наурыз мейрамы қалай тойланатынын да әңгімелеп берді.

 

Түркияда Наурыз мерекесі мүлде тойланбайтын

Фейзуллах Будак, түрік ақыны:

Қымбатты бауырларым! Кеңес Одағы құлап, Азиядағы түрік халықтары Тәуелсіздік алғанға дейін Түркияда Наурыз мерекесі мүлде тойланбайтын еді. Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан егемен ел болған соң, біздің отандастарымыз аталған мемлекеттерге емін-еркін саяхаттай бастады. Турист ретінде немесе жұмыс бабымен, бизнестің шаруаларымен бара жүріп, түріктер Орта Азиядағы бауырларымыз Наурызды қалай көркем әрі салтанатты түрде атап өтетінін көрді. Бұл мейрамның ұлтты ұйыстырып, ынтымақ-бірлікті нығайта түсетініне куә болып, көзі жетті. Сондықтан Наурыз мерекесі Түркияда қайта жанданып, тойлана бастады. Қазір жекелеген топтар не азаматтық ұйымдар атап өтіп қана қоймайды. Ұлттық мейрам ретінде мемлекеттік деңгейде кең көлемде үлкен алаңдарда, үлкен сахналар мен залдарда мақтанышпен тойлаймыз. Өзге түрік жұрттары азаттық алған соң, біз ата салтымызбен, төл мерекемізбен қайта қауыштық. Нағыз бауырластық деген осындай болмай ма?! Әуелі қазақ халқын, содан кейін басқа да түрік ұлттарын Наурыз мерекесімен құттықтаймын!

 

Кеңес Одағының тұсында көне ғұрпымыздан көз жазып қалдық

Теймур Атаев, әзербайжандық публицист, тарихшы:

Әзербайжандар барлық түрік халқы секілді Наурызды ежелден тойлайды. Бұған дәлел болатын көне жазба деректер де бар. Мәселен, XVII ғасырда өмір сүрген нидерландтық саяхатшы Ян Стрейс қазіргі Әзербайжан жеріндегі Шамахы қаласына келгенде көргенін былай жазған: «Олар екі зеңбірек пен мылтықтардан оқ атып, Наурызды тойлады. Түні бойы литаврлармен (ұрмалы аспап) және тромбондармен (үрмелі аспап) түрлі әуендер ойнады. Хан сарайдағы бүкіл қызметшіге арнап, салтанатты дастархан жайды. Қалың бұқара да бір-бірін мейман етіп, айналасына түгел бақыт тіледі. Бұл біздің жаңа жылды тойлағанымызға ұқсайды екен. Олардың думаны бірнеше күнге созылып, риясыз пейілмен бір-бірін қонаққа шақырады. Ең дәмді тағамдарды жейді».
Өкінішке қарай, Кеңес Одағының тұсында осындай көне ғұрпымыздан көз жазып қалдық. Өйткені коммунистер халықтың бірнеше күн бойы кеңестік идеологиядан тыс себеппен жиналып, бас қосуынан қорықты. Алайда КСРО құрамында болған түрік ұлттары Тәуелсіздік алған соң, бәріміз де дәстүрлі мерекемізді қайтадан тойлай бастадық. Қазір, шүкір, ешқандай тыйым да, шектеу де жоқ. Тек қана мейрам! Бұл күндері біздің халқымыз пахлава, шекербура, гогал тәрізді дәмді тағамдар мен тәттілер пісіреді. Сондай-ақ Наурызда сэмэни өсіру де әзербайжан ғұрпының ажырамас бөлігі. 20-21 наурызға екі апта қалғанда, бидай дәндерін әуелі суға салып, дымқылдатамыз. Кейін шұңғыл ыдысқа топырақ салып, дәндерді егеміз. Күтіп-баптап отырсаңыз, 14 күнде биіктігі шамамен 20 см-ге жетеді. Көк өскіндерді Наурыз мерекесінде дастарханға қойып қоямыз. Ырым бойынша, сэмэниді сатып алуға болмайды. Тек қана үйде өсіру керек. Сонда шаңырақта жыл бойы молшылық пен тоқшылық болады. Жалпы, Наурызға қатысты қандай салтқа қарасаңыз да, бәрі де жаңа өмірдің басталғанын білдіреді. Өйткені, Наурыз – жаңару, жаңғыру мейрамы. Бұл мерекеде табиғаттың әр әуені мен әр бояуы айрықша көркем кейіпке енеді! Мұндай күндерде осы таңғажайып үйлесімнің бір бөлшегі болып қана қоймай, сонымен қатар осындай ғажап күйді сақтап қалуға барымызды салуымыз керек. Жаратушы жаратқан сұлулық біздің ізгі ісімізден, таза жан дүниемізден, пәк пейілімізден нәр алуы қажет.

 

Тойымыз сызылған сырнай үнімен басталады

Назгүл Осмонова, қырғыз ақыны:

Бізде Наурыз мейрамын тойлау үрмелі аспаптың, яғни, сырнайдың әсем үнімен басталады. Үйге туыстарымыз бен жақындарымызды шақырып, бір-біріміздің хал-жағдайымызды білеміз, ақ дастархан жаямыз. Мерекеде пісірілуі тиіс тағамдардың бірі – сүмөлөк. Сүмөлөк дайындау үшін бидайдың дәндерін ұнтақтап езіп, ұнды майға салып, 20-24 сағат бойы қайнату керек. Тағам мұнша уақытта күйіп кетпеу үшін арасына майда тастар да қосылады. Кейін піскен соң, жеп отырғанда, осындай тастардың бірі тап болса, онда жақсы ырымға баланады. Жоғарыда айтқанымдай, сүмөлөкті әзірлеу көп уақыт алады. Сондықтан әйелдер сол аралықта ән айтып, өлең оқиды, би билейді. Жаңа жылда жауын-шашын көп жауып, өнім мол болсын деген ниетпен түрлі ыдыстарға бұлақ суы, сүт құйылады, астық салынады. Наурызда үйді ретке келтіріп, қарызыңды қайтарып, ренжіткен адамдарыңнан кешірім сұрау қажет. Қырғызстанда Наурызды ат ойындарынсыз елестету мүмкін емес. Бішкектегі ипподромда және басқа да арнайы алаңдарда бәйге, садақ ату, көк бөрі, т.б. ұлттық ойындардан жарыстар ұйымдастырылады.
Төңіректі түгел сән-салтанатқа бөлеген Наурыз мерекесі құтты болсын, Қазақ елі!

Дастархандағы зат пен дәм «С» әрпінен басталуы керек

Ирәдж Фәзелбахшеши, парсы жазушысы:

Әлемдегі көптеген ұлт тойлайтын Наурыз мерекесінің атауы «ноу» («жаңа») және «руз» («күн») деген парсы сөздерінің бірігуінен шыққан. Бұл мейрамға дайындықты біздің халық бірнеше күн бұрын бастайды. Яғни, әйелдер әуелі үйді тап-таза қылып жинайды. Қызғалдақ, гиацинт секілді гүлдер сатып алып, құмыраға салып қояды. Жұрт жаңа киімдер алады. Наурызды парсылар туған-туыстарымен, дос-жаранымен атап өтеді. Елдің әр түкпірінде тұратын жақындарын шақырып, үлкен мерекелік жиын ұйымдастыратындар да бар. Мейрамда дастарханға символдық мәні бар 7 зат пен дәм қойылады. Салт бойынша, бұлардың бәрі де парсыша «С» әрпінен басталуы керек. Мәселен, тиын, сағат, сарымсақ, бидайдан жасалған тәтті пудинг «Саману», үйде арнайы ыдыста өсірілген бидай, арпа, жасымық, алма, т.б. Наурыз жаңа күнді, көктемді және жаңа өмірге деген аппақ үмітті алып келеді.
Ортақ мерекемен қазақ ұлтын құттықтаймын! Басыңызда бақыт құсы мәңгі тұрақтасын, денсаулығыңыз мықты болғай!

Көктем мерекесін атап өту – керемет дүние деп ойлаймын

Ахмет әл-Мәһди, мысырлық жазушы:

Біздің елімізде Наурыз мерекесі тойланбайды. Бірақ бұл мейрам жөнінде қазақ достарымнан естігенім бар. Наурыз – көктем мерекесі ғой. Суық әрі ызғарлы қыстан аман шыққанына қуанған халық дүркіретіп той жасайды. Ал Мысырда ауа райы Қазақстандағыдай емес. Бізде жылдың төрт мезгілінде де күн ыстық. Наурыз жайлы тек түркі халықтарынан шыққан қаламгерлерден еститініміздің себебі осы шығар. Наурызды түркілер қалай тойлайтынын әзірше өз көзіммен көрген жоқпын. Болашақта реті келеді деп үміттенемін. Бірақ күн жылып, Табиғат-Ана жасарып, жайнап жатқанда, Көктем мерекесін атап өту керемет дүние деп ойлаймын. Естіп, әрі оқып білуімше, бұл кезде табиғат қана емес, салт-дәстүрлер де жаңғырады. Жұрт ұлттық тағамдарын пісіріп, ұлттық киімдерін киеді. Демек, бұл – жай мейрам ғана емес, сонымен қатар аса құнды мәдени мұра. Мұндай қуанышты күнде ұлы қазақ халқына бейбітшілік, махаббат пен мейірім, өркендеу, мықты денсаулық, молшылық пен баянды бақыт тілеймін!

Дайындаған Алпамыс ФАЙЗОЛЛА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір