ЖАН БАҚЫТтЫҢ ЖАҢА КІТАПТАРЫ
Германияның «Runde Verlag» баспасынан белгілі ақын, Қазақстан Республикасы Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Бақытжан Қанапияновтың (Жан Бақыт) екі кітабы жарық көрді. Бірі – «Hochgebirge» атты неміс тіліндегі, екіншісі – «Высокогорье. Hochgebirge» деген орыс және неміс тілдеріндегі жыр жинағы. Екі кітап та сыншы және аудармашы, жазушы Герольд Бельгердің рухына және Еділ бойы немістерінің Қазақстанға күштеп көшірілуінің 80 жылдығына арналады.
Ақынның кітаптарға енген өлеңдерін неміс аудармашылары Ева Рённау мен Елизавета Цахариас тәржімалаған. Өлеңдердің көпшілігін аударған Ева Рённау мектеп бітіргеннен кейін Гамбургте славистика мен музыкатануды зерттеген екен, он айдай орыс тілін Ленинградта (қазіргі Санкт-Петербургте) тұрып үйреніпті. Содан бастап орыс көркем әдебиетінің көптеген туындыларын тәржімалап, неміс оқырмандарының игілігіне ұсынған көрінеді. Ол аудармашылық шеберлік жөнінен көптеген сыйлықтың лауреаты, сондай сыйлықтардың бірі – оған Сергей Есенин өлеңдерінің үздік аудармасы үшін беріліпті. Екінші аудармашы Елизавета Цахариас – Совет Одағының Алтай өлкесіндегі қазіргі Неміс ұлттық ауданында туып-өскен, Германияға 90-шы жылы отыз екі жасында қоныс аударған, орыс және неміс тілдерінде өлең, әңгіме жазып жүрген әдебиетші.
Автордың айтуынша, Герольд Бельгер кезінде Бақытжан өлеңдерінің «Гёте тілінде» жарық көріп, неміс жұртшылығына белгілі болғанын қатты аңсаған екен. Г.Бельгер ақынның шығармашылығы туралы әлденеше рет қалам тербеді. Ол мақалаларында Б.Қанапиянов орыс тілінде жазғанымен, қазақ поэзиясының рухын бала жасынан бойына сіңіріп өскенін атап айтып, ақынның «Қыз Жібек» лиро-эпостық дастанын орыс тіліне тамаша аударғанын және төл поэзиясынан да ұлттық рух есіп тұратынын, шығармашылығының ұлы Абай поэзиясымен тамырласып жатқанын нақты мысалдармен дәлелді түрде көрсеткен болатын.
Б.Қанапияновтың лирикалық туындыларына тән семантикалық және эстетикалық сипаттарды аудармашы Ева Рённаудың өте дәл сақтағаны сондай, тілдік айырмашылық мүлдем аңғарылмайды дейді неміс публицисі Розе Штейнмарк. Оның ойынша, аудармашының стенографиялық әдістен қашып, кейде интерпретацияларға баруы – өлеңнің басты идеясын айшықтай түсіп, тәржіменің түпнұсқаға мейлінше тақау болуын қамтамасыз етеді.
«Высокогорье. Hochgebirge» кітабында қазақ еліне, шығысқа, неміс-қазақ қатынасына байланысты Гёте, Бельгер, өзге де шығармашыл тұлғалар жайында анықтама сипатты бірқатар мақала және бейнелеу өнері туындылары берілген. Бұл жинақтағы Надежда Рунденің Бақытжан Қанапияновпен жүргізген сұхбаты ақын шығармашылығын неміс оқырмандарына жете таныстырады.
Аудармашы Ева Рённаудың жұмысын Германия Федералдық үкіметінің Мәдениет және бұқаралық ақпарат құралдары бойынша Уәкілі «NEUCTART KULTUR» бағдарламасы ауқымында қаржыландырған. Басылым қазақстандық дәрігер, ғалым, меценат Ғани Смаханұлының қолдауымен жүзеге асырылды.
Ақын Б.Қанапияновтың бұл екі кітабы Гёте мен Абай заманынан тамыр тартатын екі ел арасындағы әдеби-мәдени байланыстарды одан әрі нығайта түсері сөзсіз.
Балжан ХАБДИНА