Абайтанудағы жаңа белес
26.08.2022
921
0

Әлемнің өркениет­ті елдерін­де классик қаламгерлердің академиялық толық шығарма­лар жинағын шығару – дәстүр­ге айналған. Мұндай басылым­дарда суреткердің барлық мұрасы, қолжазбалары тексто­ло­гия­лық талдау мен сараптаудан өтіп, тиісті ғылыми-анық­тамалық түсініктермен толық­­-
тырылып, ғылыми жүйеге түседі. Бұл осы саланы зерт­тей­тін кәсіби әдебиетші ғалымдар­дың көз майын тауысқан ыждаһат­ты еңбегінің жемісі болып саналады. Мәселен, көрші Ресей елінде бір ғана «Пушкин үйі» орыс әдебиеті институтында қырықтан астам классик ақын-жазушылардың толық академиялық жинақ­тары электронды нұсқаға түсірілген.

Абайдың көзі тірісінде өз шығармалары жарық көрмеген. Тек қана ақын дүниеден өткенінен бес жылдан соң ғана, яғни 1909 жылы Санкт-Петербургте Илияс Бараганский баспаханасында басылған. Кәкітай Ысқақұлы мен Тұрағұл Абайұлдары тікелей атсалысқан бұл басылымның тарихи маңызы жоғары болды. Себебі осы уақытқа дейін ел арасына қолжазба қалпында тараған Абай өлеңдері алғаш рет жарияланып, қалың оқырманның қолына кітап қалпында тиіп еді. 1922 жылы араб, 1933 жылы латын әріпімен жарық көрген ақынның шығармалар жинағы содан бері бірнеше рет жарық көрді. Бұл басылымдардың кейбіріне М.Әуезов те атсалысты және Абай шығармаларының бір ізге түсуіне аса зор еңбек сіңірді. 1995 жылы Абайдың 150 жылдық мерейтойына орай жарияланған академиялық басылымның да орны ерекше. Бұл жинақты дайындауда елімізге белгілі Қ.Мұқаметханов, З.Ахметов, М.Мырзахметов секілді абайтанушылар атсалысты. Абай шығармаларының академиялық жинақтары, негізінен, М.Әуе­зов атындағы Әдебиет және өнер институтының ұжымы тарапынан дайындалған. Соңғы академиялық басылым да осы институт тарапынан ақынның 175 жылдық мерейтойына орай 2020 жылы үш кітап болып жарық көрді. Үш том болып жарық көрген жинақтың бұрынғы басылымдардан басты ерекшелігі мынада: бұрынғы басылымдарда ақынның өлеңдері, поэмалары мен қарасөздері ғана енгізілсе, соңғы жинақта Абайдың әндері де кірген. Осы уақытқа дейін ақын әндері әр жерде әртүрлі беріліп жүрсе, бұл жинаққа соның бәрі сараланып, ғылыми түсініктерімен қоса берілген.

Осы басылымда атақты әнші Еркін Шүкіманның жинақтауымен Абайдың музыкалық мұрасы ғылыми жүйеге түсірді. Басылымның тағы бір ерекшелігі, жинақты дайындауға Абай шығармалары көшірілген он екі қолжазба түгелдей қолданылған. Бүгінге дейінгі басылымдарда, негізінен, Мүрсейіт­тің үш қолжазбасы ғана қолданылатын еді. Ғылыми айналымға толық түсе қоймаған 1897 жылы көшірілген Садуақас Шорманов, Княз Құдашевтардың қолжазбаларынан бөлек, Ахат Шәкәрімұлы, Төлеу Түгелбайұлы, Шериаздан Марсеков секілді құснихатшылардың да қолжазбалары кеңінен пайдаланылған. Солардың ішінде Қытайдағы Шығыс Түркістан аймағында Зият Шәкәрімұлының қолындағы Абайдың 1909 жылғы жинағы мен Шәкәрімнің қолжазба дәптерімен салыстырылып көшірілген Шериаздан Мәрсековтің және беймәлім «Хаткер-Кәтіптің» 1909 жылғы кітаптан көшірген қолжазбалары да қаперге алынды. Бұл істі абайтанушы Тұрсын Жұртбай осы жинақтың жаңалығы ретінде ғылыми айналымға енгізіп отыр. Абайдың туындыларын дайындауда он екі қолжазбадағы емлелік жазылу ерекшелігі ескерілген. Текстологиялық зерт­теулер нәтижесінде ақынның әр өлеңі сараптамадан өтіп, оқырман назарына ұсынылған. Кітаптың үшінші томына жаңағы он екі қолжазбаның ғылыми сипат­тамасы жазылып, канондық мәтін ретінде 1909 жылғы тасбаспаның факсимилесі мен транслитерациясы қоса берілген. Нағыз мамандар тарапынан дайындалған бұл том кітаптың құндылығын арт­тыра түскен. Басылымның тағы бір ерекшелігі, Абайдың ғақлиялары да толықтырылған. Әсіресе 38-ші қарасөздің транслитерациясы қайта жасалып, бүгінгі ұғым-түсінікке жеңіл болу үшін қайта тәржімаланған. Стилі мен құрылымы бөлек бұл шығарманың тілі де ауыр болатын. Сондай-ақ ақын шығармаларында кездесетін араб, парсы кірме сөздерінің сөздігі бір ізге түсірілген. Әсіресе Абайдың шағатай тілінде жазған алғашқы үш өлеңінің транслитерациясы қайта қаралып, бұрынғы басылымдарда кеткен қателіктер барынша түзетілген. Кітаптың соңында әрбір өлеңнің жазылу тарихы мен әр жылғы басылымдардағы ерекшеліктер ашып көрсетілген. Ғылыми түсініктері де толықтырылған. Бұл академиялық жинақтың басты ерекшелігі – бұрынғы басылымдардың жетістігін пайдаланып, кемшілігін қайталамауында жатыр. Бұған дейінгі, әсіресе 1933, 1939-1940, 1959 жылдардағы жинақтарға Мұхтар Әуезов өз қолымен енгізген жаңа шығармалары мен оған берілген түсініктер молынан пайдаланылған. Жаңа жинақтың мазмұны мен құрылымын жүйелеуде Абайдың 150 жылдығында шығарылған ең соңғы толық басылымы негіз болды. Көп жылғы ізденістер, текстологиялық салыстырулар нәтижесінде шығармалардағы қателіктер мен ақаулықтар түзетілді, түсініктер түгелге жуық қайта жазылып шықты. Жиі ұшырасатын араб, парсы сөздері мен діни терминдерге бүгінгі көзқарас тұрғысынан баға берілді. Абай қара сөздерінің ішіндегі ең күрделісі болып саналатын 38-қара сөзі (Китаби тастиқ – Иман кітабы) қайыра аударылып, түпнұсқа транскрипциясымен салыстырылып, ауқымды түсініктер жазылды. Сондай-ақ «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққан туралы», «Сенатқа хат», Абай өзі қол қойған «Қарамола съе­зінде қабылданған Ереже» мен ақынның туыстарына жолдаған хат­тары түпнұсқаларымен қоса берілді. Сонымен қатар Мүрсейіт Бікіұлы көшірмелері бастатқан он екі қолжазбаның кеңейтілген сипат­тамасы берілген. Абай шығармалары жазылу хронологиясын сақтай отырып топтастырылған. Мәселен, «Шығыс ақындарынша», «Әлифби», «Абыралыға», «Бір дәурен кемді күнге – бозбалалық», «Жігіт­тер, ойын – арзан, күлкі – қымбат», «Өкінішті көп өмір кеткен өтіп», т.б. көптеген шығармаларындағы қарапайым оқырманға түсініксіз арабша, парсыша сөздерге және діни ұғымдарға нақтылы анықтамалар берілген. Абайдың Шиллерден, Лермонтовтан, Пушкиннен, Крыловтан аударған шығармаларының шет тіліндегі кейбір сөздерінің мазмұны терең айқындалған. Бірінші томда 428-бет­тен бастап тура 200 бет берілген түсініктер осы үш томдықты құрастырған, ғылыми сараптаудан өткізген әдебиетші-ғалымдардың зор еңбегі деп бағалауға тұрарлық. Бұл түсініктерде әр жылдардағы жинақтарды берілген жекелеген өлең жолдары, тіпті кейбір сөздердің өзгеріп кетуі бір ізге түсірілгендігімен құнды. Мысалы, Мүрсейіт қолжазбаларында «Жүректің сөзін сөйлетіп» деп жазылған өлең жолы 1933 жылғы жинақ бойынша «Жүректің сөзін сөйле, тіл» болып өзгертіледі немесе Мүрсейіт қолжазбаларындағы «Көрінген соң бір дидар» деп жазылған тармақ «Көріскен соң бір дидар» нұсқасына өзгертіледі. 1905 жылғы қолжазбадағы «Әр немені үйреніп» болып жазылған 10-шумақтың 4-тармағы 1907, 1910 жылғы қолжазбалар бойынша «Әр нәрсені үйреніп» болып түзетіліп көрсетілген. Абай аудармаларының түсініктемелерінде де кейбір өлең жолдарында кеткен ақаулықтар 1907 жылғы және 1995 жылға жинақтардағыдай өзгертіліп беріліп отырған. Мұны «Жолға шықтым бір жым-жырт түнде жалғыз», «Шайтан», «Есек пен бұлбұл», «Қазаға ұрынған қара шекпен», «Бородино», «Онегиннің сипаты», «Татьянаның Онегинге жазған хаты сияқты аудармалары туралы түсініктер берілгенде, Лермонтов, Крылов, Пушкин шығармаларының орыс тіліндегі мәтіндері келтіріле отырып, тұтас ғылыми талдаулар жүргізілген. Абай аудармаларының өзі қазақи түсінік-пайымға лайықталып жазылған төлтума шығармалар ретінде қабылдауға тұрарлық. Кейбір өлеңдерді аударғанда Абай түпнұсқаның айтар ойы мен негізгі идеясының көкжиегін кеңейте түскендігін анық байқаймыз. Мұның барлығы салыстыра зерт­теулер тұрғысынан жан-жақты ашылған. Екінші томда ақынның поэмалары, қара сөздері, хат­тары, музыкалық шығармалары, Абай сөзімен айтылған халық әндері, күйлері туралы ғылыми түсініктемелер 300 бетке жуық талдаулардан тұрады. Үшінші томда Княз Худашевтің қолжазба нұсқасы мен үзінділері, Сәдуақас Шормановтың қолжазба нұсқасы мен үзінділері, Мүрсейіт Бікіұлының 1906, 1907, 1910 жылдардағы қолжазбалары мен үзінділері, жаңадан табылған Төлеу Түгелбайұлының қолжазба нұсқалары мен үзінділері, Шериаздан Мәрсековтың қолжазбалары мен үзінділері, Ахат Шәкәрімұлының, Тұрағұл Абайұлының, сондай-ақ бірнеше анонимдік қолжазба нұсқалары мен үзінділері түпнұсқасында және қазіргі қаріпке түсірілген ретпен берілгендігі де тұңғыш рет жинақталып отырғандығын ерекше ескерткіміз келеді. Мұның өзі әдебиет­шілердің инемен құдық қазғандай көп жылғы зерт­теу еңбектерінің жемісі деп бағалауға болатын еңбек. Үш томдықтың соңында Абай Құнанбайұлының өмірі туралы Кәкітай Ысқақұлы жазған құнды ғұмырбаяндық деректер мен Абайдың 1909 жылғы жарық көрген тұңғыш жинағының факсимилесі алғаш рет оқырман назарына ұсынылып отыр. Осының барлығы М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты ғалымдарының көптеген ізденістері мен зерт­теулерінің нәтижесі ретінде лайықты бағалануы керек. Кезінде абайтану ілімінің іргетасын қалаушы Мұхтар Әуезов: «Абай қалдырған мұраны тану керек, зерт­теу керек дегенді бәріміз де түсіндік. Күннен-күн, жылдан-жыл өткен сайын осы істерге көңіл бөліп, зер салушының саны молайып келеді», – деп жазған еді. Бұл салмақты еңбек биылғы М.О.Әуезовтің 125 жылдық мерейтойына да лайықты тарту екендігін атап көрсеткіміз келеді.
2020 жылы жарық көрген Абай шығармаларының академиялық толық жинағын құрастыруға елімізге белгілі ғалымдар тартылған. ҚР ҰҒА академигі Сейіт Қасқабасов, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Жұртбай, ҚР ҰҒА корр-мүшесі Кенжехан Матыжанов, филология ғылымдарының докторы, профессор Қанипаш Мәдібаева, филология ғылымдарының кандидаты Тұрсынжан Шапай секілді абайтанушылар ақын мұрасының бүгінгі ұрпаққа сол қалпында жетуіне бар күштерін салған. Мемлекет­тік сыйлыққа ұсынылып отырған Сейіт Қасқабасов зерт­теулері қазіргі әдебиет­тану ғылымындағы жаңа бағыт­тардың іргетасына айналғандығын атап өтуіміз керек. Тұрсын Жұртбай Абай шығармаларын текстологиялық тұрғыдан зерт­теуде бірнеше том еңбектерін жазып, жариялады. Тұрсынжан Шапайдың абайтанудағы еңбегінен басқа сазгерлік, әдеби сыншылық жаңалықтары көзі қарақты қауымға әбден танылған. Ал тұтас үш томдық академиялық жинақты саф алтындай жарқыратып шығаруда зор еңбек сіңірген Кенжехан Матыжанов пен Қанипаш Мәдібаеваның көп жылғы әдебиет теориясы, тарихы, тәжірибесі туралы еңбектерінің пайдасы молынан тиді. Соның нәтижесінде үш томнан тұратын Абай шығармаларының академиялық толық жинағы дүниеге келген. Сондықтан да, осы Абай шығармаларының академиялық толық жинағын дайындаған ұжым еңбегін Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекет­тік сыйлыққа ұсынуға болады деп есептеймін.

 

 

Бауыржан Жақып
Қазақстан Жазушылар одағы
төрағасының орынбасары,
ҚР ҰҒА корр-мүшесі,
ф.ғ.д., профессор

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір