ФЕНОМЕН ҒАЛЫМ
Филология ғылымының докторы, ҚР Ғылым академиясының академигі, халықаралық «Қазақ тілі қоғамының» президенті, қазақ тіл білімі ғылымының ірі өкілінің бірі, ана тілінің парасатты қамқоршысы, әлемдік тіл біліміне танымал салиқалы түркітанушы, белгілі қоғам қайраткері Өмірзақ Айтбайұлы мерейлі 80 жасқа толып отыр. Ол 1936 жылы 5 сәуірде Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданы, Балтакөл ауылында Қаратау, Сыр өңіріне танымал ақын Айтмұхаметұлы Айтбайдың отбасында дүниеге келген. Ауылдан түлеп ұшқан ғалымның балалық балғын шағы балдәурен болды дей алмаймыз. Оның өмір жолы Ұлы Отан соғысының және одан кейінгі кездің ауыртпалық пен қиын-қыстауға толы зұлмат жылдарымен басталды. Бесіктен белі шықпай жатып еңбекке араласып, шыңдалып өсті. Мектепте оқып жүрген кезінен ұжымшарда еңбек етіп жүріп-ақ өз бетімен өн бойындағы өнер ұшқынын лапылдата білді. Әуелетіп ән салатын сегіз қырлы, бір сырлылығымен, жан-жақтылығымен танылып, ажары мен ақылы астасқан жасөспірім аталды. Мектеп бітіре салып, 1953 жылы Мырғалымсайда слесарь болып еңбек етті. Қасиетті туған жер, өскен ортаның адамның қайталанбас өзіндік дарынын дарытуға, оның тұлға ретінде қалыптасуына әсер ететін алғышартының бірі екені белгілі. «Ауылдың жөн көрсетіп, жоба нұсқайтын данагөй қарты, жақсылары мен жайсаңдары болса, салт-дәстүрді берік ұстанатын, ән салып, күй шертетін өнерлісі болса – соның бәрі жасөспірімнің өмірден өз бағытын дұрыс таңдауына септігін тигізбек», – деген еді Өмекең бір сөзінде. Жас жігіттің бойындағы маздаған от, қайнаған қуат, алға жетектеген ерік-жігері мен ақыл-ой сол кезде-ақ оны кемел арнаға бұрып, жетілдіре, шынықтыра түскендей. «Жасында байқары жоқтың қартайғанда айтары жоқ» дегендей, сол кездің өзінде-ақ достары мен туыстарының ортасында оның орны ең әуелі ерекше қарым-қабілетке толы мінезімен, әркез жақсылық нұрын себуге әзір тұратын айнымас қасиетімен, құштарлық сезімімен дараланып тұратын деп еске алады ауылдастары. Мұның өзі ауылда туып-өскен балаң жігіттің халқымыздың барлық игі қасиетін, асқақ рухын бойына сіңіруге әсер етті.
Тіл өнеріне деген іңкәрлік жастайынан еңбектің қазанында қайнап өскен жеткіншекті 1959 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне алып келді. Мұнда да балаң жігіт табандылығымен, еңбекқорлығымен, зеректігімен өз ортасында айырықша көзге түсті. Университетті қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітіріп, «Социалистік Қазақстан» газетіне әдеби қызметкер болып орналасып, тоғыз жылдай журналистік кәсіптің бүге-шігесін танып біліп, білімін шыңдады. Дегенмен, тілге, әдебиетке, жазуға деген қарым-қабілетін таныта білген жас жігітті ғылым әлемі еріксіз өзіне тарта берді.
1962 жылдың наурызынан бастап Ғылым академиясының Тіл білімі институтына ғылыми қызметкер болып орналасып, күні бүгінге дейін 54 жыл бойы сонда еңбек етіп келеді. Өзінің ғылым саласындағы басып өткен жолы өрелі де өнегелі. Ғалымның ең алғашқы ғылыми ізденісі болған аударма саласындағы ауқымды еңбегі оған әуелі аударма ілімі деген не және оның басты қағидаттары қандай, тарихы, табиғаты деген мәселені зерттеуін керек етті. Өмекең өзі бүге-шігесіне дейін зерттеп келе жатқан ең бір күрделі сала терминологияны аудармамен жанасты қарастырды. 1992 жылғы докторлық жұмысы тікелей осы салаға арналған. Диссертациясын үздік қорғаған ғалым терминология жөніндегі ой, түйіндерін бірнеше кітабы мен әлденеше мақаласында өрбітті. Кез келген ұлттың тілінде терминдер аударылуы керек. Бірақ мемлекеттер арасындағы саяси, ғылыми, мәдени қарым-қатынас нәтижесінде сөз алмасудың болуы заңды. Сондықтан аударған сөзіміз сол заттың мағынасын ашып тұрса, онда нұр үстіне нұр болмақ дейді Өмекең. Ол жарты ғасырға жуық қазақ тіл білімінің терминологиялық жүйесі, тіл мәдениеті, фразеологиясы мен аударма саласында тер төгіп келеді. 2007 жылы жарық көрген 620 беттік «Қазақ тіл білімінің мәселелері» кітабында қазақ терминологиясының қалыптасу тарихы, даму жылдары, бүгіні мен болашағы жан-жақты сараланған.
Ө.Айтбайұлы бұл жылдары қазақ терминологиясы мен аударма саласында жан-жақты ізденістер жасап, осы бір қиын да күрделі ғылыми мәселеге қатысты әлемдік ғылыми ой-пікірлерді сүзіп шығып, қазақ тілінің өз табиғатына тән заңдылықтарға тереңдейді. 1975 жылы оның «Аудармадағы фразеологиялық құбылыс» деп аталатын монографиялық зерттеу еңбегінде аударма проблемасының күрделі мәселелері қарастырылған. Бұл жылдары ол ғылыми-зерттеу жұмыстарымен қоса, КСРО Журналистер одағының мүшесі ретінде журналистік қызметін де қатар алып жүреді. Қазақ қауымының өмірі, әлеуметтік болмыс-бітімі, қазақ өнері мен әдебиетінің келелі мәселелері, өнер адамдарының тағдыры, ауылшаруашылығы еңбеккерлерінің тұрмыс жайы, т.б. туралы очерк, новеллалар жазуын жалғастырады. Ғалым қазақ лексикологиясы мәселесінің зерттеушісі ретінде фразеологиялық құбылысын да саралап, оның түр-түрін талдап берді. Оның қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде мәртебелену жолындағы ізденісі мен күресі өз алдына бір сала. Тіл мәселесін көтеру бар да, оны шешу бар. Ұлттық қазынадан нәр алған Өмекең тіл мәселесіне талғаммен қарап, мемлекеттік тілдің күрмеулі тұстарын шешудің амал-тәсілін орнымен нұсқай білді. Ол – қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде қалыптастырушы маманның бірі. Ғалымның республикалық және халықаралық конференцияларға қатысып, қазақ тіл білімі мен түркітануға қажетті мәселе жайлы жасаған 50-ден астам баяндамасы өзінің дәйектілігімен, ойлылығымен ғылыми жұртшылыққа кеңінен аян. Бұл жылдары Өмірзақ Айтбайұлының басшылығымен және қатысуымен «Тіл мәдениеті және баспасөз», «Өрелі өнер», «Сөз өнері», «Ұлт саясатын бұрмалаушылар», «Қазақ терминологиясының мәселелері», «Аударманың лексика-стилистикалық мәселелері», «Термин және олардың аудармалары» аталатын бірнеше ұжымдық кітап баспадан жарық көрді.
Ө.Айтбайұлы қоғам қайраткері ретінде әрдайым тіл мен діл жолындағы зиялы қауым ұмтылысының көшбасшыларының бірі болып келеді. Ол қазақ тілінің мемлекеттік тілге айналуына қажетті шаралардың бәріне қатысты. Оның тума дарындылығы ақыл-парасат, білімімен жарасымдылық тапқандай. Бар саналы ғұмырын ғылым жолына сарп етіп, үнемі ізденісте жүретін ойы ұшқыр, қаламы жүйрік, тілі орамды, сөзі әсерлі ғалымның баяндамасы тыңдаушысын баурап әкететін. Ол тіліміздегі тіл мәселесінің өзектілігіне, қоғамдық өмірде қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге қатысты өткір ойларымен ұлт бірлігінің ұйтқысы саналатын ана тілімізді төрге шығару жолындағы атқарған қызметімен көзге түсіп келеді. Академиктің ғылыми ой-тұжырымы жоғарыда аталған салалармен қоса тіл мәдениеті, стилистика, лексикология, ономастика, диалектология, әдеби тіл, мемлекеттік тіл, әдебиет, мәдениет, ұлттық құндылық, салт-дәстүр мәселеріне қатысты еңбектеріне ғалымдар рецензия жазып, жоғары бағалады. Өмір бойы еңбекпен шыңдалып ізденіс үстінде жүретін ғалымның ғылыми шығармаларының ауқымы кең, сан қырлы. Ізденіс аумағы, ғылыми өрісі қазақ тіл білімі аясынан асып, түркітанудың да өзекті мәселесін қамтиды. Өмекеңнің атсалысуымен түркі тілдерінің өзара бірлесіп зерттейтін ғылым саласындағы ізденіс жолға қойылды. Атап айтқанда, бірлесе қарастыруды қасиет ететін ортақ терминологиялық жүйені қалыптастыру мәселесі зерттелуде.
Шын ғылымға қашан да сайрап жатқан жол жоқ. Ғылым жолы – ауыр жол. Тек талмай еңбек еткендер ғана ғылым биігіне көтеріліп, оқырманның құрметіне бөленеді. Ізденуден жалықпаған феномен ғалым бүкіл түркітану әлемінде кеңінен танымал. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі тұста тынымсыз еңбек еткен ұлтжанды қаламгердің рухани дегдарлық тұлғасы биіктей түсті. Өз жұмысын шын ынта-жігерімен беріліп атқаратын Өмірзақтың ерекше бір қасиеті – еңбекқорлығы. Ол – республикамыздың рухани және әлеуметтік жағдайын жіті қадағалап, энциклопедиялық білімімен үлкен сұранысқа ие болған әлденеше танымдық әрі тәрбиелік мәні ерекше еңбектерін жазды. Өзінің мерейлі жасқа тіл білімінде өзіндік орны бар қарымды қаламгер, ел мәдениеті мен өнеріне іргелі үлес қосқан қайраткер ретінде көтеріліп отырған Өмекеңнің қоғамдық-әлеуметтік тақырыпқа арналған шығармаларындағы айтар ой, көтерген идеясы, келтірген дерек пен мәліметтері ғалымның ғылыми кредосы, азаматтық ұстанымы, өмірлік қағидаты, туралық пен шыншылдығын танытқан құндылығымен оқырман ықыласы мен қызығушылығын арттырғаны белгілі. Адалдық, әділеттік, шынайылық секілді адамгершілік құндылығын ту еткен ғалым өзінің еңбек жолында талай белеске көтеріліп, ұжымның құрметіне бөленді. Тіл білімі мәселесіне қатысты 30 шақты кітап пен монографияның, бес жүзге жуық мақаланың авторы болған. Ол сондай-ақ «Тіл біліміне кіріспе», «Лексикология» пәндері бойынша оқулықтар жазды. Өмекеңнің өмірі мен жекелей еңбектерінің маңызына арналған 31 мақала жарық көрді. Жастық шақтағыдан гөрі жас ұлғайғанда көп іс тындыру керек деген екен бір ғұлама. Академик жасының ұлғайғанына қарамастан жемісті еңбек етуін үзбей жалғастырып келеді. Соның ішінде 2015 жылы жарық көрген бес томдық кітабының маңызы ерекше. Бұл еңбегінде ол қазақ тіл білімінің терминология мәселесін, қазақ фразеологизмі мен перифраздарын, мемлекеттік мәртебеге ие болған ана тіліміздің тарихи кезеңдері мен қоғамдағы тіл мәселесін, қазақ тілінің көшбасында тұрған ғалымдарды сөз етіп, ой толғайды.Халқын сүйген үлкен жүректі азамат қажырлы еңбекті, қайраткерлік күш-қуатты өзіне тұғыр етіп, бар саналы ғұмырын, қажыр-қайратын өзі қалаған ғылым жолына арнап, әр жүйеде қызмет атқарып, қай салада болса да ісін меңгеріп, көпке ұйтқы бола білді. Уақыт – әділ сыншы, мінсіз таразы. Тума таланттың талмас талпынысы, тынымсыз да іркіліссіз ізденісі оны бүгінгідей тіл білімі ғылымының төріне шығарды. Ол өзінің қайталанбас азаматтық мінезімен, байыпты қалпымен, әсерлі сөзімен, кісілік болмыс-бітімімен , өнеге тұтар рухани адамгершілік қасиетімен, ғалымға тән алғырлығымен қазақ тіл білімін бүкіл түркі әлеміне танытуға лайықты үлес қосуымен, мейлінше қарапайым да ашық-жарқын, орнықты да ірі мінезімен, ұзақ жылғы жемісті еңбегімен халқына қалтқысыз қызмет еткен ғалымның бірегейі, маманның білгірі аталып, ғылыми ортада, зиялы қауымда зор беделге ие болып, асыл сөз зергері атанды.
Ғылымды ұйымдастыру қарымының үстіне Ө.Айтбайұлының қайраткерлік қабілетінің айқын көрінген тұсы «Қазақ тіл қоғамындағы» жұмыстарға тікелей байланысты. Өмекең 2004 жылы халықаралық «Қазақ тілі қоғамының» президенті болып сайланды. Ол 1998 жылдан бастап ҚР Орталық сайлау комиссиясы құрған лингвистикалық комиссияның мүшесі ретінде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтан бастап, басқа да ҚР Президенттігіне үміткерлерден емтихан қабылдап келді.
Ө.Айтбайұлының толассыз еңбегі үкімет тарапынан да, ғылым қауымдастығынан да жоғары бағаланды. Ол 1994 жылы ҰҒА-ның корреспонденті мүшесі болып сайланса, 2003 жылдан Ұлттық Ғылым академиясының академигі.
Ө.Айтбайұлы – тағылымды тәрбиеші, ұлағатты ұстаз. Ол – Тіл білімі институтындағы қызметімен қатар, ғылыми ізденістер нәтижесін практикалық тәжірибемен ұластырып, ұстаздық өнеге танытып жүрген ғалым.Ол 1994-95 жылдары Алматы Қыздар пединститутының, 1996-97 жылдары Қ.Иассауи атындағы Қазақ-түрік университетінің, 1998 жылдан «Қайнар» университетінің профессоры ретінде дәріс беріп, ұстаздық қабілетін көрсетті. Ұстаздық пен шәкірттік – адам баласы арақатынасының ең бір абзал, мағыналы да мәнді түрі дейміз. «Адам тәрбиелеу – ұлы міндет», «ұстаздық – ұлылық емес, ұлы қасиет», «ұстаз жолы – ұлы жол», «ұстаз беделі білігінен», «ұстаз болу – жүректің тазалығы», «ұстазы талантты болса, шәкірті талапты болады» дейді емес пе ғұламалар. Шәкірттері бар, өзінің жолын қуған мектебі бар ғалым бақытты дейміз. Жақсы шәкірт бола алған адам жақсы ұстаз да бола алады деген пікір қалыптасқан. Кешегі Алаш ардақтыларының, ғұламалардың көзін көріп, сөзін естіп, ғибрат алған Ө.Айтбайұлы ойына ой қосқан, біліміне білім қосқан өз ұстаздарынан адам болудың адал жолын үйрендім, болмыс-бітімдерінен мол тағылым алдым деп, оларды зор ықылас-ілтипатпен еске алады. Ғұлама ғалымдардан тәлім алған алған студенттік кезін ең бақытты жылдарына жатқызып, Мұхтар Әуезовтің әр оқыған дәрісі ғажайып оқиға болып өтетінін, тіл мәселесін оқитынды. Ісмет Кеңесбаев, Ибрагим Мамановтан көргенін, ғылыми жетекшісі Мәулен Балақаевтың мінезі қандай мәйек болса, өзінің жүріс-тұрысы, сөзі де тұнып тұрған зиялының өзі болатын деп еске алады. Сондай үлкен жүректі ұстаздарға шәкірт бола жүріп, өзі де білімді де білікті мамандар даярлауға зор ықыласпен көңіл бөлді. Атап айтқанда, оның елімізде жас ғалымдарды тәрбиелеп қанаттандыру, кадр даярлау ісіне сіңірген еңбегі де орасан зор. Ол соңғы 35 жыл ішінде көптеген ғылым кандидаты мен докторын, магистрант даярлап, өзінің іскерлігімен, тәжірибелік әдіс-тәсілімен, сапалы білім беруімен мерейі тасып жүрген ұстаз. Өмекеңнің ғылыми мектебінен өткен бүгінде еліміздің белгілі ғалымдары қазақ тіл білімі ғылымы мен руханият саласында өздерінің қомақты үлестерін қосып, егемен еліміздің жарқын болашағы жолында жемісті еңбек етіп келеді. Олардың арасында елімізге танымал М.Ерғалиева, А.Қоңырова, Н.Рсалиева, Б.Қожаева, Ш.Біләл, тағы басқа филология ғылымының докторлары Өмекеңнің жетекшілігімен аударма мен терминология мәселесінің әр алуан жайларын зерттеп жүр. Елдік мәселені ешқашан естен шығармаған көңілі дархан әз ағаларының халқының жағдайына деген жанашырлықтан жүрегін жарып шыққан сөздері шәкірттерінің есінде. Жақсы-жайсаң сүйінетін, мұқтаж адам сүйенетін, тентек-содыр именетін, қыңыр-қисық илігетін өмірін өнегелі ісімен өрнектей білген ұстаздың берген тәлім-тәрбиесі шәкірттерінің есінде. «Ұстаздан алған тәліміміз мол» дейді олар. Өмірлік тәжірибесінен түйгені көп, салт-дәстүрімізді сақтай білген ғалым өзінің кісілігі мен кішілігін, жан сарайының тазалығын, көңлінің пәктігін айқын сездіріп, шәкірттерінің жүрегіне шабыт, қиял өрісіне қанат бітіру арқылы олардың еңбек жолына бағыт беріп, ұлттық рухани байлықты бағалауына ықпал жасады.
Халқымыздың біртуар абзал қайраткері, академик Ө.Айтбайұлы – өзінің кісілік келбеті мен азаматтық болмыс- бітімінің арқасында әріптестерінің, зиялы қауымның зор сүйіспеншілігіне бөленген тұлға. Жайшылықта жайсаң, қайшылықта қайсар, тұлғасы таудай болса да, кісіге жоғарыдан қарап, иық теңестіріп, теке тіреспейтін, тектілік бүкіл болмысынан байқалып тұратын Өмекең туралы толғақты сөз айту екінің бірінің қолынан келмейтіні хақ. Ол – өзін көріп көзің тоятын, сөзін естіп көңлің толатын, дәуірінен өзін, өзінен сөзін бөліп қарауға болмайтын, биік тұрып кішіпейіл бола білетін кең жүректі, білім мен білікті, кісілік пен кішілікті, парасат пен мейірімді қатар сыйдырған жан. Ол «жақсы мінез – адамның қорғаны», «ұлтына, жұртына қызмет ету білімнен емес, мінезден» дегенді өмірлік кредосына айналдырған абзал азамат.
Өзіммен құрдас әрі жарты ғасырға жуық қызмет бабы бойынша да, қарапайым тіршілікте де араласа жүріп таныс-біліс болған Өмекеңді барша жұртқа сүйкімді де үлгі-өнеге еткен болмыс-бітімінің, өмір сүру ұстанымының, жүріс-тұрысының, сөзі мен ісінің біршамасы деп мыналарды атар едім. Ол әрдайым байсалды да биязы, сабырлы да салмақты, жаны нәзік, жансарайы таза, жастарға жұғымды, айтқаны орынды, жақынына жәрдемшіл, білімі білікті, қиналсаң қамқор, кең жүректі, тура мінезді өмірсүйгіш, ыстық ықыласты, ұстанғаны әділдік, сүйенгені шындық, жазғаны анық, ойы терең де қанық, сөзі қысқа да нұсқа, кішірейгенге кішіпейіл, менмендігі жоқ, адамдық пен әділдікті ұстанғыш, маңына адам үйірілгіш, азаматтық белсенділігі жоғары, ұстанымы берік, талғамы биік қалпынан айныған емес. Туған халқының қастерлі тілі, қасиетті ділі, қадірлі діні дегенде оның шығарға жаны бөлек.
Ол өзінің 80 жасқа толған мерейтойына өнегелі өмір жолымен, елеулі ғылыми шығармашылық жетістігімен, қайраткерлік қомақты қызметімен жетіп отыр. Ол – білімді де білікті ғұлама ғалым, қоғам өміріндегі істерге белсене араласқан айтулы тіл жанашыры. Ол – кестелі сөз шебері, терең танымды, қаламы қарымды қаламгер. Ол – аузы дуалы, шешен сөйлейтін дегдар ойдың иесі. Ол – сегіз қырлы, бір сырлы өнерпаз. Ол – адал дос болудың таптырмас үлгісін көрсете алды. Ол – ұлтымыздың асыл қасиеттерін бойына толықтай сіңірген қазақ елінің мақтанышы мен абыройы. Ол – адами болмысына кір шалдырмаған, адамшылық арымен адал өмір сүрген абыз ақсақал. Ол – қазақ тіл білімінің қадірлі ақсақалы, көшбасшысы, байтақ даламыздың ғылым көкжиегінен көрінген жарық жұлдыздарының бірі. Ол – ілтипатты, іждиһатты, кісілікке, ілімге ұмтылған қоғамшыл, салауатты өмір салтын берік ұстанған жан. Ұлтжандылық пен отансүйгіштікті өткеннің інжу-маржанынан бойына сіңірген, халқының рухани құндылығын жан-жақты игерген, білімі мен ішкі мәдениетін жетілдірген жанның азаматтық санасымен қалыптасатын қасиет деп жүрміз. Азаматтық ғұмырдың ғибраты парасаттылықпен өлшенеді. Өз елі мен жері дегенде жүрегі елжіреп тұратын Өмекең қай дәреже мен атаққа жетсе де өзінің салмақты сыр-сипатын сақтай біліп, үнемі ұмтылыста жүретін қажыр-қайратын шыңдай түсті.
Академик ғалымның ең бір жан жадыратар қасиетіне оның ешкімді алаламайтын кішіпейілділігі мен қарапайымдылығы жатады. «Жақсылық жасау – жер басып жүрген әрбір пенденің парызы», «жақсы мінез – адамның қорғаны» дегенді өмірлік кредосына айналдырған Өмекең үлкен парасат иесі, белгілі қоғам қайраткері бола тұра, менмендігі жоқ, ешкімнің көңлін жараламайтын мейлінше кеңпейіл. Оның үлкен-кішіге бірдей мәміле жасайтыны, үлкенді сыйлап, кішіні жебеп жүретіні сүйсіндіреді. Ғалымның адамдармен етене қарым-қатынасында байқалатын ой жүйріктігі, сөз саптауы, сөздің мәйегін тамызып, саралап айтатын бекзаттың қасиеті, әңгіменің ажарын кіргізе, қиюын қиыстыратын шешендігі жағынан да шоқтығы биік тұр. Өмекеңнің өзінен кейінгі ізбасарларына өнеге боларлық тағы бір адами қасиетіне кісі қызығарлық еңбеккерлігі, қолына алған істі қиындығына қарамастан ерінбей аяғына жеткізіп тынатын тиянақтылығы мен кәсіби биіктілігі, адам мен қоғам алдындағы жауапкершілікке мән беретіндігі, ішкі мол рухани қазынасы, іске мұқият, сөзге берік, уәдеге мәрттігі, биік мәдениеттілігі жатады.
Ғалымның әріптестері мен замандастарына құрмет тұтқызған кезекті бір ерекшелігі – мінезінің көркемдігі мен қайсарлығы. «Өмір сүру деген – тіршілікке қонаққа келу емес, бұл арпалыс, күрес. Сол арқылы өмірден адам деген атқа лайық өз орныңды тауып, тұлға болып қалыптасасың. Сол өмірде өкінбейтіндей күресе біліп, қиыншылықты жеңе білу арқылы тіршілігіңді мәнді де сәнді ете аласың» деген екен бір ғұлама. «Ауыртпалықты да қайсар жанға берем. Өйткені, зор ауыртпалықта көркем мінезді адамның сабыр сақтауы мол сауаптан жазады» деген екен Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) бір хадисінде. Рух мықтылығы, дербес ойлау қабілеті ғалымның ұзын-сонар қилы өмір жолындағы тағдырдың басқа салған қиыншылығы мен ауыр сынақтарда өзін сақтап қалуына көмектесті. Бұл – Алла жолындағы адамда болатын ерекше күш-қуаттың әсері. Ақыл мен парасатты серік еткен нағыз қазақы көркем мінезге ие адам сабырлы да салмақты, қанағатшыл да қарапайым қалпымен небір ауыртпалыққа төтеп беріп, оны жеңе білген. Өмірдің ащысын бір адамдай татқан өзі де көркем, сөзі де көркем Өмекең сабырлы ақыл, темірдей төзімнің арқасында қайсарлық, тектілік танытып, қиыншылыққа қыңбай, еңсесін бастырмай, ауыртпалықты еңсеріп тастап, алға ұмтылумен болды.
Ө.Айтбайұлының тағы бір жан сүйсіндірер ерекшелігіне жас кезінен-ақ бір бойында сан алуан өнерінің болуы жатады. Ол – ғылым мен өнерді тел еміп, қатар ұстап келе жатқан ғалым. Ол өзінің ақындық пен әуесқой сазгерлік өнерімен де зиялы қауымға танымал. Оның тыңдаушысын әлденеше рет тамсандырған әншілік, домбырашылық, күйшілік өнерін өнертанушы зерттеушілер жоғары бағалады. Өмекеңнің орындауындағы біраз әндер қазақ радиосының «Алтын қорында» сақтаулы. «Ғылым мен күнделікті тіршілікте мені алға жетелеп, өрге өрмелетіп келе жатқан өмірімде кие тұтып, қасиет санаған үш мұрама ана тілім, одан соң ән мен күй және қоңыр домбыра жатады» дейді Өмекең бір сөзінде. Өмекеңді құрмет тұтқызатын тағы бір ерекшелігі – оның әдемі қартайғандығы. Данышпан ақсақалы мен көреген қариясы болмаған елдің ақылды жастары да болмайды. Абыройына қылаудай кір жұқтырмаған қарттық – тәрбиенің үлкен құралы. Әдемі қартаю – асыл қасиет. Қарт бола білу, қартая білу – үлкен сын. Ел ағадан азады, тон жағадан тозады дегенге ұқсас ел жадында сақталып қалған дана бабаларымыздың айтқан уәжді сөзі аз емес. Ел ұйытқысы, батагөйі, ақылшы, қамқор ақсақалы мен көреген қарияның дұғадай ақылы, көшелі пікірі, таңғажайып тапқырлықпен айтқан даналықтың үлгісіндей, әділдіктің таразысындай мәнді де дәмді сөзі дауға дәру, жауға қару, араздыққа араша, татулыққа тамыр, тазалыққа нәр, пәктікке пәрмен, дәстүрге дәрмен болып, тәлім-тәрбие берген. 80-ге келгенше кісілік бітіміне шаң қондырмай келе жатқан өзгеше бітімді сөз зергері атанған Өмекең де дәл осындай нағыз ақсақалдыққа тән асыл қасиетке ие дария кеуде, тау тұрпатты тұлға, көргені мен түйгені көп қазыналы қария атанды. 1997 жылы қажылық парызын өтеп қайтқан жүзіне иман шуағы үйірілген Өмекең жас ұрпақты имандылыққа иландырып, жамандықтан жирендіріп, қайғыға қамықтырмай, қуанышқа құлшындырып, сүйіспеншілікке сүйсіндіріп, сұлулыққа сұқтандырып, өмір-тіршіліктің мән-мағынасына көзқарасын қалыптастыруы олардың ой-парасатын өрістетіп, өрісін биіктете түскендей. Егемен еліміздің қазіргі қариялары өз әлемін Өмекеңше әдіптеп, әдемі қартайсашы.
Халқына сіңірген еңбегін өзінің перзенттік парызы деп білген ғалым-қайраткердің ерен еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Маңдай тер, табан ақының да өтемі бар екені даусыз. Академик 1996 жылы Ыбырай Алтынсарин атындағы медалінің, 1998 жылы Президент жарлығымен «Құрмет» орденінің иегері болды. 2001 жылы «Қазақстан Республикасының 10 жыл мерекелік медалімен», 2004 жылы «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» белгісімен марапатталды. Табан аудармастан 64 жылдан астам уақытын, еліне, халқына риясыз қызмет етуге арнап, сергектікті серік етіп ұзақ жылдарда алдынан кездескен сынақтардан сүрінбей өтіп, қиыншылыққа қасқайып қарсы тұра білген, бейнеттің түбі зейнет екенін өзінің тағылымды тәжірибесімен дәлелдей алған ғалымның өнегелі өмірі бүгінгі өскелең ұрпаққа үлгі болуға тиіс. Жүйрік уақыттың ұшқыр қанаты елім, жерім деп, бар өмірін соған арнаған халқымыздың дария-қариясын 80-нің сеңгіріне сергек күйінде жеткізіпті. Ол әлі тың, сөзі нық, ойы айқын, жанкешті еңбекқор. Шаршаудың орнына шабыттанып, дамылдаудың орнына дараланып, жұмысқа құлшына араласып, халқымыздың құндылығын дамытуға атсалысып жүрген абыз ақсақалдың айтары да, жазары да баршылық. «Қанағатшыл, мейірбан адамдар ұзақ жасайды» дейді халық даналығы. Ерлік пен өрлікке толы ғұмырының бір бөлшегіне ғана қатысты ойымды аяқтай келе қадірлі әріптесіме сексендегі серпінімен 90-ға тоқырамай жетсін деп, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілей отырып, әрдайым жақсылық жанын жадыратсын, сәттілік серігі болсын, шаңырақ шаттығы ортаймай, отбасында жарасты тірлік, береке-бірлік, ырыс-ынтымақ салтанат құрсын демекпіз.
Сейдін БИЗАҚОВ,
филология ғылымының докторы,
профессор.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.